Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2962 0 пікір 22 Ақпан, 2011 сағат 05:31

Жомарт Әбдіхалық: «Ақселеуге жаздым хат…»

Ақселеу Сейдімбек пен Жомарт Әбдіхалық! Екеуі де бірегей жаратылысты егіздей еді: сұлу сұңғат, сырбаз мінез, сырықтай бой, сабырлы ой, терең білім, телегей тәлімді ілім... Ұлт қамын діт­теген нағыз зиялылар осылардай-ақ болар. Жан аямас, тағ­дырлас достар-тын. Заманы бір, зары да бір құралпы. Өмірдің кейбір өксігі мен өкініші жалын атқызып, аһ ұрғызатын. Тағылымды да танымдық еңбектерін аманаттап кетіпті. Қайсыбірін тізерсің. Ақселеудің 6 томдық шығармалар жинағы жуырда ғана оқырмандар көзайымына айналды. Жомарттың өзі көрмей кеткен «101 толғам, 1001 түйін» кітабы мен «Ой-қазына антологиясы (ХХ ғасыр)» жобасының алғашқы томы іспетті сүбелі еңбектері ғұмырының жалғасындай боп қалды.

Қабырғалы қаламгерлер хат жазысуға да мұрсат тауыпты. Мына ұсынылып отырған топтама-хаттардың үзік-үзік сорап­тары 1970-1998 жылдар аралығын қамтиды. Ойға түрткі болар тебінгідей тұстарын ойып алғанбыз... Тастай қашалған тіркестер... Қан-сөлі мол мәтіндер... Айналып келгенде, Тәуелсіздіктің тұғырын оймен нығай­тып, туын асқақ желбіретеді!

Хатыңды алысымен іле әңгімені де оқып шықтым. Жәй қоңыр салқын ғана әсер берді. Екі шалыңда да даралық мінез өріліп шығатын өзек бар, бірақ әңгімеде көздеген идеяға жыға алмапсың және негізгі идея көмескі қалған.

Ақселеу Сейдімбек пен Жомарт Әбдіхалық! Екеуі де бірегей жаратылысты егіздей еді: сұлу сұңғат, сырбаз мінез, сырықтай бой, сабырлы ой, терең білім, телегей тәлімді ілім... Ұлт қамын діт­теген нағыз зиялылар осылардай-ақ болар. Жан аямас, тағ­дырлас достар-тын. Заманы бір, зары да бір құралпы. Өмірдің кейбір өксігі мен өкініші жалын атқызып, аһ ұрғызатын. Тағылымды да танымдық еңбектерін аманаттап кетіпті. Қайсыбірін тізерсің. Ақселеудің 6 томдық шығармалар жинағы жуырда ғана оқырмандар көзайымына айналды. Жомарттың өзі көрмей кеткен «101 толғам, 1001 түйін» кітабы мен «Ой-қазына антологиясы (ХХ ғасыр)» жобасының алғашқы томы іспетті сүбелі еңбектері ғұмырының жалғасындай боп қалды.

Қабырғалы қаламгерлер хат жазысуға да мұрсат тауыпты. Мына ұсынылып отырған топтама-хаттардың үзік-үзік сорап­тары 1970-1998 жылдар аралығын қамтиды. Ойға түрткі болар тебінгідей тұстарын ойып алғанбыз... Тастай қашалған тіркестер... Қан-сөлі мол мәтіндер... Айналып келгенде, Тәуелсіздіктің тұғырын оймен нығай­тып, туын асқақ желбіретеді!

Хатыңды алысымен іле әңгімені де оқып шықтым. Жәй қоңыр салқын ғана әсер берді. Екі шалыңда да даралық мінез өріліп шығатын өзек бар, бірақ әңгімеде көздеген идеяға жыға алмапсың және негізгі идея көмескі қалған.

Рас, «шалдарға қоғам пенсиядан өзге не беріп отыр? Рухани рахаты қайсы?» Қартайған да - бір бала. Қоғам оларды әлпештеуі керек шығар. Ал, шын мәнін­де жағдай қалай қалыптасып отыр?

