Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Күбіртке 12057 0 пікір 11 Мамыр, 2018 сағат 10:00

Абайды сүмірейтіп, Шәкәрім, Қажымұқандарды ұмытып кеткен "Қазақстан тарихы" кітабында Ким Ман Сам не істеп жүр?

немесе Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасын қолдамаған ректорлар жайлы

ҚР Конституциясының 33-бабында көзделген   «1.Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар» деген заң нормасына сүйеніп осы мақаланы жазып отырмын.

2015 жылы 11 желтоқсанда ҚР Білім және Ғылым министрлігінің кеңейтілген мәжілісінде 117 жоғарғы оқу орындарының ректорлары «Қазақстан тарихы» пәнін «Қазіргі Қазақстан тарихы» пәнімен ауыстыруды бірауыздан қолдапты. «Қазіргі Қазақстан тарихы» бұл «жаңа пән» 1991 жылдан, яғни тек Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытты ғана қамтиды. Сонда мұқым бір халықтың тарихын тереңдетіп оқытуға қарсы болған ректорлар  жастардың  мемлекетшіл болып өсуіне кедергі жасап, оларды отан сүйгіштік сезімге тәрбиелейтін негізгі пән – «Қазақстан тарихын» оқыту қажет емес деген опасыз ұлттық кодтың  келешегіне зиянды шешім шығарыпты. Ал сол жастардың ата-анасы - қазақтар бұл  қатерлі шешімге   наразылық білдіріп қарғыс айтуда? Қазақ халқы 117 ректор мен министрліктегі жағымпаз жандайшаптардан  ғана тұрмайтын шығар.

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Егер бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс - деген болатын қазақтың маңдайына біткен асыл азаматтарының бірі Міржақып Дулатов (Түрік баласы."Қазақ", 1913ж №2).

Ол өткен тарихқа баға берген енді бір еңбегінде: "Күні бүгін дүниеде ешбір нәрсенің асылы білінбей қалған жоқ. Әр нәрсенің түбі тексерілді, асылы білінді. Білімі артық, көзі ашық жұрттар дүниедегі адам баласының асылын, нәсілін тексеріп болып, барлығын кітапқа жазды.  Бөтен жұрттар қатарында ала бөтен біздің қазақ халқының асылы тексеріліп, тарихы толық жазылған жоқ. Бүгін Азия картасының төрттен біріне ие болып тұрған қаншама миллион қазақтың тарихы көмескі қалып та тұрған жайы бар.

Тарих ғылымында қанша тарих жазушылар шығып, қаншама кітап жазып шығарды. Солардың арасында қазақтың асылын анық қып айтатыны жоқ. Арабша, түрікше, орысша біз көрген кітаптарда қазақ турасында жазылған сөздердің бәрі де хақиқатқа хараб, шіп-шикі өтірік" (М.Дулатов. Түрік баласы. "Қазақ", 22 наурыз 1913ж №7).

Ал тарих деген мазмұны терең рухани ұғымның адам санасының, дүниетанымының, елдің, ұлттың хал-ахуалының дамуына, қоғамдық қарым-қатынастардың дұрыс қалыптасу дәрежесіне тигізер әсері ерекше. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болуы да тіпті де мүмкін емес.

Осы қағиданы терең түсінген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында көтерілген қазіргі  аумалы-төкпелі заманда ауадай қажет болып тұрған  ҰЛТТЫҚ КОД  мәселесін қолдамаған, оның ұлттық, мемлекеттік маңызды мәнін жете түсіне алмаған Қазақстанның   жоғарғы  оқу орындарының кейбір ректорлары тарих пәнінен мемлекеттік бағдарламаға сай шығарылған қазіргі кезеңде жас ұрпаққа ауадай қажетті  бұрын ғылыми айналымда болмаған тың деректермен байытылған оқу құралдарын кітапханаларына алуға  лауазымды биліктерін асыра пайдаланып қарсылық білдіруде. Олар бұл қарсылықтарын кітапханада тарих пәнінен оқулық-кітаптар жетеді (оның  бәленбай данасы бар) деген жалтарма жауаппен шектелген.

Енді сол ректорлар атаған ең көп тараған оқулықтардың авторлары –  Ч.Мусин мен Г.Кан есімді профессорлар.

