Кадры решают все – еліміздегі кадр жағдайы қалай?
Жоғарыда айтылған Иосиф Сталинның осы сөзін еш уақытта естен шығармау керек.
Қай заманда да мемлекеттің қуаты — оның жер көлемімен немесе табиғи байлығымен ғана өлшенбеген. Елдің шынайы әлеуеті оны басқаратын адамдардың сапасына байланысты деуге болады. Мықты кадр — мемлекеттің тірегі. Әсіресе бүгінгі цифрландыру мен жаһандану дәуірінде мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейі елдің даму қарқынын анықтайтын басты факторлардың біріне айналды. Сондықтан мемлекеттік органдарға білімді, адал, заманауи ойлайтын мамандарды тарту жағдайы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар міндеттердің негізі болып отыр.
Қазір қоғамда «мемлекеттік қызметке жастар барғысы келмейді» деген пікір жиі айтылады. Мұның белгілі дәрежеде шындығы бар. Көптеген жас мамандар жеке секторды таңдайды. Себебі бизнес саласында жалақы жоғары, мансаптық өсу жылдам, еңбек жағдайы икемдірек. Ал мемлекеттік қызмет көбіне қағазбастылықпен, ұзақ бюрократиялық рәсімдермен және шектеулі мүмкіндіктермен байланыстырылып келеді. Осындай көзқарас қалыптасқан жағдайда дарынды жастардың мемлекеттік сектордан алшақтауы заңды құбылысқа айналады.
Дегенмен мемлекетті басқару — кез келген адамның қолынан келе бермейтін үлкен жауапкершілік. Қоғам тағдырына әсер ететін шешімдер қабылдау үшін тек диплом жеткіліксіз. Ол үшін терең біліммен қатар әділдік, табандылық, ұлттық мүддеге адалдық қажет. Сондықтан мемлекеттік қызметтің беделін көтеру — ең алдымен ел болашағын ойлау деген сөз.
Білікті мамандарды тартудың алғашқы жолы — мемлекеттік қызметтің имиджін өзгерту. Қазіргі жастар үшін жұмыс орны тек айлық алатын мекеме деп ойламау керек. Олар өз еңбегінің қоғамға пайда әкелгенін сезінгісі келеді. Егер мемлекеттік органдар өздерін халыққа қызмет ететін, өзгеріс жасайтын, инновация енгізетін орта ретінде көрсете алса, жастардың қызығушылығы арта түседі.
Осы бағытта халықаралық тәжірибе ерекше назар аудартады. Мысалы, Сингапур мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда әлемге үлгі болған елдердің бірі. Бұл мемлекет тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге басымдық жасады. Сингапурда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жеке сектормен бәсекелесе алады. Ең бастысы — кадрларды іріктеу жүйесі өте қатаң әрі әділ. Дарынды жастар арнайы бағдарламалар арқылы ерте анықталып, шетелдің үздік университеттерінде білім алуға жіберіледі. Кейін олар мемлекетке қызмет етуге міндеттеледі. Соның арқасында Сингапур қысқа уақыт ішінде кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастырды.
Ал, Оңтүстік Корея тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Бұл елде мемлекеттік қызметке түсу үлкен мәртебе саналады. Мемлекеттік қызметкерлер арнайы ұлттық емтихан арқылы іріктеледі. Конкурс өте жоғары. Сондықтан жастар мектеп кезінен бастап мемлекеттік қызметке дайындалады. Корей қоғамында мемлекеттік қызметкер — тұрақтылық пен кәсібиліктің символы ретінде қабылданады.
Қазақстан үшін тағы бір маңызды үлгі — Эстония тәжірибесі. Бұл мемлекет цифрлық технологияларды мемлекеттік басқаруға кеңінен енгізу арқылы бюрократияны айтарлықтай қысқартты. Бүгінде Эстонияда мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі онлайн форматта көрсетіледі. Нәтижесінде мемлекеттік аппарат ықшам әрі тиімді жұмыс істейді. Жас IT мамандар мемлекеттік секторға қызығушылықпен келеді, себебі олар өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Қазақстанда да соңғы жылдары осы бағытта нақты бір өзгерістер жасалып жатыр. Жас мамандарға арналған кадрлық резервтер құрылды, іріктеу жүйесіне тестілеу мен ашық конкурс енгізілді. Бірақ, проблема тек қабылдау рәсімінде демеу керек. Ең маңыздысы — мемлекеттік аппарат ішіндегі орта. Егер жас маман өзінің бастамасы қолдау табатынын, еңбегі бағаланатынын сезінсе ғана ол сол жүйеде ұзақ қалады.
