Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3680 0 пікір 12 Маусым, 2009 сағат 11:35

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ. “ЕМШI” ДЕСЕ ЕЛЕҢДЕП...

Халық емшiлерi хақында бiрер сөз

Емшiлiк, сәуегейлiк, көрiпкелдiк, бақсылық секiлдi туа бiттi қасиет иелерi қай қоғамда да болған. Кешегi ата-бабамыздың көшпелi тұрмыс-тiршiлiгiнен сыр шертетiн аңыз әңгiмелер мен батырлар жырында, ертегi мен жыр-дастандарында да жұлдызға қарап санайтын, болашақты алдын ала болжайтын тылсым күш иелерi жиi ұшырасады. Тiптi, жарық дүниеге келген нәрестенiң ертеңгi күнi елiн, жерiн қорғайтын ержүрек батырға айналатыны жайлы сүйiншi хабар да ерекше қасиет бойына дарыған дуалы ауыздан тарап отырған. Халық арасында мұндай жандардың аса құрметтi, беделдi, сыйлы тұлғалар қатарынан көрiнуi тектен-тек емес екенi осыдан аңғарылмай ма?!

Халық емшiлерi хақында бiрер сөз

Емшiлiк, сәуегейлiк, көрiпкелдiк, бақсылық секiлдi туа бiттi қасиет иелерi қай қоғамда да болған. Кешегi ата-бабамыздың көшпелi тұрмыс-тiршiлiгiнен сыр шертетiн аңыз әңгiмелер мен батырлар жырында, ертегi мен жыр-дастандарында да жұлдызға қарап санайтын, болашақты алдын ала болжайтын тылсым күш иелерi жиi ұшырасады. Тiптi, жарық дүниеге келген нәрестенiң ертеңгi күнi елiн, жерiн қорғайтын ержүрек батырға айналатыны жайлы сүйiншi хабар да ерекше қасиет бойына дарыған дуалы ауыздан тарап отырған. Халық арасында мұндай жандардың аса құрметтi, беделдi, сыйлы тұлғалар қатарынан көрiнуi тектен-тек емес екенi осыдан аңғарылмай ма?!
Қазiр ше? Не көп, емшi көп. Аяқ аттап басқан сайын өзiн-өзi насихаттаған емшiлердiң хабарландыруынан, газет-журналды ашып, теледидарды қосып қалсаң аты беймәлiм, толып жатқан көрiпкел, балгер, құмалақшылардан көз сүрiнедi. Апта сайын жаңа есiм. Бұған “Рахат” телеарнасындағы “Жұмадағы жүздесу” хабарын көрген талай көрермен куә болды да. Бiр хабарда кемiнде екi-үш емшiден таныстыратын телеарна емшiлердiң жекеменшiк арнасына айналып бара жатқандай ма дерсiң. Қандай құдiреттi күш екенi белгiсiз, телеарна студиясына шақырылған қайсыбiр емшiнi алсаңыз да, жазбайтын, емдемейтiн аурулары жоқтың қасы болып шығады. Оның үстiне жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптаған емшi қауымымен әдемi байланыс орнатқан телеарна журналистерiнiң сөзiне де көрерменнiң сенбеуiне лажы жоқ. Содан кейiн де алыс шалғайдағы елдi мекендерден ат арытып келетiндер қажет болса, ол емшiнiң қайда тұратынына да қарамай, iздеп жатады.
