Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 5001 15 пікір 22 Мамыр, 2018 сағат 08:42

Латын қарпіне өтудің төте жолы

Латын графикасына өту идеясын сонау тоқсаныншы жылдардың басында Әбдуали Қайдар ағамыз көтерген болатын. Орыстан кетсек, оңбай қаламыз деп, өре түрегелгендердің қарасы ол кездерде өте көп еді. Солардың бел ортасында қазақ руханиятына сіңірген еңбегі үшін алған атағынан ат үркетін, бірақ бала-шағасымен орысша сөйлесетін тілші ғалым аға-апаларымыз да жүретін. Пәлен ғасырғы жазушымыз арабқа оралсақ қайтеді дейтін бірен-сарандармен қатар түбі бір түркі түгенделіп, орхонға қайтса жөн болар еді- деген асқақ армандар да болған еді. Бүгінгі қазақ қоғамы орыс, араб, латын, көне түркі (руника) сияқты төрт әліпбидің ішінен латынға тоқтап отыр.

Елбасы бекіткен әліпбидің бір пайдасы латынға қатысты жиындар енді латынға өтеу қажет пе деп емес, латынға қалай өтеміз-деп те емес, мына бекітілген әліпбилермен қалай жазамыз деп бас қатырып жатыр. Қазір мамандар мына өлшемдердің қайсысын қазық етіп ұстау керектігін әлі шеше алмай отыр:

К – 42 (кириллицадағы қазақ әліпбиі)

Қ – 28 (қазақтың төл дыбыстары)

Т – 34 (түркіге ортақ дыбыс қоры)

А – 26 (пернетақтадағы латын таңбасы)

Сондықтан латынға қатысты ендігі жұмыстар осының айналасында жүруі керек. Кириллицадағы қазақ әліпбиін (К-42) сол күйінде латын таңбасына көшіре салуға болмас. Жаңа әліпбиде қазақтың төл дыбыстары (Қ-28) ғана жеке-жеке таңбамен бейнеленуі қажет. Оның үстіне бір теңге де артық жұмсамай жаһанды жалпағынан басу үшін төл әліпбиіміздің әріптері пернетақтадағы бар таңбалардан (А-26) аспауы тиіс. Бүгінгі ресми талап та осы 26 – дан шықпау. Егер әлемдегі екі жүз млн. түркі өзгенің өзегін өртеп, баба жазуымыз орхонға өтуге пәтуәласса, оны қос қолдап қолдауға болады. Ал бір-бірімізді лұғатсыз-ақ түсініп кетеміз деген желеумен қазақтың жаңа әліпбиін түркіге ортақ дыбыстарға (Т-34) ыңғайлауға өз басым қарсымын. Біз жалпақ шешейлікті қойып, ең алдымен өзіміздің табиғи ұлттық тіліміздің жайын ойлауымыз керек.

Қазақтың жаңа әліпбиіне негіз болатын сипырлы төрт нұсқаның (Қазақ – 28, Ағылшын – 26, Кириллица – 42, Түркі – 34) ішінен төл 28-ді таңдап, оны пернетақтадағы 26-ға қалай сыйдыру бүгінгі күннің басты мәселесі екені анық. 28 төл дыбысты бейнелеуге лайық латынның 19 таңбасын жоба ұсынғандардың барлығы қолдайды. Мына 9 дыбысқа келгенде ұстаным әр түрлі Ә, Ө, Ұ, Ү, І, Ғ, Ш, Ң, У. Мәселен, «Ә» дыбысын А, Ä, Аһ, A', Ә – деп бес түрлі белгілейді. Ал «Ң» дыбысын Ń, Hh, Ň, Ņ ŋ – деп төрт түрлі белгілейді. «Ш» дыбысын С, Ş, W, Ś, Sh – деп бес түрлі белгілейді және т.б. Тоғызының да төрт-бестен таңбасы бар.

Әріп пен дыбыстың арасы шартты десек те, латыннан артық қалған 7 әріптің кейбірі қазақтың таңбасыз қалған немесе көптаңбалы болып тұрған тоғыз дыбысының мазмұнын ашпайды.

