Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7372 0 пікір 7 Наурыз, 2011 сағат 23:51

Мұхан Исахан. Ислам мәдениетіндегі әйел мәртебесі

Исламдағы әйелдің орны мен ролі туралы терең зерттелген шығармалармен көпшілік қауым жете таныс болмағандықтан, ислам мәдениетінде әйел адамның құқығы тым шектеулі деген жадағай түсінік қалыптасқан. Бұндай түсініктің қәзіргі батыс елдерінің исламды жаппай қаралауынан туындаған тенденциясы екені белгілі. Әйтседе, Ислам дінінде әйел затына үлкен мәртебе берілген. Бүгінгі шығармамызда осы жәйттердің басын ашуды көздеп отырмыз.

Исламдағы әйелдің орны мен ролі туралы терең зерттелген шығармалармен көпшілік қауым жете таныс болмағандықтан, ислам мәдениетінде әйел адамның құқығы тым шектеулі деген жадағай түсінік қалыптасқан. Бұндай түсініктің қәзіргі батыс елдерінің исламды жаппай қаралауынан туындаған тенденциясы екені белгілі. Әйтседе, Ислам дінінде әйел затына үлкен мәртебе берілген. Бүгінгі шығармамызда осы жәйттердің басын ашуды көздеп отырмыз.

Исламға дейінгі кезеңде арабтарда әйелдің құқығын тым төмен еді. Әсіресе, арабтар қыз балаларды тірідей жерге көметін. Өлтіруге қимағандары қыздарын ұл балдарша киіндіріп, жұрттан жасырып ұстайтын. Бұлай әйелдің мәртебесін тым төмендететін себебі, қыздар өскенде жезөкшелік жасап, абыройымызға дақ түсіреді деп ойлайтын. Шынында да Исламға дейінгі жабайы араб қоғамында жезөкшелік ерекше асқынып тұрды. Кейбір арабтар ұлдарын текті ету үшін әйелдерін өз қолымен ақсүйек адамның төсегіне апарып жатқызатын. Жезөкше әйелдер жүкті болып қалған жағдайда, Кайф деген сәуегей келіп, еркектердің біріне мына баланың әкесі сенсің деп, оны зинадан туған балаға әке қылатын. Арабтардың «шиғар» деген некесі бойынша, қыздары бар арабтар бір-біріне қыздарын қалың малсыз беріп үйленетін. «Бәдел» деген неке бойынша, арабтар әйелдерін бір-біріне беріп айырбас жасайтын. Күйеуі өлген жесірді туыстарының бірі зорлықпен өзіне әйел ететін. Исламнан бұрынғы арабтардың азғынданғаны соншалықты, тіпті олар өгей шешелеріне дейін үйлене беретін еді.

Ал, Ислам дінінің келуімен әйелге деген зорлық атаулы күшін жойып, әйелдер ерекше жоғары мәртебеге қол жеткізді. Исламның әйелге бұлай ерекше жоғары статус беруі, исламның прогрессивті маңызға ие дін екендігін айғақтайды. Ендеше исламның әйел заты үшін әкелген ізгіліктеріне тоқталып өтер болсақ.

Исламдағы әйел затының мәртебесі туралы мұсылмандық сенім ғылымында (калам) көптеген ізгі көзқарастар бар. Атақты имам Матуриди пайғамбарлар тек қана еркек нәсілінен келеді, сондай-ақ, халиф, әкім, әмірші, қолбасы әйел затынан болмауы тиіс дегенмен, бірақ, әйел адам муфти бола алады деген болатын. Ал, ахлу сунна сенімінің келесі бір ірі өкілі имам Әшаридің пікірінше пайғамбарлар әйел затынан келген деп білді. Ол бұл пікіріне: «Біз Мұсаның анасына уахи еттік» (Таһа, 20/38). «Мұсаның анасына: «Оны еміз де оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, онда оны дарияға салып жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында оны саған қайтарамыз да оны пайғамбарлардан қыламыз» деп уахи еттік» (Қасас, 28/7) деген аяттарды дәлел ретінде келтірді. Сонымен бірге, имам Әшаридің пікірінше, әйел адам муфти, әкім және дін уағызшысы бола алады. Себебі, әмр бил-мағруф уа нахи анил-мүнкер (жақсылыққа бастау, жаманшылықтан қашыру) олардың да парызы саналады. Имам Әшари осы пікірінің негізінде Мәрием, Асия, Сара, Хажар, Хабба және Мұсаның анасын пайғамбар болуы ықтимал деп пайымдады.

