Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3935 0 пікір 11 Маусым, 2009 сағат 13:08

Әбілқайыр ханды іздеу

Қазақтың бас батыры Қарақыпшақ Қобыландының асыл сүйегін іздеп тауып, әу баста жамбасы тиген бағзы мекенге жерлеп, тарихи болмысын анықтаған оқиғадан соң күллі қазақ жұртшылығы бір серпіліп қалғаны хақ. Өйткені бұған дейін фольклорлық кейіпкердің арамызға «оралуы» болған жоқ-ты.
Ақтөбе облысында Алаш жұрты үшін аса маңызды тағы бір шаруа қолға алынды. Ол - өз заманында тарихи шешім қабылдап, сонысымен қазақты ұлт ретінде сақтап қалған баһадүр Әбілқайыр ханның сүйегін іздеу.
Өткен аптада облысымызға ұлт зиялылары Әбіш Кекілбайұлы мен Мырзатай Жолдасбековтер келгендігінен оқырман хабардар. Әуелі Қобда өңірін аралап, Қобыланды батыр кесенесі мен Абат-Байтаққа тәу етіп, «Қырғынның моласы» мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан боздақтар жерленген Қарасу биігінде қойылған ескерткішке соғып дұға оқыған  меймандар келесі күні Ақтөбедегі Мәдениет орталығында зиялы қауыммен жүздесіп, «Хан моласында» күні бүгінге дейін атқарылған шаруаларды бір пысықтап алған-ды.

 

 

Қазақтың бас батыры Қарақыпшақ Қобыландының асыл сүйегін іздеп тауып, әу баста жамбасы тиген бағзы мекенге жерлеп, тарихи болмысын анықтаған оқиғадан соң күллі қазақ жұртшылығы бір серпіліп қалғаны хақ. Өйткені бұған дейін фольклорлық кейіпкердің арамызға «оралуы» болған жоқ-ты.
Ақтөбе облысында Алаш жұрты үшін аса маңызды тағы бір шаруа қолға алынды. Ол - өз заманында тарихи шешім қабылдап, сонысымен қазақты ұлт ретінде сақтап қалған баһадүр Әбілқайыр ханның сүйегін іздеу.
Өткен аптада облысымызға ұлт зиялылары Әбіш Кекілбайұлы мен Мырзатай Жолдасбековтер келгендігінен оқырман хабардар. Әуелі Қобда өңірін аралап, Қобыланды батыр кесенесі мен Абат-Байтаққа тәу етіп, «Қырғынның моласы» мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан боздақтар жерленген Қарасу биігінде қойылған ескерткішке соғып дұға оқыған  меймандар келесі күні Ақтөбедегі Мәдениет орталығында зиялы қауыммен жүздесіп, «Хан моласында» күні бүгінге дейін атқарылған шаруаларды бір пысықтап алған-ды.

 

 

Байлам
Сәрсенбінің сәтіне облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы бастаған топ қорымның басына келді. 1979 жылы роман жазу мақсатында осында келіп, жергілікті ақсақалдардың көрсетуімен ханның сүйегі жерленді деген бейітті көрген Әбіш аға ұзындығы 650, ені 200 метр шамасындағы қорымды асықпай бажайлады. Қорымның солтүстік-шығыс тұсында аялдап, алғашқы сапарындағы көріністерді еске түсіруге тырысты. Байназар, Рамазан қарттардың әңгімесін еске алып, қыр астынан тракторын дарылдатып жеткен «Псков» кеңшарының механизаторы Қанибек Жабаевтың да келген тұсын шамалады. Тіпті, отыз жыл бұрын тамақтанған уақыты мен аспазшының атын да айтып, жұртшылыққа таңдай қақтырды. Бірақ нақты зиратты тап басып көрсете алмады. Өйткені осы уақыт ішінде жер бедері қатты өзгеріске ұшыраған. Бұл жердің шөбін де бұрынғыдай шабатын адам жоқ.
- Ең қиыны, ханды жерлеген кісілердің уағында бой көрсетпеуі. Олар өмірлерінің ақырына дейін Әбілқайырдың жатқан жерін жасыруға тырысқан, - дейді Әбекең. Одан кейін отыз жыл бұрынғы әңгімеге қайырылды. - Ақшығанақ ауылындағы Рамазан ақсақал әңгімешіл жан екен. Соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Американың түрмесін тоздырып келген. Абақтыда қос жанарынан айрылыпты. Елге оралған соң алдымен Ханның басына апар деп қиғылық салған. Сондағысы Әбілқайыр хан жатқан жерді ұрпақтарына көрсету болса керек. Ол майданға аттанбай тұрғанда-ақ хан жатқан төмпешік тізесінің тұсынан келетін болған.
