Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 8811 9 пікір 11 Маусым, 2018 сағат 21:24

«Отандастар» қоры жұмысын бастады. Қордың президенті – Нұртай Әбіқаев

 

Көші-қон ісін ілгерлетіп отыру үшін қор құру қажеттігін көптеп бері жазып келдік. Ал, осы қор мәселесін алғаш сөз еткен халық жазушысы Шерхан Мұртаза ақсақал еді. Бүгін Шерағаңның Мәжіліс депутатына берілген мандатты қолына ұстап отырып, қаламдас досы Камал Сымайыловқа жазған мына бір хатын еске түсірдік:

«Камал! Бұл Ұлы көш бір жылдық, екі жылдық емес, әлі көпке созылады. Көші-қон туралы жаңа заң Парламент құзырында тұр. Депутат мырзалар бұл жобадағы кейбір мойны бос бұлғаң-бұлғаң тұстарын қатайтатын шығар деген үміттен күдер үзбейік. Және сол заң бойынша, заманымыздың аса күрделі проблемасы екенін қатты ескеріп, Көші-қон мемлекеттік органын құрып, оның басына қазақ халқының мүддесін қорғай алатын, өзгелерді де ренжітпейтін, «Өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген қағиданы ұстанатын, ұлт психологиясын, мінез-құлқын, салт-санасын, дәстүрін жақсы білетін азамат тұлға тұруы керек.

Және бір түйіні, Коржовалардан қайыр болмаса, ел болып, жұрт болып, мемлекет болып, көші-қонның Отандастар қорын құру ауадай қажет.

Қазір не көп, сан түрлі қорлар көп. Ал мынау солардан шоқтығы биік, мүддесі биік тағдыршешmi Қор болуы тиіс. Бұл қорға қолғабыс етер күш - игі жақсылар, қазіргі дәулеттілер, ұлтқа жаны ашитын фирмалар, банкирлер болғаны абзал. Елге оралған ағайынға жылу беру ата-бабамыздың адамгершілік дәстүрі. Жылу беру - қайыр-садақа емес, ағайынның жанын жылыту, ұясын жылыту деген ұғым. Сонда ертең сен жаурасаң, ол сені жылытады. Ұлттың бірлігі, бауырмалдығы осындайдан құралады».

Шерхан ақсақалдан басталған көші-қон қорын құру мәселесі қазақ көшінің бүгінгі жанашыры, жас пері Ауыт Мұқибектерге дейін жалғасып келе жатқанын ел іші естіп біліп отырды. Дегендей-ақ, көші-қон ісіне арналған өор құрылды. Ол қор – «Отандастар» деп аталды. Қордың құрылатындығын Елбасымыз Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында жария еткен болатын. Ол жайында Ауыт Мұқибек сүйінші сұрағандай қуанып, Abai.kz ақпараттық порталында  былай деп жазған болатын:

«...Ал, экономикалық дағдарысқа байланысты Үкімет баяғыда 20 мың отбасыға деп бөлетін квотаны тоқтатты. Тек, Үкімет айқындаған жеті облысқа келетіндерге ғана аздап қолұшын беруді шешті. Осы жағдайды ескеріп, 2011 жылдан бастап, Тұңғыш Президенттің Көші-қон қорын құру мәселесін дүркін-дүркін көтеріп келіп едік, көреген Президентіміз «Шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «ОТАНДАСТАР» деген қор құрамыз. Әрине, мен оны Үкіметке тапсыратын боламын» деп, осы құрылтайда жарқ еткізіп, бұл арманымызды да орындады да тастады...»

Енді , міне, сол қор Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан «Отандастар» қоры болып құрылды. Қор акционерлерінің жиналысы барысында Дүниежүзілік қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қордың Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ал қор президенті болып мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаев тағайындалды.

Ескерте кетейік, аталған қор Елбасының тікелей бастамасымен құрылды. Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелде тұрып жатқан отандастарымызды қолдау керектігін тапсырған болатын. Сол негіз бойынша «Отандастар» қоры өз жұмысын бастады. Қордың негізгі міндеттері – шетелдегі және елімізге оралған қандастарымызға мәдени, білім беру бастамалары және құқықтық қолдау көрсету болып табылады.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052