Сенбі, 23 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 5825 8 пікір 29 Мамыр, 2018 сағат 09:40

Жағымпаздардың жұмысын реттейтін заң қабылдау қажет

ҚР Парламент депутаттарының назарына!

Астананың 20 жылдығына қарай Елбасыға жағымпазданушылар санының да арта түсетіні белгілі. Жағымпаздарға көз үйреніп кетті ғой. Негізі бізге тез арада жағымпаздардың іс-əрекеттерін реттейтін заң қабылдау керек. Арнайы министрлік құрсақ та артықтық етпес еді. Өйткені, соңғы кездері жағымпаздар арасында бір-бірінің идеясын ұрлау мен плагиаттық көптеп орын алуда. Жағымпаздар арасында əділ бəсекелестік орнату ісі кезек күттірмейтін мәселеге айналып барады. Соған орай жағымпаздық идеяларды патенттеу жолдарын қарастыру əрі жеңілдету керек. Сонымен қатар жағымпаздықтың жағдайыңды жақсартудың бір жолына айналып кеткенін ескере отырып, оны да шығармашылық кəсіп ретінде мойындау қажеттігі туып отыр. Сонда адамдар жағымпаздық идеяларын сатуға, одан заңды түрде табыс табуға мүмкіншілік алар еді.

Тіпті, жағымпаздық идеясын жүзеге асыруға қаржы таппай отырғандарға (мəселен ерекше ескерткіш жасауды, керемет кітап шығаруды ойлағандарға) жеңілдетілген несие қарастыру қажет. Жағымпаздарды мемлекет тарапынан ынталандыру да артық болмас еді. Сонда біраз адам қосымша табыс тауып, тұрмыстарын жақсартады. Жұмыссыздық та азаяды. Мəселен, бастығыңа жағымпазданудың түрлі жолдарын үйрететін орталықтар көптеп ашылуы мүмкін. Жағымпаздану сценарийлерін құрып, тіпті орындап беретін мамандар, əртістер пайда болады. Осылай кəсіпкерлік те дамып, ел экономикасының көтерілуіне ықпал етеді. Бір бастығының көңілін таппаған адам бүкіл халықтың көңілін қалай таппақ? Сол себепті жағымпаздарды қызметте көтермелеу, яғни лауазымдарын биіктету де өзекті мəселе. Оның үстіне бүгінгі таңда жағымпаздарды беталды жерден алып, жерге сала жамандайтын, сынайтын адамдар тобы пайда болды. Оларға да жауапкершілік қарастыру керек. Жағымпаздық идеялар да оңайшылықпен туындамайды. Ол үшін де шабыт, ақыл-айла керек-ақ. Əртістік қабілет те. Яғни, жағымпаз болу үшін де талант болу қажет қой. Ал ондай таланттардың еңбегін бағаламау, керісінше оларды сынап-мінеу барып тұрған əділетсіздік емес пе? ХХІ ғасырға, демократиялық қоғамға тəн нəрсе ме осы, айтыңыздаршы? 

Міне, осының барлығын қолға алу, ретке келтіру үшін арнайы заң қабылдануы жəне оны қадағалайтын, іске асыратын арнайы министрлік құрылуы қажет-ақ. Егер бұл заңды біздің жағымпаз депутаттар ертерек қолға алып, жазғы демалыстарына дейін тез арада қабылдап үлгерсе жақсы болар еді. Сонда Астананың 20 жылдығы мен Елбасының 78 жасы тойында жағымпаздар да ерекше көсіліп, ерекше мерекеге айналар еді. Ал, жағымпаздар министрлігі мен облыстарда оның өкілеттіліктері ашылып жатса, оған кадр таппаймыз деп уайымдаудың қажеті жоқ. Арнайы «жағымпаз» деген дипломдары болмаса да, бұл жолда маңдай терін аямай төккендер жетерлік бізде. Тіпті, жағымпаздық жолда жасаған еңбектерін жинаса докторлық диссертация қорғауға жетіп артылатын тұлғаларымыз қаншама. Сол кісілер дайын кадр емес пе? Қазір Елбасы мен оның əулет мүшелеріне арнап жыр-одалар арнап жүрген Балтабай Нұрғалиев сынды ақындар да жағымпаз министр болуға əбден лайық-ақ. Ал кейін жағымпаздарды кəсіби дайындайтын курстар, білім ошақтары ашылғанда, кадрларды олардың білім сертификаттарына, дипломдарына қарап таңдай жатармыз.

Айтпақшы, жағымпаздық талантынан жұрдай, сөйте тұра басқа жағымпаздарды көре алмай, оларды "туфли жалағыштар" деп сынайтын əрі санайтын Мұхтар Шаханов сияқтыларды егер арнайы заң қабылданса, əкімшілік жауапкершілікке тартып, орнына қоюға болатын еді. Бұл өзгелерге де сабақ болады.

Ұзын сөздің қысқасы, осы кезек күттірмейтін өте өзекті мəселенің тез арада шешілуіне барлығыңыз бірауыздан қолдау білдіреді деп сенемін. Қазақта «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген нақыл бар. Бір-бірімізді асыра мақтап, тек жақсы сөздер айтып жатсақ, бұл да еліміздің ырысын арттырып, елдігімізді танытпай ма? Сондықтан, Парламентке жағымпаздар туралы арнайы заң қабылдауды, жағымпаздардың лайықты статусын белгілеуді бірауыздан ұсынайық.

Ербол Жалпошов

Abai.kz 

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341