"Алпамыс батыр" жыры өзбектердікі емес...
«Алпамыс батыр» дастанын қазақ эпостарының ішіндегі ең көне жырлардың бірегейі ретінде бала жасымыздан жаттап өстік. Жырда Алпамыс батырдың тегі қазақ екендігі сан рет арнайы атап өтіледі. Солай бола тұрса да бұл жырды біздерден де басқа қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтары өздеріне иемденіп жүр. Тіпті Алпамыс батырдың атамекені болып есептелетін Жиделі Байсынның 1924 жылы әкімшілік-территориялық қайта бөлу кезінде Өзбекстанға беріліп кетуіне байланысты, көршіміз өзбек халқы 1999 жылы ЮНЕСКО-ның «Алпамыс батыр дастаны – өзбек халқының ұлттық эпосы» деген шешімін шығартып, әлемдік деңгейде тойлап та жіберді. Күні бүгінде де бұл жыр өзбек халқының төл мұрасы ретінде тіркеуде тұр.
Қазақ ғалымдары мен қаламгерлері Алпамыс батыр жайлы үнсіз қалды деп те айта алмаймыз. Талай жазушы-ғалымдарымыз М.Тынышбаев, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Ә. Марғұлан, М.Ғабдуллин, Р.Бердібаев, Т. Сыдықов, С.Раханов тағы басқалар Алпамыс батырдың тегі қазақ екендігі жайлы көптеген еңбектер жазды. Эпос сан рет қазақ баспаларында қайта басылып шықты. Жүз томдық «Бабалар сөзі» сериясының 34 томы тек қана Алпамыс батырға арналып, осы кітапқа жырдың 4 нұсқасы енді.
Қазақтың төл батырын әлемдік деңгейде көрші өзбектердің менікі, - деп меншіктеп, басыбайлы иемденіп алуларына байланысты зерттеу жүргізіп, зерттеуімнің қорытындысын өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдім.
Менің алдымда қазақтың «Батырлар жыры» дастандарының ішіндегі ең көне жырларының бірі «Алпамыс батыр» қиссасының бес нұсқасы жатыр. Осы бес нұсқаның ішіндегі екі нұсқа (бірі осыдан 60-70 жыл бұрын жарық көрген әкем мен шешемнен қалған (мұқабасы мүжімделіп, беттері сарғайып, кейбір жазбалары оқуға келмей қалған), екіншісі «Бабалар сөзі» сериясының 34 томындағы С.Аққожаев нұсқасы) бірі-біріне сәйкесірек келгендіктен әңгімемді осы нұсқа бойынша өрбіттім.
Бүкіл әлем ғалымдарымен толықтай мойындалған бір қағида бар. Ол өткен шежіре-тарихтың «тірі» куәсі болып есептелетін рулық шежіре, жер, су, тау, рулар мен елдер және елді мекен атаулары. Міне осы қағидаға сәйкес «Алпамыс батыр» жырын жерсіндіріп көргенімде төмендегідей болып шықты:
«Жиделі Байсын жерінде» (65 бет).
...Құстай ұшты Шұбар ат,
Жиделінің шетіне.
... Жайылып жатыр көп жылқы
Жиделінің бетінде (152 бет). Маңғыстауда Жиделі атты бірнеше топономикалық атаулар бар: «Жиделі – алқап; Бейнеудің ойында. Жиделі – алқап; Бозашы түбегінде. Жиделі – «Оның былай қасында: Жиделі мен Ақбұлақ» (Жыр-дария. «Маңғыстаудың ақын жыраулары» Ақтау, 1995. 236-240 бб). (С.Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 113 бет).
Бұл жыр жолдары жердің атын Жиделі, екінші тұрған Байсын сөзі «ол кімнің жері?» деген сұраққа Байсынның жері деп жауап беріп тұр.
Байсыннан он екі ата Байұлдарының атасы Байдың, ал екінші буындағы «Сыннан» осы алқаптағы Сынды тауы атауын көреміз.