Әбіш Кекілбайұлы көрсеткен жерлердің барлығын қолындағы топографиялық картаға түсіріп отырған Серік Әжіғали олардың барлығына сипаттама беріп отырды. Бұдан соң жиналғандар осы жерге арнайы алдырылған 1979 жылы Әбекеңе сәлем берген тракторшы, бүгінде қадірлі ақсақал Қанибек Жабаевтың соңынан ерді. Қанекең топты тұрпаты ерекшелеу көрінетін бір төмпешікке бастап әкелді. Бұл - осыған дейін зерттеу жүргізген ғалымдардың да тізгін тартып отырған тұсы. Зерттеушілер ханның зиратын анықтау үшін жазба деректердегі мәліметтер мен күні кешеге дейін жеткен жалғыз ақ талды іздеп келген. Бірақ ықтимал деген бейіттердің айналасын қазып көргенде, талдың тамыры табылмапты. Екінші бір ғалымдар қазық қылып отырған дүние - ауызша деректерде айтылатын қара жол. Жұрт аузында «Сәтбай жолы» деп аталатын жол қайда? Аэропланмен суретке түсіру барысында жоғарыдан ғана байқалатын қазіргі жолдан ілгерірек жатқан тағы бір жол байқалған. Ал оның нақты «Сәтбай жолы» екенін ғалымдар анықтауы тиіс.
Пікірталас та болмай қалған жоқ. Бірнеше зиратты қазу керек деген пікірге Серік Әжіғали мынадай уәж айтты:
- Босқа қазғаннан пайда жоқ. Ертеңгі күні оны қазған адам «менікі дұрыс» принципінен жазбайды. Сондықтан тарих бұрмаланбасын десек, асықпаған жөн. Алдымен ақ талдың тамырын іздейміз.
Облыс тізгінін қолға алған сәттен бастап осы мәселеге ерекше назар аударып, ғалымдарды жұмылдырған Елеусін Сағындықов кесімді сөз айтты:
- Бес жылдан бері бұл мәселе менің бақылауымда. Тек бүгінге дейін тікелей араласуға уақыт болған жоқ. Бірақ қанша жыл зерттеліп жатса да, хан зиратын анықтауға байланысты әлі күнге екі жапырақ қағаздан артық нәтиже болмай отыр. Бұл мәселені кейінге шегере беруге қақымыз жоқ.
Республикалық бюджеттен келетін қаражаттың баяу қозғалысына байланысты Абат-Байтақ кесенесін қайта жөндеуден өткізгенде, мамандар қамшылап отырғанда әрең қимылдайтын. Қазір өз қолымыз өз аузымызға жетіп, қаражатты өзіміз табатын деңгейге жеттік. Сондықтан жұмысқа шұғыл кірісу керек. Қажет жағдайлардың бәрін жасаймыз. Керек десеңіздер, Ресейден, Алматыдан мамандар шақыртайық, қазу жұмыстарына студенттерді тартайық. Заманауи тұрғын вагондарын орнатып, асханаларыңызды қамдаймыз. Қажет техниканың бәрін сатып алып береміз. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеуге барлық жағдайды жасаймыз. Тек нәтиже керек. Күзге дейін халық сол нәтижені көруі тиіс. Биыл сүйекті тауып, қайта жерлесек, келесі жылы даңқты ханның басына кесене тұрғызамыз, оған келетін жол саламыз. Қобыланды батырдың басына мемориалдық кешен тұрғызғандағы тәжірибеміз бар. Егер ханның сүйегін анықтасақ, бұл өңірге қайтадан ел қоныстана бастайды. Елбасының ауыл шаруашылығын өркендету туралы тапсырмасы бойынша мынадай шөбі шүйгін, топырағы құнарлы мекендер қайта түлейді.
Осылайша, ғалымдарды бір ширатып алған облыс әкімі енді оларға салмақ сала сөйледі.
- Әбілқайыр ханның жатқан жерін анықтау - біздің перзенттік борышымыз. Әбекең келген 1979 жылдан бері жер бедері қаншама өзгерген. Енді кешеуілдете берсек, бұдан да айрылып қаламыз. Сондықтан осы-ау деген екі-үш бейітті қазып бастау керек! - деді облыс әкімі.
