Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 16584 26 пікір 16 Тамыз, 2018 сағат 07:23

Қарақалпақтар тәуелсіздік алуға талпынуда

Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақстан автономиясы тәуелсіздік алу мақсатында түрлі күрестер жүргізіп жатыр. Telegram әлеуметтік желісіне "Алға, Қарақалпақ" атты парақша ашылып, ұлты қарақалпақ ағайындар жаппай тіркелу үстінде. 10 тамыз күні Қарақалпақстан республикасының Азаттық ұйымдары Нөкіс қаласында тыныштық пен бейбітшілік акциясына шыққан. Сол митинг турасында қарақалпақ тілінде жарияланған мақаланы ықшамдап, оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Міне, ағайындар, күні кеше Қарақалпақстан Республикасы Азаттық ұйымдары тек Азаттық деп, Еркіндік деп 10 тамыз күні астанамыз Нөкіс қаласында тыныштық пен бейбітшілік акциясына шықты. Халықта әлі де болса қорқыныш бар. Белгіленген майданға біз 100 адам шығады деп едік. Бірақ, тек 29 адам Қарақалпақстан Парламенті алдына барып, соның 5 адамы Қарақалпақстан Республикасы басшысы Мұса Ерниязовқа арыздар беріп, талаптар қойды. Бұл жеңіс пе? Жеңіліс пе? Бүгін осы нәрсеге асықпай баға беретін уақыт келді.

Қатысқан адамдар Қарақалпақстан Республикасында Өзбекстанның әскери бөлімдері, Өзбек ұлттық гвардиясы және ОМОН мен ГАИ қызметкерлері мен полиция көбейгенін, әр бір 100-200 метр жерде полиция қызметкерлері жүргендігін назарға алды. Өзбек Қауіпсіздік комитетінің арнайы адамдары сияқты киініп жедел алып бара жатқанын назарға алды.

Ташкенттен арнайы топтар келіп Қарақалпақстанда азаматтық қоғамды жоқ ету, қорқыту бойынша жұмыстар істеп жатқанын нақты дәлелдейді. Міне, осындай Өзбекстанның арнаулы Қарақалпақстан Республикасының халқын қорқытуменен шұғылданып жатқанын, батырларымыздың қорықпастан майданға шығуы бұл бұл жетістік болып саналады.

Қуаныштысы, Қарақалпақстан Азаттық ұйымдары акцияны заң талабының аясында өткізді. Бұл бағдарды енді әр бір бейбітшілік акциясына мысал етуіміз керек. Егер біз шын мәнінде Азат һәм Еркін ел боламыз десек, осы Заң аясында талаптар қойып, Ташкентте отырған Мирзияевтың адамдарына Қарақалпақстан Өзбекстан емес екенін түсіндіріп және көрсетіп беруіміз керек. Мұны Миризияев түсінуі керек. Қарақалпақстанда демократиялық өзгерістер болуы керек. Бірақ, бұл іске Ташкент араласпауы тиіс. Қарақалпақстан мен Өзбекстан арасында тең құқылы қарым-қатынасты бүгіннен бастау керек. Адам еркін болмай рухани даму болмайды. Халықты қорқытып, Қарақалпақстан Республикасының жер асты байлықтарына Мирзияев жүйесі тағы 10 жыл иелік етуі мүмкін. Мирзияев та мәңгі тұрмайды. Мирзияевтың Қарақалпақстаннан әкеткен валюта түсімдері де бір күні әшкере болады. Міне, сонда Миризияевтің қиянат істеріне жол ашылады. Ақиқатты ешкім жоқ ете алмайды және ақиқат бәрібір өз жолын табады. Бұл Құдай алдында да, халық алдында да хақ!

Қарақалпақстан бұл Өзбекстан емес! Өзбекстан бүгін есебін тауып Қарақалпақстанға Азаттықты беру талабын айтуы керек. Қарақалпақстан мен Өзбекстан арасында экономикалық қарым-қатынас болуы керек. Скандинавия елдері сияқты қарым-қатынас болуды қалаймыз. Бүгінгі Қарақалпақстан басшылары Өзбекстанға Мирзияев айтқан қағазға қол қойып, қалаған шешімді һәм қағазды істеп беруі мүмкін. Бірақ, бұл халықаралық сотта Мирзияевқа қорған бола алмайды. Дүниежүзілік Заң бар. Міне, Өзбекстан мен Қарақалпақстан арасында қарым-қатынас сол дүниежүзілік Заң талабына сай  болуы керек.