«Қоңырат деген елінде» (65 бет). Қоңырат - Қоңыр Ата деген мағына береді. Қоңыраттың «Қо» деген алғашқы буыны Адайдың Құдайкеден тарайтын екі ұлының кішісі Қосай ата есімімен түбірлес (аталас) болып тұр. Қоңыр қазақтың ең жақсы көретін түсі. Бұған дәлел ретінде айтарымыз, нанның да қоңырайып барып пісетінін айтсақта жарап қалар. Қоңыраттар да тура солай, Алланың қалауымен адами қасиеттерін аса жоғары деңгейде дамытып, кемел ел дәрежесіне көтерілген ру. Әйгілі әлем билеушісі Шыңғыс қағанның арғы аталарының да, өзінің де, ұрпақтарының да тек қана Қоңыраттармен құда болысатындарының сыры осы. (Қара: «Нұқ пайғамбардың руы кім?» abai.kz/post/42393 ).
Қоңыраттар өте ерте де Қосайдан бөлінетін тұста Маңғыстауды мекендеген. Үстіртте Қоңырат атты жер мен қала күні бүгінде де бар. Олар қазіргі Түркістан жерінде де, сонау Моңғолия жерінде де мәңгілік құда болысып, жұптары жазылмай бірге жүр. Қазақтың «Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық» деген мақалында осы ағайынды екі жұрттың «авторлық құқы» жатыр деп айтуға толықтай негізіміз бар.
«Байбөрі деген бай шықты» (65 бет). «Бай» Кіші Жүз – Бегарыстың қарашаңырағы он екі Ата Байұлдарының әкесі, ал «Бөрі (Көкбөрі)» Алшындардың лақап аты.
«Тоқсан мың екен қорасы» (65 бет). Жырда тоғыз саны өте көп айтылады. 9, 90, 99, 999, 9000, 9999, тоқсан мың .т.т.. Мұның бәрі Адайдың тоғызыншы буын ұрпағы Тобыштардың сандық атауы.
«Сексен мың екен маясы» (65 бет). 8, 80, 88, 800, 888, 8000, 8888, сексен мың т.т.. Сегіз саны Аталық тектен бөлінетін Аналық текті білдіреді. Мая деп түйенің аналығын айтады.
«Құлтай деген туысқан» (65 бет). «Құлтай – жер аты. Бозашы түбегінің солтүстігінде орналасқан». (С.Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 199 бет).
«Жарының аты Аналық» (67 бет). Біз Ана сөзінен Ман атамыздың «ан» деген сөз түбірін көреміз. Кейбір нұсқаларында және зерттеу еңбектерде Аналықтың руы Қаңлы елінен екендігі айтылады. Қарағантүпте «Қаңға баба» деген алқап, сай, ежелгі қала, қамал және өте үлкен көлемдегі әулие-қорым бар. Қаңға мен Қаңлы синоним, Қаңға – Хан аға дегенді білдірсе, Қаңлы – Хан ауылы деген мағына береді. Бұл бүкіл әлем елдері ішіндегі ең алғашқы хандық құрылған жер. Бұл жер күні бүгінге дейін сол «авторлық құқықты» сақтап отыр.
«Әзіреті Сұлтанға
Екеуміз бірге баралық» (67 бет). Әзіреті, Қазіреті бұл Қазақ атамыздың мадақ аты. Қазақтың барлық ғұламаларына, пайғамбарларына осы есім қосылып айтылады. Бұл жерде Әзіреті Сұлтан деп, «Сұлтан үпі» әулие айтылған деуге толық негізіміз бар. Сұлтан үпі Шақпақ атаға жақын маңда орналасқан. Әзіреті деген сөздің мағынасы жайлы материалдарды мына жерден оқи аламыз. («Қазақ» сөзінің этногенезисі»).
«Қожалардан бата алып» (70 бет). Қожа руы қазақтың шежіре дерегі бойынша Адайдың тоғызыншы буын ұрпағы Тобыштан тарайды. («Маңғыстау» энциклопедиясы. Алматы-1997. 204 бет). Қожа, Қосай, Қоңыраттардың алғашқы буынының «Қо» болатынын осыдан.
«Әзіреті Қаратау
Әулиенің кені еді» (70 бет). Қаратау мен Ақтау – Маңғыстаудың қара ойындағы қатар жатқан екі таудың біреуінің атауы. Күні бүгінде де тура осылай аталады.
