Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаш арысы 6779 3 пікір 12 Қыркүйек, 2018 сағат 14:56

Алтынбекпен ретроспективалық сұхбат (сирек суреттер)

12 қыркүйек қазақ үшін аса қадірлі тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Алаштың арда ұлы арамыздан ерте аттанбағанда биыл өміріндегі 56-шы қоңыр күзді қарсы алар еді. Қазақ қоғамының қарашығынан қанды жас ағызған қаза орын алғалы 12 жыл болыпты. Жарық жалғанда жарты ғасырға жетпейтін ғұмыр кешсе де Алтекең Алаш баласының ардақтауына бөленіп үлгерген еді. Бүгінгі атаулы күнде өзі құлай сүйген қазағының мәңгілік махаббатына айналған аяулы азаматпен ретроспективалық сұхбат құрып, рухымен сырласып, ол кісінің көзін көрмесек те сөзін теруді жөн көрдік.

Алтынбек Сәрсенбайұлының сәби кезі

Саясаткердің отбасы

 - Алғашқы әңгімені туған ұлтыңыздың тыныс-тіршілігінен бастасақ.

- Бiздiң кешеуiл­деп артта қалуымыздың себебi неде? Бiздiң халықтың негiзi ауылда, сол се­беп­тi де үлкен процестерге араласа алмады. Тiптi саяси процестерге де, танымдық процестерге де, ғаламдық процестерге де араласу мүмкiншiлiгiнен тыс қалды. Сондықтан да бiз "ауыл деген қазақ халқының қаймағы" деген жалған ойдан арылайық. Мемлекетке, бүгiнгi үкiметке күш сала отырып, әртүрлi мүмкiн­шiлiк­терiмiздi пайдаланып, бiздiң ұлтты қала тұрғыны жасап, сол арқылы оны бүгiнгi жаңа технологиялар­ға iлiндiрiп, сол арқылы оны алдымен Қазақстан iшiндегi басқа, бiзден өнер­кәсiптiк шеберлiгi дамыған ұлттың алдына оздырып, көршi аймақтағы елдердiң алдына шығарып, сол арқылы ертең ғаламдық немiстен, голландықтан, американдықтан, шведтен кем түс­пейтiн кәсiпкер жасайық. Ауылдағы енжар, бұйығы ұлттан iскер, iлкiмдi, талаптанғыш қалалық ұлт жасайық. Мiне, бiздiң ұлттық идеяның негiзгi мақсатының бiреуi осы - ұлтты жетiлдiру, ұлт­тың бәсеке­лес­тiгiн дамыту болуы тиiс.

Ұлт мемлекеттiң тiрегi болсын десек, қазақ халқы қала халқына айналуы керек. Сонда ғана қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болады. Ауылда отырған қазақ халқы ешқашан казақ тiлiн мемлекеттiк тiл жасай алмайды. Саясат қалада жасалады. Ауыл халқы қалаға келсе, қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде қалаға алып келедi. Тiл мәселесi де, ұрпақ мәселесi де шешiледi. Қалада азаматтардың жан-жақты дамуына мүмкiндiк мол. Жаңа технологияларға, жаңа кәсiптерге үйренедi. Қаланың жаңа тұрғындары үшiн арзан да болса үйлер салу керек. Бiз осыған каржы жұмсайық.

Жалындаған жастық шақ

Жас отбасы

- Ана тіліміздің дамуына көңіліңіз тола ма?

- Түркiстанға сапары кезiнде Назарбаев тiл саясатын жүргiз­ген кезде абайлау қажеттiлiгiн, мемлекеттiк тiлдi үнемi, кезең-кезеңдерiмен енгiзу жө­нiнде айт­ты. Дұрыс-ақ сияқты. Алайда ақиқаттан алыстық мынадан байқалады: айтылған саясаттың өзiнiң көрiн­бейтiндiгi қалай? Кезең-кезеңiмен жүргiзу қажет емес. Нелiктен? Өйткенi iстелiнiп жатқан iс жоқтың қасы. Iстелiнiп жатыр дегендерi тек қағаз жүзiнде. Есеп бар. Бұрыштамасы бар. Мәлiмдемесi бар. Тек қана iс жетiспейдi.

Татырлық оқулықтар мен методика аз ба? Бұл - шынайы шындық. Лайықты мамандар жеткi­лiк­сiз бе? Ақиқаты осы. Мектептерде тiл пәнi көңiл қалдырарлықтай жүргiзiле ме? Әрине. Ең ауыр жылдардың өзiнде телеарналарда тiл үйрету бағдарламалары шығып тұрды. Бүгiнде ол жоқ. Факт. Әйтсе де тiл жоғарыдан төнiп тұрған семсерге айналды. Шағыстыру құралына айналды. Саяси ұпай жинайтын құрал болды.