Сондықтан бүгінгі күні сол тоғыз дыбыстың әрқайсысын жеке-жеке тереңірек қарастыруымыз керек. Мәселен, «у» дыбысын алайық. Бұл дыбыс тіл білімі ғылымында жасалу орны, тілдегі қызметі, қолданылу жиілігі, шығу төркіні жағынан жан-жақты қарастырылған. Енді оның қазақ жазу тарихындағы таңбалануы, өзге түркідегі жайы, сөз ішіндегі тіркесімділігі, орны, латын  қарпіндегі елдердің бұл дыбысты таңбалау тәжірибесі деген сияқты мәселелерді зерттей түсу қажет. Бұндай зерттеуді қалған ғ, ш, ң дауыссыздарына да жүргізу қажет.

Меніңше, ә, ө, ү, і дыбыстарына пернетақтадан орын іздеп керегі жоқ. Олардың басын әрі түртіп, бері түртіп (А', Ä) немесе қосақтап (АЕ) әуре болмай тарихқа, тәжірибеге жүгінейік. А.Байтұрсынұлы қазақ жазуының тарихында «төте жазу» деген атпен 1929 жылға шейін қолданылған өз әліпбиінде дауыстылардың сөз ішінде бірыңғай жуан немесе бірыңғай жіңішке айтылу заңдылығына сүйеніп, олардың жуан-жіңішке түрлерін бір-ақ таңбамен беріп, сөз алдына дәйекше қойып отырғаны белгілі. Қазір бізге пернетақтада тек жуан дыбыстарды ғана белгілеп, бірақ мониторға немесе принтерден қағазға олардың жіңішке нормаға сай дұрыс жазылу нұсқасын шығарып беретін сингармонизм заңына сүйенген электрон бағдарлама керек. Мәселен, Alypbi деп тереміз. Ал ол бағдарлама арқасында немесе бір нүктені басу арқылы автоматты түрде мониторға Әlÿpbi немесе Älÿpbi болып шығады, қағазға да солай басылады. Сонда төрт жіңішке дауысты дыбысқа пернетақтадағы 26 таңбаның ішінен жеке таңба іздеп жатпаймыз. Олар жуан дауыстылардың таңбасымен теріледі, бірақ көзге сингармонизм заңына негізделген бағдарлама арқылы өзгертілген жеке таңба ретінде көрінеді. Қолмен жазғанда, қағазда, әліппеге басқанда, әліпби тізбесінде жеке таңба ретінде тұрады. Тіпті оларды жаңа әліпбиде көз үйренген Ө,Ә күйінде қалдыра берсе де болады, өйткені пернетақтада олар жуан нұсқасымен ғана теріледі. Қазіргі  жастар бір-бірімен хат алмасқанда амалсыз солай қолданып та жүр. Қазір ХХІ ғасыр. Ақаңның кезіндегідей әріптерді қорғасын қалыпқа құятын кез емес, қазір компьютерге жақындап сөйлеп берсеңіз, сөзіңізді термей-ақ өзі басып шығаратын бағдарламалар жасалды. Желінің арғы басынан жіберілген жобаны өзіңнен дайын зат күйінде шығарып алатын 3Д принтерлердің заманы келді. Енді сипырлы Қазақстанға айналамыз деп қыруар қаржы жұмсағалы жатқанда, өткен ғасырдағыдай әріптерді қосақтап немесе қолмен екі басып таңбалап, механикаға бет қоюымыз естіген елден ұят. Сондықтан Іt мамандардың бүгінгі міндеті – қазақ тілінің үндестік заңына арнап бағдарлама жасау. Яғни, Ақаңның кешегі дәйекшесінің қызметін бүгінгі электрон бағдарламаға жүктеуге кірісу.

Енді бір қызық мүлдем келісуге болмайтын жайт, ұсынылып жатқан ресми жобалардың барлығында да өзге тілдің жүйесіндегі таңбалар жүр. Әр ұлттың ұлттық әліпбиінде төл дыбыстары ғана таңбаланады. Бұрынғы зорлықпен танылған қырық екі таңбалы әліпби біздікі. (42-28=14). Әліпби ұсынушылар Он төрт таңбаның ішінен біресе анаусын, біресе мынаусын қимай жүр. Бірін алып, бірін қалдыруда еш ғылыми принцип жоқ. Олардың он төрті де өзге тілдің жүйесіндегі әріптер. Оларды ұлттық әліпбиге кіргізуге болмайды.