Исламға дейінгі араб қоғамындағы ең азғын әрекеттердің бірі зинақорлық екенін жоғарыда айтып өттік. Ислам келгеннен кейін зинақорлыққа пышақ кесті тиым салынды. Пайғамбарымыз (с.а.у) зина жасауға тиым салып қана қоймай, бұл үкімнің мәнін тәптіштеп жан-жақты түсіндіретін.

Бір күні мұсылмандықты қабылдағанымен қараңғылық дәуірде бойына сіңіп қалған зинақорлық секілді жиіркенішті әдетінен арыла алмаған бір жас жігіт Пайғамбарымызға (с.а.у)-ға келіп:

- Уа, Алла Елшісі, маған зина жасау үшін рұқсат берсең?! - дейді. Пайғамбарымыздың жанында отырғандар жігіттің әбес өтінішін ести сала, оған бірден ұрса бастайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у)  жігітті қасына шақырып, былай дейді:

- Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің? Сонда жігіт:

- Әке-шешем Сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Алла Елшісі, әрине қаламаймын! - дейді  тіксініп.

- Ешқандай адам анасына мұндай жиіркеніштілікті қаламайды. Сенің  қызың болса, оған осындай нәрсенің жасалғанын қалар ма едің? Сонда жігіт:

- Жаным Саған құрбан болсын, ей, Расулаллаһ, еш қаламас едім! - дейді жаны  одан сайын түршігіп.

- Ешбір жан да қызына мұны тілемес еді. Ал әпкелеріңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің?

- Жоқ, Пайғамбарым, мұны да қаламаймын.

- Ешкім де әпкелеріне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едің?

- Жо-жоқ, қаламаймын.

- Ешкім де қарындастарын қасіретке душар еткісі келмейді, - деген Алла Расулы (с.а.у.) қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Аллаһым, бұның күнәсін кешір, жүрегіндегі жамандықтарды тазала, намысын сақтауға жәрдемші бол!» - деп дұға етеді.

Көш реформасы (хижра) болмай тұрып-ақ, Мекке кезеңінде Құран-Кәрім әйел мен еркек теңдігін былайша паш етті: «Шын мәнінде мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая қылмаймын. Бір біріңненсіңдер» (Әли-Ғымран-195). «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте, оны жақсы тіршілікте жаратамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз» (Нахыл-97). Хақ Елшісі (с.а.у) да әйел мен еркектің теңдігі хақында: «Әйелдеріңіздің  сіздерде, сіздердің әйелдеріңізде  хақтарыңыз бар» деген болатын.

Арабтардың қыздарын тірідей жерге көмуін Құран-Кәрім былай деп сынға алды: «Егер олардың біреуі қызбен шүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естісе), оны ашу қысып, беті қап-қара бола бастайды.Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан, елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп тастау керек пе, Ал, олар нендей жаман үкім береді» (Нахыл-58-59). Сөйтіп, Арабтардағы ең зұлым, ең азғын арам әдетке тыйым салынып, Ислам бұл қаскөйлікті тоқтатты.

Құранда әйелді қадірлеу туралы былай баяндалады: «Сендер үшін Аллаһ өз нәсілдеріңнен әйел затын жаратты. Әйелден бала, баладан немере көрдіңдер. Сендерге ризық етіп алуан түрлі шырынды жеміс өсірді. Сонда да болса олардың өтірікке бой ұрып, Аллаһ берген игілікке күпірлік ететіндері қалай?» (Нахл сүресі).