Жиналғандар осы байламға тоқтады. Ғалымдар үлкен қамқорлық жасап отырған облыс әкіміне алғыс жаудырды. Әбіш Кекілбайұлы да ерекше толқып, осы тоқтамның дұрыс екендігін айтты.
Сонымен, жақын күндерде сын сағатта күллі қазақтың қолын бастап, жауының белін сындырған, ұлтты бұралаң жолдардан алып өткен ұлы ханмен «жүздесеріміз» хақ. Алла соған жазсын!
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ:
Бұл - тарихи мүмкіндік. Оны қолдан шығарып алмауымыз керек!
«Хан моласының» басында Әбіш Кекілбайұлы жергілікті және республикалық БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
- Әбілқайыр хан жатқан зират дәл осы жерде. Бұл туралы орыс баспасөзінде көп жазылған. Көп деректерді Н. Витевскийден табуға болады. А. Левшиннен кездестіресіз. Ең көп жазған ғалымдар - осылар.
Н. Рычковтың жазбаларында да мол мағлұмат бар. Ол осыдан 100 шақырымдай қашықтықтағы Арақарағай деген жерде Әбілқайырға берілген асқа қатысқандығын, кейін оның бейітінің басында күмбезді кесене тұрғызылғандығын жазады. Бұл күмбездің сипаттамалары жазба деректерде сақталған. Ол күмбезді Әбілқайыр өлгеннен кейін, бірнеше жылдардан соң Ригельман деген инженер ерекше тапсырма бойынша салған.
Алғашқыда Әбілқайырдың сүйегін қазіргі Бестамақ ауылының маңына немесе Жем өзенінің орта тұсындағы Бекет әулиенің атасы жатқан жерге қайта жерлеп, басына кесене тұрғызу жөнінде бірнеше ұсыныс болыпты. Бопай ханым Кіші Жүз ханының Түркістанда жерленгенін қалап, патша үкіметіне бірнеше хат жолдаған. Балаларын да араға салып баққан. Бірақ орыс үкіметі беделді ханның сүйегін онда апаруға қатты қарсылық білдірген. Осы жердегі кесенені уақытша деген желеумен салдыртқан. Оны тіпті кесене деп те айтуға келіңкіремес. Алайда Кіші жүздің ханына топырақтың осы арадан бұйырғаны хақ.
Патша үкіметі Әбілқайырды жерлеуді ұйымдастыруға, оның өмірі мен тағдырын зерттеуге мән берген. Ал оның баласы Нұралыны хан көтеруге жұртты көндіру үшін бірнеше қалалардан арнайы өкілдер келген. Олардың арасында Орск қаласының атаманы Әбдіразақ Ысмайылов та болған. Бұл жағдайлар көптеген рапорттарда көрсетілген.
Жалпы, ханның өлімі жайындағы деректер де әр түрлі. Себебі хан аяқ астынан, ешкім күтпеген жерде және күтпеген мезгілде өлтірілген ғой. Асығыс жерленуі де сондықтан. Ең анығы, ханның өлімі дәл осы жерде түс ауа болған. Енді ханның өліміне қатысты бірнеше нұсқаға тоқталайын.
Біріншісінде белгісіз бір қазақ үлкен жанжалдың үстінде аттан жықты, сонан соң Барақ келіп пышақ салды делінеді.
Екіншісінде ханды Барақтың қонтайшыда кепілде болған баласы жықты деседі.
Ең қиыны, жалпы сол болған оқиғаның анық-қанығын білетін кісінің болмағандығы деректерде көрсетілген.
Ендігі мәселе - ханның қалай өлгендігі емес, оның зиратын анықтау. Оның осы қорымда жатқандығы анық. Бірақ нақты зираты қайсы? Ол әзірге жұмбақ. Өйткені басқаларын айтпағанда, ханның өзіне салынған кесенеден де түк қалмаған. Оның жұқаналары соғыстың алдыңғы жылдарына дейін сақталған деген дерек бар. Куәгерлердің көзі тірілері де некен-саяқ. Негізінен, бұрынғы Торғай облысы қазақтарының айтуларына қарағанда, ханның зираты жолдың жиегінде, жалпы, қорымның солтүстік-шығыс мүйісінде екен. Бірақ қазір сол жолға қатысты да талас бар. Өйткені бұл жерде екі жол жатыр: біріншісі - қазіргі автокөлік жолы да, екіншісі - уағында Орынбормен сауда байланысын нығайтқан «Сәтбайдың жолы» дейтін қара жол. Сондықтан да ғалымдар бұл екі жолды да кеңінен, мұқият зерттеулері қажет.
