Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Елім-ай 9371 15 пікір 31 Мамыр, 2018 сағат 15:01

Сайрагүл Сауытбайға мерзімінен бұрын азаматтық алып беруіміз керек!

Шекаралық бақылау қызметі тұтқындаған қытайлық қазақ әйелі Сайрагүл Сауытбай қазір Панфилов аудандық ІІБ тергеу изоляторында қамауда отырғаны туралы хабарлаған едік.

(Суретте Сайрагүлдің отбасы)

30-мамыр күні Алматыға белгілі заңгер Абзал Құспан келді. Әбекең Сайрагүлдің қорғаушысы. Қолында Сайрагүлдің күйеуі Уәли Сыламның жазып берген сенімхаты бар. Ендігі міндет Сайрагүл мен оның тергеушісі Влад Антоновпен жолығу, іске кірісу.

Осыған мақсатпен адвокат Абзал Құспан бастап, белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы, «Атажұрт жастары» еріктілер бірлестігінің жетекшісі Серікжан Біләшұлы, «Abai.kz» ақпараттық порталының редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлы, «Қазақ үні» сайтының тілшісі Ұлмекен Лесбекова бар, Панфилов ауданына, «Қорғас» шекара бекетіне жол тарттық.

Жаркентке сағат 08:30 шамасында жетіп, әрі қарай  «Қорғас» шекара бекетіне бардық. Адвокат Абзал Құспан сотқа дейінгі тергеуші Влад Антоновпен жолығып, Сайрагүлдің ісіне қатысты құжаттармен танысып, адвокаттық міндетіне кірісу үшін қаулы алды.

Абзал Құспан, «Қорғас» шекара бекетінен шыққандағы сөзі:

- Бұл жерде анықтама қызметі болып есептеледі. Біздің іс бойынша сотқа дейінгі тергеуші болып тағайындалған Влад Антонов деген кісі екен. Менің іске кірісуіме еш кедергі келтірген жоқ. Қаулысын шығарып, қолыма ұстатты.

Тергеуші Влад Антонов қазақ тілінде жақсы сөйлейді екен. Оның айтуынша, Сайрагүлдің қытай тілінде жауап беруі – өзінің таңдауы болған. Өйткені, Сайрагүл қазақша оқи алмайды.

«Біз бірден тіл таңдауды  ұсындық. «Қазақша» десе істі қазақша жүргіземіз дедік» дейді тергеуші. Әрине, қылмыстық процессуалдық кодекстің талаптары солай.  Тілді таңдау құқығы күдіктінің, айыпталушының өзіне беріледі. Сайрагүл Қытайда қытай тілінің мұғалімі болған. Сол себепті, қытай тілін таңдаған. 

Қазір Қытай тілінен орысшаға аудармашы жалдап, істі сол аудармашы арқылы жүргізіп жатыр екен.

Бүгін міне, біз келген бойда, өзі машина жіберіп, еш кедергісіз қабылдады.  Құжаттардың барлығын рәсімдеп берді.

Енді, «Сайрагүлді Қытайға беру, бермеу мәселесі» жайлы айтар болсам, «Осы қалпында Қытайға жіберуі мүмкін екен» деген сияқты пікірлер айтылды. Жоқ, ол шындыққа жанаспайды.  Қазір, Қазақстан тарапынан қылмысты іс тергеліп жатыр.  Онан соң, бұл іс Панфилов аудандық сотына түседі. Сотпен ғана шешім қабылданады. Ал сот ашық болады деп ойлаймын. Сол сотта кез келген қоғам белсендісі, журналистер қатысып, бұл істі қоғамдық бақылауға ала аламыз деп ойлаймын.

Сонымен қатар, Сайрагүлге мемлекеттік қорғаушы ұсынылған. Бұл заңның талабы бойынша, солай болуы тиіс еді. Өзі таба алмаған жағдайда, істі жүргізіп отырған тергеуші адвокат тауып беруге міндетті. Бірақ, адвокаттар екіге бөлінеді. Бірі – мемлекет есебінен жұмыс жасайды.  Болмаса – шарт негізінде жұмыс жасайды.

Маған дейін Жаркенттегі жергілікті адвокат жұмыс жасады.  Қылмыстық процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес,  сосын адвокаттық қызмет туралы заңға сәйкес, шарт негізінде жұмыс істейтін адвокат іске қосылған сәттен бастап, мемлекет есебінен қызмет көрсетіп жатқан адвокат автоматты түрді өз қызметін тоқтатады. Қазір менің қолымда қаулы бар. Ол адвокатты ауыстыру туралы қаулы. Мен адвокат ретінде міне, қазір кірдім бұл іске.