Қарақалпақстан Азаттық алса Өзбекстанның көп мәселесі шешіледі. Арал теңізі мәселесі де шешіледі. Бұл үшін бірінші кезекте Өзбекстан оккупациялық армиясын Қарақалпақстаннан алып шығып кетуі керек. Өзбекстан Қарақалпақстандағы агитациялық басқыншылық жұмыстарын тоқтатуы керек. Қарақалпақстанда “Қарақалпақстан ЖАСТАРЫ”  ауқымы түзілуі керек һәм Қарақалпақстанда қарақалпақтың партиялар құрылуы керек. Олар бүгінгі Азаттыққа ұмтылушы әрекеттің авангард жол бастаушысына айналуы керек. Яғни, Қарақалпақстан Республикасында “Алға, Қарақалпақстанды" партия етіп біріктіретін уақыт келді.

Бүгінде Өзбек Қауіпсіздік Комитеті үлкен провакциялық әрекет істеп отыр. Көрінген адамды қоқытумен шұғылданады һәм олардың арыздары бойынша ақша алып, арыз берген 5 адамның да шағымдарын орындайды. Демек, сол 5 адамды бақылауға алады. Біз мұны білеміз және КГБ іс әрекеті арқылы бұлардың ертеңгі істейтін іс-әрекеттерін толық біліп отырмыз.

Енді не істеу керек? Ендігі тыныштық пен бейбітшілік акциясы үшін халық әлі де қатты даярлануы керек. Кешегі арыз берген адамдар 31 тамыз күні сол арыздарының шешімін тағы сұрауы керек. Жаңадан арыз жазған адамдар қайтадан 31 тамыз күні Қарақалпақстан Республикасының басшысы Мұса Ерниязовқа арыз жазып  баруы  керек. Бұл жерде бір ұйым жасап, Қараөзектен келген халық Қоңыраттан келген халықпен және олардың арасындағы көшбасшылармен кездесуі керек емес. Себебі біз кездесуге әрекет жасасақ, Өзбек ұлттық қауіпсіздік комитеті біздің көшбасшыларды анықтап, оларды жоқ етуге әрекет етеді.

Сол үшін ең негізгі қағиданы естен шығармаңдар. Акция ТЫНЫШТЫҚ ПЕН БЕЙБІТШІЛІК ЖОЛЫ екен, тек АРЫЗ жазып бара беруіміз керек. Сонда ешкім де СІЗДЕРГЕ күш көрсете алмайды. Арандатуға жол бермеу керек. Ашуланбау керек.

Милиция келіп күш көрсетпекші болса, қарсыласпай айтқынын істеу керек! Тағы айтамын, тыныштық жолы бұл ең дұрыс һәм мәселені шешетін жол.

Қарақалпақстан Республикасы бұл – Мемлекет. Мемлекетті халық түзеді екен. Конституцияны қағида етіп, тыныштық акциясын пана ете береміз. Егер біз Заңды бұзсақ, Өзбек ұлттық қауіпсіздік комитеті бізді қудалауға алады. Сондықтан біз ешқандай Заңды бұзбайық!

АҒАЙЫНДАР ҺӘМ БАУЫРЛАРЫМ, ӘЗИЗ ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ХАЛҚЫМ!

Тек біз Азат болсақ, біз Еркіндік алсақ, Қарақалпақстан Респубилкасы жер асты байлықтары Қарақалпақстанда өмір сүріп жатқан халыққа теңдей бөлінеді. Адам құқығын құрмет ететін заман болады. Сөз еркіндігі һәм сайлау еркіндігі болады. Халықта жұмыс болады және ең аз іс ақысы 4 млн.сум болады. Оқу ақысы бәрі төлемсіз болады. Қарақалпақстанда өндіріліп жатқан газ, тоқ, су халыққа 24 сағат беріледі. Және көрші елдерге сатылатын болады.

Бірінші орында халық қызметі Қарақалпақстан Республикасы үшін маңызды болады. Бұл үшін біз көрші ел Өзбекстаннан өз құқымызды һәм Азаттығымызды алуымыз керек!

Біз Өзбекстан басшылары мен Қарақалпақстан Азаттығын тыныштық жолымен шешуге және сөйлесуге даярмыз. Бұл үшін әрбір Азаттыққа ұмтылған Халықты - бізді қолдап, қуаттауға шақырамыз!

Қарақалпақ тілінен еркін аударма жасаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

 

 

 

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511