Орал қалалық ішкі істер басқармасы қылмысты ашу жөнінен республикада алда келеді
ОРАЛ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қалалық ішкі істер басқармасы соңғы үш жыл бойы қылмысты ашу көрсеткіші жөнінен республика бойынша бірінші орыннан көрініп келеді.
Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы, полиция полковнигі Фатихолла Маштақов мәлім етті.
2010 жылдың қорытындысы бойынша Орал қаласы аумағында ұзын-саны 2580 қылмыс тіркелген. Соның ішінде кісі өлтіру - 42,3, жеңіл дене жарақатын салу - 9,1, қарақшылық - 18,8, көшеде болатын қылмыстар 12,7 пайызға кеміген. Сондай-ақ былтыр қылмыстың барлық түрі бойынша аталмыш басқарманың ашу көрсеткіші артты.
Өкінішке орай, Оралда жеке тұлғаға қарсы жасалынатын қылмыстар өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл сипаттағы құқық бұзушылық жалпы қылмыстың 74 пайызын құрайды. Әсіресе, ұялы телефон, автомагнитофон және бейнеаппаратты ұрлап-тонауға қатысты фактілер жиілеп тұр. Былтыр жыл бойына 325 пәтер тонау оқиғасы тіркелсе, соның 250-і дереу ашылды. Ал жалпы тонау фактісі бойынша 387 қылмыс тіркеліп, соның 313-і әшкереленді.

Орал шаһарына тән көкейкесті мәселенің бірі - жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстар. Мұндай қадамға, әсіресе, тұрмыс жағдайы төмен жанұялардың жеткіншектері жиі барады. Тіршілігі тұралап тұрған шаңырақта өскен балалардың спорттық-мәдени шараларға қатысуға мүмкіндігінің жоқтығы өз алдына, мектептегі сабақтан қашып, оқудан жалтарып жүргендер де бар. Қазіргі таңда жасөспірімдер заңға қайшы әрекетке бой ұрмау үшін мектеп әкімшіліктері және ата-аналар комитеттерімен, сонымен қатар барша мүдделі ұйым-мекемелермен тығыз байланыс орнатылып, белсенді жұмыс жасалуда. Соның өзінде бүгіндері Орал қаласы бойынша 449 жасөспірім арнайы есепте тұр.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шадияр Айтқалиевтың айтуынша, өзі таяуда Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісіне қатысып қайтқан. Бұл басқосуда 2010 жылы атқарылған жұмыс нәтижелері қорытындыланды. Осы жиында Мемлекет басшысы әр облыстан жиналған ішкі істер органы басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жаңа міндеттерді нақтылады. Елбасы жеке-жеке тоқталып өткен сегіз маңызды мәселенің бірі - есірткі саудасы және есірткіге қатысты қылмыс атаулымен ымырасыз күрес. Себебі қазіргі таңда жастардың кейбір бөлігінің есірткіге ес-түссіз елтуі қоғамды қатты алаңдатып отырған жайт екендігі жасырын емес. Мемлекет басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс нәтижесі қатаң сұралатынын ескертті. Осы тұста айта кететін бір жайт, өткен жылы Орал қаласында есірткіге қатысты 143 қылмыс анықталды. Соның 72-сі есірткі затын өткізуге, яғни сатуға байланысты. Ал заңсыз айналымнан 46,721 келі есірткі тәркіленсе, соның 113,53 грамы «ақ өлім» деп есептелетін героин.
Астанадағы алқалы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы бес-алты жылда жүргізілген кадр іріктеу үрдісіне сараптама жасап, баға беру қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау саласындағы қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыдан қорғауды үнемі назарда ұстап, бұған қоса бағынышты қызметкерлері құқық бұзған басшылардың жауапкершілігін арттырған жөн екендігін де қадап айтты.
Еліміз егемендік алғалы ішкі істер саласына мемлекет тарапынан жіті назар аударылып келеді. Атап айтқанда, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсарып, Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелердің материалдық-техникалық әлеуеті жылдан-жылға нығая түсуде. Әсіресе, техникалық-технологиялық жаңарудың арқасында оралдық тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда жиі тіркелетін заңға қайшы әрекет, отбасылық-тұрмыстық жағдайда орын алатын және жасөспірімдер арасындағы қылмыс атаулыны әшкерелеу көрсеткіштерін әжептәуір ілгерілетті. Сондай-ақ Орал қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері қылмыстың алдын алудың кешенді шараларын жүйелі жүргізуді де үнемі назарда ұстайды. Өткен жылдарға қарағанда, соңғы уақытта республика аумағында аса ауыр қылмыстар, яғни кісі өлтіру, адам денсаулығына елеулі нұқсан келтіру фактілері бірнеше пайызға төмендеген. Мұндай оң қабақ танытатын жағдай Орал қаласына да тән.
«Астанада өткен жиын соңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Полиция қызметкерлерінің кәсіби білім-білігі мен қажыр-қайратының арқасында ішкі істер органдары өздеріне жүктелген барша міндетті орындайтындығына сенімдімін» - деген еді. Біз Елбасының да, ел-жұрттың да көңілінен шығып, қоғамдық тәртіптің нығая түсуі үшін қалтқысыз қызмет етуге бек мүдделіміз және әрдайым дайынбыз. Полиция қызметкерлері үшін ел-жұрттың тыныштығы, қоғамдық қауіпсіздік - ең басты құндылық", - деді Ш.Айтқалиев.