Бірақ, тағы бір мәселе бар бұл жерде. Мен Сайрагүлдің өзімен сөйлесіп алуым керек.  Ол Сайрагүлдің конституциялық құқы ғой. Менімен жұмыс жасаудан бас тартатын болса, ол кісіні мәжбүрлей алмаймын.  Бас тартпайды деп ойлаймын.

Сайрагүдің күйеуі сіздерге де, маған да хабарласыпты. «Бармаңдар, шулатпаңдар» депті. Бұған қатысты айтарым, «бару, бармау» деген мәселеге ол кісі араласа алмайды. Шулату, шулатпау мәселесі – мүмкін негізсіз шулатпау қажет деген бағытта айтқан шығар.  Құры босқа саясиландырып, құры босқа шулап, іске кедергі келтіру болмас үшін айтылса керек. Әрине, ең бастысы Сайрагүлге зиянымыз тимеуі керек.

Сайрагүлді алып қалуға мүмкіндік бар. Қазір кем дегенде Халықаралық екі конвенцияның талаптары бұзылып отыр. Бірі – әрбір адам өзінің отбасымен бір елде, бір мемлекетте тұруға құқылы. Бұл конвенция БҰҰ мүшесі болып табылатын барлық мемлекеттерге бірдей қолданылады.

Екіншісі – БҰҰ жанында босқындар ісі жөнінде комиссариат бар. Сайрагүлдің ісін олар да өз бақылауларына алды. Сайрагүлді белгілі бір критеррилер бойынша босқын деп танып отыр. Енді бұны тек, Қазақстан жағынан растау ғана қалды. Қазақстан растаған жағдайда, Сайрагүл Қытайға жіберілмейтін болады.

«Қорғас» шекара бекетінен шығап, Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласына келдік. Панфилов ауданық ішкі істер бөлімінің уақытша тергеу изоляторында қамауда отырған Сайрагүл Сауытбаймен оның адвокаты Абзал Құспан жолықты. Сайрагүлмен жолығуға бізді кіргізген жоқ.

Белгілі болғанай, бір жұмадан бері қамауда отырған Сайрагүлді іздеп келушілер жоқ көрінеді. Күйеу Уәли Сылам бір мәрте келіпті.

Аудандық ІІБ сыртында күтіп тұрған бізге УТИ басшысы Жамбыл есімді азамат шығып,  Сайрагүлдің жағдайы туралы айтып берді.

«Біз интернеттегі ақпаратты оқып отырмыз. Әрине, қызмет-қызметімен, бірақ адамгершілік деген дүние бар ғой. Сайрагүлдің артынан іздеп келуші жоқ. Ауыстырып киетін киім керек. Керек-жарақтары да жоқ. Әрине, мұнда тамақ беріледі. Бірақ, мен өз үйімнен ыстық тамақ әкеліп беріп тұрамын. Осында алғаш келгенде өз ақшама керек-жарақтарын алып бердім. Бәріміздің де жанымыз ашиды, әрине. Интернеттегі кейбір ақпаратты жалаңаяқ алып кетіпті деген сөз шықты. Олай емес. Бізге келгенде аяғынды күздік етік болған. Сонымен жүр, қазір. Менің осындағы негізгі жұмысым да сол. Мұндағы адамдар психологиялық жағынан күйзелмесін деп, бір уақыт сөйлесіп тұрамын», - дейді, ІІБ  өкілі. Ресми ақпарат беруден бас тартты. Айтпақшы, енді бір-екі күнде Сайрагүлді Талдықорғанға апарады екен. Сайрагүлдің Жаркенттегі отырған жері - уақытша тергеу изоляторы. Енді оны Талдықорғанда жібереді. Ол жерде сотқа дейін қамауда отыратын болады.

Содан, Сайрагүлді іздеп барған біз, бірқұры киім-кешегі мен керек-жарақтарын, ыстық тамағын алып бердік. Сол аралықта адвокат Абзал Құспан да бізге қосылды. Сайрагүлмен ұзақ сөйлесіп шығыпты. Адвокаты болуға келісіп, өзін іздеп келген бізді естіп, көзіне жас алған екен. Күйеуімен дүйсенбі күні 5 минуттық кездесу болған.

Абзал Құспан, Жаркенттегі уақытша тергеу изоляторынан шыққандағы сөзі:

- Көңіл көншітерлік хабар айта аламын деп ойлаймын. Біріншіден, денсаулығына байланысты еш шағымы жоқ.  Осы кезге дейін, бір жұманың ішінде артынан тамақ немесе ауыстыратын киім келмеген. Сіздердің көмектеріңізбен, бүгін Сайрагүлге тамақты да, жеке басына қажетті барлық заттарын кіргізіп бердік. Сайрагүлдің көңілі көтеріліп қалды, қатты.  Кейбір ақпаратта айтылғандай, жалаңаяқ емес. Үйінен шыққанда сол, күзгі етікпен шығып кеткен екен. Оған жаңа  сүйретпесін де кіргізіп бердік.

