Байбота Қошым-Ноғай, ақын: Тыныш өлгім келеді
Abai.kz ақпараттық порталының "Пуруст сауалнамасы" айдарының бүгінгі қонағы - ақын Байбота Қошым-Ноғай.
– Сіздің ойыңызша, ең қатерлі жағдай дегеніміз не?
– Ақырзаман.
– Сіздің қай жерде өмір сүргіңіз келді?
– Алматыда.
– Сіз үшін ең мінсіз бақыт деген не?
– Қандай жағдайда да адам болып қалу.
– Сіз қандай қателіктерді кешіруге болады деп есептейсіз?
– Ақылы толмаған баланың жаңсақ басуын кешіруге болады.
– Сіздің ең сүйікті әдеби кейіпкерлеріңіз?
– Менің сүйікті әдеби кейіпкерлерім көп. Бірақ М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Абай мен Базаралы көз алдыма елестей береді.
Ақынның жас кезі
– Сіздің ең сүйікті тарихи кейіпкеріңіз?
– Әдеби шығармалардағы тарихи кейіпкерлердің бәрі де қолдан «қашап» жасалған. Бірақ М.Мағауиннің «Аласапыран» романындағы Ораз-Мұхаммед жаныма жақын сияқты.
– Сіздің шынайы өмірдегі ең сүйікті кейіпкеріңіз?
– Қазақ қызы.
– Сіздің әдебиеттегі ең сүйікті әйел кейіпкеріңіз?
– Жұматай Жақыпбаев жырларындағы Ләйлә.
– Сіздің ең сүйікті суретшіңіз?
– Қазақстандық суретшілерден Евгений Сидоркин мен Салихитдин Айтбаевты айтуға болар еді.
– Сіздің ең сүйікті музыкантыңыз?
– Мен музыканы сүйемін. Домбырашы Айгүл Үлкенбаева, пианист Ричард Клайдерман, саксафоншы Кенни Джи.
– Сіз ер адамның бойындағы қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
– Бірсөзділік.
– Сіз әйел затының бойындағы қай қасиеттерді бағалайсыз?
– Адалдық пен ибалылық әйелдерге жарасады. Аздаған еркелік те жаман емес.
– Адам бойындағы ізгі қасиеттердің қайсысы сіз үшін тартымды?
– Қарапайымдылық.
– Сіздің мінезіңіздің басты ерекшелігі қандай?
– Тұйықтық және көмбістік.
– Сіздің ең сүйікті ермегіңіз?
– Кітап жинау.
– Танымал адамдардың ішінде кім болғыңыз келеді?
– Байбота Қошым-Ноғай болғым келеді.
– Достарыңыздың қандай қасиетін бағалайсыз?
– Жанашырлық. Онсыз достық болмайды.
– Сіздің ең басты кемшілігіңіз?
– Томаға-тұйықтық.
– Сіздің бақыт туралы арманыңыз қандай?
– Бақытты болу үшін барлық мұқтаждықтан арылу керек.
– Сіз үшін ең үлкен бақытсыздық не болар еді?
– Ел жадынан ұмытылу, елеусіз қалу.
– Сіз қандай болуды армандаған едіңіз?
– Сегіз қырлы, бір сырлы адам болуды.
– Сіздің сүйікті түсіңіз?
– Кемпірқосақта кездесетін барлық түсті жақсы көремін. Көгілдір түсті ерекше жақсы көремін.
– Сіз ұнататын гүл?
– Қызғалдақ. Бұл гүлдің атын мен бір қызыма есім етіп қойғанмын.
– Сіздің сүйікті құсыңыз?
– Бұлбұлдың құйқылжыған күйі мен тауыстың сұлулығы ұнайды. Осы екі қасиет бір құстың бойында болса ғой.
– Сіздің сүйікті жазушыларыңыз?
– Менің жақсы көретін жазушыларым көп. Қазақ жазушыларын атасам, Бейімбет Майлин, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Тынымбай Нұрмағамбетовтерді қайта-қайта оқимын.
– Сіздің сүйікті ақындарыңыз?
– Қайсыбірін айтарсың?.. Өзіміздің Төлеген Айбергенов пен Жұмекен Нәжімеденов те әлем ақындарының алдыңғы қатарынан көріне алар еді.
– Өмірдегі сүйікті әдеби кейіпкерлеріңіз?
– Бұл сұрақты кәмелет жасына жетпегендерге қою керек шығар...
– Сүйікті композиторыңыз?
– Көптеген композиторлардың классикалық шығармаларын тыңдаймын. Құрманғазы мен Тәттімбеттен басқа Моцарт, Бетховен, Чайковский туындыларын жақсы көремін.
– Шынайы өмірдегі ең сүйікті тарихи әйел кейіпкеріңіз?
– Сәбиін өбектеген әйелдердің бәрі де сүйікті.
– Сүйікті есімдеріңіз?
– Балаларымның аттары: Сымбат, Қымбат, Қызғалдақ, Ақжарқын, Назым, Инабат.
– Бәрінен де бетер не нәрсені жек көресіз?
– Сатқындықты.
– Сіз жек көретін тарихи кейіпкерлер?
– Аттарын атаудың өзі жеккөрінішті.
– Сіз қайран қалатын әскери оқиға?
– Әскери оқиғалардың ешқайсысына да қайран қалуға болмайды.
– Сіз жоғары бағалайтын реформа?
– Шіркін-ай, сондай бір реформа болса екен деп тілеймін.
– Қандай қасиетті бойыңызға дарытқыңыз келеді?
– Ширақтықты.
– Қалай өлгіңіз келеді?
– Тыныш өлгім келеді.
– Дәл қазіргі көңіл күйіңіз?
– Бейжай.
– Сіздің ұраныңыз?
– «Алаш!».
Сөз соңы
"Абай порталы" замандастарымызды, жас ғалымдар, журналистер мен қаламгерлерді Марсель Прусттың сауалнамасына жауап беріп, сайтқа жіберуге шақырады. Адам мен оның көзқарасы өзгермей тұрмайды. Тағы да жылдар өткеннен кейін өз жауаптарыңызға өзіңіз таң қалатын кез тууы да ықтимал. Аман болсақ, сол сауалдарды он, жиырма жыл өткен соң қайталап қоятын боламыз.
Дайындаған Тілек Ырысбек, Бауыржан Майтай
Abai.kz