Ал, Алла Елшісі (с.а.у) мұсылмандарға әйел затына ерекше көңіл бөлу керектігі туралы: «Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны», сондай-ақ, «Әйелдерге жақсы мінезде болыңыздар» деген болатын. Ислам әйелді өз апа-қарындасыңдай құрметтеуге шақырады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.у): «Әйелдерге ер кісілер өзінің апа-қарындастарынша мәміледе болуы керек» деп насихаттаған болатын.

Әйел дегенде ана еске түседі. Ал, Құранда әкеге құрмет көрсетуді анадан бөліп-жарып айтпайды: «Сендерге Алла тек өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайса «түһ» деп, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де мейірімді болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілдікпен бас иіңдер. «Аллаһым, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рақымдылық ете гөр!» - деп айт» (Исра сүресі, 23-24). Осы аяттың тәпсірін жасаған Сәйид Кутуб әке-шешеге құрмет жайлы Хафыз Әбу Бәкір Бәззардың мына риуаятын мысал ретінде келтіреді: «Бір адам хажылық кезінде анасын арқалап алып Қағбаны тауап етеді. Бір кезде Пайғамбарымыз (с.а.у)-нан «Оның ақысын өтей алдым ба?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жүкті болған кезінде алған бір тынысының ақысын әлі өтей алмадың», - деп жауап береді».

Ислам мемлекетінің ішкі функциясындағы үлкен өзгерістердің бірі, отбасылық қарым-қатынастың бір ізге түсіп, әйел мен еркектің, ата-ана мен балалардың құқықтар мен міндеттерінің орынды белгіленуі еді. Отбасы - адамның өз бақытын тауып, ұрпақтың жалғасуы, әрі ислам діні бойынша күнә деп саналатын жаман әрекеттерден қорғайтын бірден-бір қорған.  Ислам діні бойынша отбасы түрі - патриархаттық негізде қалыптасты.  Алайда, бұл қараңғылық дәуірдегі ер адамның отбасыдағы үстемдігінен өзгеше еді. Бірақ, отбасын басқаруда отағасы белгілі құқықтарға ғана ие болды. Мысалы, әке өз баласын сатуы мен өліміне шешім қабылдауына құқығы болмады. Осыған байланысты қараңғылық дәуірде орын алған жас сәбиді өлтіру әдетіне тыйым салынды. Сондай-ақ, мұсылман құқығында әйел күйеуінің алдында кейбір мәселелер бойынша тәуелсіз болды. Алайда, еркектің қоғамдағы атқарар жұмысы ауыр болғандықтан, әйелден кейбір мәселелерде үстемдікке ие-тін. Бұл жайында Құран былай дейді: «Еркек - әйелге билік жүргізеді. Себебі, Аллаһ оларды бір-бірінен артық етіп жаратқан және ерлер әйелдер үшін мал-мүліктерін сарп етеді. Жақсы әйел еріне бойсұнады, ерлері жоқ кезде бір Аллаһты пана тұтып, өздерінің абыройын сақтайды. Ал егер олардан жаман қылық көрсеңдер үгіт-насихат айтып, ескертіңдер, оған көнбесе төсекте бірге жатпаңдар. Онда да болмаса (соңғы шара ретінде) ұрыңдар. Егер бағынса, басқа жол іздеп оларды жәбірлемеңдер. Аллаһ сендерден ұлы, әрі үстем. Ерлі-зайыпты екеудің ынтымағы жараспай бара жатқанынан қауіптенсеңдер, онда ер жағынан бір әділ адамды, әйел жағынан бір әділ адамды жұмсаңдар. Аллаһ оларды татуластырар болса, онда араларының жарасып кетуіне дәнекер болыңдар. Аллаһ шынында да бәрін біліп, барлығынан хабардар болып тұрады» (Ниса сүресі, 34-35).