*  *  *

Сен Төленнің (Әбдіков) «Қонақта­рын» оқыдың білем. Міне, дәл сонда іш ау­ыр­татын әлеуметтік объективті проблема бар. Сендегі мәселе одан қораш емес. Онда: бала қуанышын қызықтай алмай ынтызар әрі ішқұса болған ата-ана қалай кейіптеледі?!

*  *  *

Сенің әңгімеге алған екі шалың өз халдерін (идеясын) өздері жеткізіп бере алмай тұр: олардың бейуана «күйкілеу» тіршілігі олардың қандай жағдайды қа­лай­тынын айғақтап берсе керек еді; сол өз көкейіңдегі идеяны суыртпақтап де­тальға, диалогқа және басқа эпизодтарға тарата отырып жеткізу құп болар еді; мәселені шешіп тастау әңгіме үшін шарт емес, бірақ кульминация не финалда жанға бататын жер бадырая көрінсе, ремаркамен берілетін өз үніңді өктем етсең, - ұтыс біздің қолда болар еді.

*  *  *

Бір жеті төсек тартып бас көтерген болып отырмын қазір. Көңіл-күй орнық­ты емес: аңсау көп, арман көп, тынған іс жоқ, тыным қайдан болсын. Тұрмыстың ойқы-шойқысы білінетін; адамдарға ер­ек­ше үміт жүктемейтін қалыпқа бекіп, тоңазып алған жақсы; «өзіңе сен өзіңді алып шығар, қайратың мен ақылың екі жақтап» дегізген тіршілік қой, басқа не ұлылық дейсің бізге қалған.

*  *  *

Сосын, өзіңе звондап та айтармын, бізде бір жас бүркіт бар. Қазір қолда, бір білетіндеу қарттың баптауында. Бірақ, қор қыла ма деп күдіктенем. Осының бір ыңғайын шешейік.

*  *  *

... Қазір Оралханның әңгімесі жария­ланып жүр. Мен бұрын ниет қоймаушы едім, жігітіңде едәуір поэтикалық стихия бар боп шықты. Әңгімесі әлі біткен жоқ, бірақ бірлі-жарым стильдік ауытқу­ла­рына қарамастан (образдың идеялық-тұр­паты өз алдына әңгіме), осы жігітіңнің қалам ұстасына көңіл жібитін сыңай бар. Әлі көрерміз...

*  *  *

Қысқасы, қоңыр өмір, жәй тіршілік; үлкен қиял, асқақ сыр билеген шақта, осы екі тіршілікті жымдастыра алмай, қиюын қашырып әуре-сарсаң ой азабына түсесің; адамды өз тарапынан кінәлау, көңіл толмастық билесе, қандай зауық боларын білесің ғой.

Бір себептен, менікі шарасыз, дәрмен­сіздіктен емес; екіншіден, нигилист, скеп­тик көзқарасындағы құр даланы қарману дегенге де келмейді; ал аздаған негіз бар деп ойласақ, нәтижесі мәз емес, - сонымен толғануың көп, тындырарың жоқ көкірек керген көп қиял боп жүріп жатқан.

*  *  *

Хат жазуды кімге болсын салақсытып, көп нәрседен көз жазып қалғалы жүрмін. Өзіңнен келгелі үн бермегенім жақсылық емес; хаттың мазмұн сипаты бір сергітіп, марқайтып тастаса деген талап болады да, күнделік кірбеңі «кімге дәрі» дегендей, мәз ештеңе таппаған соң, бой тарта бе­ре­сің. Үнсіз жүргеніме іштей бір себеп осы.

Мен өзімді «кіжінуі мен күшенуі көп­тің...» біріне санаймын. Неғылса да, іштей қайшылықтың өршуі басым... әлі сенделуі мол.

*  *  *

Кешелі-бүгін Андре Моруаның «Әде­би портреттері» қолға түсіп, Антуан де Сент-Экзюпери (әсіресе) ықылас ауда­рып тұр. Айтуынша, ол әрекеті мен ақыл-ойы тоғысқан (ал бұлай болмаған өмірде ол іс-тағдыры мен арман-ойының сырын жетік түсінген) ерекше өмірдің (әрине, өз қоғамының) адамы.

*  *  *

Ел жайы біркелкі тіршілік; күнделік (эволюциялық даму) жағдайында. Егін ек, шөп шап... - боғыңды пышақтап ойға беріліп тығырға тірелме - әрекет! Әрекет - барлық мән осында.