«Ол уақытта Баба ата,
Томпайып жатқан жер еді» (70 бет). Маңғыстауда Баба Түкті Шашты Әзіз атты әулие-қорым мен Баба атты арал бар. «Баба – тарихи атау, арал». (С.Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 51 бет).
«Әлқисса, Шекті деген елінде Сарыбай деген бай бар еді. (80 бет).
- Шекті деген ел еді. (89 бет). Маңғыстауда тура осы мағынаны беретін Шетпе деген елді мекен бар. Қазіргі Маңғыстау ауданының орталығы. Шек, Шекті – шекарада орналасқан ел деген мағына берсе, Шетпе (Шетте тұрған ел ме?) деген сөзде тура осы мағына да қолданылады. Таушықтан көп алыс емес.
Ал, қызымды жалғыз ұлға бермеймін деп жер ауып, көшіп кететін Сарыбай (Кей нұсқаларда Байсары) байдың отырған жері Таушық елді мекенінен 20-25 шақырым жердегі Сарытас атауында сақталған. Ел аузы ол жерде ерте де осы аттас қала болғандығын айтады.
- Бабай түкті бабасы (170 бет).
«Менің атым - Шашты Әзіз» (73 бет). «Баба Түкті Шашты Әзіз» әулие қорымы қазіргі Маңғыстау ауданы, Жабағылы Саз елді мекені жерінде орналасқан.
«Жетіп келді жүгіріп,
Жеті қабат аралға-ай» (75 бет). Түпқараған жерінде бірнеше арал бар. Міне осы бір ауыз сөз Алпамыс батырдың атамекені Қарт Каспийдің жағасы екенін айшықтап көрсетіп тұр.
«Өз алдына сыйлады
Құда мен, дос жекжатты.
Арқасына жапты кеп
Иық ішік жаннатты» (79 бет). Сыйлы қонақтардың иығына шапан жабуды қазақ халқы, соның ішінде де Адайлар әлі сол бұрынғы күйінде қолданады. Қазақтың осы дәстүрі парсы елі МАД (Ман Адай) патшалығынан бөлінетін тұсын суреттейтін Тарих ғылымдарының докторы, Тегерандағы Шәһид Беһеште атындағы университеттің профессоры Риза Шабанидың «Парсы тарихы» атты еңбегінде аталып өтеді. (Қара: «Парсы тарихы бастауын Маңғыстаудан алады» http://abai.kz/post/42809).
«Әлқисса, Шекті деген елінде Сарыбай бай деген бар еді» (80 бет). Шекті руы Алшынның үлкен ұлы Алты Ата Әлімнен тарайды.
Алты Ата Әлімнің Байсарысынан тарайтын тағы бір ұлы Ақ Кетелерден қалған топономикалық атаулар қатарына Түпқараған түбегіндегі ежелгі қала Ақ Кетік (қазіргі Форт Шевченко қаласы), яғни Ақ Кете жігі (руы) жатады. Айыбымыз, қанша айтсақ та сол бұрынғы атауын кері қайтара отырғанымыз. Байсары мен Сарыбай синоним.
«Құнан тісін тастаған
Шұбар дөнен жолықты» (82 бет). Шұбартай деген жер, құдық Үстіртте орналасқан. (С.Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 312 бет).
«Сол уақытта Алпамыс
Қарадан шыққан төре еді» (83 бет). Біз Алпамыс батыр есімінің қайдан шыққанын сөз түбірі, яғни өз түбімен (өз атасымен) қуалайтын болсақ, «Ал» деген түбірден алғы, алдыңғы, алғашқы ұранға шыққан Алаш, Алаша руы, одан кейінгі Алты Алаш және солардың қарашаңырағы Алшын Ата есімдерін, соған сәйкес Алтай мен Алып (Алпі) тауларының, Қырғыздар менікі деп меншіктеп жүрген «Алып Манас» т.т. сөз түбірінде «Ал» деген түбірі бар барлық ел атауларын және Алашты ұранға шығарған Қазақ елі екендігін көреміз.
