Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 6281 7 пікір 11 Мамыр, 2018 сағат 17:46

Құнанбайды қашанғы таспен қоршап қоямыз?..

 

Әй, заман-ай  десеңші! Атың өшкір кешегі Кеңес үкіметінің 70 жыл бойғы санамызға сыналай қаққан идеологиясына сенсек, «халқым!» деп қан кешкен қаһарлы ханымыз Кенесары  ақ патшаға қарсы шыққан бунтарь (бүлік шығарушы) екен. «Қазағым!»  деп қан жұтқан Махамбет пен Исатай, Кейкі батырлар  баскесер бандиттер болыпты. «Ал алашым деп, алтын бастарын ажалға тіккен арыстарымыз кім?» десеңіз, олар - кәдімгі Отанын сатқан опасыздар, жапонның жансыздары мен қытайдың тыңшылары. Қысқасы, барлығы –  халықтың, халық болғанда да, қазақтың жаулары. Астапыралла!

«Оны жұрт пайғамбардай көрген»  дейді…

Бұл қара күйе жағылған қазақ тарихы дейтін алып мұздықтың (аисберг) су бетіне қылтиып шығып тұрған төбесі ғана. Оның су астындағы бөлігін зерттеп-зерделеу, тарихи құжаттармен дәлелдеп, бұрмалап-жырмаламай ақиқатын жазу – ел тарихшыларының жұмысы. Жұмысы емес, міндеті мен парызы.

Осындай жымысқы жолмен өз ұлтына, бір ғасыр бойы мұқым ұрпағына өгей етіп, өгейіңіз не, «құбыжық» етіп көрсетіліп, нақақтан-нақақ күйген – ұлы тұлғалардың бірегейі, сахара сардары атанған – Құнанбай бабамыз. Кәдімгі ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай қажы Өскенбайұлы (1804-1886 жж.).

Оны кім демеді? Жер иеленуші, құл иеленуші феодал да деді. Көптің көзінше кісі өлтіруші қылмыскер де қылды (Қамқа мен Қодар жазасы). Жер дауын, жесір дауын және т.б. дала заңдарын қатаң тәртіппен орындайтын жазалаушы, жаналғыш, даланың жабайысы да етіп көрсетті. Бір ғажабы, осының бәрін өз ұрпағының аузымен айтқызып, қолымен жазғызды. Сосын том-том етіп бастыртып, сол ұрпақтарына, аңқау халқына тараттырды...

Ал, шын мәнінде, Құнанбай кім еді?

Біз «Құнекең пәлен болған, түглен болған!» деп лепіріп, көпірмей-ақ, қазақтың қаламгер қызы, тарих зерттеушісі Марфуға Шапиянның «Қазақта кім бар еді, Құнанбайдай?» атты зерттеу мақаласына зер салайық. Онда Құнанбай Өскенбайұлының шыққан тегінен бастап, ата-бабаларының дуалы ауыз би болғандықтары, бозбала Құнанбайдың өз заманында жауырыны жерге тимеген балуан, қол бастаған батыр, жойқын қамшыгер, қара сөзге су төгілмес жорғадай шешен болғандығы, бертін ел тізгінін қолына алып, аға сұлтан болған кезеңдерде де қара қылды қақ жарған әділдігімен шоқтығының өз замандастарынан әлдеқайда биік тұрғандығы түрлі дәлелдермен баяндалады. Өз қаражатына «Ескі тамда» мектеп аштырғаны, Қарқаралыға салдырған мешіті мен Меккедегі, елден келген қолы қысқа мұсылман баласына арнап салдырған Тақиясы (қонақ үй) бөлек әңгіме.

Аға сұлтанның өз елінде ғана емес, көршілес дуандарға да аса абыройлы болғандығын осы мақаладағы Б.Сапаралин есімді қарт шежірешінің әңгімесінен де аңғаруға болады.

Сол тұста, сонау Жезқазғанның Ақтоғай өңірінде бір кедей адам өмір сүріпті. Құнанбайдың науқастанып, әл үстінде жатқанын естіген әлгі кісі қолындағы жалғыз сиырын сойып, құран оқытып, «Құнанбай мырзаның дертіне шипа болсын, сауабы тисін» деп, барлық етін айналасындағы жоқ-жітікке таратып беріпті.

Ауыл-аймақтың үлкендері таңдай қағысып:

- Қарағым, Құнанбай кімің болатын еді. Жалғыз сиырыңды сойғаның не қылғаның? – десе, әлгі адам:

- Құнанбай менің ешкімім де емес. Ол – халықтың адамы. Қазақтың қасиетті перзенті. Мендей сіңірі шыққан жандардың талайына болысқан, адал, қолы ашық мырза деп естимін. Құнанбай тірі жүрсе, әлі талай жоқ-жітікке көмек қолын созар. Әрі «руласым, қандасым» деп, өзге ағайындардың алдында айбынымды асырып жүрмеймін бе. Әйел-баламның аузынан жырып, жалғыз малымды құрбандыққа шалуыма себеп болған осы жағдай, - деген екен. Кейін науқасынан айыққан Құнанбай болған оқиғаны естіп, жаңағы кедейге көптеген тарту-таралғы, жылқы, қой сыйға бергізген екен деседі.

