Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 3273 3 пікір 24 Мамыр, 2018 сағат 09:05

Ақберен Елгезек "Азия әдебиет академиясын" құруды ұсынды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған жас ақын-жазушылардың кеңесінің алғашқы отырысы Астанада өтті. Министр Арыстанбек Мұхамадиұлы модератор болған алқа-қотан жиында не айтылды? Жастар кеңесі көтерген мәселелер қалай шешіледі?

Жастар кеңесінің мүшесі, ақын Шерхан Талап жиында көтерілген мәселелер жайлы шолу жасап, Фейсбуктегі парақшасында жариялады.


Сонымен, министрлік жанынан құрылған кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Ұсыныстар айтылды, ой-пікірлер ортаға салынды.

Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедиұлы жиынды ашып, еркін форматта өтуіне ишара білдіргеннен кейін, жастар жағы тосылып қалмауға тырысты.  Жазушылар Одағы Төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек баяндама жасап бірнеше ұсыныс айтты.

Бірінші, Қазақстанда жоғары оқу орны статусы бар "Азия əдебиет академиясын" құру.  Бұған министр Ұлттық өнер академиясынан факультет есебінде ашсақ деген өз ойын айтты.

Екінші, жастар əдебиетінің озық үлгілерін БҰҰ-ның алты тіліне аудару. Антологияға енген қазақ жастарының бір бөлігі Европа мен Америкада, бір бөлігі Азия мен Африкада Әдеби турне жасау.  Бұл ұсыныс министр тарапынан қолдау тауып, Президент əкімшілігімен бірлесе жұмыстар атқаруға уəде етілді. Халықаралық іс-шараларда өнердің барлық салалары қамтылып, ақын-жазушылардың сырт қалып жататыны да министрдің ауызымен айтылды. Бұдан нəтиже шықса, қанекей!..

Үшінші, Мəдениет туралы заңға өзгерістер еңгізу. Бұл заңда əдебиетке қатысты ешқандай бөлім не бап жоқ. Соны қайта қарау. Бұл ұсыныс та алдағы уақытта назарға алынып, киноға қатысты заң секілді бөлек шығару мəселесі қозғалды.

Жазушылар Одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Қарағызұлы да баяндама оқып, мынадай ұсыныстар айтты:

Бірінші, университеттегі қазіргі қазақ əдебиеті оқулығын қайта қарау. Оқу бағдарламасына өзгерістер енгізу.

Екінші, 30-40 жас аралығындағы қаламгерлерге мемлекеттік дәрежеде сыйлық тағайындау.

Министр өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстарға жеке тоқталып өтті.
Одан кейін əңгімеміздің ауаны кино мен театрды, сахнның сыртындағы сюжеттер мен ішкі кухниядағы "құпия" қойылымдарды бір шарлап кетті.
Арасында айтыстың айналасындағы түйінді тақырыптар да қозғалып өтті.

Қалқаман Сарин кинодан басталған əңгімені əдебиетпен жалғап, негізі тақырыбымызға қайта оралуға ықылас білдірді. Мұқағали туралы кино түсірсек деген ойын да тілге тиек етті.

Сондай-ақ, ол кітап мəселесін қозғап, қайта басу ісіндегі жеңілдіктердің қажет екенін жеткізді.  Жас ақын-жазушыларды жұмыспен қамту, түркі əлеміне ортақ төл сыйлық дайындап, ауқымды байқаулар өткізу керектігін айтты.

Ерлан Жүніс əңгімені аймақтардағы əдеби ахуалдан бастап, бұл кеңестің өңірлік филиалдарын ашуға ниет қосты. Жəне де кітап шығару ісінде жас қаламгерлерге басымдық беріліп, кемі 20% жаңа буының кітабы шықса деген ойын айтты.

Мирас Асан кітаптардың аудио нұсқаларын шығаруды ұсынды. Аудио антологиямен қоса, Ұлттық арнада үзіліп қалған "Поэзия əлемі" бағдарламасы қайта жалғасын тапса деп тілек білдірді.

Мақсат Мəлік түрлі өнер ұйымдарының байланысын жетілдіру керектігін, театр, кино салаларына қаламгерлерді тарту қажеттігін айтты.

Бейбіт Сарыбай драматургияға қатысты өз ойын ортаға салып, түйінді тақырыптардың шешімін табуға шақырды. Жаңа шығармалардың жарыққа шығуы үшін өнер академияларында 10 жас дарынға грант бөлу мəселесін көтерді.

Уақыттың кемдігіне байланысты өзге қаламгерлер өз ұсынысын айтып үлгермеді. Қалған əңгіме кешкі жиында талқыланатын болып шешілді.
Министр қозғалған мəселелердің алда қаралатынын айтты.
Көңілде ой көп. Айтылар əңгіме де алда. Алғашқы жиын күрмеулі мəселенің бəрін бірден шешіп тастамас. Десек те, талпыныс жасалды. Айта-айта ауыр, жаза-жаза жауыр болса да, біраз мəселенің басы қайырылды. Қалғанын жолдан көрерміз. Қысқа да, нұсқа - осы. Кейбір тақырыптарды кеңірек жазуға болады. Жиналып алып не істеді деп ойлап үлгергендерге аз да болса ақпарат болсын дегенім ғой. Кеңес мүшесі ретінде біздің де өз ұсыныстарымыз бар еді. Оның да реті келер. Кешке көреміз. Аударма, бүгінгі сын, Жазушылар Одағынан тыс əдеби мектеп құру, əдебиет пен кино саласының байланысы, əдеби агенттіктер құру жұмыстары туралы, баспа ісі, т.б. тақырыптар төңірегінде ой қозғап көреміз.

Толығырақ, мына сілтемеде.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404