Кезінде ұлттық тарихқа жаны ашып, оған шынайы бағасын берген қазақтың асылдары  пікір білдірген "Қазақ тарихының"  бүгінгі халі қандай күйде екен деген сауалға, лайықты жауап беру қиындау болып тұр. Біз тәуелсіздік жылдары оқырмандарға әрқайсысы үш қайтара, бірінен кейін бірі іркес-тіркес басылып шыққан, бір басылымының тиражы 5000-нан  тұратын авторлар Ч. Мусин мен Г.Канның оқулықтары туралы сөз етпекпіз.  Бұл оқулықтарға айтылған оқырман жұртшылық арасында әр-алуан пікірлер бар. Г.Канның оқулығын, бір оқырман "қысқа  нақты жазылған" деп ұнатып жатса, енді біреулері "Қазақ тарихын" баяғы Кеңес дәуіріндегі кейпіне түсіріп, халықтың бай тарихын "әбден ықшамдап", "күзеп" сүмірейтіп тастаған", "қазақ халқының тарихы өз дәрежесінде жазылмаған" деген қарсы пікірлер айтылуда. Ал Ч.Мусиннің оқулығындағы тарихи оқиғалардың баяндалу тәсілі Отанымыздың тарихын мейілінше бұрмалап "ақтаңдақтарға" толтырып кеткен Кеңес дәуірінің авторларының сарқытын ішкен адамның  ісі дегеннен басқа ештеңе айта алмайсың.  Аталған екі оқулықта да Кеңес дәуіріндегі оқулықтардағы секілді, қазақ халқына еңбектері сіңген ардақты азаматтардың есімдері мүлде аталмай, немесе бұлыңғыр етіп берілген. Кейбір тарихи оқиғалар бұл екі оқулықта да, тіпті ескерілмеген. Сонда Г.Канның кітабының мұқабасының сыртындағы "қазіргі білім беру стандарты талабына сай жазылған оқулық" деген баға шындыққа жата ма?

Енді оқырмандардың пікірлеріне қосыла тарихшы-ғалым ретінде, осы оқулықтарды көбірек пайдаланатын студенттер қауымына дәріс оқитын оқытушы-профессор ретінде, әріптестеріме айтар менің де "Датым" бар.

Біз тәуелсіздікке қол жеткен кезеңнен бергі уақытта "Қазақстан тарихынан" оқулық жазған авторлардың ішіндегі, 15 мыңнан астам тиражбен,  өзінің үш басылымын оқырманға ұсынған профессор Мусиннің  оқулығынан мысал келтіре отырып жауап бермекпіз. 591-беттік оқулықтың  XX ғасырдағы оқиғаларының маңызды деген кейбіріне ғана тоқталдық  (Оқулықтардағы олқылықтарға  толық  жауап  бар).

Мусиннің 2005 жылы үшінші рет толықтырылып қайта басылып шыққан "Қазақстан тарихы" оқулығында,  тарихи оқиғаларды бұрмалауға жол берілген, әсіресе кеңес дәуірінің тарихи оқиғалары шала, үстіріт, баяндаумен ғана шектеліп қалған. Мұндай әдіс қазақ ұлтының бай тарихын көпе-көрнеу оқырманға жұтаң етіп көрсетушілік оның маңызына нұқсан келтіреді. Оқулықта қазақ халқының кеңес дәуірі кезеңіндегі көптеген тарихи оқиғалары толық қамтылмаған. Қазақстан тарихының кеңес дәуіріне дейінгі кезеңінде жергілікті халықтардың қандай дінді тұтқаны туралы ақпараттар оқулықта беріліп келсе, ал кеңес дәуірі кезеңінде қазақтар мүлде дінге сенбегендей көрініс жасалған. Мұндай көрініс Г. Канның да оқулығынан орын алған. Сонда бұл әріптестер Қазақстан халқы дін тұтпайды деген атеистік пиғылдан әлі арылмаған ба? Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қалай құрылды, елімізде қандай конфессиялардың өкілдері бар, олар кімдер деген мәселелерге екі автордың да оқулықтарынан орын табылмаған. Ал діннің өзіне келсек ол туралы әлемге әйгілі ойшыл Томмазо Кампанелла: "Вера и религия обладают магической силой в государстве, так как "объединют души людей" – деп мемлекет басшыларын сендірген. Ал бүгінде біздің Елбасымыз әлемдік діндердің басын қосып ортақ ынтымаққа, татулыққа шақыруда. Бұл не тарих оқулығына кірмейтін оқиғалар ма?

