Қазақ қызы бүкіл әлемге танылды. Бұл қазақ өнерінің биіктегені!
Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа алғыс білдірді.
«Отан» және «Достық» ордендерінің иегері – Францияда өткен 71 Канн кинофестивалінің ең үздік актрисасы атанған Самал Еслямованы жеңісімен құттықтап қана қоймай, облыс орталығынан пәтер сыйлап, ел мәртебесін асқақтатқан қазақ қызына қолдау көрсеткені үшін Облыс әкіміне алғыс білдірді.
«Қазақ қызы бүкіл әлемге танылды. Біз үшін үлкен мәртебе. Бұл дегеніміз қазақ өнерінің биіктегені. Сол биіктерді уақытында бағалап, елеп ескеру кім көрінгеннің қолынан келмесі анық. Самал қызымызды, шетелден алдыртып, елдің қошеметін сездіртіп, алғысқа бөлеп жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстабек Мұхамедиұлына разы болдым. Министрдің ұсынысымен СҚО әкімі де Самалды өз туған жерінде құрметтеп қошеметке бөлеп жатқанын жаңалықтардан оқып қатты қуандым. Сіздердің ыстық ықыластарыңызға қарап, болашақта да өздеріңіз басқарып отырған сала да өңірден де қазақ өнерін дүниежүзіне танымал етер жастардың топ жарып шығарына сенеміміз мол. Мәдениетіміздің мәртебесін үстем етер сіздердей азаматтардың ісіне орасан зор табыс тілеймін» - делінген Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімовтың арнайы құттықтау хатында.
Айта кетейік, облыс әкімі Құмар Ақсақалов Канн кинофестивалінде топ жарған актриса Самал Есләмовамен кездескен болатын. Самал Еслəмоваға СҚО əкімі Құмар Ақсақалов 3 бөлмелі пəтердің кілтін табыс етті.
Abai.kz