Қ. Тоқаев Өзбекстан және Беларусь елшілерін қабылдады
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан елшісі С. Ниязходжаевты лауазымға кірісуімен құттықтады және біздің мемлекеттеріміздің арасындағы дәстүрлі достық қатынастардың игілігі жолындағы жұмысында табысты болуына тілектестігін білдірді.
Сенат Төрағасы Өбекстанды Қазақстанның аймақтағы негізгі саяси және экономикалық әріптесі ретінде атады. «Соңғы кезде біздің елдеріміз арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықтың дамуы қарқын ала түскенін ризашылықпен көріп отырмыз. Ынтымақтастықтың бұлайша өрбуі Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының ынта-ықыласына толықтай сәйкес болып отыр», - деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасының пікірінше, біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынас пен өзара түсіністік екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуды айқындайтын мәселе болып табылады.
Жүздесушілер екі елдің заң шығару органдарының өзара белсенді іс-қимылы ынтымақтастықтың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Қ.Тоқаев Өзбекстанның Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасын Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Қ.Тоқаев пен Беларусь елшісі А. Ничкасовпен кездесуінде парламентаралық үнқатысуды нығайту мәселелері басты назарда болды.
Парламент жоғарғы Палатасының басшысы Қазақстан мен Беларусь заң шығарушыларының екіжақты сипаттағы және ТМД, ҰҚШҰ және ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеялары аясындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалады. Қ.Тоқаев ынтымақтасу бірлестіктерінің аясындағы екі мемлекетті жақындастыруда депутаттар қызметінің маңызы өте зор деп санайды.
Кездесуге қатысушылар парламенттік байланыстарды одан әрі дамыту, сондай-ақ сауда-экономикалық, көлік-логистика, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың келешегін қарастырды.
Abai.kz