Жасыратыны жоқ, “емшiлердiң” жарнамасын жасауға газет-журналдардың да ықпалы өте зор. Осы тұрғыда кейбiр басылымдар өзiнше тосын “сенсация” жасаймыз деп халықты сергелдеңге салып қойғанын бiле бермейдi. Сайып келгенде, “аңқау елге арамза молдалар” қарапайым халықтың қалтасын қағып, соңғы жиған-терген нәпақасына дейiн сорып отыруды табысты кәсiп көзiне айналдырып келедi. Жақында бiр газетте журналист емшiлiкпен бар-жоғы екi жылдай шұғылданып келетiн Сайлаухан Әуелбаеваның айрықша талантты емшiлiгi туралы жаза келе, “басқа емшiлерден басты айырмашылығы – кез келген ауруды емдей алатындығында” деп ел-жұртты елең еткiзiптi (Менiңше, емшiнiң көбi: “жазбайтын ауруым жоқ” дейдi. Д.М). Оның сөзiне сенсек, емшi бақайшықтан басқа дейiн тура диагноз қоятын көрiнедi. “Отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды”, демекшi, осы газеттегi мақаланы шолып шыққан жер-жердегi оқырманның көрсетiлген анықтама телефонына хабарласуға асыққаны рас. Сайлаухан емшi жайындағы мақаланың жарияланғаны мұң екен, жанына шипа iздеген бiр ағайымыз әйелi екеуi араға уақыт салмай Республикалық халық медицинасы орталығына тартып отырады. Барса, бiр бүгiн емес, талайдан мазалап келе жатқан дертiн баса айтпай, өмiр-ғұмырында бетпе-бет келмеген ауруларды тiзе жөнелiптi. Сайлаухан емшiнiң дөп түспеген “диагнозын” естiген олар төбе шаштары тiк тұрып, жандәрмен күй кешедi. Не iстерiн бiлмей, “диагнозды” анықтағысы келiп УЗИ аппаратына түссе, Сайлаухан емшiнiң Құдайдың сөзiндей айтқан ауруынан құлан таза екенiне көзi жетедi. Бiр қызығы, екеуiне жан түршiгерлiк “диагноз” қойып, жүрегiн тас төбесiне шығарып, жоқ ауруды таңып берген емшi әрқайсысынан бес мыңнан он мың теңге қағып алған. Былай қарағанда, бұл сау адамды науқас қылумен бiрдей ғой.
Мiне, дәл осындай оқиғалардың бiрiн емес, бiрнешеуiн естiген соң әрiге дәтiм шыдамай Республикалық халық медицинасы орталығына әдейi ат басын бұрдым. Iшi-сырты жұпыны екi қабатты ғимаратқа енгеннен-ақ, еңсемдi бiр қара күш езiп тастағандай әсерде қалдым. Ұзақ жылдан берi жөндеу көрмеген үйдiң ұзынсонар дәлiзiнде демiмдi iшiме тартып келемiн. Мойнымды кезек-кезек бұрып есiк сыртындағы емшiлердiң аты-жөнiне көз жүгiрттiм. Бiр есiк те бос емес. “Пәленше, түгенше”, “халықаралық дәрежедегi емшi” деп атақ-дәрежесi мен қалта телефонына дейiн тәптiштеп жазып қойыпты. Бәлкiм, бұл қай емшiге кiрерiн бiлмей ойланып-толғанып жүрген адамдардың бiр тоқтамға келуiне септiгiн тигiзер деген ойдан туындаған шығар, кiм бiлсiн?! Ғимараттың екiншi қабатына көтерiлдiм. Күңгiрт дәлiздiң жамбасқа батар суық отырғыштарында кезегiн күтiп, есiкке телмiре қараған адам көп. Жасы мен кәрiсi де, еркегi мен әйелi де осында. Олар есiк жағалап келе жатқан маған “Жап-жас боп емшiлердiң орталығына келуiңе не жорық?..” деген таңданыспен қарайтын сияқты. Мен де жұрттың қарасы көп есiкке