Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6291 4 пікір 21 Маусым, 2018 сағат 15:46

Жемқорлықтың басты баспалдағы - қағазбастылық

Редакциядан. Азаматтық қоғам салтанат құрған елде жемқорлық болмайды. Ал, сол жемқорлықтың басты баспалдағы қағазбастылық болып отырған бүгінгі күні мұнымен күресудің тура жолын таппақ ләзім. Біздің автор осы мәселе жайында толғанып көрген еді. 

Жемқорлықтың басты баспалдағы - қағазбастылық. Мен осылай атар едім. Өйткені, бұрын «қағаз кеміргендер» - бухгалтер мен экономистер (өзім экономистпін) болатын. Қазіргі таңда қағазбасты емес бір мамандық иесін айта аласыз ба? Кез келген мекемеде, кез келген ортада, кез келген салада қағазбастылықтың үстемдік етіп тұрған шағы. Бұл қағазбастылық негізгі міндеттің шала-шарпы орындалуына әкеліп соқтыратыны ақиқат. Ендеше дерт демей, не дейміз?..

Бір істі бітірем десең, он қағаз керек. Ал, бір қағазды дайындау үшін бір күнің, тіпті бір аптаң кетеді. Сол қағаз жұмыстарын бітіремін деп әрекет жасудың арты пара беруге апарып соқтырады...

Сөзім дәлелді болу үшін екі-үш саланың қызметіне тоқтала кетейін. Кез келген басқа сала сияқты полиция да осы «дертке» ұшырағалы да бірнеше жылдар болды. Кезінде орыс ақыны Владимир Маяковский: «Менің милициям мені қорғайды» деп жазып еді. Қазіргі қазақстандық полицайлар (басқа елдерде қалай екенін білмеймін) мені мен сені емес, қағазды «қорғайды»...

Құрметті оқырман, сіз де көшеде жүретін шығарсыз, сонда погонында жұлдызы бар полиция қызметкерін көресіз бе?  Әрине көресіз: таңертең жұмысына, түсте түстік асқа, кешке үйіне бара жатқан. Сонда олардың бухгалтер, экономистен айырмашылығы қандай? Айырмашылығы - болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін «разборка» жасап, «протокол» толтырады. Қылмыстың алдын алу іс-шаралары түгілі, істелген қылмысқа шақыртып алудың өзі оңайға түспейді. Мен бұл жерде өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаратылған полиция қызметкерлерін сынап-мінеп отырғам жоқ, қайта негізгі міндеттері қағазбастылыққа айырбастап алғанын айтқым келді...

Ал, жарайды делік, сіз басқа полиция қызметкерлерін қойып, өз учаскелік инспекторыңызды (қаланы айтам С.Х.) танисыз ба? Атын атап, түсін түстей аласыз ба? Жоқ. Сәйкесінше, жұмысын да бағалай алмайсыз. Бұларды «жерде жұмыс істейтіндер» деп те атайтын көрінеді. Бірақ олар жерде болғанымен қағазбен жұмыс істейді, қағазбастылар. Қарапайым халыққа сенің қағазбастылығың емес, қылмыспен күрес жүргізу, қоғам тыныштығын сақтау, нақты іс қажет. Оған ешкімнің миы жетпегендей. Погонында жұлдызы бар полиция қызметкерлері сегіз сағаттың (олар жұмыста сегіз сағаттан да көп болады, көбі сенбі, жексенбі күндері де жұмыста) үш-төрт сағатын көпшілік шоғырланған жерде жүргенінің өзін қарапайым адамдар шынында да «менің милициям мені қорғайды екен» десе, жаман пиғылдағылар бір уақыт сескенер еді. Көпшілік шоғырланған жердің бірі – базар. Айналайын ағайын айта қойшы, базарда бір полиция қызметкерін көргендерің бар ма, көрсеңдер олар да сен сияқты өз қажетін іздеп жүргендер...

Жоғарыдағы үлкен басшылардың біреуі келеді деген күні көшеге погондарында жұлдызы барлар (офицерлер) қаптап кетеді. Сонда бұлар осы уақытқа дейін қайда «тығылып» отырған деп қайран қаласың? Ал, шынында олар «тығылып» отырған жоқ, қағазбен отырғандар. «Рахмет!» жоғарыдан келетіндерге, полицайлардың бетін де бір уақыт күн қақты...

Енді бір сәт медицина мекемелеріне келейік, денсаулық сақтау басқармасына емес, олар өзі де қағаздан бас ала алмай жатқандар, поликлиниканы (емхана) айтам. Сенің ауруыңды сұрап қағаз толтырғаны өз алдына, сүйегін әзер сүйреп жүргендерді кабинеттен кабинетке жүгірткенін қайтерсің? Бәрінің сұрауы: «Немен ауырасың?», сосын қағаз толтыру...

Учаскелік терапевтке кесте бойынша ауруларды төрт-бес сағат қабылдау керек болса, үш сағатқа ғана талон беріледі, қалған екі сағатын жазумен отырады. Олардың алдындағы басты міндет ауруды емдеу емес, жоғарыдағыларға қағаз жүзінде толық есеп беру...

Жақында бір таныс әйел кездесіп: «Қайда барсам (поликлиниканы айтады) аурымды сұрап, қағаз толтыру. Жаттап алғаным соншалық, сұрақтарын қоймай-ақ жауап беріп отырдым. Менің ауруымды ойлап жатқан ешкім жоқ сияқты. Жылап жібердім!» Міне, ауруыңа шипа болып, емдейді деген мекемелер қағаздың астында жатыр. Қағаздарды түгендеп жүргенде өлім де жақындап қалады...

