Cіз кімсіз, Ахметбек Нұрсила мырза!
Шынымен де жерасты байлығымыз қазақтың қасіреті ме? Бұл, әрине, 10 миллион қазақты ойландырып тұрған сауал! Бұл түйіннің себебі көп-ақ! «Неге жерасты байлық сарқылса, 1937 ойыншық болып қалады» деген сөздердің шалғайын жел көтеріп түр.
Нақтырақ айтсақ сол байлыққа қол жеткізсе де, жеткізбесе де адамға берер рахаты мен кесірі көп-ақ. Мұның ең үлкен қасіреті сол дүниеге қол жеткізіп Құдайын ұмытып кететіндер көп. Бақытсыздықтың басты белгісі осы, алайда бұл ойыммен келіспейтін адамдар жоқ емес. Айтпағым темір қазық бекімімді өз әлемімнің кілті деп білем. Өз ойымды өзгелерге таңбаймын, қабылдамаса - «Өз сөзім өзімдікі» (Абай).
Бұл тарихқа тәбәрік ретінде жүретін – Құдайлық таным, қазақ көкжиегіндегі жұлдыздардың бәріне тән сипат. Атақты Абай, Шәкәрім бастаған қос жұлдыздан бастап, Шығыстың асқақ тауларынан бой көтерген, сол кездегі Гомендаң әскерінің зобалаңына қарсы шығып, 20 мың мұздай қарулы жасаған опат қылып, ХХ ғасырдың даңқын аспандатқан Оспан Сіләмұлының бір-ақ ауыз сөзі найзағайдай жарқырап болашаққа зымырап барады. Бұл дегенің тарихи санасына сызат түспеген, иманияты кәміл адамның сөзі!
Гоминдаң үкіметінің салмақтап берген темір-терсегін атақ емес ар санайтын, алқа, моншақты азамат емес әйелдерге тән екенін және өзіне ұсынған бес жұлдызды медальді көріп: «30 жыл соғысқанда Шыңшысайдың алты саясатының біреуін құлатыппын, тағы бесеуі қалыпты» деп қайта атқа қонып, қырғын көрген қазақ үшін өмірінің ақырына дейін соғысып шахит болды, даңқты батыр бабамыз. Мұңы мұнараға айналған қандастардың ерлік дастаны Сіләмұлымен аяқталған. Мұны термелеп айтып отырғаным иманнан айырылған әлеумет ақ пен қараны айырмайды да, өз халқы мен мемлекетін келімсектерден қорғамайды. Әрине бұл туралы үстірт кетуден аулақ болған жөн, себебі сыртқы күштердің қысымын сезсек, бейбіт тұрғанымызға шүкірлік етуіміз өте керек. Демек жаңа орынынан тұрып келе жатқан елдің жастарының санасы ояу әрі мемлекетшіл болуы айтпас да түсінікті.
Санасына шіре салынып, бейопа саясаттың бейшара хәлінен сенделіп шыққан халыққа нарық қыспағы қырқыншы жылдардағы ұңғысы түтінге қақалған зеңбірек түтінінен кем болған жоқ. Етегін әлеуметтік қоғамның селі шайып, есік-терезесінен Күн Шығыс елінің салқыны аңырап тұрған сәтте етек жеңімізді жинап, есімізді жимасақ елдігіміздің өзі елеске айналады. Тәуелсіздіктің бір аты - сол елді құрайтын халықтың экономикалық еркіндігі. Бұл туралы зар қағып, «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа бұрылдым» деген Абай тағылымын алға тартып, "қазақтар, ояныңдар" деп үндеп жүрген Ахметбек Нұрсила. Ал Ахметбек Нұрсила кім?
Кезінде батыр десе аңыздағы алып күштің иесі, қиял-ғажайыптағы Алпамыс, Ертөстік елестейтін. Сүйтсем батырлық тіпті маңайымызда жүрген адамдардан шығып жатқаны бізді бей-жай қалдырмайды. Батырлыққа бастайтын білектің жуандығы емес, жүректегі иман мен намыс екен. Батырлық жүректің қатыгездігі емес, тарихи санасы оянып, халықтың намысы мен болашағы жолындағы шешуші майданға шығып, жалғыз майдандасып, дара ерлік көрсетуің. Батыр демекші санасы ояу, ақ пен қараны таныған адамдардың аузында жүрген бүгінгінің батырлары Мұхтар Шахан, Өмірхан Алтын, Серікжан Біләш, Ахметбек Нұрсила, Қанат Сілам, Ауыт Мұқибекұлы дегенге қосылам, себебі көптің қамын ойлап, найзағайдай жарқылдап, алғы шепте жүрген адам батыр емегенде не? Біз күрессе жығатын, ұрса құлататын өз мүддесінің құлдарының бәрін батыр деп нәм беретін болдық, бұл қиын болды..
Мана атап айтқан азаматтар халықтың басындағы алуан парақты мұнаралы мұңның ұшар басында жүр. Сын сәтте үнсіз отырғандарды дана, парасатты санайтындарға сөзім жоқ. Бұл жолы айтайын дегенім "Бизнес бастаудың" ел көлемінде мектебін қалыптастырған, қазақ жастарын ағартушылықпен айналысқан Ахметбек Нұрсила ағамыздың есіміне екпін түсіре айтуды маңызды деп білдік.