аяңдадым. Қарасам, “Академик Сайлаухан. Құрметтi халық емшiсi” деп жазылыпты. Емшiнiң еншiсiнде бiр емес, үш бөлме (емдейтiн жерi болса керек) бар екен. Және басқа есiкке қарағанда, мұнда кезекте тұрған адам да жетерлiк. Iштей журналистер бұл емшiге талай “клиент” жинап берген болды ғой” дедiм де, суық отырғыштың бұрышына жайғастым. Қарап отырғанша жанымдағы кiсiлермен шүйiркелесудi жөн санап, “Қайсы емшiге кiрерiмдi бiлмей басым қатып тұр едi, ақыл-кеңес қоспайсыздар ма?” деп едiм, алпысты алқымдаған апа: “Шырағым, осы жердiң өзi толып жатқан емшi екен ғой. Бiздiң де бастапқы кезде ойымыз сан-саққа жүгiрген. Бiреуi Құранмен емдейдi, ендiгi бiреуi сумен ем-дом жасайтын көрiнедi. Әйтеуiр, мына Сайлаухан емшi газетке шығыпты деген соң, жақсы шығар деп келiп отырмыз” деп күмәндi ойын күстаналай жеткiздi. Қысқасы, Қызылорда облысынан ат арытып келген апам “қайсысына кiрсең де өзiң бiл” дегендi меңзегендей болды. Содан не керек, Сайлаухан емшiнiң есiгiне кезекке тұрдым. Сүт пiсiрiм уақыттан соң, әңгiме бастаған оң жақ қапталымда отырған ердiң жасы елудiң о жақ бұ жағындағы ел ағасы өзiнiң таңертең ғана пойыздан түскендiгiн және барар жер, басар тауының жоқтығын уайыммен айтты. Сөйтсем, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан жеткен ағаның мұнда қона жататын туысы жоқ екен. “Ендi қайтем, келген соң емделуiм керек қой. Бiрдеңе ғып арзан қонақ үй iздеп, сонда аялдаймын да” деп артынша өзiн-өзi жұбатып қойды. “Аға, не сонда, Маңғыстау өңiрiнде емшi жоқ па?” деп сұрап едiм, “Емшi көп қой. Бiрақ мына кiсiнi газетте бiлмейтiнi жоқ деп жазыпты. Соған бола келдiм” деп әлденеден үмiттi жандай жауап қайырды. Бiраздан соң, әлгi ағам өзiн мазалаған жайттың шетiн шығарып: “Айтпақшы, бұл кiсi бiр кiргенiңе қанша сұрайды екен? Мүмкiн, бергенiңдi алатын шығар, ә? Негiзiнен көп емшi солай ғой” дедi емге үзбей қатысып жүргендерге жұмбақ көзiмен қарап. Бiр келiншек тұрып: “Әдепкiде, яғни, диагноз қойғанына 5 мың теңге алды. Қазiр емiне бөлек төлеп жатырмыз. Сiздiң егер жағдайыңыз келмесе, телефон арқылы да ем алуға болады. Мұны емшiнiң өзi түсiндiрiп бередi” деп емдеудiң жаңа заманауи “тәсiлiн” таныстыра отырды. “Телефон арқылы қалай емдеуi мүмкiн?” деп сенер не сенбесiн бiлмей, басын шайқап отырғанда ағаның көптен күткен кезегi де келiп, iшке ендi. Сөйткен аға алатын ем-домына 33 мың теңгенi алдын-ала төлеп шығыпты. Кемiнде он бес күн аялдайтын баспанасы бар, жүретiн жолы және iшiм-жем тамағы бар, қаншама қаражат кетедi. Өзiмше есептеп бақсам, анау Маңғыстаудан “Сайлаухан емшiден шипа тiлеп, жазылып кетермiн” деп келген аға жинаған қазынасын ортайтып, бiраз ақшаны арқалап келген сияқты.