«Осыменен ұдайы
Он екі күн жүреді.
Айналдырып санаса,
Он екі айлық жер еді» (84 бет). Алшынның кенжесі Он екі ата Байұлдарының сандық атауын беріп тұр. Кім-кімнің де есінде ұстауға тиісті жағдай, әрбір сан атаулынының өзіне тиесілі түпкі негізі бар.
«Қалмақтарда бар екен
Қараман деген бір батыр» (84 бет). Маңғыстауда Түпқараған (Қарағантүп), Қараман Ата, Қараманды, Қарамандыбас, Қараман көшер атты бірнеше топономикалық атаулар бар.
«Қазақ болып қайрылып,
Әңгімеге қанбаққа (86 бет).
...Иірген қойдай қораға
Қазақты қалмақ қамады (88 бет).
...– Ей, Қараман, Қараман,
Білмедім өзі қалмақ па,
Қалмақ емес қазақ па,
Егерде қазақ болмаса,
Қалмаққа келген ғазап па?!
...Келеді қалмақ қуарып,
Күлді: - Қазақ қайда? – деп,
Шұбар атты бала, - деп. (Алпамыс батырды айтып отыр).
...Қырайын, - деп ойлады, -
Қазақтың күллі баласын (91 бет).
...Қай жақта, -деп, - қазақтар?
Қарайды қалмақ үңіліп (92 бет).
... Күлді: -Қазақ қайда? – деп,
Шұбар атты бала, - деп (94 бет). Қараман батырдың сөзі. Жыр жолдары өне бойы Алпамыс батырдың тегі қазақ екенін бірнеше мәрте айшықтап атап отырады.
«Құлар еді шапқанда,
Қойқаптың тауы, тасы да» (95 бет). Қойқап – Қой және қап деген екі біріккен сөзден тұрады.
Қой – даланың жабайы аңын ең алғаш қойға айналдырған Шопан атаның елі деген сөз. Қой мен қойшының пірі (ұстазы) Шопан атамыздың қорымы осы өңірде.
Екінші буында тұрған Қап сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі, сөз құрамының өзі айтып тұрғандай Қазақтың апасы (таудың түбірі «Ау (Ауа ана болатыны осыдан)». Екіншісі, қапы, яғни жергіліктің халықтың тілінде есік (қақпа) дегенді білдіреді. Осы өңірде Қапы, сулы Қапы атты тау шатқалдары бар.
Қазіргі Капқаз тауын ежелгі шежіре дастандарда осылай атаған.
«Алпамыс қыран келмесе,
Көз жасын Құдай көрмесе,
Қорқыныш кіріп қазақтар,
Көз жеткен еді өлуге» (99 бет). Сарыбай байдың Шекті деген елі жайлы айтып, олардың да тегін қазақ деп отыр.
«Жад қылып жылап еренді» (87 бет).
«Ғайып ерен Қырық Шілтен» (88, 89, 109, 113, 118 бб). Өзге өңірлерде Ғайып Ерен Қырық Шілтен деп аталса, Маңғыстауда Қырық Шілтен қорымы деп аталады. Себебі, Маңғыстаулық Қырық Шілтендер бұл жерге ғайыптан келген емес, олар осы өңірдің түлектері. (Қара: «Ғайып Ерен Қырық Шілтен қолдасын!» http://ult.kz/post/rukhani-zhangyru-gayyp-eren-kyryk-shilten).
«Енді Алпамыс бақырып
«Алатау» ұран шақырып,
Қалмаққа жалғыз тиеді» (89 бет). «Алатау» қоңыраттардың рулық ұраны. Бастауын Маңғыстаудың қара ойындағы Ақтау мен Қаратау атты қатар жатқан екі тауының атауынан алады. Ақ пен қараны араластырсақ «ала», екі тауды қосып бір сөзбен атасақ Алатау болады. Маңғыстаудың ежелгі қорымдарда қоңыраттардың «босаға» таңбасы кездеседі.
«Алпамыс батыр аман-есен еліне келсе, әкесі Байбөрінің жылқысын Тайшық хан деген қалмақ шауып әкетіпті.