Істегенің неғұрлым көп адаммен тағ­дырлас қимылға ұласса - тыныштық, тояттық сонда ғана...

*  *  *

Кейде сенің (сендердің) теориялықты көп оқисың деп «жындарың келетіні» бар. Жанашырлықты адамның кез келгені тү­сін­генмен, көбісі көп ретте самарқау ниетпен қабылдайды. Жалпы, адамдар өз болмысынан биік секіре бермейді ғой. Егер мен оларыңа құлақ аспасам, сол тұрғыдағы «кемшілік» шығар. Бірақ пікірдің көбі, кімнен шықсын, жадымда сарапта жүреді...

*  *  *

Маған қазірге дейін дү­ние сырының теория­лық моделін түсіну, практика­лық істің ұғым, идеямен астарлас аңғарын ұғу - негізгі іс болып келген тә­різді. Әрнеге бір (әрине, кітаби концепциялар, әл­еу­меттік ғылым жобалауларын айтып отыр­мын) шұқшия беретінім де содан.

*  *  *

Өткенде болған творчество жайлы аз әңгіме саған қаншалық әсер бергенін білмеймін, бірақ менің назарымды аударғаны: жазылмыш дүниенің тақырыбы, геройы туралы мәселе.

Бұл әлі менің өз ұғымымда сан-сала тұспалы бар, санамды билеген көкейдегі сұрақтар. Негізі ізделетін нәрсе біреу болған соң, пікірге пікір қосып, ой тірілте беру артық болмайды.

*  *  *

Жалпы бұрынан айдай анық қандай нәрсе болсын ол әрбір адамның өз сана­сында пісіп, түлеп, егжей-тегжейлі жетілуі керек, әйтпесе өзгенікі әсерсіз, пайдасыз қалпында қала береді. Мен соны өткердім.

Толстойдың: ойланған нәрсені ойлап нең бар, оны дайын күйінде ал да, әрі қарай тарт деуінде үлкен мән бар. Іздеуші жалғыз біз ғана ма?..

*  *  *

Толстой да, Бальзак та өмір бақи өз орталарының мәнін, жолын іздестірумен болған. Сонымен бірге өздері де сан қилы шарқ ұруды бастарынан өткерген. Кейінгілері де сондай. Өмірдің жаңғыруы - үнемі болып тұратын құбылыс, ол - адамның са­насындағы күрес; тіршілікте болып жат­қан іс-әрекеттер. Оның бәрі бүкіл адамзат­тың өзгеруіне, жаңа дүниенің қалыпта­суына, одан соң оның да ескіруіне әкеп тірейді.

*  *  *

Турасы, меніңше, жаңа дабыл, жаңаша бір дүр сілкінуді жан-жүрегімізбен сезініп, өткере алмай жүрміз, білем. «Өсіп келеміз, жетілдік» деп құдайдың құтты күні қақ­саймыз ғой.

*  *  *

...Өмір схемаға толып кеткендей немесе халық қалыптан шығып кетпейтіндей бір схема болып барады ғой тіршілік. Бұл да қаншаға барар дейсің. Теңгермешіліктің қандайы да жақсы емес.

*  *  *

Дүние ешқашан тепе-тең құбылыстан тұр­майды. Біздің қазіргі өмірімізде орын ау­ыстыру (шаланың шоқ орнына, көненің жа­ңа орнына... деген сияқты) зардаптары көп. Мүмкін, мұның өзі даму қайшылығы шығар.

Қайткен күнде де біз жаңғыруды бүкіл болмысымызбен сезінуге мейлінше жан салуымыз керек.

*  *  *

Дүние - күрделі, ылаңды, қалай бұрап ұрсаң да, апшысы қуырылмас ұлан-ғайыр процесс. Соның ұйқы-тұйқысын сезінсең, жалғыз-жарымның өмірі - бір шөкім шырпы тәріздес...

*  *  *

Негізгі жұмыс - газет мүддесінің ұң­ғыл-шұңғылы. Көңілде көп барлау бар, бі­рақ соның бірде-бірі қағаз бетіне түскен жоқ. Ең өкініштісі осы. Жалпы менің жа­ратылысым баяу ғой, оның үстіне ішкі-тысқы өмірден едәуір қайшылық көрем де, құр міңгір ойдың шылауында булыға берем. Бұл бір сарын сыр.