Құранның бұл үкімдерінің басты мұраты - отбасының татулығын сақтап, егер, әйел мен ердің арасында келіспеушілік туындаған жағдайда, оны шешу үшін, ортаға татуластырушыларды салып, отбасының айрылысуын тоқтатуды көздеген-ді. Ислам діні патриархаттық отбасыны белгілі бір өлшемде ғана қолдады. Өйткені, отбасылық қатынаста ер адамның әйелдің көңіліне дұрыс қарау, азық-түлікпен қамтамасыз ету, киіндіру секілді міндеттері және әйелдің тәуелсіз жеке көзқарасының болуы, мұсылман құқығында әйел мен еркектің белгілі бір деңгейде теңдігі болғандығын көрсетеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у) ер адам мен әйелдің кәмлет жасына толғаннан кейін мүмкіндікке қарай тез үйленуін уағыздады. Бұл туралы Ол (с.а.у) былай дейді: «Неке менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіммен амал етпесе, менімен бірге емес. Үйленіңдер, себебі мен қиямет күнінде басқа үмбеттердің қасында сандарыңмен мақтанамын. Кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін». Пайғамбарымыз (с.а.у) негізін салған мұсылман құқығы бойынша үйлену парыз, уәжіп, сүннет, харам,  мәкруһ, мубах болып алтыға бөлінеді.

1. Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынасқа баратыны анық болған адамға үйлену парыз. Бірақ ер кісі әйелінің материалдық (ішіп-жемі, киімі, тұрғын үй, ауырған жағдайда дәрі-дәрмек қаражаты) жағдайы және мәһир (қалың мал) ақысымен қамтамасыз етуі тиіс.

2. Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынас жасауы мүмкін қаупі бар адамға үйлену уәжіп (керек). Бұндай жағдайдағы еркекке қойылатын шарт әйелдің мәһир (қалың мал) және материалдық жағдайын қамтамасыз етуі тиіс.

3. Үйленгеннен кейін жұбайына жәбір көрсетуі анық, белгілі болған адамға үйлену харам (тиым салынады).

4. Ауру болып, үйленгенде бұл ауру жұбайына жұғатын болса, немесе жұбайында да ауру болып, үйленгенде бұл ауру еріне жұғатын болса, онда бұндай неке харам болып табылады.

5. Жұбайына жәбір көрсетуі мүмкін болған  адамға үйлену мәкруһ (Аллаһ сүймейді).

6. Үйленбесе жыныстық қатынасқа баратын қаупі жоқ, үйленсе жұбайына жәбір көрсету да қаупі жоқ адам үшін үйлену сүннет.

Үйлену мәселесіндегі мұсылман құқығының бұл үкімдері халықты зинадан қорғауға негізделгені анық байқалады. Себебі зина отбасының шаңырағын шайқалтатын бірден-бір апат түрі. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у)  бойдақ жігіттерге: «Ей жігіттер! Сіздердің араларыңыздан кімнің үйленуге шамасы жетсе үйленсін. Себебі үйлену көзді және нәпсіні харамнан қорғаушы» деп жастардың зинаға бармастан бұрын үйленуге кеңес берген.

Мұсылман құқығында үйленудің соңы әйелге зұлымдық жасаумен жалғасатын болса, мұндай некені макруһ (Алла сүймейді) деп танып, әйелді зұлымдықтан қорғайды. Әйелді зұлымдықтан қорғаумен бүкіл жанұяның құрып кетуінің алдын алады. Себебі зұлымдық көрген әйелде күйеуіне деген өшпенділік сезім күшейеді де жұбайлардың бірлігін қамтамасыз ететін сүйіспеншілікке деген жолдар жабылады. Бұл отбасыда дүниеге келетін баланың педагогика тұрғысынан алғанда тәрбиесі жетілмейді.

Мұсылман құқығында үйленудің ең жақсы түрі әз Пайғамбар (с.а.у)-ның сүннетінің негізінде үйлену екендігін анық байқауға болады. Адамзаттың ардақтысы (с.а.у) мұсылмандарға үйленудің келтірер пайдасы туралы былай деген болатын: «Мұсылман Алладан қорқып оған бойұсынғаннан кейін жақсы бір әйелден пайда көрген сияқты еш нәрседен пайда көрмейді. Себебі әйеліне бұйырса, бұйрығын тыңдайды, жүзіне қараса сүйіспеншілігі оянады, сапарға шықса өзі болмаған уақыт бойы намысын және күйеуінің мал мүлкін қорғайды». Бұл туралы Құранда: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімдерісіңдер» (Бақара 187) - деп жұбайларды бір-бірінің денесін суықтан, ыстықтан қорғайтын, рухты түрлі зиянды нәрселерден қорғайтын киімге теңеген.