Сондай-ақ,  кезінде Қазақстанның бірінші басшысы болған үш қазақтың (Ж.Шаяхметов, Д.А.Қонаев, Н.Н.Назарбаев) алғашқы екеуінің фамилиялары ғана аталған, оның өзінде де қызметінен кетер кездегі оқиғаға байланысты.  Ж.Шаяхметов 10 жыл Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшы болса, Д.Қонаев 20 жылдан астам уақыт республиканың партия ұйымын басқарды. Алайда есімдері аталған бұл екі мемлекет қайраткерлерінің есімдері тарихи тұлғалар сапында өз орнында тиісті бағаларын ала алмаған.

Сондай-ақ, қазақ жерін талан-таражға түсуден аман сақтап қалған біртуар азамат Жұмабай Тәшеновтің  қызметі, істеген үлгілі ісі жас ұрпаққа өнеге болып қалу құқысынан айрылып, бұл оқулықтарда мүлде аталмай қалған. Бұл жоғарыда аталған мемлекет қайраткерлері – тарихи тұлғалардың есімдері  Г. Канның 2005 жылғы соңғы шыққан оқулығына да  "симай" қалған.  Жұмабай Тәшенев халқы үшін, оның болашағы үшін басын бәйгеге тіккен тарихи тұлға. Тәшеневтің ұлтжандылығы арқасында солтүстіктегі бес облыс аман қалды. Ресей иелігіне өтіп кетпеді. Мәскеу басшылары Тәшеневті қызметтен босатты. Бірақ қазақ жерінің тұтастығы сақталып қалды. Егер сол жылдары Жұмабай Тәшенев  секілді қайсар да бірбеткей, ұлтжанды да шынайы күрескер тұлға билік басында отырмағанда бес облыс Ресей меншігіне айналып кете барар еді.  Онымен иық тірестіріп тең тұрар бірде-бір қазақ басшысы болмаған. Қазақ тарихына есімі алтын әріппен жазылуы тиіс тұлғаның бұл екі оқулықта да аты жоқ болып шықты. Егер авторлар осылай өз қалауларынша жазып, ондай адамдарын елемесе, тарих төрінен ойып тұрып орын бермесе, қазақтың болашағы не болмақ тек күңгірттене бермек.

Ұлтымыздың мақтанышы ойшыл философ, тарихшы, ақын Шәкерім (Шаһкерім) Құдайбердіұлы туралы да авторлар үндемей қалған. Ол 1905-1906 жылдары Стамбол, Каир; Бағдат, Мекке шаһарларының кітапханасында болған, Лев Толстоймен хат жазысып тұрған. Дүние танымы, философия, этика, тарих, психология, теология сияқты ғылым салаларын терең меңгерген, "Үш анық" деген ғылыми еңбектің авторын, болашақ ұрпақтың танып білуіне кедергі болып, қиянат жасаған  деп есептейміз. Жоғарыда аттары аталған екі тұлға туралы екі автор да үндемей қалған.

Кеңес дәуіріндегі тарих оқулығы ұсынған, әбден сылынып жұлынып, алынған бәзбір деректер  шырылдаған шындықтың асыл арнасын теріс бұзып отырумен ерекшеленді. Қызыл империяның бодандық бұғауының әккі саясаты тарихты қоғамға табындырғаны бүгінде құпия емес-ті. Ал енді Тәуелсіздікке қол жеткіздік  десек те  тарихи оқиғаларды бұрмалауды әлі қоймай келеміз. Қазақстан тарихының оқулығы кейбір авторлардың ойына не келсе, соны жазатын қандастарын дәріптеп, өз руының ата шежіресін мадақтаумен ғана шектелетін жаңа арнаға түскендей.

