Сенбі, 23 Қараша 2024
3468 0 пікір 14 Маусым, 2018 сағат 12:32

Ұлттық экономиканың жетекші күші - қандастар!

Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында демографиялық мәселеге айрықша көңіл аударған. Демографиялық жағдай Қазақстан үшін әрқашан да маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Оның себебі – жеріміз ұлан-байтақ кең, ал халқымыздың саны әлдеқайда аз.

Демография – кез келген мемлекеттiң басты қазынасы, болашағы, тiрегi. Қайсыбiр мемлекет болсын, өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Шыны керек, демографиялық серпiлiстi бiздiң елдiң күткенi қашан. Дүйiм қазақ армандаған 20-25 миллионға қашан жетемiз? Қазақтың ендiгi арманы – халық санының көбеюi. Әрине, қараға батқан ханға да батпай қоймайтыны сияқты, Елбасы жыл сайынғы жолдауының бiр тармағын демографиялық ахуалға арнайды. Оның iшiнде ана мен балаға арналған атаулы көмек, жәрдемақы, көшi-қон: оралмандар мен ата-мекенiне бiржола келетiн қандастарға көмек қолын созу сынды бiрқатар мәселелер сөз болады.

Бүгінде халық санының өсуі әр облыста әртүрлі. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы мен  оған көршілес өңірлерде бұл көрсеткіш  өте төмен. Бұл – алаңдататын жағдай.  Өйткені, кез келген елдің экономикалық жағдайы жақсарып, тұрмыс деңгейі жоғарылаған сайын  сырттан келушілер  көбейе түседі. Айталық, Еуропаның Ұлыбритания, Франция сияқты  дамыған елдеріне соңғы жиырма-отыз жылда сонау Африкадан бастап әлемнің әр түкпірінен әр түрлі ұлттың  өкілдері көптеп қоныс аударды. Соның салдарынан жергілікті ұлт өкілдерінің пайыздық мөлшері барынша  азайып кеткен. Бұл сол елдерде кәдімгідей алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл  жағдай бүгін болмаса, ертең Қазақстанда да орын алуы әбден мүмкін.

Яғни, Қазақстан өркениетті елдердің қатарына  жақындаған сайын сырттан  келушілер  көбейе береді. Жасыратыны жоқ, мұның астарында мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі де бар. Сондықтан да қазір Ресей  бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, жергілікті  халықтың санын көбейтуді қолға алуда. Біз ше?! Бұл ретте шетелдік қазақтардың басым көпшілігінің көп балалы екендігін де ескерген жөн. Яғни, олардың Қазақстанға әкелер ең  үлкен байлығы – адам.

Осыған орай, алдағы уақытта этникалық көші-қон жұмыстары қолға алынғанда Қазақстан үкіметі облыстық әкімшіліктермен бірлесе отырып, демографиялық өсімі төмен, бірақ ауылшарушылығымен, басқа да түрлі кәсіпкерлікпен айналысуға  ыңғайлы елді мекендерді анықтап, көп балалы оралмандарды сол жерлерге орналастыру жөнінде арнайы бағдарлама не жоспар жасғаны дұрыс.

Кәсіпкерлік және қазақ диаспорасы

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс деп отырмыз. Ал сонда көздеген мақсатымызға жету үшін не істеу керек? Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында бұл мәселеге жан-жақты тоқталып, нақты әрі айқын жауап берген. Яғни, Елбасы ең дамыған отыз елдің қатарына  қосылуда бәсекелестіктің барынша қатал болатынын, соған орай «ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс» деп атап көрсетіп, осы жолда жеңіске жету үшін қажетті бірнеше мәселелердің басын ашып берді.

Солардың бірі ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету. Міне, осы мәселеге келгенде ойландыратын біраз жағдай бар. Біздің халқымыздың экономикалық тайталас пен бәсекелестікке әлі де толық бейім еместігін мойындаған жөн. Мысалы, дүниежүзінің барлық елінде кез келген халық егін егіп, мал өсіретін жер мен су болса ешкімге алақан жаймай, аянбай жұмыс істеп, жақсы өмір сүреді. Ал бізде жер де, су да жетеді. Бірақ көптеген ауылдар  жер мен суды дұрыс пайдалана алмай отыр. Ал шетел қазақтары аянбай жұмыс істеуге әлдеқайда  бейім. Мысалы, сонау тоқсаныншы жылдары Ауғанстан, Иран және Түркиядан бірнеше мың қазақ отбасы Қазақстанға қоныс аударды. Осы ағайындардың ешқайсысы да «Оралман едік, бізге жағдай жасаңдар» деп ешкімге кіріптар болған емес. Күні-түні тынбай еңбек етті. Түрлі кәсіппен, шағын саудамен айналысты. Қазір олар өздері орналасқан жерлердегі бұрынғы тұрғындардан артық болмаса, кем өмір сүрмейді.

