Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
46 - сөз 5790 17 пікір 17 Тамыз, 2018 сағат 14:19

Орыстілді қазақтар мен қазақтілділер екі түрлі халық екені анық бола бастады

Бұрын орыстілді тарихи топтарда посттар жазып жүргенімде ол жерде біраз оқырмандарым ол посттарды жапатармағай талап алып кетіп жататын. Мен ол топтарда қазақ тарихындағы көптеген ел білмейтін деректерді салып талдап отыратынмын.

Соны оқып әлгі оқырмандарым кәдімгідей әжептәуір марқайып, рухтанып қалатын. Қазекеңнің асқақ тарихынан сыр шертсек, сол жандарына майдай жағатын еді. Сол кезде біршама достар таптым. 

Кейін мен толық қазақ тіліне көшіп, бергі бетке ауып кеткесін, олар менің қазақшамды түсініңкіремей көмескіленіп қала берді. Олардың жандары қазақ болғанымен тілдері бөтен болғасын оларға рас қиын екен, соны түсіндім, тіл деген үлкен рухани шекара екен. Жалпы, оны да түсіндім. 

Біздің орыстілді қандастарымыз қазір өте қиын жағдайда қалып отыр. Оны бұлардың біразы паңданып мойындағысы келмейді, бірақ саналылары бұны түсінді. Өздерінің я орыс, я қазақ емес екендігін олардың көбі іштей біледі және оның үстіне біз де "тіл", "тіл" деп талапты күшейтіп төпелеп әкетіп барамыз. Соңғы кезде арамыз қатты ашылып кетті. Біздің екі түрлі халық екеніміз айдай анық бола бастады. Мен тіпті осы әлеуметтік желіде екі жақтан жауыққан қатты сөздер оқимын. 

Меніңше, осы жерде мемлекетіміздің діңгегі - қазақтілді қазақтар қатты ойлануы керек. Олардың алдында "біз осы өзгетілді бауырларымызға қол созып, оларды бауырға басамыз ба, әлде кеудесінен итеріп кері қуамыз ба?" деген таңдау тұр және бұл таңдаудың тағдырын "камера ұстаған тіл жанашырлары" емес қазақтың өзі шешкенін қалар едім. 

Бұл мәселеге стратегиялық тұрғыдан қарасақ, айналамыз толған дұшпан, қытай - орысы сайда, арапқа елтігендер де өз ішімізде ырғын, басқа да идеялық адасқан қазақ көп. Енді осылардың сапына тағы да бір жау легін қосамыз ба, осы қалай болады?

Баяғыда американдық қаранәсілді халықтың ұлы ойшылы ағартушысы Букер Ти Вашингтон өз қара халқын ағартамын деп жүріп шашы ағарып былай деген екен "шіркін, біздің қара халыққа ақ түсті бауырлар көмек қолын созса бұл қандай игілік болар еді, ақнәсілділердің алдында бізге қарасты тек екі ғана таңдау тұр, оның бірі - ақ білектің бізге жәрдемші боп созылуы немесе бізді кері құзға итермелеуі" деген екен. Американдықтар ұлы халық қой, олар өз қателерін түсініп ақыр аяғы қаратабан афроамерикандықты бауырына басу үшін көп іс тындырды, тындырып та келеді, олардан президент те қойды. Бұлар түбі осы беттерімен бір халық болады, оған күмәнім жоқ. 

Ал біздің қазекең өзгетілді бауырының тағдырын осылай парасатына салып шеше ала ма екен, бұның ақыры қалай болады, біз түбі екі жарты бір бүтін бір халық боп қалыптаса аламыз ба, аналардан біз түбі толыққанды қазақ жасай аламыз ба әлде біздің ағайындар жүйкесі сыр беріп күндердің күнінде "орысыңа кет" деп тоңқ ете қалып өре түрегеле ме? Бұндай шалт қимылдың арты ешқандай жақсылықпен аяқталмайтыны да белгілі. 

Тағы бір қосарым, Жазира арап елдерінде, араптар исламның шиға тармағын ұстанатын шейіт араптарды өздерінің діни, идеологиялық, ұлттық, мәдени салаларындағы жауапты орындарға, күллі араптың тағдырын шешетін жауапты істерге жолатпайды екен, бұл араптар, анау қаны арап болғанымен сенімі бөлек бауырларына іштей сенбейтін болар.... 

Сіздерге қайдам, ал маған араптың осы мысалы ұнайды. Бауырдың аты бауырмен, бірақ орыстілді қандастарымызға ұлттық мәселелерге қатысты салаларды аманаттап, жалпы қазақ тағдырын ұстатуға болмайды, мен де сенбеймін.

Олжас Әбілдің Facbook-тегі парақшасынан

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3355
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6250