Мұсылман құқығында некеге тұрудың үш шарты бар. Бірінші шарты бойынша, үйленуші ер адам мен әйелдің кәмілет жасына толуы, ақыл есінің дұрыс болуы және Құранда некелесуге тиым салған негіздер сақталуы керек. Екінші шарты бойынша, екі тараптың өзара келісімі болуы тиіс. Үшінші шарт бойынша, некеге куәландырылып, жариялануы шарт.

Маһир (қалыңдық сыйы), әйелдің келісіміне қарай, ақшалай немесе заттай болуы да мүмкін. Мәһирдің маңызы туралы Құранда Ниса сүресінің 24 аятында баяндалады. Мәһир қалыңдыққа берілетін түрлі бағадағы құн ғана емес, керісінше қоғамдағы әйелдің беделін білдіретін әйелдің және ақысы саналатын сыйақы. Исламнан бұрынғы дәуірде Арабтарда "Ниһлә" деп аталатын  қыздың құны берілетін болған. Оны тек қыздың өкілдері алатын болған. Ал исламда әйел адам мәһірдің құнын да өзі белгілеп, жұмсауы да өз еркінде болды. Мәһір үшін белгілі шек қойылмаған. Құран "Олардың біріне (әйелдерге) жүк-жүк мәһір берсеңдер де одан бірде-бір нәрсені кері алмаңдар" (21-Ниса 20) деп үндейді.

Мұсылман құқығы мына адамдардың бір-бірімен үйленуіне тыйым салды: «Әйелдерден әкелерің үйленгендерді үйленбеңдер. Бірақ өткен өтті. Бұл бір арсыздық және жиренішті жаман жол. Сендерге аналарың, (әке-шешелеріңнің аналары) қыздарың, (ұл-қыздарыңның қыздары) қыз туыстарың, (әке-шеше бір немесе бөлек) әкелеріңмен туысқан әйелдер, шешелеріңмен туысқан әйелдер, еркек немесе қыз туыстарыңның қыздары, (олардың қыздары) сүт емеізген аналарың, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрынғы ерінен болған) қолдарындағы өгей қыздарын, егер жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және енкі қыз туысты бірге үйленулерің арам қылынды...(Ниса 4/22-23).  Құранның бұл үкімдері сөз жоқ, қараңғы араб қоғамы үшін үлкен жаңалық болатын. Өйткені, исламға дейін арабтар өгей шешемен және кейбір туыстарымен үйлене беретін.

Мұсылман құқығының отбасылық қатынастағы тағы бір жаңалығы, бір мұсылманның бас-бостандығы жоқ, күңмен некеге тұруына рұқсат беруі еді. Исламға дейін, арабтар күңдерді некелеспей нәпсіні қандыруға қалағанынша пайдаланатын. Ал, ислам күңдермен некеге тұрмайынша жақындасуға болмайтынын ескертті: «Сендерден біреудің, мүмін азат әйел алуға шамасы келмесе, онда қолдарыңдағы мүмін күңдерден алсын. Алла имандарыңды жақсы біледі. Бір-біріңненсіңдер. Ендеше күңдеріңді қожайындарыңның рұқсатымен олардың мәһирлерін дұрыс беріп, абыройлы болулары, зинашы және астыртын көңілдес болмаулары шартымен алсын» (Ниса4/25).

Мұсылман құқығы бойынша әйел мен еркектің табиғи қасиеттеріне қарай өз міндеттері болды. Ер адам отбасының материалдық жауапкершілігін өз мойнына алды (22-Талақ 6-7). Отбасыдағы ер адамның материалдық жауапкершілігі мына негіздерден тұрды:

1.Азық-түлік. 2. Киім-кешек. 3.Тұрғын үй. 4. Дәрі-дәрмек және емделу. 5. Үй жұмыстары көбейіп моральды салмақ түсетін болса үй қызметшісін жалдау.

