Жұма, 22 Қараша 2024
Судың да сұрауы бар... 4139 2 пікір 27 Шілде, 2018 сағат 11:02

Алаш арыстары атылған үйді қонақ үй етпек...

“Республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығы” мен қоғам белсенділер бірлесіп, Алаш арыстары қамауда болған НКВД-ның тергеу изоляторының қонақ үйге айналуына қарсылық білдіріп, акция ұйымдастырды.

Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан бұл ғимарат кезінде НКВД ның тергеу изоляторы болған. Алаш азаматтарын аяусыз қинап, қуғынға ұшыратқан қаралы орын енді қонақ үйге айналмақ.

Белсенділердің айтуынша, бұл жерде 2003 жылы мұражай болған. Бірақ, ол екі жылдан кейін жекеменшікке өтіп кеткен.

Жұмабек Ашуұлы, қоғамдық белсенді:

- Бұл ғимарат жекеменшікке өтіп кетті. Енді ол фирманың өкілдері не істесек те өзіміз білеміз дейді. Мұның алдында отырған "Альянс банктың" құрамдас бөлігі “ООС Альянс” деген болатын. Мен соны басқарып отырған жігітке: “Бәлен жылдан бері жалға беріп қызығын көрдіңдер. Енді бұл ғимаратты өз еріктеріңмен қайтарыңдар. Бұған мемлекет ақша бөліп, мұражайды қайтадан ашатын болса, сендерге әруақтар да риза болады. Халықтың да алғысын аласыңдар. Олай етпейтін болсаңдар, бұл жерді сот арқылы тартып аламын” дедім. Содан кейін олар аяқ асты басқа біреулерге сатып жіберді. Енді бұлар біз өз ақшамызға сатып алғанбыз, бұл біздің жекеменшігіміз. Біз бұл жерге қонақ үй саламыз дейді. Мен осы ғимарат үшін күресіп келе жатқаныма 13 жыл болды. Әлі де тоқтамаймыз. Қазір кішкене сең қозғалды. Алматы қаласының әкімдігі “құрылыстарыңды тоқтадыңдар” деді. Міне, екінші апта болды құрылыстары тоқтап тұр. Бізде тарихи ғимарат жекешеленбесін деген заң бар. Сол заңға сүйене отырып, тартып алуға болады. Бәрі өзіміздің биліктің қолында.

Бейбіт Қойшыбаев, тарихшы, жазушы, Әділет тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары:

- Кешегі ГПУ, НКВД деген ұйымдар осы үйде құрылды. Халықтың қаралы тарихын жасап, қырғынға ұшыратқан осылар. Тек қана үлкен террор жылдары 120 мың адам сотталды деп айтамыз осы күні. Оның 25 мыңы атылды. Тек қана осы орталықтың подвалында жатып, тергеген жерінде атылып, төрт-бес мың адамды мына Жаңалыққа апарып көмген. Алдында машина дүрілдеп тұрады. Үкімін шығарып, атып тастайды да, қапқа салып апарып көмеді. Міне, бұл осындай бір қаралы ғимарат. Сондықтан бұл жерді біз жоғалтуымызға болмайды. Бұл жер халықтың санасын оятуға қызмет етуі керек. Мұны сауда-саттық орнына айналдыруға болмайды. Қаралы тарихты еске салып тұрған жер. Бұл жерді жастарды тәрбиелеу құралына айналдыру керек. Жастар сол кездегі айтылмай келген қаралы тарихты білсе, тәуелсіздіктің туын нық ұстайтын азаматтар болады. Және бұл жер тәуелсіздікті терең түсінуімізге ықпал ететін киелі орын. Сондықтан бұл тарихи ғимарат үшін күрес жалғаса береді.

Ал, бұл ғимаратты сатып алған фирма өкілдері ешқандай пікір білдірмейтіндерін айтты. Бірақ, бұл мәселе алдағы уақытта Алматы қалалық әкімдігінің тікелей бақылауында болуы тиіс.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Сурет "Жас Алаш" газетінің сайтынан алынды

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5328