Әрбір жаңа Министр өзінше жаңалық, өзгеріс әкелген сайын мұғалімдер де қағаздың астында қалды...

Әлі күнге дейін бюрократиялық бөгет пен әкімшілік әуресі, көп құжат айналымы қарапайым жұртты табанынан таусылтса, кәсіпкерлердің де ісіне кедергісін келтіруде. Кәсіпкерлерге қанша қолдау жасадық дегенімізбен, қағазбастылықтан құтылуға мүмкіндік бере алмай келеміз. Істері ілгерілемей отырған шаруалар мемлекет бекіткен құжаттарды жинаудың өзіне ұзақ уақытын, қыруар қаржыларын жоғалтып жатқанын айтып азар да безер. Кәсіпкерлікпен жаңа айналыса бастаған бір бауырымыз: «Аға, қағаздар мені шаршатты» - деді.

Осы қағазбастылық жайлы Елбасы айтпай жүрген жоқ. Өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекет қыруар қаржы жұмсап мектеп, аурухана, балабақша тұрғызды, ал ол жерлерде бала оқытып, адам емдеудің орнына шаруаның көбі бағынышты органға есеп берумен өтеді» деп әкімдермен өткізген жиында қаптаған қағазбастылықтан құтылудың амалын табуды ұсынған болатын. Жалпы қызметкерлердің сапалы қызмет етуіне кедергі келтіріп отырған артық жұмыстан арылу жайын биыл Мемлекет басшысы тағы айтты. «Біз әкімшілік реформаны жүргізудеміз. Бұл қажет емес қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауы тиіс. Бүгінде әкім жұмысын бағалау миллиондаған құжатқа айналды. Мен Білім және ғылым мен Денсаулық сақтау министрліктерінде қанша құжат айналымы болып жатқандығы туралы айтқан болатынмын. Осы мәселені қараңдар да, бұл қағаздың барлығын жойыңдар. Осы қағаздардың ар жағында кабинеттерді иеленіп отырған адамдар отыр. Үкімет аппараты Президент аппаратымен бірге осы бағытта жұмыс істеуі қажет», – деді Президент.

Қағазбастылық қайдан шықты деген сұрақ туындауы заңды. Менің өз түсінігім бойынша алдымен қағазбастылықтың туындауына жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ сияқты қаптаған министірліктерде, ведомстволарда бірнеше қабат ғимараттарға әзер сиып отырған шенеуніктер мен шенеунікшелер себеп болып отыр. Ақша алып отырған соң басқа істер іс жоқ, қағазды қарша боратады, бұрышына «бақылауға» деген таңба қояды.

«18 миллион халқы бар Қазақстанда 100 мың шенеунік бар, немесе барлық жұмыс істейтіндердің 21 пайызы шенеунік. Бұл көрсеткіш АҚШ пен Германияда – 14 пайыз, Қытайда – 9 пайыз, ал Жапонияда – 8 пайыз. Міне, сол Жапонияда 14 мың адамға 1 шенеунік, ал бізде 180 адамға 1 шенеунік келеді. Яғни, еліміздегі шенеуніктер саны Жапониямен салыстырғанда 80 есе көп. Бұл не деген сұмдық! Ал, екі елдің экономикалық даму нәтижесін салыстырып көріңіздер» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Мен ауыл шаруашылығының маманымын. Ауылда туып-өстім, ауылда қызмет атқардым. Ал, ауыл шаруашылығы министрлігінде отырғандардың бәрі ауыл тұрмысын жақсы біледі деп айта алмаймын. Көбі қалада туып, өскен, қай оқу орнында, қай факультетте конкурс аз болса соған түсе салған «папкин паркетный мальчиктер». Олар жайлы кезінде «Ауыл шаруашылығының «білгір» маманы»  деген әзіл-шыны аралас сықақ әңгіме де жазғам. Міне, осылар қағазды «балалататындар».

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өз мамандығым бойынша (экономист) қызмет істеп жүргем, бірде бастық шақырып алып, басқармаға сумен қамту мәселесі жүктелгенін айтып, онымен айналысуды маған лайық деп тауыпты. Амал жоқ, көніуге тура келді. Сөйтіп, зейнеткерлікке шыққанша төрт жылдай су маманы болып кеттім. Мұны айтып отырғаным, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде сол кезде Су ресурстары жөніндегі Комитет болды. Мұнда 40 шақты Жамбыл гидромелиоративтік институтын бітірген мамандар жұмыс істеді, мен облыста жалғызбын. Сонда Комитеттен күнара түскен қағаздарды көрсеңіздер, қағаздың астында қалдым. Сондықтан қағаздың қалай туындайтынын білемін...

Бюрократия, қағазбастылық, әуре-сарсаң бар жерде жемқорлық әрекеттерге жағдай туады. Қағазбастылық стресс, жүйке жұқарту, уақытты босқа жоғалту, ақша шығыны екені айдан анық. Бірақ, бұл кейбіреудің айын оңынан туғызып, мансап баспалдағымен жоғарылап бара жатқандарды да білеміз...

Ауылдан келген ағамызды бір мекемеге апаруға тура келді. Жаздың бір ыстық күні болатын,  қатар-қатар кабинеттердің есігі ашық. Бір кабинетте төрт-бес стол, бәрінде компьютер, бір столда бір қызметкер.

-  Бұлар не істеп отыр – деді ағамыз.

- Жоғарыдағылар бәріне жұмыс тауып берген. Сегіз сағатта да дайындап үлгермей жатады – дедім.

- Құдай аясын – деді ағамыз, шын жанашырлық білдіргендей.

Ауылға не айтып баратынын өзі білсін...

Совет Хамитұлы, еңбек ардагері, экономист

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321