Осыдан отыз жыл бұрын роман жазу мақсатымен, Әбілқайырдың өмірбаянын түгел зерттемекке осы өңірге келдім. Сол кезде жергілікті ақсақалдар маған «Ханның зираты - осы!» деп жол бойындағы оңаша жатқан бейітті көрсеткен болатын. Байназар, Рамазан есімді сол әңгімешіл қариялар қазір бұл дүниеде жоқ. Осы отыз жылдың ішінде жер бедері де біраз өзгеріп кетіпті. Ол кезде жерде қуаңшылық бар еді, ал жарқабақтар биіктеу көрінетін. Қазір қарап отырсақ, жер тегістеліп барады, шөптің де түсі басқа. Енді уақыт осылай зымыраған сайын, зираттың өзі түгілі ізі де табылмай қалатын сияқты. Зерттеушілер де әзірге бір байламға тоқтай алмай отыр.
Бүгін облыс әкімі Елеусін Сағындықов зерттеуші-ғалымдарға барынша көмек беретіндігін айтты. Археологтар үшін қат құрал - георадар да сатып алынбақ. Сол арқылы жерді асты-үсті түгел тексеріледі. Егер нақты байламға келіп, пайымдары Рычковтың жазбаларымен ұштасса, археологтар Кекілбайұлын да, басқаны да тыңдамай, жедел қазу жұмыстарына кіріседі.
Хан зиратын анықтау үшін ғалымдарға барлық мүмкіндіктерді жасап жатқан Елеусін Наурызбайұлына  зор алғыс айтамыз. Бұндай жәрдем болмаса, Әбілқайырды да басқа тарихи тұлғаларымыз сияқты жоғалтып алуымыз бек мүмкін. Қазір көптеген тарихи тұлғаларымыздың сүйегі қай жерде жерленгендігі туралы деректер әр қилы. Ал біздің қолымызда дерегі тұтастай бары - Әбілқайыр. Ендеше, осы мүмкіндікті қолдан шығарып алмау керек. Болашақта бұл жерге мемориалдық кешен салу керектігін де құптаймын.

«Хан моласындағы» зерттеулер. кеше мен бүгін
Ресми шаралардан кейін Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали журналистерге сұхбат берді.
Өткен күннен белгі бар…
- Бұл үлкен қорым 1748 жылы Әбілқайыр хан мерт болғаннан бергі уақытта қалыптасқан. Орналасқан жері - Ақтөбе облысының шығысы. Қостанай облысының шекарасына жақын.
Батыс пен оңтүстік батысында Қабырға және Өлкейек өзендері қиылысады.
Енді біз ханның нақты осында жерленгендігін білеміз. Бұны тарихи жазба деректер, яғни архивтерден алынған материалдар растайды. Оларды саяхатшылардың жазбалары да толықтыра түседі. Жергілікті халық арасында таралған әңгімелердің өзі бір төбе. Топографиялық зерттеулер де көрсетіп отыр.
Тарихқа көз жүгіртсек, хан қаза тапқан шайқаста өлгендер түгелімен осы жерге жерленген. Қазір мұнда ең кемі 1000-нан аса зират бар. 2001 жылы бұл аумақтың топографиялық картасы түсірілген уақытта нақты 942 зират белгіленген еді. Шындығында, төмпешіктердің саны одан да көп.
Бүгінде бұл қорымда тек төмпешіктер, үйінділер және ішінара зираттың қоршаулары кездескенімен, тым аз. Қабырғалары мүлдем сақталмаған. Зираттардың айналасынан қазақтың дәстүрлі жұқалтақ құлпытастары, Самарқан тастары және көктас сияқты белгілерді табуға болады. Сақталған ескерткіштердегі араб әріптерімен жазылған қазақ тіліндегі сөздер сол күйінде тұр. Бірақ олар хан өлген уақытқа сәйкес емес. Көнелері ХІХ ғасырдың ортасына тән болса, берідегілері - өткен ғасырдағылар.