Немесе Ресей патшалығының қазақ жеріне ұйымдастырған экспедициясының мүшесі Адольф Янушкеевичтің күнделігіндегі мына бір жазбасына көз жүгіртелік:

«Қарапайым қара халықтан шыққан Құнанбай – жаратылысынан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты да тыңғылықты кісі. Халқының қамын ойлайды. Оған жақсылық жасасам дейді. Елінің ежелгі жол жобасына, Құранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік. Ресей үкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережелеріне өте жетік. Қара қылды қақ жарған әділ, адал азамат. Құнанбай –халқының қамқоры. Оны жұрт пайғамбардай көреді. Сондықтан  одан ақыл-кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатады», деп жазылған.

Сонымен қатар Құнанбайдың мінез-құлқы, атқарған еңбектері жөнінде патша үкіметінің сыйлыққа ұсынғандығы жайында Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы мұрағаттарында деректер сақталған деседі.

Құлазиды құлан жортқан құла түз

Сирек кездесетін, жариялана бермейтін мұрағаттар осылай сөйлейді. Алайда Құнанбай бабамыздың келмеске кеткір кеңес үкіметі уағыздағандай, «сұмырай адам болғандығын» белінен бір-ақ сызған тәуелсіздігіміздің бір белгісі, ол – танымал актер, дарынды режиссер Досхан Жолжақсыновтың түсірген «Құнанбай» көркем фильмі. Ол фильмде де қайран Құнекемнің не нәрсені әріден болжайтын стратегиялық ойлау қабілеті, қандай жағдайда болмасын «ақты ақ, қараны қара!» деп, әділдіктен аттамайтын, ел бірлігі үшін өз аталастарына да бүйрегі бұрмайтын адалдығы, нақақтан-нақақ жалалы болып, кейіннен ниеттес, тілектес ағайындардың арқасында ақталып шығатындығы барынша көрініс тапқан.

Құнанбай қажы Өскенбайұлы қажылық сапардан келгеннен кейін ел ісіне араласпай, оқшауланып, құдайға тек өзі ғана құлшылық етіп қоймай, маңайындағыларды да соған шақырып, баянды ғұмыр кешіпті. Көзінің тірісінде мұсылмандықтың барлық шарттарын орындап, шариғат жолымен амал еткен қажы бүгінгі күнге дейін халқының ықыласына бөленген жандардың бірегейі.

Ал осы күнге дейін ел аузында жүрген: «Құнанбайдай әке болмаса, Абайдай ұл қайда?» - деген қанатты сөзді, қарапайым халықтың жүзжылдықта біртуар сүйікті перзентіне деген құрметі деп қабылдамасқа лаж жоқ.

Мен 1995 жылдың көктемінде жолым түсіп, Ақшоқыда жатқан Құнанбай қажының басында болғандығымды бұрнағы бір жазбаларымның бірінде жазған болатынмын. Ол жерде қажы жалғыз жатқан жоқ. Ол кісінің басына қойылған белгітастан бөлек, Ысқақтың, Мағрипаның және тағы да басқа туыс-туғандарының белгітастары бар.

Өкініштісі сол, адамзаттың ақыны атанған, данышпан Абайды дүниеге келтірген әкесі,  ұлы ойшыл, философ Шәкәрімнің атасы, өз заманының көшбасшысы атанған дала көкжалының басы осы күнге дейін соңында жоқтаушысы жоқ, жетім шалдың күйін кешіп, адам аярлық бейшара күйде құлазып жатыр. Бейіті сол жердегі тау тастарымен айналдыра қоршап, қаланған. Қарауылға бағыт алған күре жолдан бар болғаны 25 шақырымда ғана жатқан осы бір өз ғасырының ғажайып тұлғасының бейітіне апарар жол да айта қаларлықтай мәз емес...

Міне, арада аттай бір жыл өтті. Қазақстан халқы «Рухани жаңғыру!» деп ұрандатқалы. Әр жерде, әртүрлі нәрселер жаңғырып жатыр. Әншілер әр нәрсені ән қылып, енді бір  жерлерде біреулер көкпар тартып жер-көкті шаң қылып жатыр дегендей...

Ал барша қазаққа қадірлі, қасиетті Құнанбай қажының басы қу далада құлазып жатқаны қалай?

«Өлі разы болмай, тірі байымас» деп жатамыз. Дәл осыдан дәулетіміз тасып, байып кетпесе де, Құнанбайдай құндымыздың басын ескерусіз қалдыру елдігімізге сын секілді. Ендігі жердегі бүгежектік ертеңгі жас ұрпақтың алдында ақталуға жатпайды.

Сондықтан Құнанбайдай арысымызды ардақтап, бүгінгі таспен қоршалып жатқан қорымына сонау Маңғыстаудағы пір Бекеттің, Баянауыл өңіріндегі Мәшһүр Жүсіптің, Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім, Жетісудағы Сүйінбай мен Жамбылдың кесенелеріндей көрікті кесене орнатып, жолын жөндеп, құрмет көрсететін уақыт келген секілді.

Жалпы, Жидебайдағы Абай мен Шәкәрімдей ғұламалардың басына зиярат етушілер әуелі сол алыптардың алтын басты атасы жатқан жерге ат басын бұрып жатқаны қандай жарасымды.

«Кейде осы бір шетін мәселені биліктің биігіндегілер біле ме екен? Білмесе, қарамағындағы «Рухани жаңғыру!» деп, алаулатып, жалаулатып жүргендерге, осы бағдарламаның жүзеге асуына жауапты жандарға тапсырма беріп, ертеңгі күні күллі қазақ қауымы алғыс айтарлықтай сауапты іске неге мұрындық болмасқа?»  деген ой келеді.

Әлде бұл да бір кем дүние ме?!.

Серік Құсанбаев

 Өскемен

Суретте: Ақшоқыдағы Құнанбай қажының бейіті.

 

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475