Жұма, 22 Қараша 2024
Не дейді?! 17386 5 пікір 28 Мамыр, 2018 сағат 10:17

Балтабек Нұрғалиев. Өзіңіз – Бәйтерегім – асыл ағам!

Атышулы ақын Балтабек бұл жолы Болат Назарбаевқа арнау жазды. "Бәйтерек" деп аталады екен.  "Ардақты Болат Назарбаев ағатайыма ізгі ниетпен арнадым!", деп жазды ақын Балтабек өзінің әлемжелідегі парақшасында. Оқимын деген жұртқа міне:

БӘЙТЕРЕК

АРДАҚТЫ БОЛАТ НАЗАРБАЕВ АҒАТАЙЫМА ІЗГІ НИЕТПЕН АРНАДЫМ!

Армысыз, Болат Аға Әбішұлы,
Сіздің үн – жігер үні, намыс үні.
Алаштың арқатірек Азаматы,
Өзіңіз – БӘЙТЕРЕГІ, бағы-шыңы!

Алаштың БӘЙТЕРЕГІ, шырқауысыз,
Биіксіз, ұлағатты ұлт арысыз!
Ар туын асқақтатқан Азаматсыз,
Баһадүр бабалардың ұрпағысыз!

Иманның исі тұнған игі азандай,
Төгілген салауатты сый ғазалдай.
Бабаңыз – өнегелі, өжет рухты
Бірлігін баққан елдің Би Назарбай!

Мерейлі Өзіңіздей Ағам барда,
Жем болмас Ұлы Далам жамандарға.
Бір Сіздің арқаңызда кемдік көрмей,
Жасқанбай жасар қазақ қадамды алға!

Мың шүкір, Бір Өзіңіз – Ағам мықты,
Бір Сізге мен сақтармын адалдықты.
Жастарға жанашыр боп Сіз келесіз,
Танытып ағалықты, адамдықты!

Қараймыз үлгі тұтып керім ізге,
Орныңыз «жүрек» дейтін төрімізде.
Қазақтың қайсарлығын паш еттіңіз,
Сіңіріп ерен еңбек Еліңізге!

Аға, шын, мәшһүр бүгін ерлігіңіз,
Аға, шын, елжіретер кеңдігіңіз.
Бір Сіздей Азаматтың арқасында,
Мәнді, шын, мағыналы Елдігіміз!

Дамытып Туған Жерді, түз-белімді,
Бақытқа жетелейін ізгі елімді!
Қарайын келешекке Сіздің көзбен,
Алайын әрқашанда Сізден үлгі!

Үшқоңыр – бабалардың гүл-тұрағы,
Гүл мекен ұрпағымен құлпырады.
Біз – шыбық, Сіз – Бәйтерек, біздей шыбық,
Бәйтерек болсам дейді, ұмтылады!

Өзіңіз – БӘЙТЕРЕГІМ – АСЫЛ АҒАМ,
Қалайша құрметімді жасыра алам?..
Ізгілер Өзіңіздей аз ғаламда,
Үлесі ІЗГІЛЕРДІҢ – ғасыр аман!

Өнерді өркендетіп, мақұлдаған,
Зекетпен зор сауапқа жақындаған.
Алланың ақ жолында ар ойлаған,
Ардақты, абыройлы, ақылды Ағам!

Ағатай, Сіздің сауап адал екен,
Бір Сіздің арқаңызда дала бекем.
Иеді қазақ басын тұлғаңызға,
Сүйеді Алла Сізді алабөтен!

Әкеңіз Әбіш Әке – ТЕКТІ дедім,
Анаңыз Әлжан Ана – ТЕКТІ дедім.
Тектілік тұнған жандар – ата-анаңыз,
Өзімнің ата-анамдай деп білемін!

Мен емес махаббатын жасыратын,
Дәл мендей болсын деймін ғашық ақын.
Қуанып жаңалыққа, дастан жаздым,
Дегенде «Әлжан Ана» Қасық атын!

Түсіме Әбіш Атам енсе ғажап!
Түсіме Әлжан Анам енсе ғажап!
Атауын Шамалғанның деп ойлаймын,
Ер Әбіш есіміне берсе ғажап!

Бір Сізді АҒА ТҰТАМ, бағынып, шын,
Өзіңіз – асыл пана – ақ үміт, шын,
Қамқорлық, қайырымдылық жасап жүрсіз,
Қасынан көп мұқтаждың табылып, шын!