...Тайшық алды жылқымды,
Құртып кетті мүлкімді» (101-102 бб). Тайшық ханның ордасын бүгінгі Таушық тауы мен елді мекенінің орны деуге толықтай негізіміз бар. Біз мұны Тайшық пен Таушықтың «ай» мен «ау» деген сөз түбірінен айқын көреміз. Екеуі де аналық текті білдіреді және барлық таулардың Ай ана мен Ауа ананың құрметіне қойылғанын көрсетеді.
«Айналайын, қарағым,
Қазанат мінсең болмай ма?» (108 бет). Қолға үйретілген қазақи ат деген мағына береді.
«Ханның қызы Қарагөз
Ішінде жүрген пері еді» (110 бет).
...Қаракөзайым қуанып, (129 бет). «Айымбұлақ - бұлақ; Қараған түбекте, Қаңға баба сайы алқабындағы Қарагөз зиратының маңында. Қарагөз сол зиратқа жерленген қыздың аты болса, Айым - сол қыздың әкесінің аты (17 бет).
Қарагөз кесенесі, мола; Кетік-Таушық трассасының 21-км, Қарагөз алқабы» (С.Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 152 бет).
«Қырық келінім жанымда,
...Қырық келінім шуылдап, (107 бет). Қаракөздің жанындағы қырық қызды айтып отыр.
...Қырық қыздан ішіп қырық шиша, (111 бет).
...Қырыққыз нөкер қосып бер» (121 бет). Қырыққыз – жер аты, Солтүстік Үстіртте. (С.Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 216 бет).
«Тасты деген қаладан
Әскер жетіп келеді» (112 бет). Әбілғазының «Түрік шежіресінде» бұл жерді Тасты Жармыш деп атаған. Жармыш елді мекені күні бүгінде де бар. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіне жақын жерде, Қаратау қойнауында орналасқан.
«Патшаның сол күнде
Қазулы оры бар еді.
Ханы айтты халқына:
-Апарып соған тасталы» (115 бет). Қазіргі Таушық кентіне жақын жерде «Итолы» қорымының қасындағы терең шатқалдың табанында адам қолымен қазылған терең ор күні бүгінде де бар.
«Енділігі жеті кез
Темір үйді салдырды.
Темір үйге тастады» (119 бет). Алпамыс батырдың заманы бұдан бірнеше мыңдаған жыл бұрын өткені белгілі. Олар сол уақытта «темірден үй салатындай» өркениеті дамыған ел болса, ол жайлы Маңғыстауда бір із қалуы керек қой. Ондай жер бар. Ол жердің атауы «Сүмбе темір алан» яғни «Темір мұнаралы қала» деп аталады. Маңғыстау ауданы жерінде.
«Шығады қыздар қыр жаққа.
Бір күні кетет о жаққа,
Бір күні кетсе тау жаққа,
Бір күні кетет ой жаққа,
Ұсталуы рас баланың.
Тастағанын білмейді,
Алып барып қай жаққа
... Бір күні суға бармаққа,
Шомылып қыздар алмаққа
Бұлақтың келді басына» (122 бет).
«Жеті жыл ұдай серкенің
Жүретін еді соңында.
Ерте кетіп, кеш келіп,
Жаятын еді Қырымға.
...Шықты Алпамыс қайқаңдап,
Ордың басын жағалап.
Ордан шығып алғансын» (125 бет). Таушық кенті қыр мен Қаратаудың орта жеріндегі ойлау жерде орналасқан. Қасында бұлағы да бар, жағалап жүретін оры да бар. Қасында өте ертеден қалған әулие қорымда бар. Мына жыр шумақтары сол өңірге толығымен сәйкес келеді.
«Қарақан тауда, Қаншайым (128 бет).
... Қазына-малды жеп болды,
Қарақан таудың түлкісі» (154 бет).
...Қарақан тауда қамалым (156 бет).
... Қарақан таудың аршасы (157 бет).
...Қарахан таудың шиесі (157 бет).
...Қараған тауда бабамыз (158 бет).