Ал, әйел мұсылман құқығы бойынша өз табиғатына сай, үй тіршілігін, яғни, ас пісіру, киім-кешекті жуу, үйді тазалау, сәндеу, бала-шағаға тәрбие беру секілді нәзік істерді атқарды.

Мұсылман құқығы ерлі-зайыптылардың бір-бірін таңдауда қателесудің және әр-түрлі жағдайда келіспеушіліктердің болатынын ескеріп, отбасының бұдан арықарай өмір сүруі мүмкін болмаған жағдайда, ерлі-зайыптылардың ажырасуына рұқсат береді. Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандардың мүмкін болса: «Аллаһтың жақсы көрмейтін ісі ажырасу» деп ажыраспауын үндеген. Ажырасу мұсылман құқығы термині бойынша «талақ» деп аталады. Мұсылман құқығындағы «талақ» етудің мынандай ерекше негіздері бар:

1. Құран мен Сүннет тәртібіне қайшы негіздегі талақ ету харам (тыйым салынған).

2. Тәртібі мен іс-әрекетінде кінәрат болмаса да кемшіліксіз әйелді талақ ету макрүһ (Алла сүймейтін, жақсы көрінбеген).

3. Ішкілік, құмар сияқты харам істермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу  сүннет.

4. Отбасылық өмірде харам істерді жасап, дін бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелді талақ ету парыз. (5-359).

5. Араларында махаббат болмаған жанұялардың ажырасуы тұрғысында әр түрлі көзқарастар бар. Бұл ерлі зайыптылардың өздеріне қалған шешім.

Мұсылман құқығы талақ үкімін жанұяны бұзу үшін емес, қайта жанұяның беріктігі үшін қолданады. Яғни, жұбайлардың үйленбестен бұрын жіберген қателігін немесе жанұя болғаннан кейінгі қателікті түзету үшін талақ үкімі жүзеге асырылады. Сонымен бірге, «талақ» үкімі арқылы тараптар кеште болса өздерінің қателіктерін түзетіп, яғни ажырасып, психологиялық немесе материалдық тұрғыда өзіне тең жар табуға мүмкіндік алады. Мұсылман құқығында «талақ» ету құқығы ер адамға берілуінің себебі, ер кісі әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы және шешім қабылдауда байсалдылығы негізге алынған.

Мұсылман құқығы некенің маңызды екенін білдіру мақсатында «талақ» сөзінің қалжың болса да айтылмауына, аса мән береді. Талақ үкімінің мақсаты жұбайлардың арасын жарастыру. Себебі еркектің талақ айтуы үшін қойылған  ең жақсы тәртіп бойынша талақ үш рет, айтылуы керек. Яғни, талақ еткеннен кейін, ерлі-зайыптыларға қайта қосылуға үш рет мүмкіндік береді. Қайта қосылуға мүмкіндік беретін мұндай талақ етуді ража талақ деп атайды. Соңғы талақ айтылғанға дейін 3 ай мерзім өтеді. Бұл ұзақ мерзім олардың өкінуі мен ойлануларына уақыт береді. (21-Талақ 1) Ал, үш рет талақ еткеннен кейін рұқсат бермейтін талақ түрін вайн талақ деп атайды.

Мұсылман құқығы бойынша мұсылман ер адамға бір мезгілде төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат берді. Бұл туралы Құранда былай баяндалады: «...Өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер...»(Ниса 4/3) Бірақ, мұсылман құқығында ер адам әйелдеріне тең қарай алмаса, көп әйел алу харам (тыйым салынады) саналады. Бұл туралы Құранда былай айтылады: «..Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар...» (Ниса 4/3). Яғни, көп әйел алуға ер адамның психологиялық, материалдық тұрғыдан дайындығы болып, әйелдерін бір-бірінен алаламайтын теңдік қағидасы негізінде қарауы тиіс. Мұсылман құқығы көп әйел алуға мынандай себептердің болуы керектігін алға тартады:

1. Физиологиялық тұрғыдан күшті болып, бірінші әйелінің келсімімен әйел алуға болады.