Ұлы Отан соғысы тақырыбы жазылған оқулықтың 183-бетінде Г.Кан  тарихта есімдері мәңгі қалған қазақтың асыл азаматтары Р.Қошқарбаев, Қ.Қайсенов, майданға елден ерекше өз қаржысынан көмек көрсеткен Қ.Мұңайтпасов туралы және т.б., жауға атылған 10 оқтың 9 Қазақстанда жасалғаны туралы деректер өзге оқулықтарда жазылса да, өз оқулығына кіргізуді жөн көрмеген, неге? Ал оның есесіне тарихи еңбек жазуда басшылыққа алынатын тәсіл бұзылып,  Ақтөбе облысының тары өсірушісі Ш.Берсиевтің тары өсіруден әлемдік рекорд жасағаны (гектарынан 202 центнер), Қызылорда облысының күріш өсірушісі Ы.Жақаев күріш өсіруден әлемдік рекорд (гектарынан 172 центнер) алғаны, оған қоса әлемдік рекордқа жетпеген (гектарынан 150 центнер күріш алған) Қызылорда облысының "Авангард" колхозының звено жетекшісі Ким Ман Сам әлемдік рекорд жасағандарға тең етіліп қыстырылып жазылыпты. Осы жерде ескертетін бір жәйт Ұлы Отан соғысы жылдары Г.Канның қандасы орындаған гектарынан 150 центнер өнімді, майдан талабына еңбек еткен  әрбір үшінші қазақстандықтар орындаған. Сонда қалай сол көптің қатарынан кәріс ұлты – қандасы болған соң ерекше бөліп алып тарихқа есімін енгізіп әйгілеуіне жол болсын!

Оқулықтың 131-бетінде қазақтың дара-дана Абайын, данышпан Абайын Г.Кан Лермонтов пен Пушкинді аударған аудармашы ретінде сүмірейтіп көрсеткен, кітабында оған барлығы 14-ақ жол ғана бұйыртыпты. Онда Абайдың азан шақырылып қойылған шын есімі Ибраһим екендігінен мағлұмат берілмеген. "Дүниенің, әлемнің объективтік заңдылығын мойындаған, дүние мен адамзат қоғамы бірқалыпты тұрмайтын, бейне бір ағып жатқан судай өзгеріп отырады"- деп таныған данышпанның даналығы ашылмай қалған. Білім алған медресесі туралы да ештеңе айтылмайды.

Енді міне сіздерге осындай ерешеліктерімен таныс болған бұл авторларымыз "Қазақстан тарихының" осы мақалада көтерілген ауадай қажетті оқиғаларынан аттап өтіп тарихты өз қалауларынша жазып, кейбір тарихи деректерді  бұрмалап жаңа "ақтаңдақтарға" жол берген. Ч.Мусин: Ауған соғысы туралы, 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасын қарастырмаған. Парламент депутаттары ішінде қазақ пен орыстан басқа ұлт өкілдері жоқ деп қате ақпарат берген. (474-б), 383-бетте "Жылымық жылдары" деп баға беріп оның неге олай аталғаны анықталмаған. "Азат" қозғалысы қалыптасты (ерекшелеген мен) деп жазып шатысқан.

469 - бетте «Еркіндік синдромы, ол барлық саяси ұйымдар мен күштерге тән. Республика жағдайында ол, әсіресе реваншистік күштер арасында ерекше байқалды. Оған коммунистер, ұлтшылдар және тағы басқа да топтар жатады» - деп жазуы бұрынғы коммунист, комсомолды мадақтап оның тарихын зерттеп докторлық диссертация жазған  ағамыздың бұл ойқастауын түсінбедік?

Г.Кан мырза оқулығында 1959 жылы Теміртауда, 1989 жылғы Жаңаөзендегі болған халық наразылықтары туралы ауыз ашпаған, ол оқиғалардың Қазақстанға қатысы жоқтай жасырған. Тіпті тұңғыш қазақ ғарышкері  Тоқтар Әубәкіров туралы бір ауыз сөз жоқ. Бүкіл дүниежүзіндегі қазақтардың елімізде болған құрылтайларын мойындамаған, Президент Жарлығымен 1997 жылдан бергі әр жылдың белгілі бір мәселеге арналғаны туралы ақпарат тек 2000 жылғы "Мәдениетті қолдау" жылы мен 2002 жылғы "Денсаулық сақтау" жылы жөнінде ғана мәліметтер бар.  Қалған жылдар қандай мақсатқа арналғаны белгісіз күйде қалған.  Оқулығында демократиялық "Ақжол"  партиясы мен "Асар" партиясы туралы ғана мағлұмат беріп, Қазақстанда бұл жылдары басқа саяси партиялар мен қозғалыстар құрылмағандай кейіпте көрсеткен. Аталған партиялармен қатар "Руханият" қоғамдық бірлестік партиясы, "Қазақстанның демократиялық партиясы" және т.б. қоғамдық саяси қозғалыстар құрылды.