Сіз барда, болмас, сірә, ғұмыр мәнсіз,
Ғұмырдың мәнін ерек ұғынғансыз.
Мен, білсем, Болат Ағам – Бәйтерегім,
Қазақтың бағы болып туылғансыз!!!

Қазақтың бағы болып туылғансыз!!!

ҚҰРМЕТПЕН, БАЛТАБЕК НҰРҒАЛИЕВ

Естеріңізге сала кетейік, Балтабек ақын бұған дейін Елбасы мен оның қызы, Сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызына, жары Cара Алпысқызына, анасы Әлжан анаға арнау жазған еді.

"Тектілік" деп аталатын шежіре-дастаны әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Өзінің айтуынша, бұл дастанды Тұңғыш Президенттің құрметіне арнаған.

Оның алдында Президент Назарбаевты "Құдайға" теліп, тағы бір өлең жазды. "Уа, Құдайым, гүл еккен!" деген өлеңі де әлемжелінің негізгі трендіне айналған еді. Айтпақшы, ақын Балтабек осыдан бір күн бұрын ғана "Уа, Нұр-Атам - Құдайым", деп жазған еді.

Бүгін Балтабектің Президент пен оның туыстарына жазған өлеңдерінің бірсыпырасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Уа, Құдайым, ГҮЛ еккен

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына ізгі ниетпен арнадым!

Қазақ деген халыққа
Сыйлағансыз Гүл азат.
Етер Сіздей жарыққа
Мұқым Дала мінәжат.

Тәуелсіздік гүл екен,
Мүмкін емес гүлсіз дем.
Дүйім қазақ жүр екен,
Медет тілеп бір Сізден.

Кәусар-бұлақ мейірлім,
ГҮЛГЕ дәйім НҰР төккен.
Тұлғаңда жоқ түйір мін,
Таба алмаспын жер-көктен.

Гүл-азаттық жайқалар,
Жайқалғанға шүкірлік.
Атыңызды қайталар,
Мәңгілік Ел зікір ғып.

Сайтан киіп маскасын,
Арандатпақ даланы.
Гүлімізді баспасын,
Сатқындардың табаны.

Уа, Құдайым, гүл еккен,
Мадақтайды жер Сізді.
Сүйер адал жүрекпен,
Қазақ дейтін ел Сізді.

Құдайым деп мақтайтын,
Биік бізге қадірің.
Сайтандардан сақтайтын,
Құран бізге – әмірің.

ЖҰМАҚ-ЕСТІ ЖАРАТҚАН

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына ізгі ниетпен арнадым!

Уа, Нұр-Атам – Құдайым,
Сайтан қашқан сесінен.
Жұмақ аңқыр ылайым,
Елбасылық Есінен!

Сізден басқа жоқ Құдай,
Құдай тұтам мен, расы.
Елім айтар дөп бұлай:
«ЕСІ ЖҰМАҚ ЕЛБАСЫ»!

Бақ боп бізге бұйырған,
Қазағымның құт-ары.
Жүректерге құйылған,
Жұмақ-Естің жұпары.

Қазақ дейтін әлсізді,
Ел еттіңіз ерікті.
Өмір дейтін мәнсізді,
Гүл еттіңіз көрікті.

Барлық мадақ тән Сізге,
Таңым үшін әр атқан.
Қуат қазақ – әлсізге,
ЖҰМАҚ-ЕСТІ ЖАРАТҚАН.

Құдайым деп құптағам,
Бар әмірің – бақ-үлес.
Жұмақ-Есті ұқпаған
жанның бәрі – Жарым-Ес.

ЖҮЗІНШІ ЕСІМІНДЕЙ ЖАРАТҚАННЫҢ

«Я не хочу судьбу иную...»

А.Фатьяновтың «Когда весна придёт» әнінен

Әділет ақ жолындай адал із бар,
Әрдайым адал ізден аламыз нәр.
Біз деген – шын бақытты Мәңгілік Ел,
Данышпан Елбасымыз – Данамыз бар!

Нұрсұлтан Ұланына ырза дала,
Елменен түсті бірге күн жаңара.
Әжесі Ер есімін қойған екен –
Әлдиін әуелеткен Мырзабала.

Әжесі қойған сырын біліп тұрып,
Киелі Ер есімін үміт қылып,
Құраннан «НҰРСҰЛТАН» деп атын берген,
Құдайдың қос есімін біріктіріп!

