Елбасы: Бүкіл заңдар мен нормативтік құқықтық актілері Конституция ережелеріне толық сәйкес келуге тиіс
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады.
Кездесу барысында конституциялық реформаның жүзеге асырылу барысы, Конституциялық Кеңес қызметінің нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары және Конституция күнін мерекелеуге дайындық барысы жөнінде әңгіме өрбіді.
Қазақстан Президенті Конституциялық Кеңестің Ата Заң үстемдігін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган екеніне тоқталып, оның әлеуетін одан әрі арттыра түсу қажеттігіне назар аударды.
– Парламенттің, еліміздегі мемлекеттік органдардың қабылдаған бүкіл заңдары мен нормативтік құқықтық актілері Конституция ережелеріне және нормаларына толық сәйкес келуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Конституциялық Кеңес төрағасы Қ.Мәми Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Конституция күнін мерекелеуге дайындық барысы жөнінде мәлімдеді.
Елбасы Н.Назарбаев Татарстанға жұмыс сапарымен барып, сапар барысында Татарстан республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті.
Келіссөзде екі елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, машина жасау, қорғаныс және ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен кәсіпорын құру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамытып, инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру және т.б. бүгінгі күннің өзекті мәселелері сөз болып, достық пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде әңгіме өрбіді.
– Сіздерде ІТ-технологиялар саласы жақсы дамып келеді. Біздің жастарымыз бұл тәжірибені зерттеуі керек. Өңіраралық ынтымақтастық та ілгерілеп келеді. Екіжақты сауда көлемі 700 миллион долларға дейін өсті. Енді 1 миллиард доллар көрсеткішіне қол жеткізу керек, – дей келе, Мемлекет басшысы барлық мемлекеттер баламалы энергия көздерін пайдалануға көшетінін, таяу 50 жыл ішінде мұнай мен газға деген сұраныс та сақтала беретінін тілге тиек етіп, осы уақыт аралығында өңдеу өнеркәсібін құру қажеттігін назарға алды.
Ауыл шаруашылығы саласының маңыздылығына тоқталып, жоғары сапалы сиыр етін өндіру үшін шетелден асыл тұқымды ірі қара мал алынғанын, болашақта ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту қажеттігін жеткізді. Білім саласы да назардан тыс қалмады. Білім беру мен медицина саласындағы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері қаралды.
ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Қазан қаласының табысты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Ресеймен өзара жалпы қарым-қатынасымыз тұрғысынан алғанда Татарстан жетекші орындардың бірінде. Біз екі халықтың игілігі үшін ынтымақтастығымызды жалғастыра беретін боламыз» дей келе, Р.Миннихановтың екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Татарстан басшысын І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Өз кезегінде Рустам Минниханов Қазақстан татар елінің басты серіктесі екенін атап өтіп, бірлескен жобалардың нәтижелі болатынына сендірді. Қазақстандағы білім беру жүйесінің даму қарқынына мән беріп, студент алмасу үдерісін жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Іссапар барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазан федералдық университетінде болып, оқытушы-профессорлармен және Қазан қаласында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жүздесіп, ашық жарқын әңгіме құрды.
– Тарихи деректерге сәйкес, Қазан университетінде 1877 жылдан бастап қазақ интеллигенциясы да білім ала бастаған. Оқу орнының Қазақстанмен тарихи байланысы бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны қуантады. Қазіргі уақытта мұнда түрлі мамандық бойынша 500-ден астам қазақстандық студент оқиды, – деген Елбасы Н.Назарбаев білім ордасының академиялық және ғылыми базасы мықты екенін, елден арнайы білім іздеп барған жастардан мол үміт күтетінін жеткізіп, сенім білдірді.
Мемлекет басшысына Қазан федералдық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді. Рәсімнен соң Қазақстан Президенті Қазан федералдық университетінің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Қазақстан мен Ресейдің 25 жылдық дипломатиялық қатынастары кезеңінде екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастық үлгі боларлық дәрежеге жеткенін атап өтті.
– Тығыз ынтымақтастығымыздың арқасында ТМД кеңістігінде жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ пайда болды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты Астана мен Мәскеудің стратегиялық серіктестігінің маңызды элементі деп атады.
– Қазақстан үшін бауырлас татар халқының орны ерекше. Біздің тарихи тамырымыз ортақ, тіліміз, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ұқсас. Елдеріміз арасындағы тарихи достық дәнекері Қазақстан мен Татарстанның қазіргі кезеңдегі ынтымақтастығы үшін берік негіз болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев екі елдің мәдениет пен халықты жақындастыра түсу ісінде татар диаспорасы маңызды рөл атқарып отырғанына ерекше тоқталды.
Қазақстан Президенті Татарстан республикасымен бірлесе отырып, жүзеге асырылып жатқан жобаларға да тоқталды.
– Біз машина жасау, мұнай химиясы, әскери-техникалық және көлік-логистикалық ынтымақтастық салаларында түрлі инвестициялық жобаларды бірлесе іске асырып келеміз. Біздің елордаларымыз – Астана мен Қазан арасында бауырластық байланыс орнаған, ал Алматы мен Қазан серіктес қалалар саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Ресей арасындағы тату-тәтті тығыз қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында жастардың маңызды рөл атқаратынын меңзеп, жас көшбасшылардың форумы, т.б. бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды ұсынды.
Сапар аясында Елбасы Н.Назарбаев өнеркәсіп кәсіпорындарының көрмесіне барып, кеме және машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі кешені саласындағы кәсіпорындардың өнімімен, экологиялық тұрғыдан таза және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын көлік техникасының үлгілерімен, Бұлғар қаласы мен аумағындағы Град Свияжск аралын қайта қалпына келтіру жоспарларымен танысты.
Бағдагүл Балаубаева
Abai.kz