Теріскейде Мағжан тойы тойланды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы айтылған мәселелер аясында қазақтың Абайдан кейінгі ұлы ақыны, Алаштың ғана емес, бүкіл түркі жұртының асыл ұлы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына байланысты мерекелік шара өтті. 23 маусымда ақынның туған жері Сарытомарда өткен дүбірлі тойға Өзбекстаннан, Әзірбайжаннан, Ресейден, Түркиядан, АҚШ-тан және басқа елдерден ғалымдар мен зерттеушілер, қоғам өкілдері жиналды.
Мерейтой салтанатын облыс әкімі Құмар Ақсақалов ашты. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мерекеге орай жолдаған құттықтау хатын оқыды. Онда Елбасы қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сасыққкөлдің бойында дүниеге келген атақты шайыр қазақтың ғана емес, барша түркі халықтарының ұлы екенін баса айтқан.
Шынында да, Мағжанға түркі жұртының құрметі ерекше. Халықаралық Түркісой ұйымының бастамасымен 2018 жыл Мағжан жылы деп жарияланып, ақын мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуі дара тұлғаның әлемдік рухани кеңістіктегі алар орыны ерекше екенін көрсетеді. «Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов тегін айтпаған ғой.
Түркісой халықаралық ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейін өз сөзінде айтып өткендей, 1912 жылы азаттық үшін алысқан түрік арыстандарын «Алыстағы бауырыма» деген өлеңімен рухтандырып, қазақ байларынан түрік әскеріне көмек ретінде қаржы жинаған Мағжан өзге ақындардай қазақи жершілдіктің тар шеңберінде қамалып қалмай, түркі жұртының болашағын мұрат тұтқан даралығымен ерекшеленеді. Ендеше осы жылы аталып өтетін Әзірбайжан Демократиялық Республикасының жарияланғанына 100 жыл толуы, қырғыздың ғана емес әлем әдебиетінің жауһары Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы қазаққа да ортақ той емес пе? Мұнда ат шаптырып думандату, көл-көсір дастарқан жаю тіпті де мансұқ емес. Осы айтулы күндерге орай мәдени мерекелер, ғылыми мәжілістер сияқты пайдасы мен ұлағаты мол істер атқарылса бауырлас елдермен жақындаса түсуге игі ықпалы болар еді.
Осы тойда қонақтар Солтүстік Қазақтан облыстық мұрағатының ұжымы жергілікті ғалымдармен бірлесе отырып баспадан шығарған «Мағжан Жұмабаев. Өмірі мен шығармашылығының шежіресі» атты екі томдық көлемді еңбекке ерекше назар аударды. Бұл кітапта бұрын жарық көрмеген, Мәскеу, Омбы, Ташкент, Қазан, Санкт-Петербург мұрағаттарынан жиналған құнды деректер жеткілікті. Облыстық мұрағат ұжымының ізденісімен табылған, Қазанда 1912 жылы «Шолпан» деген атпен жарық көрген Мағжан өлеңдерінің алғашқы жинағының факсимиле көшірмесімен де мерекеге қатысушылар алғашқы рет осы жерде танысты.
Зерттеушілердің қызығушылығын туғызған тағы бір тың еңбек әйгілі қаламгер, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтың бас редакторлық етуімен Жабайхан Әбділдин, Бекет Тұрғараев, Ұлықбек Есдәулет, Кәрібай Мұсырман сынды танымал зерттеушілердің еңбегімен жарық көрген «Мағжан Жұмабаев энциклопедиясы».
Өкінішке орвй, осы уақытқа дейін өз еліміздің Солтүстік Қазақстаннан өзге өңірлерінде Мағжан мұрасы лайықты деңгейде бағаланып отыр деп айта алмаймыз. Мағжан есімі Кеңес үкіметі кезінде жеті құлыптың астында жатқан, тоалитарлық жүйеге аса қауіпті құпия болатын. Сондықтан болар, от жүректі ақынымызды қазақ елінің тәуелсіздігінен елу жыл бұрын түрік бауырларымыз танып, жырларынан рухтанған еді. Мерейтой қарсаңында Али Акбаш түрік тіліне аударған Мағжан өлеңдері Uzaktaki kardeşime («Алыстағы бауырыма») деген атпен жинақ болып оқырманға жол тартса, түріктің Kardeş kalemler («Бауырлас қаламдар») айлық әдеби жорналы бір санын түгелдей өздері «Türk Dünyasının Büyük Evladı» («Түрік Әлемінің Ұлы перзенті») деп ұлықтаған Мағжанға арнады.
Мерейтоға жиналған қауымның алдына шыққан тарих ғылымдарының докторы профессор Дархан Қыдырәлі: «Мағжандай ұлды дүниеге әкелген қасиетті Қызылжар жеріне басымды иіп тағзым етемін» дегенде халық ду қол шапалақтап азаматтың ізгілігіне ризалығын білдірген еді. Ал өзі қарасын көрсетпеген мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын осы министрліктің өкілі Бекзат Смағұлов сыдыртып оқып берді.
«Түркістан екі дүние есігі ғой,
Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп тебірене жырлаған Мағжан ақынға бүгін жаңадан ашылған облыс орталығы атанып мәртебесі көтеріліп отырған осы қала басшыларының, тұрғындарының көрсетер құрметі қандай болар екен? Түркістан шаһарының бас көшелерінің бірі Мағжан есімімен аталса қалың қазақ қана емес бүкіл түркі жұрты мұны небары қырық төрт жасында жасындай жарқылдап дүниеден өтсе де артында өшпес сөз қалдырған ұлттың дарабоз перзентіне көрсеткен ыстық ықыласы, өтелген бір борышы деп қабылдар еді. Мағжан толқындай тулаған жүрегінен шыққан жыр жолдарымен Түркістанды асқақ биікке көтерді, түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде әлемге паш етті. Ол өз перзенттік парызын орындады. Ендігі сөз түркістандықтарда.
Марат Ермұқанов, Қызылжар қаласы
Abai.kz