Жұма, 22 Қараша 2024
Әкімнің ісі 8704 11 пікір 1 Маусым, 2018 сағат 13:39

Қуғын-сүргін күнінде облыс әкімдері не істеді?

ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өтті, кеше! Атаулы күн Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Дейміз-ау! Басқа, басқа емес, Назарбаевтың Жарлығымен аталып өтуге тиісті күнді кейбір әкім-қаралар мүлдем естен шығарып, қазақтың 4 миллион адамын жалмаған зұлматты күні әруақтарға тағзым өтуге шамалары келмеді. 

Кеше ғана "Бессмертный полктің" алдыңғы сапында жүрген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтің ресми сайтын қараңыз. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға қатысты бір ауыз сөз жоқ. Есесіне дәл осы 31-мамыр күні Марқакөл ауылдық Мәдениет үйінде балабақша мекемесінің ұйымдастыруымен балабақшамен қоштасуға арналған «Қош бол, Балабақша!» атты  мерекелік шара еткенін сүйіншілеп хабарлапты. Бұл не? Даниял Ахметов басқаратын облыс мұнымен не айтпақ? Бәлкім, облыста әкімнің қатысуымен 31 мамыр - қуғын сүргін құрбандарына арналған шара өткен болар. Онда облыс әкімінің ресми сайты неге жазбайды?

А, айтпақшы Семейде Әлихан Бөкейханның ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойған Ахметовтің орынбасары Әсем Нүсіпова қағазға шұқшиып, орыс тілінде баяндама жасап, сөзінің соңын «С праздником – 31 мая!» деп аяқтағанын ұмытып барады екенбіз ғой. Әкімнің орынбасары Әсем ханым үшін сонда, 31-мамыр мереке болғаны ма?.. Түсінбедік.

Біз көп сынайтын Павлодар облысының әкімі Бақауов саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған қаралы митингті ашып, гүл шоқтарын қойды. Беті бері қараған Бөкеңе бұ жолы ырза болып қалдық.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың 24-мамырдан бері не істеп жатқаны қалың жұртшылыққа белгісіз. Оның ресми сайты Канн фестивалiнiң үздiк актрисасы атанған Самал Есләмоваға үй сыйлағаннан кейін біржола демалысқа кеткен сияқты. Ел алдында әртіске пәтер кілтін табыстап жиған абырой барда, Құмекең 31-мамырды аза тұтып қайтсін.

Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалиннің де ресми сайты  қуғын-сүргін күні хақында жұмған аузын ашқан жоқ. 24-25 мамырдан кейін сайттың жаңармағанына қарағанда,  Мәлік мырза да аштық пен саяси сүргіннен қаза тапқандарды елеуге құлшына қоймаса керек.

Жоғарыдағы әкімдерге Бекең, иә, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев үлгі көрсетерлік шаруа жасады. Ақтөбеде ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.

Ескеткішке қарасаңыз, сол бір жылдар көз алдыңызға келіп, жүрегіңіз дір ете түседі.

Бердібек Сапарбаев ескерткіш ашып қана қойған жоқ, театрланған қойылым арқылы халқымыздың басынан кешкен тағдырын, тоталитардық жүйе құрбандарының ішкі арпалысын Ақтөбе жұртына ашық көрсетуге мұрындық бола білді.

Қош! Кейбір жеңілауыздар "31-мамырды билік тарапынан атап өтуге, тағзым етуге астыртын тиым салыныпты" деп жатады. Бердібек Сапарбаев сынды әкімдердің ісіне қарасаң, ондай тәк-тәктің жоқ екеніне көзің жете түседі.

Ендеше, Даниял Ахметов, Құмар Ақсақалов, Мәлік Мырзалиндердің қастерлі күнде былқ етпей отыруының сыры неде?

Бұл сұраққа ертең жауап беретін боламыз. Өзге облыстарды да толық қамтып, порталымызда жарияламақ ойымыз бар!

Ал, әкімдер! Дайындала беріңдер! Егер де ресми сайттарыңыз жаңармай жатса, жаңартып үлгеруге мүмкіндіктеріңіз бар!

(жалғасы бар)

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

 

 

 

 

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321