Сенбі, 23 Қараша 2024
3023 1 пікір 17 Тамыз, 2018 сағат 11:09

Тәжікстанда президентке тіл тигізген тұрғын 5,5 жылға сотталды

Тәжікстанның Муминабад ауданының 30 жастағы тұрғыны президентке тіл тигізді және интернет арқылы мемлекет құрылымын күштеп өзгертуге шақырды деген айыппен 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

1 тамызда шығарылған сот шешімінің заңдық күшіне енгені жөнінде Озоди радиосына Хатлон облыстық сотының дереккөзі хабарлады.

Дереккөздің мәліметінше, Умар Муродов Ресейде еңбек миграциясында жүрген кезінде, "Одноклассники" әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы президентке тіл тигізіп, мемлекет құрылымын күштеп өзгертуге шақырған.

"Бұл қылмыс үшін қатаң жаза қарастырылған. Бірақ сот Умар Муродовтың заңды бірінші рет бұзып отырғанын, әрі өзінің іс-әрекетіне өкінетінін айтып, Ресейден өз еркімен келгенін ескерді",- дейді дереккөз.

Умар Муродов 12 маусымда Мәскеу-Куляб рейсімен келген бетте ұсталған. Оның туыстарының сөздерінше, Умар Муродов биыл наурыз айында Тәжікстан билігінің сұрауы бойынша, Мәскеуде ұсталған. Бірақ дәйектер жеткіліксіз болғандықтан, босатылған.

Умардың әкесі Мурод Давлатов ұлының егер қандай да бір қылмыс жасағанын білсе, Ресейден өз еркімен келмес еді дейді. Әкесінің айтуынша, Умар мектепті 9 сыныпқа дейін оқыған, ол саясаттан өте алыс.

Тәжікстан парламенті 2016 жылдың күзінде Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіп, "Ұлт бірлігінің және бейбітшіліктің негізін қалаушы Ұлт лидеріне ел алдында тіл тигізгені үшін", жауапкершілікке тартып, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2015 жылы Эмомали Рахмонға Тәжікстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы, ұлт бірлігі және бейбітшіліктің негізін қалаушы - Ұлт лидері деген мәртебе берілді. Бұл мәртебе оған және отбасы мүшелеріне қол сұқпауына кепілдік береді.

Тәжікстан билігі Facebook пен “Одноклассники” желілерін экстремистік идеяларды таратады деп бірнеше рет айыптаған.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485