Демек, «Қазақстан – 2050» стратегиясының экономика саласындағы міндеттерін жүзеге асыруда шетел қазақтарының мүмкіндігін жан-жақты пайдалану  ескерілуі тиіс. Әсіресе, жергілікті әкімдер  жаңадан келген оралмандар қандай шаруаға  бейім, не кәсіппен айналысқысы келеді дегенді анықтап, қажетті жағдай жасауды ойластырғаны жөн.

Шетел қазақтарының арасында Қазақстанға белгілі бір мерзімге келіп,  қаржы салып, түрлі кәсіппен айналысқысы келетіндер де аз емес. Бірақ оларға Қазақстан тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейді. Керісінше визасын созбай, тұрақты тіркелуге, жұмыс істеуге рұқсат бермей, әуре-сарсаңға салып, ақыр соңында оларды кері қайтып кетуге мәжбүр ететін жағдайлар жиі кездеседі.

Ауылшаруашылығын дамыту және қазақ диаспорасы

Қазақстанның  жері ұшан-теңіз кең – ауылшаруашылығынан мол өнім алып, әлемнің алдыңғы қатарына шығуына толық мүмкіндігі бар.  «Қазақстан - 2050» стратегиясында бұл мәселеге де нақты көңіл бөлінген. Яғни, Елбасы  «елімізді әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауылшарушылығы өндірісін арттыру» міндетін күн тәртібіне қойып, бұл салада қолға алынатын негізгі мәселелерді анықтап берген. Соған орай, Елбасы «жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми-технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шарушылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту қажет» деп атап көрсеткен.

Міне, осы міндеттерді жүзеге асыруға  шетел қазақтарының да үлес қосуға  толыққанды мүмкіндігі  бар. Мысалы, Қытай мен Өзбекстанда жер өңдеу мәдениеті барынша дамыған.  Мұны сол елде тұратын қазақтар да жақсы  игерген. Қытайда жер өңдеуге қажетті шағын техникалар жасау да барынша дамыған. Енді сол қазақтар осы диқаншылық тәжірибесі мен қолда бар техникасын Қазақстанға әкелсе, көп іс тындырар еді. Қазірдің өзінде олардың біразы шағын тракторлары мен  басқа да құрал-жабдықтарын Қазақстанға әкеліп, егін егіп, көкөніс өсіріп, өзгелерге үлгі болуда.

Міне, осы ағайындарға Қазақстан тарапынан қандай қолдау жасалуда?! Оған нақты жауап қайтару қиын. Керісінше, шекарадағы кеденшілер олардың әкеле жатқан техникалық құрал-жабдықтарына кеден салығын барынша көбейтіп, басқа да тосқауылдар қойып, ойлаған мақсаттарына жетуге кедергі жасап бағады.

Диқаншылықты жақсы  менгерген ағайындардың басым көпшілігі Қазақстанға келгеннен кейін жекеменшікке жер ала алмай, әркімнің қараусыз жатқан бос егістіктерін жалға алып, уақытша жұмыс істеуде. Бұл да олардың белді сыбанып жұмыс істеуіне қиындық келтіруде.

Елбасының «мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту керек» деген тапсырмасы да шетелдегі ағайындар үшін айрықша  маңызды. Өйткені, Қытай мен Моңғолияда қазақтың ежелгі төрт түлік малын өсіру  жақсы сақталған. Егер оларды Қазақстанға әкелсек, еліміздің бос жатқан ұлан-байтақ жері малға толар еді.

Әрине, тiлге тиек етiп қоя салу бiр бөлек те, оны басқа мемлекеттердегi секiлдi бiлек сыбана кiрiсiп, жүзеге асыру екiншi мәселе. Алайда, экономикасы тым қарыштап, дамып жатқан Қазақстан үшiн бар-жоғы 18 миллион халқының әлеуметтiк жағдайын дұрыстау қиын ба?! Неге жырақтағы 5 млн қандасты елге әкелуге жағдай жасамасқа?

Халықтың санын көбейтудiң екi жолы бар. Бiрi – табиғи өсiм. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек едi. Екiншiсi – шетте жүрген қандастарымызды отанға оралту. Бiз керiсiнше отанына оралуға ниет бiлдiрген қандастарымыздың келуiн санмен шектеп жүрмiз. Елге келiп ап, көшi-қон квотасына ене алмай сандалып жүргендер қаншама. Жақында ғана Өзбекстаннан келген отбасы ықтиярхат алудың әлегін айтып, ашынып еді. Бір жапырақ қағазды ала алмай жүрген отбасының асыраушысы кімге шағымданарын білмей дал. Ал құзырлы органдар болса, жақын арада елден шығатынын ескерткен. Алайда елін, жерін аңсап келген отбасы қайтқысы келмейтінін айтады. Міне, мұндай мысал жеткілікті. Бұл не? Кәдiмгi керенаулық па, жоқ, әдейi жасалған қысастық па?

Динара Мыңжасарқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434