Деректерге сүйенсек, Әбілқайыр ханның ұлы Нұралы хан сол замандарда әкесінің зиратына асығыстау түрде шикі кірпіштен күмбезді шағын кесене тұрғызған. Ішінде сағана болған. Хан ежелгі қыпшақ дәстүрі бойынша қарапайым киіммен, қару-жарағымен, яғни қылышы, жебелерімен бірге көмілген.
Біздің білуімізше, ол кесене 50-60 жылдан кейін сыр бере бастаған. Ал ғалымдарға негізгі бағыт көрсетер белгі жалғыз ағаш еді. Ол - Нұралы еккен он екі талдың бірі.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында зерттеуші ғалым Дербісәлі Беркімбаев Торғай өңірінің газетінде: «Әбілқайыр ханның басында белгі жоқ, бірақ шикі кірпіштен салынған қоршау мен тас плита бар», - деп жазған. Демек, сол уақыттарда-ақ ханның зиратын анықтау мәселесі туындай бастаған. Бәлкім, Беркімбаев бұл жерге келмеген де шығар. 1898 жылы зерттеуші И.Крафт: «Хан ұрпақтарының бірі оның зиратын тапты. Басындағы негізгі белгі - жалғыз қайың», - деген дерек қалдырған. Бірақ ол қайың емес болатын. 1771 жылы ханның басындағы ағашты Н. Рычков «ақ тал» деген еді.
Бұл ағаштың ғұмыры ұзақ болды. Жергілікті тұрғындары қырқыншы жылдардың соңына дейін сақталғандығын айтады. Ырымға сенгендері талдың бұтақтарына ақтық байлайтын болған. Олай-бұлай өткен жолаушылар да ағараңдаған шүберектерді аңғарған. Бұл - бізге ақпарат берушілердің сөзі. Сөйтіп, ол ағашқа елуінші жылдары жайдың оты түсіп, сол маңай түгелімен өртеніп кеткен. Қалың өрттен ханның басындағы жалғыз ағаш түпкілікті жойылып, Әбілқайырдың ізі алыстап кетті. Әрине, соғыстан кейінгі жылдары бұл маңайға ел қонбай, негізгі белгілердің халық жадында қалмағандығы өкінішті.
Зерттеулер және зерттеушілер
Жетпісінші жылдардың соңынан бергі уақытта бұл жерді бірнеше экспедиция тексерді. Оның ішінде кезінде Торғай облысын басқарған Өзбекәлі Жәнібеков, жазушылар Әбіш Кекілбай мен Амантай Сатаевтар бар. Әбіш ағамыз 1979 жылғы жасаған бірінші сапарының кезінде-ақ жергілікті қариялардың айтуымен ханның зиратын тапқан. Бірақ арада отыз жыл өткен соң айналадағы жер бедерінің өзгергені соншалық, Әбекеңнің өзі де мына зират деп тап басып айта алмай отыр. Сондықтан да ісіміз тіпті күрделі сипат алды. Уақытында белгі қойылмағандығына өкініш те бар…
Біз әу бастан іздестіруге белсене кірістік. Біздің экспедиция үзіліспен жұмыс жасағанымен, нәтижесіз болған жоқ. Алғашқыда 1983 жылы шағын топ болып келдік. Расында, Рычковтың жазбаларында көрсетілген қоршау мен белгі қалған шығар деген үміт болды. Ең болмаса тастардың қалдығы алдымыздан шығатындай көрінді. Бірақ сол кезде-ақ үйінділер мен төмпешіктер ғана жатты…
Кейін, 1998 жылы кезекті экспедиция кезінде зерттеулерді тереңірек жүргізуге мүмкіндік туды. Осы жылдан бастап елімізде тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеуге баса назар аударыла басталған-ды. Сол жолы қариялардан сұрастыра отыра, қорымның «көзжобасы» жасалып, қағазға түсірілді. Қорымнан 70 шақырым жердегі Шилі ауылының тұрғындарымен кездестік. Сол ауылдың тұрғыны 1914 жылы туған Үнзила Оразымбетова апамыз хан зиратының жол бойында, қорымның солтүстік-шығысында жатқандығын айтты. Бірақ жанармай жетпейтіндіктен, ол кісіні әкеле алмадық. Осыған қарамастан апамыз айтқан жорамалдарға сай келетін төмпешіктерді белгіледік. Көкірегімізде үміт оты жанды.