Енді біздің пікірлестігіміз, творчес­тво­лық араластығымыз молайғаны мақұл. Оның екі жақты көп мәні бар.

*  *  *

... Тұрмыстың алаңсыз жағдайы көп нәр­сеге стимул болар еді, бар болғанда, біз әуелі тіршілік, күн көріс қамын күйт­теу­мен әуреміз ғой. Бұл аз уақыт, өткінші уақыт болуы мүмкін, бірақ осындай сәттер жігерді құм етпесін!..

*  *  *

Өмір ес тандырып күлгізбейді де; әр нәрсенің себеп-салдарын сезіп, біліп қалған соң, күйзеліп-күңіренуге де орын қала бермейді. Адам не нәрсеге де тәуелсіз болсам дейді - бұл оның өмір бақи пендешілік аңсары, бірақ бостандық - қажетті мәж­бүр­ліктердің сыр-қатпарын ұғып білуде жатыр (Энгельс). Адам баласына бұл фәниде одан өзге жолдағы күрестің бәрі далбаса. Бұдан өзге тәуелсіздікті мен әлі түсінгем жоқ.

Бұл - біздің бүкіл айтар үлкен-кіші ойымыздың діңгек қазығы.

*  *  *

Стендаль: «Дүниеде адамның бір-біріне ақыл-пейіл білдіруінен арзанға түсетін ешнәрсе жоқ» депті (еркін алып отырмын). Басқа қарым-қатынастың бәрі материалдық өлшеммен белгіленеді дегені болуы керек.

Ол дәулетті болудың не екенін ащы-тұ­щысымен көрген адам, сосын да айтқан шы­ғар. Менің айтайын дегенім: мәжбүрлікті (необходимость) сезіну, мой­ын­дау - қандай шешім, идеялар туғызады деген сұрақ.

*  *  *

Мен әлгі: Гегель қарт­тың «Әр жылғы еңбек­те­рін» аударып-төңкеріп, «ая­­ғынан қойған» боп оқып, кешеден бері «көн жібітіп» жатырмын (Екінші томда сабақ жайлар мол).

*  *  *

... Сенің неге құла­зи­ты­ныңды мен ішінара ға­на сезем. Рахат тіршілік - бүкіл қасиетіңді (әрине, творчестволық кең мағы­на­дағы қабілет) шектеусіз жарыққа шыға­руда, қала­ға­ныңша гуманистік мұ­рат­­тың іске асуында емес пе?..

*  *  *

Бұл хат осымен аяқталғалы отыр. Са­ғыныштан кісі өлмейді, сарғайып бітеді. Сенің базынаң - хат жазсайшы дегенде, - менікіндей сағыныш қой. Оныңды әбден сезінем. Бірақ бүгінгідей жарық күн бола бермейді (Күннің шуағы жаныңа жақын адамдарыңды қиыншылықтағыдай үйіріп әкеледі екен, оны жаңа осы хатты бастап жазарда аңғардым). Сосын іштей күбірлеп, сәті түссе, осылай шертіп-шертіп аласың. Сен бейне осы сәт қасымда болар ма едің...

*  *  *

Нысаналы биіктік оңайлықпен иек арт­тырмай жүрген шақта, іздену-шарқ ұру­дың тізгіні тең түспей жататыны танымал жай. Ежіктеу емес (естіген де шығарсың), мына бір жөнді пікір естен кетпейді: егер бір теңгесі барлар өзара алмасса, өзгеріс жоқ, ақшалары сол бір сом қалпы өздерінде қалады, ал бір-бірден идеясы барлар екеуара алмасса, онда әрқайсысы байлығын екі еселей алады дейді екен.

*  *  *

Әңгіме-хатыңды назармен оқып шық­тым. Ой-рухты мазалайтын бір қайшы­лық­ты ұстапсың; әңгімеде шешім (төрелік үкім) тура айтылмайды, бірақ идеал-тен­денцияң айқын, - бірінші, осыған қуан­дым. Композиция біртұтас идеяны қуат­тап, қызмет етіп тұр.