...Қарахан таудың бұлағы (160 бет). Біз бұл жыр жолдарынан Маңғыстаудың үш түбегінің ортасында орналасқан Қараған түбектегі Түпқараған (Қарағантүп), Қарақаңға атауларын айқын көреміз. Қаңға баба ойысында өте ескіден қалған қамал, көптеген сансыз әулие-қорымдар күні бүгінде де бар.
«Сол уақытта бір қалмақ
Аты ердің Таймас ед,
Тайшық ханмен жолдас ед» (132 бет). Осыған ұқсас Қаратаудағы Тасты Жармышқа жақын маңда Тайбас деген жер мен ескі қорым бар.
«Назарын салса әкесіне немере Құлтай деген бабасының Тортай деген жалғыз баласы бар еді, сол екен» 153 бет). Тортай атты мола мен құдық Бейнеу ауданы Боранқұл елді мекенінен оңтүстік – шығыста 25-26 км жерде. (С.Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 276 бет).
«Үш мұңлының даусына
Байсын деген өзеннің
Күңіреніп кетті даласы» (169 бет). Әрине сол Алпамыс заманынан бері қаншама сулар ақты. Қаншама бұлақ, қаншама өзендер тартылды. Бірақ Маңғыстауда Қызылсай деген өзеннің ескі арнасы мен Өзен, ескі Өзен деген жер мен қала күні бүгінде де бар. Оданда басқа сол маңайда Сарыбай бай мекендеген жерде Байсарыкүп атты ескі тоғанның орны мен алқап бар.
«Айналайын, Құдай-ау,
Осы менің бегім бе?!
Бегім келсін қасыма. (181 бет). Бегім деген сөз Кіші Жүз-Бегарыс атамыздың есімінен бастау алады. Маңғыстау ауданы жерінде Бекі атты жер мен елді мекен күні бүгінде де тура солай аталады.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Алпамыс батыр жырында аттары аталған адамдар, рулар, елдер, жер, су, тау, елді мекен т.б. атаулар түгелімен сақтаулы тұр. Жарайсыңдар, Аталарым! Тарих жазсаң осылай жаз!
Тағы бір арнайы атап өтілуге тиіс жағдай, Алпамыс батырдың заманында қазақ халқы түгелдей мұсылман болған. Жырдың өне бойында басты кейіпкерлеріміз Құдай, Алла, Жаратқан, Хақ, Аруақ, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Баба Түкті Шашты Әзіз әулиелерді сан рет ауызға алып сыйынып, медет тілеп отырады.
– «Алмадың, Құдай, жанымды
...Жаратқан жалғыз Құдайым». Жырда Құдай сөзі 23 рет аталып өтіледі.
«Тәуекелдеп Аллалап,
...520. «Жақсылық,– дейді,– Алладан». Алла 20 рет аталады.
«Жарылқады Жаратқан.
...Оңайдан берді Жаратқан» Жаратқан 7 рет.
«Мұсылманға бас бала,
...Мұсылман адам кем еді». Мұсылман 2 рет.
«Байбөрі Хаққа налынды» Хақ 1 рет.
«Аруақ мені ұрды» деп,
...Аруақтар тұрды қозғалып». Аруақ 2 рет.
«Жаратушы жалғыз Ақ». Жаратушы 1 рет.
«Әулие» 6 рет.
«Ғайып-ерен қырық шілтен» 8 рет.
«Баба Ата» 5 рет.
«Шашты Әзіз» 5 рет. Бұл деректер ежелгі қазақтарды мұсылман болмаған, шаманизм дінінде болған, отқа, суға, тасқа т.т. табынған деп жалған сөз таратып жүргендерге берілген нақты жауап.
«Алпамыс батыр» дастанын көптеген түркі халықтары өздерінің төл мұралары ретінде жырлайды. Мысалы, жырдың бас кейіпкері қазақ пен қарақалпақ та Алпамыс, өзбек пен башқұрт та Алпамыш, қазан татарларын да Алпамша, алтайлықтар да Алып Манаш, бұлғарлар да Алып, қырғыздар да Манас деп аталады.