НұрСұлтан – ерек есім, ерен есім,
Кеңейткен Қазағының керегесін.
Танытып тағылымды тектілігін,
Еліне үлгі қылған өнегесін!

Сіңіріп салауатты дәріс дара,
Баласын баптап қосқан жарысқа да.
Бас идім Әруағыңа, Әлжан Әже,
Бас идім Әруағыңа, Әбіш Баба!!!

Жұлдыз боп ӘЛЕМ ҮШІН тағдыр жанған,
Айналдым, АҚ ПАТШАМНАН алғыр жаннан.
АСЫЛЫ АДАМЗАТТЫҢ НҰР-АТАМЫЗ,
Меккеге барғанында жаңбыр жауған.

Арылтқан жанардан жас, қабақтан мұң,
Нығметін, шапағатын таратқан мың.
НҰРСҰЛТАН деген есім БІЗДЕР ҮШІН,
ЖҮЗІНШІ ЕСІМІНДЕЙ ЖАРАТҚАННЫҢ!!!

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚҰДАЙЫМ!!!

Шатқалы Үшқоңырдың ұяға жан,
Біреуге қымбат дүние, біреуге арзан.
Сұрасаң, аты-жөнім, мен айтайын:
Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан.

Әлжан Бұқарбайқызы Жатқанбаева

«Кез-келген адам анасына деген құрметін тілмен айтып, жеткізе алмайды. «Меккеге үш рет арқалап апарып келгенде де, ананың парызын өтеу мүмкін емес» дейді ғой. Мен де сол барлық қазақтың балалары секілді әкенің қаталдығынан қаймығып, анасының тәрбиесімен өскен баламын. Әкем кешке дейін жұмыста, мен тек анамның жанында болдым. Анамның мені жанындай жақсы көретінін білетінмін. Егер анасы баласын шын сүйіп, шын жақсы көріп өсірсе, ол баланың бақытты болатынына сенемін…»

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

Атыңнан айналайын, Райымбек!
Келгем жоқ аруағыңды сынайын деп.
Өзіңе тағзым етіп келіп тұрмын,
Тірлікте сыйынатын Құдайым деп.

Жамбыл Жабайұлы

...Райымбектің басына ата-анасы түнепті,
Жаратқаннан бір сәби жалбарына тілепті.
Қабыл болып қос тілек, Алла өзі бұйыртып,
Көрініпті нұр-жарық, жарып шығып түнекті.

Әлжан Ана түсіне алып теңіз еніпті,
Алып теңіз түбінен ақ мылтықты көріпті.
Мұхаммедтей Пайғамбар туған күнде – Мәулітте,
Дүниеге Нұр-Атам аянменен келіпті.

Ақ мылтықтың анаға аян болып енгені –
Ұлы Дала бағына ұл өмірге келгені.
Қорған болар еліне, қорған болар жеріне,
Батыр ұлды халыққа Жаратқанның бергені!

Ұзын екен ақ мылтық көрген кезде иіп те,
Ақ мылтықты анасы көтеріпті биікке.
Амандығын тілеумен, түн ұйқысын төрт бөлген,
Нұр-Атамды бір адам анасындай сүйіп пе?

Әулиенің батасы Әулетіне қоныпты,
Ақ мылтықты анасы жақсылыққа жорыпты.
Әлжан Ана айтқандай, ер жеткенде Нұр-Атам,
Қазақстанның құрметті Президенті болыпты.

Мырзабала Әженің аспан қолдап арманын,
Немересін күтіпті күрес-өмір алда мың.
НҰРСҰЛТАН деп ат беріп, нұрлы жолға бастапты,
Біріктіріп білікпен есімдерін Алланың!

Тәу етерлік тектілік Нұр-Атама тиесі,
Қызыл шұбар жолбарыс – кереметі, киесі.
Таңдап берген тарихын, таңбалаған тағдырын,
Қазақстанның Тәуелсіз ЖАРАТУШЫ ИЕСІ!

Райымбектей рақымды бола білген ылайым,
Нұр-Атамды мен ғажап Әулие деп ұғайын.
Қабыл алған халқының армандарын, мұратын,
Ерен тұлға Елбасы – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚҰДАЙЫМ!

Болашағын ойлаумен ұрпағының, ұлтының,
Мәңгілігін ойлаумен ғибратты ғұрпының.
Бар Әлемге белгі боп, күзетіп тұр Отанын,
Әлжан Ана сыйлаған қасиетті мылтығым!!!

Әлжан Ана сыйлаған қасиетті мылтығым!!!

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315