Содан 2001 жылы «Әбілқайыр хан» халықаралық қорының ұйымдастыруымен және қаржыландыруымен 15-20 адамнан тұратын үлкен экспедиция ұйымдастырылды. 10 күн ішінде қорымның топографиялық жоспарын сызып, бұл жолы нақты 942 зират белгіленді. Сонымен қатар баяғы Үнзила апамызды және  Торғай қаласынан тағы екі ақсақалды осы жерге әкелуге мүмкіндік туды. Нақты зиратты көрсету үшін әрқайсысын жеке-жеке жібергенімізбен, қариялар шешімге келе алмады. Олар ағашты көргендіктерін, осы маңды қыстағандықтарын сенімді түрде айтқанымен, ханның қабірін көрсете алмады. Алайда біздің бағытымыздың дұрыс екендігін айтты.
Біз тарихи-мәдени ортаны зерттедік, құнды этнографиялық материалдар жинақталды. Экспедиция Ырғыз, Әйтеке би және Қостанай облысының Жангелдин аудандарында жемісті жұмыс жасады.
Содан бергі аралықта Мәскеудің, Петербордың және Орынбордың архивтеріне сан мәрте барып, ханның өлімі мен тағдырына байланысты тағы бірқатар құжаттарды жиыстырдық. Сайып келгенде, 2001 жылы белгіленген ықтимал зираттардан ауытқыған емеспіз. Мен өз еңбектерімде тарихи мәліметтерге сәйкес келетін орын осында екендігін көрсеттім. Бірақ 100 пайыздық шешім болған емес.
2007 жылы Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жұмысты қайта жандандырдық. Негізгі міндет - Әбілқайыр хан зиратын табу. Соңғы екі жылда бұл жұмыс саябырсыған емес. Жан-жақты кешенді тексерулер жүргізілді. Тек жер үсті емес, астына да үңілдік. Табылған әрбір зат мұқият тексеруден өткізілуде. Осыдан екі жыл бұрын қорым дельтапланмен әр түрлі биіктен суретке түсірілді. Оған шетелдік мамандар да тартылды. Ақпарат берушілерді іздестіру аумағын да кеңейттік. Уақыт өте олардың қатары да сиреп барады. Бірақ мүмкіндігіміз таусылған жоқ. Жаңа көрсетілген екі-үш орынды жіті тексеріп, геофизикалық іздестіруді күшейтеміз. Жер астындағы темірді анықтау үшін магниттік жабдықтардың көмегі пайдаланылады. Георадардың көмегі ерек. Бұл жолы өсімдіктанушылар мен топырақтанушыларды да ақылдасуға шақырдық. Тәжірибелі археолог та келді. Іздеу енді тіптен күшейтіледі.
Қорымды көркейту - парыз
Қазақтың мемлекеттілігін қалыптастыруға орасан үлес қосқан қайраткер, тарихи-саяси тұлға Әбілқайыр хан осы жерде. Оның жанында серіктері һәм білекті батырлар мен қолбасылар да жатқан болуы әбден мүмкін. Шалғай ауданда, адам аяғы аз басатын жерде жатқан батырларды дәріптеу - бізге парыз. Ертеңгі күні салынатын кешен бұл маңды туристік орталыққа айналдырары хақ. Тарихи орынның белгіленуі қазақ халқының еңсесін тіктей түседі. Әбілқайырдың көзі тірі кезіндегідей Сарыарқа мен еліміздің батысы қосылады. Егер Торғайға іргедегі Басқұдық пен Жабасақ ауылдары арқылы даңғыл жол салынса, ертең-ақ туристер ағылады. Бабаның рухын құрметтеушілер тәу ететін орынға айналады. Жалпы, бұл маңда тарихи-мәдени орындар аз емес. Ескерткіштер де жетерлік. Мына Ырғыздағы Жаманшың кратерінің өзі неге тұрады?!
Бұл - Торғай қаласына да жақын жер. Осы маңда тарихи құнды Ұзақ тамы ескерткіші бар. Қысқасы, Ырғыз-Торғай даласы - тағдыры бөлек аймақ. Осы жерде қазақ-орыс байланысы орнады. Осы жерде нағыз дала мәдениеті қалыптасты. Әбілқайыр ханнан кейін Алмат-Самырат, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов сияқты қайраткерлер тарих сахнасына шықты. Демек, осы маңдағы тарихи-табиғи ескерткіштердің «басын» біріктіретін Әбілқайыр ханның кесенесі болуға тиіс.