2. Бірінші әйелінің физиологиялық тұрғыдан кемістігі (тумайтын бедеу немесе әртүрлі ауруларға ұшыраса) болса, келесі бір әйелмен некеге тұруға болады.

3. Туған жерінен түрлі  себептермен басқа елге өтіп кеткен жағдайда, алты айдан кейін басқа әйелмен некеге тұруға болады.

4. Әлеуметтік жағдайға орай, яғни, соғыс жағдайында ері қайтыс болған жесір әйелдердің ешқандай қараушысы болмаған жағдайда немесе жоқшылықтан зина жасауға баруы мүмкін басы бос әйелмен некеге тұруға болады.

Мұсылман құқығының жоғарғы себептердің негізінде төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат беруі, мұсылман қоғамының көптеген әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуіне мүмкіндік тудырды. Шайқастарда мерт болғандардың жесір қалған әйелдеріне өзге мұсылмандар үйленіп, олардың қамқоршысы болды. Нәтижеде, жесір әйелдердің отбасылық әлеуметтік мәселелері оң шешіліп, мұсылман құқығының бұл шешімі жесір әйелдердің жоқшылықтан жаман жолға түсуінің алдын-алды. Пайғамбарымыз (с.а.у) жесір қалған әйелдерге өзі де үйленіп, басқа мұсылмандардың жесір әйелдерге үйленіп, оларға қамқоршы болуын үндеді. Қолымыздағы деректерге қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.у) төрт әйел емес, одан да көп (он бір әйел) әйелге үйленген. Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға төрт әйелден де көп әйелге үйленуге Құран рұқсат берген болатын: «...Сондай-ақ, егер мүмін бір әйел өзін Пайғамбарға бағыштаса; Пайғамбар оны некеленгісі келсе, бұны; өзге мүміндерден ерекше саған халал еттік...» (Ахзап 33/50) Зерттеушілер Пайғамбарымыз (с.а.у) Айша (р.а) ғана қыздай алған. Қалған әйелдері жесір болғандығын айтады.

Исламға дейінгі араб қоғамындағы тұрпайы әдеттердің бірі, тайпалық дәстүр бойынша шеше, әйел, қыз, сәбилер мирас алалмайтын. Тек соғысуға жарайтын ер адам ғана мирас алатын. Осыдан араб қоғамында дүние-мүліктің ұрпақтан ұрпаққа қалдырылуы үнемі келіспеушіліктерді, ренішті тудыратын. Ал, мұсылман құқығы бойынша отбасының барлық мүшелері, яғни, ұл-қызы болсын белгілі мөлшерде мұрадан пай ала алды. Бұл туралы Құранның Ниса сүресінің 5-6 аттарында баяндалады.

Исламға дейінгі араб қоғамындағы тағылық әдеттердің бірі, қайтыс болған адамның жесірін де, қайтыс болған адамның ағасы немесе інісі мұра ретінде қарап, оған зорлықпен үйленетін. Ал, мұсылман құқығы әйелдің еркі болмаса, зорлықпен әмеңгерлікке алуға тыйым салды. Бұл туралы Құранда былай айтылады: «Әй мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес..» (Ниса 4/19) Мұсылман құқығы бойынша мұра алам деп бір-бірін өлтіргендерге мұрадан пай берілмеді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.у): «Өлтірген адамға мұрадан пай жоқ» деген болатын.  Сонымен қатар, мұсылман құқығында некесіз туылған балалар мұрагерлік құқығына ие бола алмады.

Осылайша Исламға дейін әйел затын құмарға қандырушы бір сәттік ләззатқа балаған араб қоғамына Ислам түбегейлі өзгерістер әкелді. Исламның келуімен  ескі тағылық, тұрпайы іс-әрекеттердің бәріне тыйым салынып, жеңіл жүріс пен көңіл көтеру, зина секілді азғынданудан ада, пәк, белгілі бір тәртіпке бағынған абыройлы отбасылар пайда болды.

«Қазақстан Заман» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394