Көп жағдайда дарынды жастар мемлекеттік қызметтен тез кетіп қалады. Бұған себеп — төмен жалақы ғана деп ойламау керек. Кейбір мекемелерде ескі сарын сақталған. Жаңа идея айтқан адамға күдікпен қарау, артық бюрократия, қағаз жүзіндегі есептің көптігі шығармашыл жастарды шаршатады. Сондықтан мемлекеттік органдар ең алдымен ішкі мәдениетті өзгертуі керек. Қызметкердің бастамасына мүмкіндік беру, нәтижеге қарай бағалау жүйесін енгізу, артық есепті қысқарту — заман талабы.
Мемлекеттік қызметке білікті кадр тартуда жалақы жағдайын айналып өтуге болмайды. Қазіргі еңбек нарығында мықты мамандарға сұраныс жоғары. IT, қаржы, құқық, аналитика саласындағы кәсіби кадрлар жеке компанияларда әлдеқайда жоғары табыс табады. Осындай жағдайда мемлекет те бәсекеге қабілетті еңбек шарттарын ұсынуы тиіс. Әсіресе, кейбір мамандық иелеріне лайықты жағдай жасалуы қажет. Бұл жерде проблема тек ақшамен шектелмейді. Әлеуметтік пакет, тұрғын үй бағдарламалары, кәсіби даму мүмкіндігі де маңызды рөл атқарады.
Бүгінде әлемнің көптеген елдері таланттарды тарту үшін икемді модельдерге көшіп жатыр. Кейбір мемлекеттер жеке сектордан уақытша мамандар шақырып, нақты жобалармен жұмыс істетеді. Басқалары университеттермен тікелей байланыс орнатып, студенттерді ерте кезеңнен мемлекеттік қызметке бейімдейді. Қазақстан да осы тәжірибелерді кеңінен қолдануы керек.
Мысалы, жоғары оқу орындарында мемлекеттік басқару саласына арналған арнайы тағылымдамалар жүйесін дамытуға болады. Студент оқу кезінде-ақ министрліктер мен әкімдіктердің жұмысымен танысып, тәжірибе жинақтаса, келешекте бұл салаға бейімделуі жеңілдейді. Сонымен қатар, үздік студенттерге мемлекеттік гранттар мен кепілдендірілген жұмыс орындарын ұсыну тиімді қадам болар еді.
Тағы бір маңызды жағдай — аймақтардағы кадр тапшылығы. Астана мен Алматыда маман табу салыстырмалы түрде жеңіл болғанымен, шалғай өңірлерде кәсіби кадр жетіспейді. Жас мамандардың ауылға немесе шағын қалаларға барғысы келмеуі түсінікті. Себебі инфрақұрылым әлсіз, мүмкіндіктер кем, әлеуметтік жағдай жеткіліксіз. Сондықтан аймақтық кадр саясатына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Өңірлерге барған жастарға тұрғын үй, көтерме ақы, мансаптық артықшылықтар беру — тиімді шешімдердің бірі.
Сонымен қатар қазіргі мемлекеттік қызметкер тек заң білетін маман болмауы керек. Заманауи мемлекеттік аппаратқа аналитикалық ойлайтын, технологияны меңгерген, халықпен тіл табыса алатын әмбебап кадрлар қажет. Бүгінгі қоғам өте жылдам өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, цифрлық платформалар, үлкен деректер экономика мен басқару жүйесін түбегейлі өзгертуде. Осындай кезеңде мемлекеттік органдар да жаңаша ойлайтын буынды қалыптастыруы тиіс.
Мемлекеттік қызметке келетін адамның бойында патриоттық сезім де болуы керек. Сонымен қатар, енді дамып келе жатқан ұлттық мемлекеттерге, әсіресе, оның күштік құрылымдарына өзге ұлттардың өкілдерін көптеп тарту өте қауіпті. Кейбір азаматтар өз ұлтын жасырып, негізгі ұлттың өкілі болып жазылып, үлкен лауазымға ие болады (мысалы, К. Масимов сияқтылар). Ондай адамдар алдағы кезеңде мемлекет тағдырына үлкен қауіп тудырады. Сондықтан, әскери салада кадр өсіргенде, оның тек төл құжатына қарау, алған білімі мен тәжірибесін қаперге алу мүлде жеткіліксіз. Оның ата-анасының, туған туыстарының, өскен ортасының кім екенін зерттеп-зерделеп алу керек.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz