Cағадиев басқаратын министрлік қазақ тіліне неге қарсы?
1997 жыл. Бастауыш сыныпта оқимын. Арқалық қаласы Абай атындағы орта мектепте оқып жүргенімде «Нарық экономикасы» деген пән болды. Ата-аналар тарапынан «Екінші сыныптың оқушысы не түсінеді? Оған бұл пән не керек?» деген әңгіменің айтылып жатқаны есімде. Ал, біз болсақ, сабақта ақшаны қалай үнемдеу керек? Нарық деген не? Үш теңгеге сатып алған дәптерді алты теңгеге қалай сатамыз? деген сұрақтарды талқылап, кәдімгідей «бизнес-жоспарымызды» ұсынып, улап-шулап жататынбыз. Қазір ойланып қарасам, соның пайдасы болыпты.
Кәсіпкерлік жолды таңдамасам да, экономика саласына бармасам да, күнделікті тұрмыстың өзінде қаржылық сауаттылық керек-ақ екен. Сол кездің өзінде қалыптасқан дағдының пәрмені уақыт өте байқалды. Ал, енді нақты әңгімеге көшелік. Соңғы жылдары еліміздің білім беру ошақтары жаппай кәсіпкерлік білім беруге бет алуда. Жоғары оқу орындарын былай қойып, мектептердің оқу жоспарына 2019 жылдан бастап «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» деген пән енгізілмек. Оған арнайы оқулық та жазылып қойғанға ұқсайды. Бұндағы мақсат - қазіргі қазақ қоғамында бизнес сананы қалыптастыру дейді. Алайда, қазақ танымына кәсіпкерлік таңсық емес. «Ұлы Жібек жолы», Қоянды жәрмеңкесі,т.б. соның айғағы. Қазақ халқында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі экономикалық қарым-қатынас туралы мамандар жазып та жүр. Тек бүгінгі заман сұранысына сай смарт технологияны дамыту, инновациялық - стартап жобаларды қолдау десек, әңгіме бөлек.
Қазақ тілін бизнестің тіліне айналдыру үшін...
Кезінде «Смарт-бесікті» жасаған Серікбол Шаймерден бизнеске қатысты әдебиеттердің жоқтығын, қазақ тілінде бизнес-тренинг жүргізетін бизнес тренерлердің аздығын айтқан еді. Жобаны байқауға қатыстыру үшін оның бизнес-жоспарын орыс тілінде жазуға мәжбүр болғанын естіп, қынжылғанымыз да бар. Арада біраз жыл өтіп, бір Серікбол емес, мыңдаған қазақ жастарының осындай жағдайға тап болғанын көзім көрді. Жо-жоқ, ешкім «сен орысша жаз» демейді, бірақ, олай болмаған жағдайда, өту-өтпеуің екіталай. Себебі, сенің жобаңды тыңдайтын, бағалайтын кәсіпкер, инвесторларың орыстілді. Бұл бір жекелеген топтар, мекемелер өткізген байқау болса, бір жөн. Білдей Білім және ғылым министрлігі өткізіп, оған еліміздегі мектеп оқушыларынан бастап ғылыми зерттеу институттары қызметкерлеріне дейін ұзын ырғасы 10 мың адам қатысқан ауқымды шара. Бизнес идеяларын іске асырғысы келген жастар инвесторлар алдында барын салып қорғаулары тиіс. «Startup Bolashak – Менің арманым» Ұлттық байқауының басты талабы - осы. Аймақтардағы іріктеу қаңтардан мамыр айына дейін өтті. Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Жамбыл облыстарында өткен іріктеу кезеңдерінде-ақ туындаған тіл мәселесін Білім министрлігі шеше алмады. Шеше алмады емес, шешуге ниет те білдірмеді. Қазақ тілінде ақпарат ала алмаған, орыс тіліндегі тренингтер көңілін көншітпеген студенттер қолдарын бір сілтеп, шығып кетіп жатты...
Конституциялық құқығын талап етіп табандап тұруға жастардың неге қауқарсыз екені түсінікті... Алайда, сол жастарға айтқым келетіні: кешегі бодан болған қазақтың қоғамдағы орнын дәлелдеп, халықаралық қатынастарға да төтеп берген тілі болған. Ол - қазақ тілі! Ендеше бүгін қазақ тілінің мән-мағынасы мен мәртебесі түсе қалды деймісіңдер?! Олай емес! Керісінше, тілді пайдалана алмай жүрген алдымен, өздерің кінәлісіңдер! Қандай жағдай болмасын, қай кезде болмасын талап ету керек! Қазақ тіліне деген сұранысты тудыратын сендерсіңдер! Мәселе, талаптың солқылдақтығында!
Кешегі жиында министрліктің жауапты хатшысы қазақ балаларына орыс тілінде: «Біз екінші Илон Маскты» тудыруымыз керек деді. Иә...қазақ одан да зорын тудыруға қабілетті. Бірақ, рухы көтерілгенде ғана! Ал, өзге ұлттың тілінде ол рух көтерілмейді! Сізге ана тілі болып кеткен тіл қазақ жастарына жансыз. Жат тіл. Соны түсініңіз, Өрсариев мырза! 10 пайыз өзге тілді балалар үшін 90 пайыз қазақтілділердің құқығын таптамаңыз!
«Қазақ тілінің қоғамдағы рөлінің артуына орыс тіліне деген басымдық кедергі»
Ғалым Жанболат Зиятұлының пікірінше, біріншіден, біздің қоғамда бизнес негізінен орыстілді аудиторияның қолында. Қазақ тілі кәсіптік тілге айнала алмай отыр және оған биліктегі белгілі бір топ ырық бермей келеді. Екіншіден, басшылық қызметте отырған біздің өз азаматтарымызда отаншылдық, ұлтты ойлау, сол арқылы мемлекетті дамытуға үлес қосу әрекеттері аз. Астанада өткен кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы байқау да соны көрсетеді. Тілді дәріптеу, құрметтеу, оның қолданыс аясын кеңейтуді науқаншылдық жұмыстардың форматына салып тастадық. Мемлекеттік билік тізгінін ұстап отырған кей басшылар осылайша, ойына келгенін істеп, қазақ тіліндегі ақпаратқа зәру аудиторияның құқығын өрескел бұзуда. Карл Маркстің сөзімен айтсақ, «Тұрып жатқан мемлекетінің тілінде нақұрыс немесе басқыншылар ғана сөйлегісі келмейді». Айтпақшы, осы ойды өзбек елінен аталмыш шараға келіп, қатысып кеткен (өз тілін дәріптей сөйлеген) өзбек ағайындардан естіп, жерге қарадық.
Зарина Әділбек
Аbai.kz