Атау қайдан шықты?
«Хан моласы» атауы 1748 жылдары-ақ пайда болған. Ханның қазасы қабырғаларын қайыстырған ел бұл қорымды солай атаған. Әбілқайыр ханның өлімі Даланы күңірентті. Жерленген жері де осы. Жалпы, қазақ жер-су атауларына ерекше қараған. Оған асқан ыждағаттылықпен қарап, атауды тектен-текке бермеген. «Мола» - қазақтың төл сөзі. Алайда ХІХ ғасырдағы Ресей карталарында бұл жер «Хан сүйегі» деп көрсетілген. Қате жазбалар да кездеседі. Мысалы, «Қанды суық» деген де бар. 60-жылдардағы топографиялық картада солай. Бірақ ең дұрыс атауы - «Хан моласы».
Әбілқайырдың ұрпақтарын іздеу қажет!
Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі инспекция бастығы Бекарыстан Мырзабай Әбілқайыр ханға байланысты генеалогиялық зерттеу жүргізу керек деген пікір айтып отыр.
- 1983 жылы Серік Әжіғали «Хан моласына» жасаған сапарында қорымдағы 30-40 құлпытасты өлшеп, келесі жылы үш-төртеуіне төлқұжат жасатып берген болатын. Зиратқа берілген төлқұжат бұл жердің мемлекет қорғауына көшкендігінің белгісі еді. Енді кеудеде үмітіміз оянып, жұмысқа белсене кірістік.
Серік Ескендірұлы беріректе Шыңғыс ханнан Қамбар Медетовке дейінгі төрелердің 25 ұрпақтан тұратын картасын жасап, кітапқа түсірді. Сол карта бойынша Әбілқайыр - Шыңғыс ханның он сегізінші ұрпағы. Ал Әбілқайырдың алтыншы ұрпағы Қамбар Медетов Сталиннің алдында күй тартқан дегенді марқұм Мардан Байділдаевтің аузынан естіп едім.
Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүрген сексенінші жылдарда бізге Әбілқайыр ханның шөмекейлерді билеген ұрпағы Елекей ханнан тараған Ибрагим Шамшатов ғылыми коммунизмнен дәріс оқыды. Ол кісі сол кезде 200 түтін бармыз деуші еді. Олай болса, генеалогиялық зерттеу жүргізу де ортақ іске үлкен пайдасын тигізер еді.
Даланың құпиясы
Жоғарыда «Хан моласы» қорымының айналасында ел жоқ екендігін айттық. Оған жақын деген ауылдың өзі 80 шақырымдық қашықтықта жатыр. Іргедегі Өлкейек өзенінің арғы бетін торғайлықтар жайлайды. Білетіндердің айтуларына қарағанда, бұл маңда берірекке дейін, яғни «мызғымас» Одақ ыдырағанша, малшылардың қонысы көп болған. Ал шөп шабушылар шалғай аудандардан да келеді екен. Қазіргі күйі басқа. Мидай дала, аңызақ жел, миыңды аузыңа түсірер ыстық. Сонда…
Әбілқайыр заманында бұл жердегі ауа райы қандай болған? Жер бедері ше? Орынсыздау болса да айтайық, бабаларымыз осы жерге неліктен қызыққан? Бұл сауалдарға Орынбордан келген Дала институтының аға ғылыми қызметкері, география ғылымдарының кандидаты Вадим Петрищев мынадай жауап айтады:
- Біз тек тарихты, тарихи жағдайды қалпына келтіруге ғана тырыспай, сол кездегі қоршаған ортаның сырына үңілуге басымдық беріп келеміз. Әрине, Әбілқайыр заманындағы даланың жағдайын қазіргімен салыстыруға келмейді. Өзгеріс өте көп. Оған себеп алдымен шаруашылық жүргізуге байланысты. Өткен ғасырдың өзінде ғана тың игерілді, мал басы көбейді, халық саны да арта түсті. Бұл жерге соқа тісі тимесе де, көптеген ескі қорымдар бақылаусыз қалды. Бұл - бір.
Екіншіден, ботаниктердің пайымдауынша, Қазақстанның жартысын алып жатқан Даланың өзінің ғана 82 атауы белгілі. Осыларды салыстыра келе, 300 жылдай уақыт бұрын бұл жердің келбеті өзгеше болғандығына сенімдіміз.