Алтекеңнің отбасы

- Елді әлеуеттендірудің жолы неде?

- Қазақты кедейшiлiктен құтқарудың жалғыз жолы – демократия. Мен Семейдiң бiр газетiне осылай деп сұхбат бердiм. Себебi, қазақ халқының несiбесi – мұнай мен газды, одан түскен табысты Қазақстан халқына әдiл бөлудiң бiрден-бiр жолы – тек демократиялық құрылым. Басқадай құрылым жағдайында мұны орындаудың мүмкiн еместiгiне көзiмiз жеттi. Сондықтан, қазақ халқының тамағының тоқ, киiмiнiң бүтiн болуына тек демократия ғана мүмкiндiк жасайды. Демократиялық құндылықтар үшiн күрес – аса ауыр жүк, қиын еңбек. Қазақстандықтар әдi­лет­­сiз­дiкке қарсы табанды күресуге әлi дайын емес. Тәуел­сiздiк алғалы берi өз таңдауын қорғап қалуды үйрене алмады, дауысты дұрыс санауды талап ете алған жоқ. Бұл – демократиялық күш­тер­дiң де кiнәсi.

Мұнай және өзге де шикiзат таусылса, Отанымыз не күйге түседi? Егер әлем саясилана қоймаған өзге энергия көзiне көшсе не болмақ? Экономикасы тұралаған, саяси жүйесi әбден ес­кiрген, бiлiмi мен денсаулық сақтау саласы құрып бiткен елдердiң қа­тарына қайтадан қосыламыз ба?

Мәселенiң бәрi билiктiң мұнай сату арқылы ғана Қа­зақстанды ұшпаққа шығарғысы келетiнiне барып тi­реледi. Қазақстандықтар азапты дилемманың уақыты келгенде ғана емес, қа­зiрден бастап ойлануы тиiс. Өйткенi жақын жылдары мемлеке­тiмiз­дiң тағдыры тар дәлiз­дерде және кабинеттерде емес, қоғамның өз iшiнде шешiлуi керек! Сол себептi де тарихи жауапкершiлiк қо­ғамның жұмылғыш, бел­сендi бө­лiгiнiң: кәсiпкерлер­дiң, ғылыми және шығармашылық зиялылардың, мем­ле­кеттiк қызметкер­лердiң, қо­ғамдық ұйым өкiлдерiнiң тағы басқалардың мойнында. Мен ешкiмдi бiреудi жақтасып, көтерiлiске шы­ғуға үндемеймiн, оппозиция­лық партиялардың қатарына жаппай өтуге де шақырмаймын. Тек әркiм өзi айналысатын жұмысында шама-шарқынша қоғамдық бастамалар мен үкiметтiк емес секторды қолдаса, ойын жария түрде айтса, қоғам назарын мызғымас құндылықтарға қарай бұр­са, сол жеткiлiктi. Сонда ғана тұншыққан қоғамның тынысы ашылып, кеуде кере дем алар едi...

Қансонарда бүркітші шығады аңға...

Әріптестермен шахмат ойнау

- Билік басындағы қызметкерлерден нені талап етесіз?

- Президентке дос емес, жау іздеп жүрген кеңесшіден Алла сақтасын дегеннен басқа не айтуға болады. Меніңше, мемлекет басшысына саяси жағынан арандататын адамның түкке керегі жоқ, керісінше, Президенттің қасында ұлтты ұйытуға, қоғамды топтастыруға шама-шарқы бар адал адамдар жүруі тиіс. Оның үстіне, қазіргідей алмағайып заманда жау іздеудің ұпай әпере қоймасы және анық. Саясатта қара көрсеткеннің бәрінің бойынан күдік іздеу, қандай да бір белсенділіқ танытқан қоғам мүшелерінен себепті-себепсіз жаулық көру, ел арасынан дұшпандық іздеу бұрын да болған, бірақ, түптеп келгенде,сондай жағдайлардың ақырының орны толмас өкінішке, қайғы-қасіретке ұшырап келгенін тарихтан жақсы білемін.

Сондықтан, бүгінгі күнгі мақсат - жау іздеу емес, пікір тоқайластыратын жер іздеу. Басты және негізгі міндет - қөп болып    қимылдап,    мемлекетті    нығайту, тәуелсіздікті сақтап қалу». «Біз көп те халық емеспіз», «Саяси қүштеріміз де аз». Сол аздығымызды білдірмеу үшін, ел басшысынан бастап, қатардағы саясаткерге дейін   «мемлекеттің дамуына,  тәуелсіздіктің нығаюына қандай үлес қоса   алам?» деп, екі шоқып, бір қарауымыз қереқ.

Елбасы мен Алтекең

- Қазақ баспасөзіне қалай баға бересіз?

- Мен ақпарат саласын басқарғанда, бір де бір басшысымен  «тату» болу мүмкін емес еді. Себебі, олардың түсінігінде,  мен Үкімет басшысын баспасөзден «қорғауым» қажет болатын. Олардың қай-қайсысы да осыны талап ететін.  Егер мен Үкімет басшыларын, Үкімет мүшелерін  қорғауға жол берсем, онда олардың орынбасарларын, орынбасарлардың орынбасарларын, қысқасы, барлығын «қорғауға» тура келер еді.  Ал, мұндайға жол берсем, тәуелсіз елдің баспасөз бостандығы коммунистік партия үстемдік құрып тұрған сәттегі баспасөз бостандығы сияқты болып шыға келер еді. Яғни «сынауға болатын» және «сынауға болмайтын» адамдардың тізімі жасалар еді. Олай болған күнде менің алдымда «сыналуға болмайтын» адамдардың бір шабадан тізімі жатар еді де, менің бар жұмысым соны реттеп отыру болар еді. Олай етуге қақым жоқ. Сондықтан да, мен ақпарат саласына басшылық  еткен жылдары  Үкімет басшыларының барлығының  дерліқ іс-әрекеті баспасөзде  еш кедергісіз қөрсетілді, тіпті, ашық пікірталасқа барған сәттер де кездесті.

Қазақ журналистерi­нiң қазiргi кезеңге дейiнгi мектебiнде тапсырыспен жазылатын жалданбалы мақалалар жарияланбаушы едi. Шерағаң болсын, Сейдахмет ағамыз болсын, Оралхан ағамыз болсын – бұл кiсiлерге жалданбалы мақала өткiзу және жаздырту мүмкiн емес болатын. Олар өте үлкен тұлға болатын. Тiптi сол кездегi Қазақстан Компартиясы орталық комитетiнiң бiрiншi хатшылары санасатын рухани тұлғалар болатын. Бас редакторлардың көпшiлiгi сондай болды. Ал қазiр көптеген редакторлар, өкiнiшке қарай, сiз айтып отырғандай, жалданбалы мақалаларға жиi жол бередi. Ол нарықтың да әсерi болуы да мүмкiн. Себебi газеттер күн көруi керек. Қазақ басылымдарының да табысы аз. Ал ендi бiрте-бiрте қазақ басылымдарының толығуы да, жақсаруы да қазақ оқырмандарының, қазақ тұрғындарының әлеуметтiк жағдайының жақсаруымен тi­келей байланысты. Олар басылымдарға өзi жазыла алатын жағдайға жеткенде, газеттi өз бағасымен сататын күнге жеткен кезде, сiз бен бiз айтып отырған жаңағы тақырып, менiңше, болмайды деп ойлаймын. Негi­зiнен, бұл ауру Ресейден келдi. Есiңiзде болса, Ельциннiң тұсында Ресейдiң үлкен федералды газеттерiнiң барлығы да олигархтардың қолдарына өттi де, бұл газеттер олигархтардың бiр-бiрiмен экономикалық табыстары үшiн күрестiң құралына айналып кеттi. Сол ауру бiртiндеп-бiртiндеп бiзге келген сыңайы бар. Ол бiзде – қазақ басылымдарынан гөрi Қазақстанда шығатын орыс басылымдарына тән құбылыс.

Демократиялық жолды ту еткен жолдастарымен

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, Ресейдің шылауынан шыға алмай жүрген секілдіміз...

– Ресеймен сауда қатынасы, экономикалық байланыс тиiмдi. Бiртұтас экономикалық кеңiстiктен қашудың керегi жоқ. Бiрақ тәуелсiздiгiмiздi сақтауымыз керек. Болашақта Еуроодаққа жақындауымыз керек. Оның екi жолы бар. Бiр жағынан, Ресей реформаларды сәттi өткiзiп, Еуроодаққа қатардағы мүшесi ретiнде өзi қосылуы мүмкiн. Ондай жағдайда Еуропаға бару бiзге оңай болады. Егер Ресей мұндай жолды қаламаса, бiз де орманның iшiнде адасып жүре бермей, өз жолымызды таңдап, өз бетiмiзбен қосылуға тырысуымыз керек.