 

 

ЖАСЫМ ОТЫЗҒА КЕЛМЕСЕ ДЕ, САУ-ТАМТЫҚ ЖЕРIМ ЖОҚ ЕКЕН...

 

 

Iле-шала артынан мен де кiрдiм. Бiресе өзiме, бiресе қолыма жалтақтай қараған емшi: “Қызым, саған толыққанды диагноз керек пе, әлде басқа сұрақпен келдiң бе?” деп сөйлей жөнелдi. “Негiзi мен қай жерiмнiң ауыратынын бiлейiн деп едiм. Соны айтып берiңiзшi..” деп өтiнiш бiлдiрдiм. “Мына үстелге 5 мың теңге қойсаң, бәрiн айтамын. Қалғанын сосын шетiнен төлей бересiң. Тiптi болмаса, қазiр ақшаңды берiп кет. Диагнозыңды телефонмен айта саламын” деп тiкелей шаруаға көштi. Бұдан бұрын да “ставкасы — 5 мың теңге екен” дегендi бiреу-мiреуден естiсем де, еш мойынсұнбаппын. Содан, “Шыны керек, 5 мың теңге екенiн бiлмедiм. Көп емшiлер бергенiңдi ала бередi ғой. Сiздi де солай шығар деп ойлаппын. Бар болғаны мың теңгем бар едi, ауруымды сол ақшаға ғана шақтап айтып берiңiзшi...” деуiме тура келдi. Алдына келген қалтасы жұқалтаң алғашқы клиент болдым ба, бiлмеймiн, Сайлаухан емшi: “Неге телефонмен хабарласқанда, ақшасын сұрап алмадың? Жәй бiр емханаға барсаң, бiр томографияға 25 мың теңгең кетедi. Емделгiң келсе, ақшаң жүз мыңдап шығады. Өзiм дәрiгердiң диагнозын да қажет етпеймiн. Бар болғаны 5 мың теңгеге басыңнан аяғыңа дейiн түгел ауыратын жерiңдi, дуа бар ма, жоқ па, бар болса қалай жасалғанын, үйiңде жамандықтың бар не жоғын түк қалдырмай айтып беремiн. Сен мың теңгеге айтыңызшы дейсiң, қазiр сөйлесем тоқтай алмаймын ғой...” деп ренжулi қабақ танытты да, “мың теңгелiк диагнозды” айта жөнелдi.
“...Бiр басыңның өзiнде айтатын нәрсе көп. Қазiр омыртқаңды, асқазаныңдағы ахауды көрiп тұрмын. Басыңнан зақым алыпсың. Бiреулердiң қоршауында қалып, қатты қорқыпсың. Басың, бүйрегiң, өтiң ауырады. Бел омыртқаң, сегiзкөзiң де дұрыс емес. Екi аяғың шымырлап тұр. Және екi аяғыңнан қатты боран көрiп тұрмын. Суық алған. Тамақ саған дұрыс сiңбейдi. Құлағың ауырады. Алқымыңды қалқан бездерi қысады да, ауа жетпей қалады. Өзiң жап-жассың, ал өңiң қандай сұп-сұр. Оның бәрiнiң причинасы бар. Емделу керек. Ақшам жоқ деп жүре берсең, өзiңдi құртасың. Ал егер дәрiгерге барсаң, ақшаң неше есе шығып кетедi. Оның өзiнде олар дұрыс диагноз қоя алмайды. Олар бiр ғана ауруды емдейдi де, шипасы дари бермейдi. Себебi, оған ауру басқа жақтан келгендiктен, бiр-бiрiмен байланыстыра емдеу қажет” деп сау-тамтық жерiмдi қалдырмады. Аз