Ч.Мусин мырзаның оқулығы 2005 жылы жарық көрсе де, ондағы тарихи оқиғалар 2003 жылмен аяқталған. Оқулықтың соңын сиырқұйымшақтандарып жіберген. Оған 553-беттегі екінші абзацтағы берілген мәтінде: "Халықтың білім бұлағы болып саналатын кітапханалар жаңа талапқа сай жұмыс істей бастады. Оларды жаңа әдебиеттер мен жабдықтап, комьпютерлендірудің, осы заманғы ақпараттық жабдықтармен қамтамасыз етудің мүмкіндіктері қарастырылды. Кітапхана, мұражай, демалыс орталықтары қызметкерлерін қазіргі  ғылыми-техникалық және әдістемелік талапқа сай оқыту, мамандығын жетілдіру, ірі мәдени орталықтарға тәжірибе алуға жіберу шаралары белгіленді" - деп құты бір Кеңес дәуіріндегі партияның съезіндегі баяндама-есеп бергендей "ақсақты тыңдай" етіп "жорғалатыпты". Жалпы оқулықтың соңындағы материалдарды оқысаңыз, Қазақстан Республикасы 2004-2005 жылдары мемлекет ретінде өмір сүрмегендей көрініске тап боласыз.

Ресейдің айтқанына көніп, айдағанына жүрген жылдары ұлттық тарихымызды жазғандар, біздің дербес ұлт болып өмір сүргенімізді онша қалай қоймағандар екендігі ешкімге құпия емес шығар. Ұлттық дербестігімізді мойындағысы келмегендер, тарихи оқиғаларды "ақтаңдақтарға" толтырып бергендердің ізбасарлары арамызда әлі де кездеседі. Ондай жолды жалғастырушылар "қызыл идеологияның тәрбиесінде болған" жалтақтар. Жағынып жазуға әккіленгендер.

Саясатпен біте қайнасқан тарих ғылымы тоқырау жылдарында әміршіл-әкімшіл жүйенің сұранысын ғана өтеп келді. Тарихи фактілердің ішінен ыңғайға келетін, басшыларға ұнайтын жағатын жерін, теріп алып жазу, дәйексөздерді үзіп-жұлып пайдалану, түпнұсқаларды қалың оқырман көзінен тасада ұстау  тәртібі қолданылған. Ол кезде барды "жоқ" деуге, жоқты "бар" деуге онша қиналмады.

Тарихтан оқулық жазушылардың алдындағы басты қағида ол оқиғаларды ақиқаттан аттатпай, шырылдаған шындықты шыңғырпай, әділеттің ақ туын жоғары ұстай отырып жазуға міндетті. Тарих ақиқаты ашылған шындыққа негізделген, әділетті болуы қажет. Адам өзінің өмірбаянын жазғандай тарихи оқиғалар ретімен алаланбай жазылуға тиіс.

Тарих деген мазмұны терең рухани ұғымның адам санасының, дүниетанымының, қоғамның хал-ахуалының, қоғамдық қарым-қатынастардың қалыптасу дәрежесіне тигізер әсері ерекше, әрі мол дүние екендігіне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болуы тіпті де мүмкін емес. Жазушы Қабдеш Жұмаділов айтқандай: "Тарих дегеніміз сабадағы саумал емес-үстіне не құйсаң да божып тұра беретін. Тарих-өзін-өзі тазартып тұратын телегей-теңіз іспетті дүние. Ол өз табиғатына жат дүниені ешқашан қабылдамайды. Сырттан келіп қосылған кір-қоқыс, жапырақ-жаңқаны толқынмен шайып жағалауға шығарып тастайды."

Тарихқа берілген осындай объективті бағаны негізге алар болсақ, тәуелсіз Қазақстан жағдайында жергілікті ұлттың өткендегі бұрмаланған тарихының алдында жаңа қоғамның талабына сай, қазақ тарихын табиғи қалпына келтіру, оны ғылыми тұрғыдан дәйектеу, ежелден қалыптасқан мәдени салт-саналарды жаңғыртып оны насихаттау арқылы халқымызды қазіргі әлемдік өркениетке таныта білу, қажет болған жағдайда оны мойындату міндеті тұрғанын көпшілік, тарихшы ғалымдар, әсіресе министрліктегі шенеуніктердің  білгені абзал.

Керісінше, кейбір жоғары оқу орындары басшылары мемлекет тарапынан яғни, бюджеттен өз кітапханаларына  оқулық алу үшін арнайы бөлінетін мақсатты қаржыны өз студентеріне қимай жаңадан басылып шыққан Қазақстан тарихы оқулықтарын алудан бас тартуда. Сөйтіп өз студенттерін жаңа оқулықпен танысу құқығынан айыруда.

Аталған оқулықтар мен оқу құралдары  қазіргі заман талабына мүлдем сәйкес емес. Сұранысқа –  ұсыныс қызмет ете алмай жатқан жағдай болып тұр.

Өздері   білім беріп отырған жастардың болашақта тәуелсіздігімізді баянды  етуге  немқұрайды қарамайтын  азаматтарды-мамандарды  тәрбиелеуде өз ұлтын құрметтеуге баулитын мына мен ұсынып отырған екі оқулықты  кітапханаларына  (мемлекет оқулықтарға жыл сайын арнайы қаражат бөледі )   алдыруға  құлықсыздық танытып  ЕЛБАСЫ Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бастамасына қарсылық танытқан ректорлар мен проректорлардың тізімі төменде берілген.

 

  1. Ш. Есенов атындағы Актау мемлекеттік   университеті- ректоры Ахметов Берік    Бақытжанұлы.
  2. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті -ректоры Ахметова Гаухар Ғалымовна.
  3. Алматы технологиялық университетінің ректоры- ҚР ҰҒА академигі Құлажанов Құралбек Садибайұлы проректоры Нұрахметов
  4. О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған мемлекеттік университеті-ректоры Такишев Абдилмалик Арғынұлы
  5. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті-проректоры Жарқынбеков Темірхан  Ниязұлы.
  6. Абылай хан атындағы  Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті- ректоры Құнанбаева Сәлима Сағиқызы.
  7. Алматы мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетің ректоры- Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызы
  8. Сулейман Демирел атындағы университет ректоры-Қожахмет Қанат
  9. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті-ректоры Нұқұлы Алтынбек.
  10. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті-ректоры Сатаев Марат Исақұлы
  11. Қызылорда М.Маметова атындағы гуманитарлық педагогикалық  жоғары колледжі-директоры Сайлыбаев Бахытжан Әбдіқалықұлы.

 

Кейбір университеттің басшылығы оқытушылардың үйлеріндегі мерзімі өтіп кеткен кітаптарды алдыртып   пайда табатын көрінеді.  Көзбояушылыққа салынған оларды тексерген білім министрінің тексерушілері көз жұмып сыбайластыққа жол берген.

Шет елдердегі Университеттер заңды жолмен шығарылған оқулықтардың авторларының кім екендігіне қарамай барлық балама түрін кітапханаларына алады. Ал онда студенттер өз қалаулары бойынша қажет оқулықтарын  пайдаланады. Ал бізде авторитарлық басқарумен әккіленген Министрліктегі шенеуніктер студенттердің еріктерін шектеп,  өздерінің таныстарының шығарған сапасыз оқулықтарын мәжбүрлеп одан жасанды сыбайластықпен «стандарт» жасап басқа балама түрлерін алғызбай олардың білім алу құқықтарын шектеуде.

Елбасы мақаласында: «2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салып отырмын. Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.   Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс.   Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңгегі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын.  Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады».

«Біз қазақ едік, Көк туы желбіреген, Жүрегі елжіреген. Көк бөрі ұрпағы едік, Көздері мөлдіреген. Біз қазақ едік Кеудеге жалын берген, Ұл-қызға тәлім берген. Шынында біздер едік, Ары үшін жанын берген. Біз қазақ едік Әрқашан ұлтым деген, Отаным, жұртым деген» - ата-бабалардан қалған  бүгінде өшіп бара жатқан осы  түсінік-ойды қайта оралтқан мазмұндағы мына   екі оқулық  «Қазақ елінің тарихы» 2015 жыл «Дәуір» 600–бет;  (5 ғылым докторларының  сапалы оқулық деген  пікірлері бар). « Қазақстан тарихы»  2012 жыл «Дәуір»  510-бет.

