Ә.Бөкейхан жинағында жаңсақтықтар бар ма?
Алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 2017 жылы шыққан «Алаш арқауы» кітабының 56-бетінде Әлихан мұрасы хақында: «...С.А.Жүсіптің ыждағатымен Алаш көшбасшысының 145 жылдығына орай шыққан 9 томдығы, 150 жылдығына орай шыққан 15 томдығы – еліміз үшін, ғылым үшін айтулы құбылыс», – деп баға береді. Сөз жоқ, бір кітапты шығарудың өзі қиын заманда, Алаш көсемінің 15 томдық қазынасын архивтерден қопара іздеп тауып, жинап, басын біріктіріп, оқырман қауымның назарына екі мәрте (!) ұсыну – айтуға ғана оңай болса керек. Ал сол игілікті іске жарату иәки баспа жүзінде тарату – екінші мәселе. Оған да көп күш-қайрат кететіні белгілі. Сол жолда талмай еңбек еткен ердің ісі – ерен! Әлихан Бөкейханның әруағы разы болсын! Осындай маңдай термен шыққан 15 томдықпен қауышу бақыты бізге де бұйырды. Бұйыртқан – Сұлтан Хан ағамыз.
Ал енді осы көп томдықты оқып отырғанда ойға келген, көңілімізде күмән тудырған не нәрселер? Соған тоқталайық. «Әлихан мұраларына өзге авторлардың туындылары араласып кеткен жоқ па осы?», – деген күдікке бой алдырғанымыз рас. Мысалы: Әлихан шығармаларының Х томының 76-78-беттеріндегі «Қазіргі саяси хал» мақаласын алайық. Дәл осы мақала Жүсіпбек Аймауытовтың 2013 жылы «Ел-шежіре» баспасынан шыққан көп томдығының 6-томының 332-бетінде жарияланған. Аталмыш мақалада: «Артынан елі ермеген басшы – басшы бола алмайды. Басшының артынан ермеген ел – ел бола алмайды. Құдайға шүкір, әзір басы аман, малы түгел еліміз де бар, ел қамын ойлап, тура бастарлық еріміз де бар» (335-бет), – деген сөздерге мән беріп қарасаңыз, бұл сөздер Әлиханның ауызынан шығуы мүмкін бе? Әлекең қалай өзіне өзі баға береді, қалай өзі туралы өзі осылай сөйлейді?!
Бұл – бір. Екіншісі – Ә.Бөйкейхан еңбектері толық жинағы ХІ томының 387-бетіндегі «Самат өлеңдеріне сын» атты мақаласы бар. Бұл да күмән тудырады. Мақалада: «Сәкен «Майлы бойын» үйіндегі жеңгейге арнаған ғой!» (399-бет) – деген сөйлем бар. Әлихан – 1866 жылы туған. Сәкен – 1894 жылы туған. Өзінен 28 жас кіші Сәкен туралы сын жазып отырып, Әлихан Сәкеннің жарын «жеңгей» демесе керек-ті. «Үйіндегі жарына» десе ойға қонымды. Әлиханның қолтаңбасы емес-ау деп ойлаймыз.
Үшінші мәселе. Әлиханның хәкім Абай хақында 1903 жылы айтқан сөзі туралы 1995 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Абай» энциклопедиясының 166-бетінде абайтанушы-текстолог Қайым Мұхамедханұлы: «Абайды көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов», – деп баға берген болатын. Сонымен қатар әдебиет сыншысы, академик Серік Қирабаевтың 1995 жылы жазылған «Абайтану ғылымының бел-белестері» мақаласындағы: «Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде бірінші ғылыми ой айтқан – Әлихан Бөкейханов. 1903 жылы «Киргизский край» атты кітапқа кірген қазақтың тарихы мен рухани өмірі жайлы зерттеуінде ол «Қырғыз» (Қазақ) поэзиясындағы жаңа бағыттың өкілі есебінде Құнанбаевты (Кітапта «Кномбия» болып қате басылған) (Семей) атауға болады, ол поэтикалық түрі мен мазмұны жағынан көптеген әсем өлеңдердің авторы (әсіресе, табиғатты суреттеуі). «Евгений Онегин» мен Лермонтовтың көп өлеңдерінің жақсы аудармаларын жасаған да сол (олар қырғыздарға (қазақтарға) тым түсінікті түрде аударылған)», - деп жазған (С.Қирабаев. Көп томдық шығармалары жинағы. Алматы. «Қазығұрт» баспасы, 2007, 211-бет), – деген сөзін келтірсек те жеткілікті. Академик Серік Қирабаев «Киргизский край. Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көптомдық кітаптың ХVІІІ томындағы «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» деген тарауды Ә.Бөкейханов жазысқан деп есептейді. Жинақ – ғалым П.П.Семенов-Тян-Шанский және академик В.И.Ломанскийдің редакциясымен шыққан. Кітапты жазысуға – А.А.Сидельников, Л.П.Осипова, Ә.Н.Бөкейханов, С.Д.Чадов, Н.А.Бородин, Т.Т.Белоногов, В.П.Семенов, П.Н.Столяпинскийлер атсалысқан. Тіпті хәкім Абайға қатысты сөздерді Әлихан Бөкейхан жазбады дегеннің өзінде, кітапқа Ұлт көсемінің тікелей қатысы бары, атсалысқаны белгілі.
