БЖЗҚ әрдайым байланыста
Қартайғанда қамсыз өмір сүру үшін қандай қарекет жасау керек? Менің зейнетақы шотымда қанша қаржы жиналды? Зейнетақы активтерінің табыстылығы қандай? Бұл сауалдар зейнетақы қорына жарна жинап жүрген әрбір азаматты толғандыратыны анық. Қазақстандықтардың осы және өзге де сұрақтарға жан-жақты жауап алуға мүмкіндігі бар. 20 маусым күні Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының барлық өңірлік филиалдарында Ашық есік күні өтті. Жұртшылықпен кезекті кездесудің тақырыбы - «Зейнетақы жинақтары. Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы хабарлау әдістері». Еліміздің зейнетақы жүйесі туралы кеңірек білу үшін біз Қордың Алматы қалалық филиалының директоры Әміренов Нұрлан Сләмбекұлын (суретте) әңгімеге тартқан едік.
Сұрақ: БЖЗҚ Ашық есік күндерін жүйелі өткізіп келе жатқанына екінші жыл. Бұл шараның қажеттілігі неде?
- Бұл жобаны біз былтырғы жылдың басынан бастап қолға алдық. Осы уақыт ішінде оған республика бойынша 25 мыңға жуық адам қатысты. Зейнетақы қалай есептеледі, бұл салаға қатысты қандай заңнамалық өзгерістер бар? Кең ауқымды түсіндірмелік жұмыстарға қарамастан, халықтың зейнетақы қорына қатысты сауалдары әлі де баршылық. Ашық есік күні жұртшылықтың зейнетақы жүйесі туралы мағлұматын кеңейтіп қана қоймай, өздеріне қатысты жеке сұрақтары бойынша мамандардан кеңес алуға мүмкіндігі бар. Қазақстандықтардың зейнетақы тақырыбына жоғары қызығушылығын ескере отырып, Қор басшылығы шараны жүйелі түрде өткізу туралы шешім қабылдады.
Сұрақ: Қазақстанда қандай зейнетақы түрлері бар? Оған кім иек арта алады?
- Қазіргі таңда зейнетақы жарналараның үш түрі бар. Оның біріншісі – міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс беруші жұмыскердің айлық табысының 10 пайызы көлемінде аударып отырады. Екіншісі – міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын жұмыс беруші зиянды жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлердің есепшотына айлық табысының 5 пайызы көлемінде аударады. Ал, үшінші- ерікті зейнетақы жарнасы өзінің зейнет кезеңін жоспарлап, қарттық жасындағы қажеттіліктеріне қаражат жинауға дайын азаматтарға арналған. Жарнаның бұл түрінің сомасын салымшы өз ықтиярына қарай белгілей алады. Өкінішке орай, азаматтардың зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтіні туралы білімі біркелкі емес. Осының салдарынан кей азаматтарымыз зейнетақы шағын дұрыстап жоспарлай алмайды, ал кейде тіпті бұл кемшілік олардың құқықтарының шектелуіне әкеліп жатады. Сондықтан Ашық есік күні аясында біз бұл тақырыпқа ерекше тоқталып өтуді жөн санадық.
Сұрақ: Ашық есік күнінің екінші тақырыбы – жеке зейнетақы шоттарының жай-күйі туралы ақпарат алу әдістері. Бұл тақырыптың маңыздылығы неде?
- Бұл да өте өзекті тақырып. Себебі азаматтарды өз зейнетақы шотында қанша жарна жиналғаны, олардың қаншалықты тиімді инвестицияланғаны әрдайым алаңдатады. Зейнетақы қоры салымшылары мен алушыларын бұл туралы әрдайым құлақтандырып отырады. Ал соңғы жылдары ақпараттандыру тәсілдері айтарлықтай кеңейді. БЖЗҚ уақыт талабына сай дамып келеді. Қашықтық арқылы қызмет көрсетуге есептелген көптеген жаңа электрондық сервис түрлері қолданысқа енгізілді. Енді кеңсеге барып, кезекте тұрмай-ақ қызмет алып, уақыт үнемдеуге болады. Зейнетақы шотының жағдайын үйде отырып-ақ, тіпті ұялы телефон арқылы да қадағалауға болады. 2017 жылы Қорды электрондық операцияларының көрсеткіші 52 пайызға жеткен. Мұндай қызмет түрлерін біз одан әрі де жетілдіре бермекпіз. Цифрландыру – сән қуу емес, бұл біздің өмірімізді барынша қолайлы ететін уақыт талабы. Сондықтан біз жұртшылықты бұл мүмкіндіктермен кеңірек таныстырмақпыз.
Сұрақ: ЖЗШ-дан үзінді-көшірме алудың қандай нақты түрлері бар? Зейнетақы рәсімдеуді есептемегенде бұл ең көп сұранысқа ие қызмет түрі ғой.
- Қазіргі таңда тек ЖЗШ-дан көшірме алу ғана емес, БЖЗҚ-ның көптеген қызмет түрлері электрондық нұсқаға көшірілген. Қор салымшылары мен алушыларына өз жарналары туралы ақпаратты қашықтықтан алуға мүмкіндік беретін ыңғайлы әдістерін ұсынып отыр. Ал «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының енгізілуі бұл мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтуде. Қысқаша тоқталар болсам, қазір мұндай ақпаратты электрондық пошта арқылы ғана емес, Қор сайтында жеке кабинет ашу арқылы, KZ электрондық үкіметінің порталы арқылы да алуға болады. Android, iPhone, iPad, Windows Phone операциялық жүйелеріне есептелген мобильді қосымша да жұртшылық арасында үлкен сұранысқа ие. Әрине, ақпарат алудың белгілі бір тәсіліне жүгіну үшін Қор кеңсесіне келіп өтінім жазу, электрондық цифрлық қолтаңбаға жүгіну сынды белгілі талаптар бар. Дегенмен, бұл дәстүрлі қызмет түрлерінен әлдеқайда қолайлы екені анық. Осы жаңа қызмет түрлерімен біз жұртшылықты Ашық есік күнінде кеңірек таныстырдық. Сонымен қатар, азаматтарға қосымша сұрақтары бойынша жеке кеңес беруге әрдайым дайынбыз. Байланыс орталығының 1418 номері арқылы байланысып тұруға да болады. Қазақстан аумағындағы қалалық және ұялы телефондардан тегін қоңырау шалуға болады.
- - Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Көгершін Тілеген
Abai.kz