Сонда өзге тілден енген сөздерді қалай жазамыз дер біреулер. Алатын сөз солардың бірінің сөзі болған соң, ағылшын мен орыс қалай жазса, солай жазамыз. Олар да шетелге шыққанда аты-жөндерден немесе жер-суының атауларын халықаралық стандарттармен латынның 26 қарпімен-ақ транслитера́циялап отыр ғой. Басында соны пайдаланармыз, сосын Москваны-Мәскеу, Россияны-Ресей, Пекинді-Бейжің деген сияқты өз дыбыстық жүйемізге біртіндеп ыңғайлай береміз. Термин сһздердің шама жеткенін аударамыз, қазақша жаңа сөз тудырамыз. Бұның бәрі әліпби бекітілгеннен кейінде ұзақ мерзімге тоқтаусыз өмір бақи жалғаса беретін жұмыстар. Ал қазақ әліпбиінде қазақтың төл дыбыстарына ғана орын берілуі керек.

 

кирилше латынша
1. А A
2. Ә                  Ә немесе À
3. О O
4. Ө Ө немесе Ò
5. Ұ -
6. Ү Жуаны белгілі болғанда
7. Ы Y
8. І Ь немесе ý
9. Е E
10. Қ Q
11. К K
12. Ғ
13. Г G
14. Д D
15. Т T
16. С S
17. З Z
18. Ш
19. Ж J
20. Л L
21. М M
22. Н N
23. Ң
24. Р R
25. И I
26. У
27. Б B
28. П P

 

Қысқасы, қорыта айтқанда өзі 300 жоба деп далбитып жүргеніміз осы 4-5 таңбаның төңірегіндегі әңгіме. Сондықтан әркім реформатор болуға ұмтылмай, жан-жаққа тартып «аққу, шортан һәм шаян» болмай, бәріміз жұмылып, кестедегі ашық тұрған 5 дыбысқа (ұ, ғ, ш, ң, у) мына қалған латын таңбаларының ішінен әріп белгілейік. (W, F, H, X, V, C, U)

Осы уақытқа шейін ұсынылған әліпби жобаларындағы қателер:

  1. Қазақ тілінің жүйесінде мүлдем жоқ, өзге тілдердің дыбыстарына таңба арналған. Бұл – қате. Қазақ әліпбиінде қазақтың төл дыбыстары ғана таңбалануы керек.
  2. Жоба ұсынушылардың көбі (оның ішінде тіл мамандары да бар) ө, ұ, і, ғ, қ, ү т.б. сол сияқты он шақты дыбысты ғана қазақ тілінің төл дыбыстары ретінде көрсетеді. Бұл – қате. Қазақ тіліне тән 28 дыбыстың барлығы да қазақтың төл дыбыстары болып есептеледі. Барлық тілдерде бар «а» дыбысының өзі жасалу орны мен тілдегі қызметі жағынан әр тілде әртүрлі. Мәселен, кириллицада бірдей таңбаланғанымен «у» дыбысы орыс тілінде дауысты болса, қазақ тілінде дауыссыз дыбысқа жатады және т.б.
  3. Пернетақтадағы 26 латын таңбасы жетпегендіктен кейбір дыбыстарды таңбалау үшін әліпби ұсынушылар өткен ғасырдағы механикалық екі рет басу тәсілдерін қолданады. Қазақ тілінің сингармонизм заңына негізделген жасанды интеллектке, инновациялық заманауи тәсілдерге, бүгінгі ІT технология жетістіктеріне жүгінбейді.
  4. Латын әліпбиіне көшу және үйрету шараларына мерзім белгілеуде қазақ тілінің табиғаты ескерілмейді. Қазақ тілі – жиырмасыншы ғасырға шейін жазуға байланбай, еркін дамып, дыбыстық жағынан әбден жүйеленген тіл. Ахмет Байтұрсынұлы арабқа, татарға алаңдамай, қазақ тілінің табиғатына ыңғайлап, төл әліпби құрастырып бергенде, онымен сауат ашып кету үшін қабілеті орташа балаға төрт апта жеткілікті болған екен. Қазір де солай, тіпті мектеп деңгейінде лингвистикалық білімі бар қазақша сауатты жандарға дұрыс әліпби болса, жүгіртіп оқып кету үшін төрт-ақ сағат керек. Мұны неге сонша ұзаққа – 25 жылға дейін созғанымыз, түсініксіз!

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443