Бұл оқулықтар ҚР Әділет министрлігінен сараптамадан өткен  № 1541 және №1540 санды  19 қараша 2013 жылы берілген авторлық куәліктері  бар.

Қазақ елінің келешекте мемлекет болып мәңгі жасауы, тек ғылыми негізде әлемдік өркениеттің тиімді тәжірибесін сараптай отырып пайдалану арқылы жаңадан қоғамдық сана қалыптастырғанда ғана мүмкін екенін ұғуымыз керек. Біздің жаңа құрып отырған мемлекетіміздегі қоғамдық сана  қалыптасу үшін, тек мемлекетқұрушы қазақ халқының ұлттық өзіндік сана сезімін ғылыми негізде  дамытуға тікелей байланысты екенін естен шығармау қажет.  Өкініштісі, біздің егеменді еліміз, тәуелсіз мемлекет болып ширек ғасыр өмір сүріп отырса да әлі күнге дейін біздің орта өткен бодандық дәуіріндегі  қалыптасып қалған қоғамдық санадағы құлдық мінезінен айрыла алмай отыр. Жасанды интернационализм шеңберінен шыға алмаған билікте ықпалы бар саяси элитаның кейбір өкілдері ұлттық сана, үлттық мүдде, ұлттық ұйысу, ұлттық жігер деген ұғымнан қорқатын сияқты. Олар ұлт деген ұғымнан, мемлекет деген ұғымды жоғары қоюдан аса алмай жүр.  Ал, әлемдегі дамыған зайырлы мемлекеттер  ұлттық мұделерін жоғары қоя білу арқылы мемлекеттерінің қуатты, беделді болуын жүзеге асырып отыр. Яғни, бізге еліміздің келешегінің фундаменті, халық пен биліктің біртұтастығына кепіл болатын қоғамдық сана қалыптастыруымыз қажет. Ал, дүниежүзіндегі барлық мемлекеттердің тәжірибесінде қолғамдық сананың қалыптасуының негізгі болатын ұлттық сана екені белгілі. Ұлттық сана жетілмеген елдің болашағы жоқ.

Ұлттық сананы қалыптастыру адамдардың сезімі мен әрекеттеріне тікелей байланысты болғандықтан соның негізін құрайтын құбылыстарды ажыратып беруде,   ұсынып отырған оқулықтарда заман талабына сай жан-жақты талданған.

Ал аталған Жоғарғы оқу орындарының ректорлары биліктерін асыра пайдаланып, ұлттық мүддені өздерінің жеке бас мүддесіне айырбастап, негізсіз «қырық сылтау» айтып өздері тікелей қол қоймай проректорлары арқылы жалтарма жауап беруде.

Қазақ  елінің келешегі жастарының білімі мен тәрбиесі барлығымызды алаңдатпай отырған жоқ. Бүгінгі таңда болашағымыз бұлыңғырланған жағдайда әр қазақ азаматы, мелекетіміздің тұғырын нығайтуға, өркениетті елдер дәрежесіне жетуге үлес қосатындай сапалы  шынайы білім алуы тиіс. Бұл жолда «аттың жемін жеп, тайдың жүрісін жүрген» қазіргі кезеңдегі көзбояушылықтан арылуымыз қажет.

Ежелгі грек ойшылы Гелвеций «Кітап болмаса біз жабайы  күйімізде  қалар едік» деген  тұжырымын бүгінде адамзат баласы әр түрлі қабылдайды. Солай бола тұрса да адамдар негізгі  білімді кітап арқылы  алатындығын ешкім жоққа шығара  алмас. Әрине бүгінде өркениет заманында ғаламтордың (интернеттің) да маңызы артып келеді, бірақ кітаптың рөлін атқара алмайды.

Есенғазы Қуандық, тарих ғылымдарының докторы, профессор

 Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе, мына парақшаға жазып қалдырыңыз!

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006