Жат қолындағы балаларымды "тартып әперуіңізді" сұраймын, Бектұрғанов мырза!
Атырау облыстық сотының төрағасы
Марғұлан Жұбанышұлы Бектұрғанов
мырзаға
АШЫҚ ХАТ
Құрметті, Марғұлан Жұбанышұлы!
Мен Медет Керімбайұлы Надиров 6 айдан бері өз балаларымды қамқорлығыма ала алмай Алматы мен Атыраудың арасында сабылып жүрмін.
ҚР-ның "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Заңның 75 бабына сәйкес әрекет етіп, Жылой аудандық сотына шағымданған едім. Бірақ, заң мен жағымда бола тұра іс созбақталып кетті. Тіпті, қазір жат қолындағы балаларымдың өмір қауіпсіздігіне алаңдап жүрмін. Менің алаңдауыма негіз болатын себептер де жоқ емес.
Қош! Түсінікті болу үшін басынан бастайық.
Мен Гаухар Серікқызы Дүйсенбаевамен 2006 жылдың қыркүйегінің 6-жұлдызында заңды некеге тұрып, отбасы құрдым. Екі балалы болғаннан кейін 2010 жылы Жылой аудандық сотының шешімімен ажырасып кеттік.
2017 жылдың 27 желтоқсанында әйелім Гаухар Дүйсенбаева өмірден озды.
Содан кейін балаларымның болашақ тағдырына алаңдап, ҚР Заңдарының негізінде өз қамқорлығыма алмақ болып, іздене бастадым.
Қазір кәмлеттік жасқа толмаған қызым мен ұлымды нағашы әжесі Гүлбахрам Рақымқызы Дүйсенбаева заңға қайшы болса да, маған қайтармай, тіпті менің әкелік құқығымды шектеп, ойына келгенін істеуде. Енем өзі вахталық жұмыс жасайды. Ол кісі айлап жұмысқа кеткенде балаларым өздеріне мүлдем туыстық қатынасы жоқ адамдардың қолында қалады. Өрімдей қызымның тағдырын жат адамдардың тас талқан етпесіне кім кепілдік береді? Оның үстіне ұлымның, өз қанымның кім көрінгеннің есігінің алдында жүргенін қаламаймын.
Мен алдымен балаларымды алғым келетінін айтып, Гүлбахрам Рақымқызы Дүйсенбаеваға ауызша ұсыныс жасадым. Бірақ, жауапкер нағашы әжесі түбегейлі қарсы болып, балаларыммен кездесуіме тиым салды. Мектептен кейін ботақандарымды менімен кездестірмеу үшін үйден шығармай, қамап ұстады.
Қазір өз балаларымды өзіме қарсы қойып, түрлі әрекет жасап, тіпті телефонмен сөйлесуімізге тиым салып отыр. Мен балаларымның амандығын біле алмай, уайымдап жүрмін.
Осы уақытқа дейін Алматыдан Атырауға бірнеше рет барып, балаларыммен жолыға алмай қайттым. Келіншегім бар кезде бізде мұндай проблема болған емес. Қалаған уақытымда бала-шағаммен кездесіп, оларды демалыс сайын үйіме әкететінмін. Жат болып кетпесін деп, өз туыстарын аралататынмын.
Балаларым жазғы демалысты асыға күтетін. Олар демалысқа шыға салысымен Атырау - Алматы пойызына мінетінбіз де, туған жерлеріне тартып отыратынбыз.
2010 жылы некеміз бұзылғанымен 2013 жылы әкелік міндетімді орындап, балам беске толғанда мұсылмандық жолмен сүндетке отырғызып, той жасадым.
Балаларымның өтінішімен Астанаға арнайы барып, қыдырған едік. Тәуелсіз елдің ұландары қазір кімнің үйінде көз түрткі болып жүргенін ойласам, жүрегім ауырады.
Есіктегі "Алтын адам" мұражайы. Мен ұрпағымның ел тарихын біліп өскенін қалаймын!