Біздің білуімізше, бұл жер жауын-шашынды, ылғал көп түсетін аймақ болған. Салқындығы тағы бар. XIV-XVII ғасырларда даланың келбеті мүлдем басқа болатын. Сондықтан да хан жатқан жердің құнарлы, жайылымы шұрайлы болғандығына дау жоқ. Қазір ол көрініс солтүстікке қарай 100 шақырымға ойысты. Бұл маңда көлдердің де көп болғаны анық. Осы деректерден-ақ тарихты дәл осы жермен байланыстыруға әбден болады.
Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, құрғақшылық немесе жайлы кезең ең кемі 400 жыл сайын ауысып отырады. Қазір біз қолайсыз уақыттамыз.
Ресей де көз тігіп отыр
Әбілқайыр ханның сүйегін іздестіру туралы  әңгімеге көрші Ресей ғалымдары да құлақ түріп отыр. Хан туралы жазбаша деректердің барлығы орыс елінің мұрағаттарында жатыр. Ресейлік ғалымдардың кейбірі осы мұратты іске қол ұшын беруге әзір екендіктерін де айта кеткен абзал. Мысалы, Ақтөбеге арнайы келген Ресей Ғылым Академиясы Дала институты Жайық бөлімшесінің агроэкология және жерге орналастыру зертханасының меңгерушісі, география ғылымдарының докторы Сергей ЛЕВЫКИН қазақстандықтарға архивтердегі құжаттарға қол жеткізуге көмек беретіндігін айтып отыр. Ол сондай-ақ өз байламын да ортаға салды.
- Бізді Ақтөбе облысының мәдениет басқармасы осы шараға, экспедицияға қатысуға асқан ілтипатпен шақырғандығына қуаныштымыз. Жалпы, Орынбор мен Ақтөбе облыстарының арасындағы байланыс қай салада да берік. Бүгінгі күні әкімдеріміз, ғалымдарымыз ортақ мүддеге жету үшін тізе қосып жұмыс жасап жатыр. Жақында ғана Орынборда өткен халықаралық шараға қазақстандық ғалымдар үлкен құраммен келді. Біз де қарап қалмай, аталған шараны өткізе сала Ақтөбеге бет алдық.
Сайып келгенде, барлығымызға Дала ортақ. Оның үстіне, біздің институттай ғылым ордасы әзірге Еуразия көлемінде жалғыз. Біздің мамандар Даланы барлық қырынан зерттейді. Оның ішінде географиясы, тарихы, өсімдіктерінің бітімі де бар. Әрине, тарихтағы кемелді тұлғаның жатқан жерін анықтауға байланысты маңызды шараға қатыспау даланы зерттеушілер үшін кешірілмес күнә болар еді. Осы мүмкіндік туғызған облыс басшыларына үлкен рахмет!
Бұл - қастерлі орын. Тарихта Әбілқайыр хан секілді ұлы тұлғаның болғанын бәрі біледі. Ол ел басына қатер төнген уақытта барлық жауапкершілікті мойнына алып, тарихи шешім қабылдады.
Жуырда Орынборда өткен жиында ғалымдар ХХ ғасыр «Орман ғасыры» болса, ХХІ ғасыр «Дала ғасыры» екендігін айтты. Өйткені осы сайын дала адамзатты өркениетке бастады, халықтардың байланысын нығайтты. Осы дала адамзатты асырады, асырай да береді. Болашақта Далаға деген қызығушылық артпаса, кемімесі анық. Бір қызығы, Даланың осы жердегідей бедері мен кереметтері Ресейде кездесер, ал әлемнің басқа түкпірлерінде жоқ. Қазақстан - бұл мұраның аса ірі сақтаушысы. Яғни, сақтап қалатын қамалы, қорғаны. Тіпті, осы жердегі тарих пен табиғаттың үндесуінің өзі неге тұрады…
Ең бастысы, биыл Ресейде осы Әбілқайыр хан туралы алғашқы деректер қалдырған Н. Рычковтың 300 жылдығы аталып өтілмек. Ол - Ресей Ғылым Академиясының бірінші мүшесі, белгілі өлкетанушы. Оның қарапайым құралдары арқылы жүргізілген зерттеулерінің біздің заманымызға жеткендігі қуанышты емес пе?
Сондықтан да баһадүр хан мен оны бағалаған ғалымның еңбегін қалай құрметтесек те жарасады.

 

 

«Ақтөбе» облыстық газеті 4 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602