жасымда осыншама аурудың түрiн көтерiп жүрсем, 50-60 жастағы қарттық меңдей бастаған аға-апаларымның халi нешiк? Ойладым да, шошып кеттiм. Алайда, өне бойымда аздап суықтың бары сезiлсе де, бұған дейiн басымның зақым алғанын, өтiм сыздап, омыртқамның батыра ауырғанын байқай қоймаппын. Денем тiтiркенiп, бiр түрлi қорқыныш билеп алды. Бұл ғимаратқа алғаш кiргендегi екi иығымның түсiп кеткенi түк емес екен, мынандай “диагнозды” естiген соң орнымнан тұра алмай, аяғым алға бастырмай сарыуайымға баттым.
Емшiнiң сөзiне сенсек, егер жол жүрiп, уақытыңды зая өткiзгiң келмесе, алыста жатып-ақ ұялы не жәй телефонына хабарласып ем қабылдауға болады екен. Тiптi, телефон арқылы үйдiң, темiр тұлпардың iшiне дейiн аралап, жамандықтан тазартатын “СайлауСуды” дайындап бередi-мiс. Ол ол ма, халықаралық дәрежедегi емшi: “Маған Греция, Франция, т.б. шет мемлекеттерден телефон арқылы байланысқа шығып, ем алатындар бар” деп сенiмсiз отырған менi иландыруға тырысты. Егер телефонмен сөйлесiп, дертiңнен “айығып кетем” десең, Сайлаухан Әуелбаеваның арнайы есеп-шотына қажеттi ақшаны аударып отырсаң болғаны. Мiне, қызық! Жаңа технологияның пайдасы қайда жатыр? Үйiңде жатып-ақ ем ала бересiң, оның ақысы емшiге әп-сәтте түсiп отырады. “Құда да тыныш, құдағи да тыныш”.
Ертедегi халық емшiлерi қандай сырқатты жазса да, ақы сұраған емес. Емделушiнiң бергенiне риза болып, кете берген. Қазiр ше? Жаңа ғасырдың “халық емшiлерi” белгiлеген “ставкасын” бетiңе былш еткiзiп айта салудан шiмiрiкпейтiн болыпты. “Алланың өзi де рас, сөзi де рас” деп Құранды оқып, Аллаһтың атымен “диагноз” қоятын кейбiр “емшiлер” қара халықты түзу жолдан тайдырып, адастырып жүрген жоқ па, осы? Шын мәнiнде, академик, халықаралық дәрежедегi емшi – Сайлаухан Әуелбаеваға өз аяғымен келген немесе телефонмен хабарласқан көңiлi күптi жан сырқатынан айығып кетiп жатыр ма?! Қойған диагнозы ше? Оның нақты екендiгiн немен дәлелдейдi? Емделушiнiң әр емге жырып төлеген ақшасының желге ұшпауына кепiлдiк бере ала ма? Осы сынды жауапсыз сұрақ көп. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, жанына шипа iздеген жұрт дәрiгерге емес, емшiнi, көрiпкелдi, құмалақшыны жағалайтынды әдетке айналдырған. Сөйтiп жүрiп, алтын уақытын бос жiберiп алғанын, бас-көзi жоқ ақшаны мақсатсыз жолға жұмсағанын кеш түсiнiп жатады.