2018 жылдың 21 маусымында балаларыма тағы бардым. Оларды таба алмаған соң, шыдамым таусылып, заң қызметкерлеріне жүгінуге тура келді. Мен 102-ге қоңырау шалып, балаларымды тауып беруін талап етіп едім, арада көп уақыт өтпей-ақ белгісіз адамдар балаларды дереу әкеп берді.
Оларды тамақтандырып, әңгімелесейін деген ниетпен кафеге қарай жолға шыққанымыз сол еді Е765 CWM Ваз автокөлігі бізді қысып жол жиегіне тоқтатты да, қасымдағы жолдасым екеумізді соққыға жығып, балаларымды қайтып тартып алып кетті (Құдай оның бетін ары қылсын, егер де Сіздің немерелеріңізді танымайтын біреулер дәл осылай күш көрсету арқылы тартып әкетсе, қандай күйде болар едіңіз).
Осылай Гүлбахрам Рақымқызы Дүйсенбаева маған әлімжеттік жасау және психологиялық қысым көрсету арқылы ҚР азаматы ретіндегі құқығымды аяққа таптап отыр.
Жылой аудандық соты да менің Заң бойынша талабымнан кінәрат таба алмаған соң, ақыры "өтінішті дұрыс жазбағансың" деп алғашқы істі дұрыс қараған жоқ. Мен арызымда "балаларымды қайтарып әперуіңізді сұраймын" деп жазған едім. Ал, соттың айтуына қарағанда "тартып әперуіңізді сұраймын" деп талап етуге тиіс екенмін.
Осы бір сөйлемге бола 6 ай Алматы мен Атыраудың арасында табаным тозды. Енді, қандай сылтау табатындарын, ол сылтаумен қанша ай жүгіретінім және белгісіз. Мен Атырау облыстық сотына шағымдандым. Енді осы шағымым дұрыс қаралып, әділдікке жетемін деген ойдамын.
ҚР Заңы мен жағымда бола тұра, дәл осылай істі созбақтау кімге, не үшін қажет болып тұр? Осыған жауап беретін Атырау облысында адам бар ма? Бүкіл Қазақстан аумағында дәл осындай мәселе сотсыз-ақ оң шешіліп жатады екен. Маған келгенде неліктен іс күрделеніп кетті? Мұның астарында сыбайлас жемқорлық жатқан жоқ па?
Құрметті, Марғұлан Жұбанышұлы!
Мен Сізден кәмелеттік жасқа толмаған балаларымды ҚР-ның "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Заңның 75 бабына сәйкес жат қолындағы балаларымды "ТАРТЫП ӘПЕРУІҢІЗДІ" сұраймын! Сізге бұлай өтініш жазу себебім, менің бұл жолғы дұрыс жазылған талап арызымнан да кінәрат шығуы мүмкін. Тіпті, сот кезінде менің жүйкеме тиетін түрлі әрекеттер орын алып жатады. Алматы мен Атыраудың арасын ескерместен сотқа бір күн қалғанда шақырту жібереді. Мен сонда да бар мүмкіндігімді пайдаланып, күресіп келемін. Сәл сүрінсем, қарсы тарап балаларымды мәңгілікке тартып алудан тайынбайтын секілді. Сот барысы бейне-таспаға түгелдей жазылып алуға тиіс. Неге екенін білмеймін кейде менің уәжді сөздерім басталғанда видео-жазба автоматты түрде тоқтатылып тасталады. Осының өзінен-ақ, менің бұл мәселені ақпарат құралдары мен қоғам белсенділерін араластырмай шеше алмайтынымды аңғардым.
Сондықтан да алдымен Сізге Ашық хат жазып отырмын. Менің шырылыма құлақ асып, ҚР Заңы іс жүзінде орындалуын талап етсеңіз екен.
Сәлемнен Медет Керімбайұлы
Abai.kz