*  *  *

Сүйгенге қосылу - ежелден арман. Екі жақты махаббат сирек нәрсе, бұл өмірде бір-біріне түс-тұрпат, арман-аңсары ұқсас екі адам табылмайтыны сияқты әртүрлі сыр-сипаттан келіп шығады.

*  *  *

... «Адам не нәрсеге де тәуелсіз болсам дейді - бұл оның өмір бақи пендешілік аңсары. Ал, бостандық, еркіндік атаулы амалсыз мәжбүрліктердің сыр-қатпарын ұғып білуден басталары хақ».

Эпиграфқа келтірген пікір осылай тұ­жырымдалады. Бойлап қарап бағып отыр­сам, не нәрсені біліп алғанда емес, мәселе содан кейін басталар әрекет-амалда көрі­не­ді. Бұл кәдуілгі нақтылы өмірге шақыр­ған диалектиканың үні.

*  *  *

Ынтасыз істен көбіне жағымсыз нәти­же шығады, сосын да құлық соғуын аң­дып, қаламнан қашқақтайсың. Ал хат шіркінге келгенде кідіріс бар ма? - Жаныңмен астарлас адамың болсын тек!

*  *  *

Бүкіл адамзаттың прогресс жолындағы үлкен ынтызар бір ғана мұраты бар, ол - адам баласын езгіден, мәжбүрлік атау­лы­дан құтқару. Ұлан-асыр әлемде бұдан парасатты күрес жолы бар-ау деп өз басым ойламаймын. Еншіміз осыдан болса да...

*  *  *

... Біз шектеулі мүмкіндіктің ғана ада­мымыз. Біле тұра, ести жүре бармақ тістейтініміз де содан. Етіктің өкшесіне шеге қақ­сын мейлі, бір адамның басына байлау ат­қарар істе қисап жоқ. Бірақ, күй­кен­тайлап күн көрумен өлшеніп өткен ғұ­мыр тақым жаздыртар емес. Кіжін мейлі, құлшын мейлі. Маған жанасты шындық осындай.

*  *  *

Қалыпты тіршіліктің илеуіне көну - көптің көріп жүрген ісі, ал қарсыласу, қалауың бойынша әрекет - санау­лы­лардың ғана еншісіне тиген шаруа. Жерде қалғың да келмейді, жалаңаяқ жүру де ұят, дегенмен беті қайырылған іс жоқ. Түрен түспей тілек айтып жатсың ғой...

*  *  *

Музыка өнерін тек тыңдап, жоқ-бар­ды жобамен құр тамсану ғана емес, оны еркін меңгеріп ойнап, орындап жүрген сенің көкірегің менен де, мен тәрізді қара қазақтың көбінен де әлдеқайда даңғыл, зерек, зергерлі әлем.

Осы орайдағы бір пікір: сенің күй аңызын кешіктірмей қолға алуың қажет. Халықтың өзін өзіне, одан соң өзге елге танылуы үшін ондай еңбектің құны мәңгілік өлшеусіз.

*  *  *

Қазір стихиялы дамудың заманы емес, мемлекеттік машина адамның қай сала­дағы дербестігін тұмшалап тұрған заман, бірақ бұл өткінші кезең деп тұ­жы­рым­далып жүр ғой; сондықтан да бізге ең керегі - соқырдың аймалағанындай бағдар іздеген білім емес, салауатты-салдарлы жүйеге негізделген қару қажет. Ол, әсі­ресе, ел басқарғансып жүрген дүм­ше интеллигент, саяси «қайраткер­лер­ге» қажет. Тарихтың ұзына көшінде билік керуені мен білім, парасат керуені ұдайы теке-тірес жолмен келеді.

*  *  *

Өмірдің нақты жағдайында адамның қатысуымен, адамның қолынан өтетін іс-әрекет, құбылыс, жұмыс-шаруалардың бә­рі әуелбаста мойындалған теория, прин­цип, қағидалардан бір мысқал болса да ауытқу (яки үйлесімсіздік) заңдылығымен ерекшеленеді. Дәл осы ретпен келгенде де бас­шылықтың жауапкершілігі тым айрықша.