 

 

“ҚЫЛКӨПIР” – ЖОЛБИКЕЛЕРДI ӨТКIЗБЕЙДI

 

Сөз жоқ, халық емшiлiгi ата-бабалардан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тектiк қасиет. Кешегi жазба мәдениетiмiз мен медицинамыз дамымаған кезеңде бақсы-балгер мен емшiлер кез келген iндеттiң алдын алып, бетiн дер уақытында қайтарып отырған. Өзiнiң киелi өнерiн мұрагерiне ауызша жеткiзген олар ерекше қасиетi арқылы талайдың жанына сауға боп, өмiрiн сақтап қалған. Сондықтан да халық осы тектес нағыз емшiлердiң табиғат сыйлаған дарынына тәнтi боп, мойындап, қоғамның белдi мүшесi ретiнде санаған.
Ал бүгiнде, әсiресе, қаржы қыспағы алқымнан алған уақытта саны бар, сапасы жоқ емшi қауымына лек-легiмен қосылып жатқандарда есеп жоқ. Бұған бұрын “Рахат” телеарнасы арқылы көз жеткiзiп жүрсек, ендi “Алматы” телеарнасындағы ресейлiк “Битва экстрасенсов” бағдарламасының көшiрмесi iспеттес “Қылкөпiр” хабарын қарасаңыз жетiп жатыр. Қазiргi кезде байқаудың екiншi кезеңi басталып кеткен. Әйтiп-бүйтiп бiрiншi кезеңнен екi жеңiмпаз iрiктеп алынды. Алайда, қаншама емшi өзiне деген сенiмдiлiкпен қатысып отырса да, берiлген тапсырманы дөп басып тауып, көрермендi ерекше таң қалдырып жатқанын байқамадық. Сол кездерде “Бұларға да аңғал халық сенiп жүр ғой” деп iштей ызаландық та. Әрине, хабарды бастағаннан кейiн, оны соңына жеткiзу мәселесi тағы бар. Бiрақ, байқауға қатысуға ниет бiлдiрген “емшiлердiң” қай-қайсысы да “Қылкөпiрдiң” ғұмырлы болуына емес, керiсiнше қысқа қайыруына әрi мазмұнсыз өтуiне алып келе жатқан сияқты. Бiрiншiден, бұл хабардың нәтижесiнде әдеттегiдей нәпақаның iзiн қуған сансыз “емшiлер” жарнамаланса, екiншi жағынан, қарапайым көрермен де бiлдей “Халық емшiсi” деген атақты ақ тер, көк тер болып арқалап жүрген жасампаз емшiлердi айыра бiлетiн жағдайға жеттi.
“Қылкөпiр” хабарының редактор-жүргiзушiсi Досан Қызайбекұлымен тiлдескенiмiзде, “Хабардың мақсаты – емшiлердi дәрiптеу де жамандау да емес. Көрерменнiң өзi хабардың әр санын қарап отырып, шындыққа көзiн жеткiзетiн болады” деген-дi. Оның айтуынша, емшiлердiң бiршамасы байқауға қатысуға өзi ниет бiлдiрсе, көбiсiн бiз бас сұққан республикалық халық медицинасы орталығы ұсынады екен. Соның арасында жүргiзiлген iшiнара iрiктеудiң нәтижесiнде байқау үмiткерлерi шығады. Айтпақшы, “Қылкөпiрдiң” бiрiншi кезеңiнде сынаққа түскендер өзiн нағыз емшi ретiнде көрсете алмай, сүрiнбейтiн жерде мүлт кеткенмен, олардың емшiлiк беделiне нұқсан келмеген сияқты. Сондай көңiл қаларлық осалдықтарын бiлдiрiп қойса да, толып жатқан атағының арқасында қызметiн әрi қарай жалғап, орталықтағы жылы орнын суытқысы келмейтiндей. Сенбесеңiз, халық медицинасы орталығына барыңызшы, “Қылкөпiрден” ұшып кеткен экс-үмiткерлердiң бейқам түрде сырқаттарды қабылдап, емдiк шараларын жасап, “шипа сыйлап” жатқанын өзiңiз көрiп, куә боласыз. Басыңызды шайқап, “Ей, аңқау халқым-ай! Неткен көрсоқыр едiң!” деп айқайлап жiберуге шақ қаласың. Бiрақ, амал нешiк, имандай иланып алған жұрттың көкiрек көзi ашылмайынша, сендiру қиынның қиыны.
Осыдан кейiн Құран ұстап өздерiн құдайшыл ретiнде танытуға әуес басына ақ сәлде оранған кейбiр дүмше молдалар мен сауатсыз емшiлер халықты имандылық жолына салудан гөрi, одан безiндiруге үлесiн қосып жатыр ма деп үрке шошимын. Шынында да, “Аллаһтың ақ жолын таңдадық” деген солардың өзi дiндi бiлiм мен ғылымның емес, нарықтың көзiне айналдырып алған жоқ па? Республикалық халық медицинасы орталығына барып, бәрiне өзiм көз жеткiзгелi берi осы бiр күмәндi ой күндiз-түнi басымнан шықпай қойды.

 

 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
«Түркістан» газеті 4 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608