Ендеше, қазаққа қатысты тарау тұтасымен, толығымен берілуі керек еді. Бірақ та айтылған сөздер Ә.Бөкейханның 15 томдығына енгізілмеген. Осы сияқты жоғарыда көтерілген мәселелер әлі де болса тереңірек қарастырылса деген ниет біздікі. Және сондай-ақ Абай мұрасын зерттеушілердің назарынан әлі күнге дейін айтылмай тыс қалып келе жатқан бір мәселе бар. Ол – Абай кітабының Ә.Бөкейханның бастамасымен шыққандығын дәлелдейтін 1905 жылы жазылған «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» атты мүнәһиб-мақаласынындағы ең жұлынды сөздің жұлынып келе жатуы. Бұл жайт бұрынырақта шыққан «Абайды оқы, таңырқа...» (Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1993, 11-219-беттерде, құрастырған: М.Мырзахметов) жинағында ескерілмей қалған болатын. Жә, елең-алаңда шыққан кітапқа өкпе артпаймыз. Осыдан 22 жыл бұрын шыққан кітаптағы бұл олқылықтың орынын кейін де толтыруға болады ғой?! 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспасынан абайтану мәселелеріне байланысты 35 томдық кітап шықты. Осы «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» жинағының 1-томының 130-135-беттерінде Әлиханның біз айтып отырған мақаласы берілген. Осында хәкім Абай туралы ғылым жүзінде ең алғаш сөз қозғаған Әлиханның мақаласы ең бірінші тұрудың орынына, К.Ысқақұлы, М.Әуезов, К.Жанатайұлы, Т.Құнанбаевтардан кейін берілуі де ойға қонымсыз, хронологиялық сәйкестік мүлде сақталмаған.
Енді талқылайық деп отырған «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» жинағындағы Ә.Бөкейханның сөйлемін толық келтірейік: «Абайдың өз шығармалары мен Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармаларын ұлы Тұрағұл жинап, таяу арада императорлық Россияның Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі басып шығарды» (135-бет). Кітапты құрастырушылар (П.Бисенбаев, Е.Кәрібозов, Л.Мұсаұлы, Н.Нұрәлі) ең болмаса түпнұсқаға бір үңіліп алса қайтер еді?! Мұнда бір емес, екі емес, үш бірдей қателікке жол берілген. Біріншіден, «Пушкиннен» дейін деген сөзден кейін жақшаның ішіндегі «Ев.Онегиннен үзінді» деген сөз жоқ. Ол сөз неліктен алынып тасталды?! Екіншіден, Абай кітабы 1905 жылы басылып шыққан жоқ. Түпнұсқада «Басып шығады» деп жазылған! Енді келтірілген сөйлемде атымен жоқ тағы бір сөзге назар аударайық. Түпнұсқада: «Оригинальныя сочиненія Абая и его переводы изъ Пушкина (отрывокъ изъ «Ев. Онегина»), Лермонтова и Крылова собраны его сыномъ Туракуломъ и въ непродолжительномъ времени будутъ изданы Семипалатинскимъ Подъотеломъ Им. Р. Географ. Общества подъ редакціею А.Н.Букейханова». Мұқағалидың «Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай» дегеніндей, біз Әлиханның әрбір сөзін бір елдің мұрасындай қастерлеп сақтауымыз керек. Әлиханның есімін қайтаруымыз керек! Ал С.Аққұлы құрастырып шығарған 15 томдықтың VІ томының 73-бетінде Ә.Бөкейханның 1907 жылы қайта жарық көрген «Абай (Ибрагимъ) Кунанбаевъ» мүнәһибінің түпнұсқадағы сөздері де дәлме-дәл сақталмаған. Мысалы осы томда «Евгенія Онегина» деп берілген, ал 1907 жылғы тұпнұсқада «Ев.Онегина». Сондай-ақ, «Турауломъ» емес, «Туракуломъ» деп берілген екен.
Оқырман қауым қазір шығып жатқан кітаптардағы Әлиханның мақалалары түпнұсқа бойынша беріліп жатыр деп ойлап қалады. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Сол үшін де текстологиялық нақтылыққа жүгініп отыруымыз керек-ақ. Өйткені Әлиханның әрбір әрпіне қиянат жасалмауы қажет деп ойлаймыз.
Дереккөзі: "Әдебиет" порталы
Abai.kz