Қазір Сайрагүлдің үстінен қозғалған қылмыстық іс ол – Қазақстанның қылмыстық кодексі бойынша жүріп жатыр. Ол бойыша, сот шешім шығарады. Мен бұған дейін айтқанымдай, мерзімінен бұрын азаматтық беру немесе саяси баспана беру арқылы Сайрагүлді Қазақстанда алып қалуға болады.

Енді осыған қосымша, тағы бір мәселе - оның үстінен қозғалған қылмыстық істің санкциясы негізінде Сайрагүлді Қазақстан заңымен соттап, жазасын Қазақстан территориясында өтейтіндей етуге де болады. Онда да бас бостандығынан шектемей, айыппұл түрінде жазаға тартып, Қазақстанда алып қалуға мүмкіндік бар. Әрине, азаматтық алу маңызын жоғалтпайды.

Ең басты мынаны айтқым келеді. Бүгін-ертең Қытайға кетіп қалады деген қауіп жоқ. Біз біраз уақыт сөйлестік. Ішкі істер органдары тарапынан қандай да бір кедергі, шектеу болған жоқ. Жаңа шекара бекетіндегі тергеуші де уақытты созбай, тез арада маған барлық құжатта рәсімдеп берген еді. Енді мынау Панфилов аудандық ІІБ лауазымды қызметкерлері тарапынан кедергілер болған жоқ. Тез арада кірдім. Сайрагүлмен оңаша сөйлестім.

Мына бір ақпаратты да айта кеткім келеді. Осы уақытшы тергеу изоляторының басшысы Жамбыл есімді азаматтың қамқорлығын атап өтті. Барлығы қарастырылған десек те, Сайрагүлдің жеке басына қажетті керек-жарақтарын УТИ басшысы өз қаражатын әкеліп беріп отырған екен. Бұл дегеніңіз адамгершілік қой.

Мүмкіндік болса, ІІМ атына, осы азаматтың адамгершілігі жайлы жазып жіберу керек деп есептеймін.  Әрине, әркім өз қызметін адал атқаруға міндетті. Бірақ, екінің - бірі өз қызметін адамгершілікпен атқара алмайды. Сайрагүл түскен күннен бастап, қамқорлық көрсетіп келіпті. Сондай-ақ, осы жерде медбике бар екен. Ол да келіп, Сайрагүлге көмектесетінін айтып жатыр.

Бұл жерде мынаны ескеру керек. Сайрагүл шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындап отыр. Жаңағы тергеуші Влад Антоновқа шекараны не үшін және қалай кесіп өткенін айтып берген.  Яғни, бұл фактіні жоққа шығарудың да қажеті жоқ.

Бұл жерде біздің алдымызда тұрған басты міндет – Сайрагүл Сауытбайға мерзімінен бұрын азаматтық алып беру. Болмаса саяси баспана алуына көмектесуіміз керек.

Сайрагүл өзін қолдаған, жанашырлық танытқан, ел болып қолдап жатқан азаматтардың барлығына сәлем айтып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 24-мамыр күні «Abai.kz» ақпараттық порталына Асан Нұрболат есімді азамат бас сұғып, жеңгесі Сайрагүл Сауытбайды шекаралық полиция (ҰҚК) өкілдері келіп, алып кеткенін хабарлады. Артынша Нұрболаттың  айтуы бойынша, «Шекаралық полиция өкілдері «Қытай сұратып жатыр» деп жеңгемді алып кетті»  атты мақала жария болды. Қоғам белсенділерімен кездескен Асан Нұрболат бейнеүндеу жасап, әлеуметтік желіге шығарды.

Сол күні «Қамшы.кз» сайты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми жауабын жариялады.

«Abai.kz» көтерген мәселеге және «Қамшы.кз» сайтында жарияланған ҰҚК жауабына орай, белгілі адвокат Абзал Құспан өз пікірін жазып, поштамызға жолдады. Біз жарияладық.

Кейін, Алматыда бір топ белсенді баспасөз жиынын өткізіп, оған Сайрагүлдің күйеуі Уәли Сылам мен екі баласы келіп қатысты. Алматыдағы Адам құқығын қорғау бюросының мәслихат залына жиылған жұртқа Сайрагүлдің әм оның отбасының басына түскен жайт жайлы кеңінен баяндалды.

Сол күні белгілі заңгер Абзал Құспан Сайрагүлдің адвокаты болуға әзір екені айтып, көмек қолын созды. Сөйтіп, Уәли Сыламның атынан Абзал Құспанға сенімхат жасалды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Алматы - Жаркент - Қорғас - Алматы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963