Жоғарыда көрсетілген деректерден шығатын қорытынды, бұл Алпамыс батырды өздеріне меншіктеп жүрген елдер мен ұлттардың бәрі өздерінің Қазақтың баласы екендіктерін толықтай мойындап отыр деген сөз. Кейбіреулер қоңыраттар өзге ұлттардың ішінде де бар. Сондықтан олар да ортақтасуға құқылы дейді. Ақиқатында, ортақтасу үшін олардың бәрі бірінші кезек те өз шыққан тектерінің қазақ екендіктерін мойындаулары керек. Әйтпесе, ортақтаса алмайды. Бұл жырда, осы жырды иемденіп отырған өзбек ұлты жайлы бір ауыз да сөз жоқ.
Менің бұл зерттеу еңбегіме дау айтып, күдіктенушілерге айтарым: «Алпамыс батыр» жырында аттары аталатын барлық адам, ру, тайпа, ел, жер, су, тау, сай, елді мекен атауларын түгелдей самсатып Маңғыстау мен Қырға (қазіргі атауы Үстірт) қойған мен емес. Жарайды, біреу, екеу, үшеу, төртеу тіпті бесеу болса кездейсоқ сәйкестік деп ойлауға болар. Алайда, 100 пайызға жуық сәйкестік ақыл есі түзу адам баласын ешқандай дау-дамайға жібермесе керек.
Кейбіреулер мені тарихқа қалам тартса болды, бәрін Адайға апарып телиді деп күстаналайды. Оларға айтарым: Мен бұл жерде Алпамыс батырды Адай деп отырғаным жоқ. «Алпамыс батыр» жырындағы оқиғалардың болып өткен жерін де, елін де, жырдың түпнұсқасын да, жырда аттары аталатын барлық адамдардың аттарын сақтап, бүгінгі күнге жеткізген Маңғыстаулық Адайлар қазақтың қарашаңырағының иесі болғандықтан, сол шежіре деректерінің бәрін «көздерінің қарашығындай» сақтап, бүгінгі күнге жеткізіп отырғандарын айтып отырмын.
Тағы бір арнайы аталып өтілуге тиіс жағдай, Біз ешкімнен ештеңені қызғанып отырған жоқпыз. Жырдың бастауы да, арқауы да, руы да, тегі де, тіпті бәрі-бәрі де ҚАЗАҚ деп аталған елде болып өткенін айтып отырмыз. Егер кімде-кім осы келтірілген деректерді жалған деп, күдіктенетін болса менің осы зерттеу еңбегімдегі атап өтілген топономикалық атауларды Маңғыстауға келіп салыстырып қарап шығуға кеңес береміз.
Атамыз Қазақта «Бәрімен бөліссең де, төріңді бөліс пе» деген мақал бар. Алпамыс батырдың ұлты қазақ, руы қоңырат екендігі жырда сан мәрте шегелеп тұрып аталып өтеді. Жырда Алпамысты өзбек, немесе басқа ұлт деп атаған бірде бір сөз жоқ. Сонымен қатар көрші өзбек те біздегідей рулық жүйе де жоқ. Олар тұрғын жерімен айтылады, ферғаналық, әндижандық, ташкенттік, самарқанттық деген сияқты. Олардың жалғыз дерегі Қазіргі Өзбекістан жеріндегі Жиделі Байсын деген жер атауы. Оны ол жерге кезінде қоңыраттар көшіп барған кезінде өздері қойған.
Жоғарыда көрсетілгендерден шығатын қорытынды: «Алпамыс батыр» жырын менікі деп меншіктеп отырған өзбек халқы жырдың «дубликатын» қолдану арқылы менкі деп меншіктеп жүр. Ал, түпнұсқа Қарт Қазақтың қарашаңырағы Маңғыстауда жатыр.
Жалпы бүкіл әлем елдерімен толықтай мойындалған бір қағида бар. Ол кез келген дүниенің (соның ішінде жырдың да) түпнұсқасы кімде болса ол дүние соныкі болады. Бұл дауға жатпайды.
Демек, «Алпамыс батыр» жырын менікі деп меншіктеп жүрген өзбек және өзге елдердің бәрі өздерінің қазақтан «енші» алып, бөлініп шыққандарын мойындаулары тиіс. Басқа жол жоқ.
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау
Abai.kz