*  *  *

Мен саған басшылық және халық (тағ­дыр, мүдде, мақсатын тегіс ала оты­ра) байланысындағы тақырыпта пікір су­ыр­т­пақтап отырмын. Біздің елде, әдетте, басқарушы халықтан (тіпті еңбекші тап өкілінен) сұрыпталып алынады, бірақ шын­дығында, басқарушыны басшы таң­дай­ды. Халық ұйымдастырудың арқа­сын­да бірауыздылықпен мақұлдайды. Мұн­дай демократия бір басшыны бір басшыға мадақтатып, оны халыққа ма­құл­датуға дейін ұйымдастырушылыққа ұласты.

*  *  *

Повесте («Аққыз») Аққыз да, Най­ман­­тай да сенің айқын тенденцияңды жы­ға танытардай характер логикасымен мүсінделмеген. Одан туған ақау - шы­ғар­маның бүкіл идеялық тізгіні ат мойнында құр бос салбырап тұр.

*  *  *

Өмірдегі қандай қиюласқан қызық оқиғаның ізі көркем идея, адамгершілік концепция ұсынудың жолы емес. Ол белгілі байланыстарда ғана құнды.

*  *  *

Жазу жұмысы - адамның саналы, мақ­сатты еңбек әрекетінің бір түрі. Оны процесс ретінде, объективті-субъективті құ­бы­лыс ретінде танып-білуге болмай­ды деу қате (мұның дәлелі жеткілікті). Ал не нәрсені терең игеріп біле бастаған соң-ақ оны (өнерді) бірсыдырғы ерекшелік көр­кем­дік қабілеті бар адам дұрысырақ ту­дыруға қалыптаса береді. Жалпы тіл білу, оны белгілі дәрежеде көркемдік орам­мен қолдана білу артықшылығы шы­ғармада көркем бейне, жөн идеялы эсте­тикалық дү­ние туғызуға тек алғы­шарт баспалдақ қана.

*  *  *

Сосынғы орайлы шаруа «Бір атым на­сыбайдың» жазылып қалғаны болып от­ыр. Міне, мұныңда бағдар түзу, мұрат биік. Өрнек, орындалуы да ортадан жоға­ры. Осы шығарманың жазылу фактісі ар­қылы айтатын бірер пікір мынандай: Жал­пы көркем әдебиет практикасында баянды қалыптасқан бірінші жақ - біздің халық­тың шешендік өнері мен әңгіме­шілдігінде бастау алып, кейінгі реалистік жазба әдебиетімізде кемел психологизм, әсерлі экспрессиялық көркемдікпен байи түсті. Абырой беретін түрді қолданып шы­ғарма жазу, әрине, эпигондық бола бермейді.

Иншалла, бұл шығармада сен одан та­засың; солай бола тұра түрдің мазмұнды (көркемдік мүмкіндікті) шектейтінін айтқым келіп отыр.

*  *  *

Жалпы, баяндаушы «мендердің» мүм­кіндігі әр дәрежеде болып келеді. Терең­ге бармай-ақ бір-екі мысал - Стефан Цвейгтің бірінші жақпен беру тәсілі, Ғ.Мүсіреповтің және С.Мұқановтың мендік тұрғыдан баяндау ерекшеліктері - үшеуі (өзгелерді бы­лай қойғанда) үш дара деңгейде емес пе?

Ал менің құптайтыным - солардың іш­індегі ең жетілгені - объективтік ав­торлық баяндау-бейнелеу деңгейіне көте­ріл­ген бірінші жақ. Оның мүмкіндігі хас реалистік шығармада мүлдем өлшеусіз; тек интеллектуалдық, суреткерлік қары­мың жетіссе болды.

*  *  *

Сен Достоевскийдің Раскольниковке кем­пірді қалай өлтірткізгенін оқып көр­ші... (Бірінші бөлімді тұтас, асықсаң - сол бөлім­нің жетінші тарауын қарарсың). Жал­пы ал­ғанда, сен үшін әлі алынбаған қамал - об­ъек­тивтік баяндаудың реалистік бедерлілігі. Бұл суреткерлікті ойлылыққа, аз айтып, көп ма­ғы­на беруге, кемел психологизмге апа­ра­тын жол. Сөз өнерінің көр­кемдік даму са­ты­ла­ры осы тенденцияны шарықтатып келеді...

Әзірлеген Қайсар ӘЛІМ.

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392