Ол кісі Шығыс Қазақстан жақта өсіп-өнген, 20 жылын кәсіпкерлікке арнаған, бір қанша тұралап қалған кәсіпорындарды орыннан тұрғызған, дамытқан. ерлік пен адамдығын қос қолдап ұстаған заманамыздың ағартушысы. Ахметбек мырзаны оятқан ең алдымен – Намыс!
Алтының үстінде тұрып аштан,теңізде жүзіп жүріп шөлден өлген үшеудің кебін кимесін деп әлеуметке ақыл мен амалды қатар ұстап, ғылымға қол артса ұшақпен ұшқандай өркендеуге болатынын, комфортни зонадан шығатын жолдың бастаушысы, шекаралық шепте тұрған солдат, жастарды экономикалық теңдікке бастаған жарық. Кәсіпкерлікпен айналысып жүріп, рухани һам экономикалық жағынан ерте оянған, сырттан келген келімсектер осында келіп алуан түрлі кәсібін ашып, оған қазақ ұл мен қыздары жалшы болып, экономикалық тәуелділік қыспағы тартып бара жатқанын сезінген. Кредиттік сана мен экономика қысымы бүкіл қоғамды шірелеп алғанын білген де ұйқысынан шошып оянған. Сонымен байлықты білекпен емес білімнен, мұнайдан емес маңдайдан аққан терден сұрауды үндеген. Экономикалық тетіктерді негіз еткен "Бизнес мектебін" қалыптастырған, мемлекеттің бюжетіне үміт артпауды ескерткен, өндіріс пен бизнес мәңгі жалғаса беретін шектеусіз жұмыс екенін алға тартқан нақтылы істің адамы. Әрбір азаматты мемлекетшіл болуға, билікті айыптаудан аулақ болып, Егеменді еліміздің мерейі үстем болуын тілейтін тұлға!
Себебі асты-үсті қазынаға толы елге сәт сайын қауіп көп екені айтпаса да түсінікті. Сыртқы күштердің бас қатырар қысымы да жоқ емес. Қазақия үшін байлықтан гөрі тәуелсіздікті сақтап қалу бәрінен маңызды екенін жанымен түсінген. Сондықтан да мұнайдың мұңынан гөрі өндірістің қызық өмірін артық көріп, бизнестің бітпейтін қозғалысы өміршең екені қызықтырған. Қазірге дейін 50 мыңнан астам шәкірт тәрбиеле,п соның мыңдаған түлектері аталмыш саланы еркін меңгеріп, мемлекеттің негізгі сатыларында, сауда кеңістігінде еркін әрекет жасап жатқаны анық.
Жастардың рухани ерік жігерін жетілдіріп, салауатты өмір салтын шыңдауына барынша себеп болған. Голландия сияқты қазба байлығы мол мемлекетке ұқсап, жаппай дағдарысқа ұшырап қалмау үшін, арнайы жұмыстар жүргізіп келеді. Сол Голландия байлығы сарқылғанда, бюжет бонкрот болғанда халық сенделіп тозып инкубатрдағы құс сияқты күй кешкен. Осы елдің жағдайын ескерту ретінде үндеу жасап келеді. Өз сөзінде: «Ғылыммен, кәсіпкерлікпен, бизнес бастаумен, өндіріс ашумен шұғылданбасақ, ертең жер асты байлығымыз таусылғанда 1932 жылғы аштық қайталана ма деп шошимын. Себебі көп-ақ! Той мен сайқымазақ экранның құрбанына айналған жастардың білімге деген, кәсіп игеруге деген құлықсыздығы болса, өзінде шикізат өндірудің мүмкіндігі бола тұрып, етті Аргентина мен Бразилиядан, сүтті қырғыздан, көкенісиі көрші елден, киім-кешекті Қырғыз бен Қытайдан, құрылыс материалын Ресей мен Қытайдан сатып алып шулатып жүрген бір ел бар, ол – Қазақ елі» дейді.
Бүгін тамақ ішу үшін өмір сүретін жағдайдан әлеуметті алып шығу үшін ерінбей еңбектеніп, ағартумен шұғылданып жүрген зиялылар өте аз, қайта мүдделік саясат пен тегін квартира алудың артында жүр, барлығы.
Ахметбек мырзаның айтуында: «Қазақтың рухани әлемі романтикаға толы, соның азайып кететін жағы емес, пайдаға асатын жағын пайдаланса көп жасампаздыққа жетер едік. Олар бұратана халықтарға қарағанда ұшқыр ойлы келеді. Сөзімнің дәлелі бүкіл ТМД елдерімен салыстырғанда қазақтан шығып халқаралық бизнес деңгейіне шығып кеткендер көп. Кейде күйінетінің біз ең болмағанда өндіріс ашудан қырғызға жете алмадық, біздің жер асты байлығымыз сорымыз болды ғой. Голландиялық дертке ұшырамас бұрын барынша тырысуымыз тиіс, жағаласпай жан қалмайды» - деген болатын.
Түйіндеп айтар болсақ мемлекеттің қан тамырына азда болса қан жүгіруіне себеп болып, вагондарды тартқан паравоз сияқты Ахметбек ағаның еңбегінің бұл бір парағы ғана. Қазақ дегенде ішкен асын жерге қойятын, мемлекеттің өркендеуін өмірінің өзегі еткен, халқына қызмет етуді бақыт деп білген тұлға!
Серік Боқан
Abai.kz