Жалпы алғанда, бiзге бiртұтас экономикалық аймақ керек. 150 миллион халқы бар Ресеймен сауда-саттық жасағаннан жаман болмаймыз. «Ресейдiң темiржол, мұнай құбырлары арқылы өнiм тасығанда, оның өз кәсiпорындарына қандай тариф болса, бiзге сондай тариф берсiн» деген талаптың бiз үшiн мәнi зор. Дәл қазiр бiз үшiн тариф үш есе қымбат. Затыңды Ресей арқылы алып өткенше, оның құны аспанға шығып кетедi. Бiртұтас экономикалық кеңiстiк сол ауыртпашылықтан құтылу үшiн керек.

Елде демократияны жетілдіру үшін шетелдік күштердің көмегі қажет пе?

– Өз басым “шетел бiр режимдi талқандап, билiктi екiншi бiр топтың қолына алып бердi” дегенге сенбеймiн. Мұндай жағдай Африкада 60–70-жылдары болған. Қазiргi қоғамның даму деңгейiнде Украинада да, Грузияда да “бiреулер келiп демократия орнатып бердi” дегенге сенбеймiн. Әңгiме басқада. Азаматтық қоғам құру үшiн, тәуелсiз басылымдарды қолдау үшiн, көпжүйелi партияларды қалыптастыру үшiн бiзге көмек керек пе? Егер ол риясыз көмек болса, әрине, керек. Одан неге бас тартамыз? Олар Қазақстанды жаулап алайын деп жатқан жоқ қой. “Қазақстанда орнықты қоғам болсын” дейдi. Мәселен, мен Американың немесе Еуропаның мемлекеттiк қызметкерi болсам, бұл жөнiнде мiндеттi түрде ойлар едiм. Себебi, олар Қазақстанға ондаған миллиард инвестиция салып отыр. Олардың қаржысының жай-күйi мұнда қауiпсiз болу үшiн бiздiң қоғам ашық болуы керек.
Демократиясыз қоғам – тұрақсыз қоғам. Тұрақтылық дегенiмiз – қоғамдағы барлық пiкiрлердi ұштастырып, соның жүйесiн тауып отыру. Бұл тек демократиялық жолмен келедi.

- Мемлекеттiк аппараттың, билiктегi адамдардың көп­те­ген сырларын бi­ле­сiз, Сол сырлардың жарияланатын күндерi бола ма?

– Егер ол өткен оқиға болып және бүгiнiмiзге, болашағымызға қатысы жоқ болса, оның керегi жоқ. Сол кез­дегi жасалған әрекеттер бүгiнгi күнi де, ертең де жалғасын тауып жатса, онда бәл­кiм, кейбiр, мәселелердi ашып айту керек. Уақытында айт­паған шындықтың қадiрi жоқ. Сондықтан да өткендi қазбалап, бiрнәрсесiн тiрнек­теп жату, менiңше, ол саналы азаматтың атқаратын қызметi емес. Айтатын шындығың болса кезiн­де айт, бетiне айт, жария ет. Айт­падың ба, үндемей-ақ қой.

Батыл әрi ащы пiкiр айтып жүрсiз...

– Қатты пiкiр айтып та ықпал етуге болады. Президент қоғамдық температураның қаншалықты дәрежеде көтерiлiп келе жатқанын сезiнуi тиiс. Ал бiз – өз ойымызбен емес, қоғамдағы жинақталған проблемалармен өмiр сүретiн адамдармыз. Саясаткер деген сол. Егер ол қоғамда болып жатқан оқиғалар мен ой-пiкiрлерден өзiн бөлек алып жүретiн болса, оны ешкiм саясаткер деп қабылдамайды. Қоғамда қордаланған мәселелердiң барлығы бiздiң ойымыз бен бойымызда. Қоғамда проблемалар қордаланған сайын, температура көтерiлген сайын, бiздiң де айтар сөзiмiз күшейедi. Ащырақ әрi ашығырақ бола түседi. Бұл – саясаттың заңы.

- Елге шеттен келетін қандастар жайлы ойыңыз қалай?

- Ұлттың өзiн тәуелсiз мемлекетке тiреу болатындай және оны алға алып жүретiндей iшкi қайнар күш керек. Егер билiк халықтан туындайды десек, алдымен халықтың потенциалын қалыптастырудың жолын iздеуi­мiз керек. Ол үшiн, ең бастысы, елге еркiндiк беру, елдiң дамуы­на, маңдайалды азаматтардың өсiп шығуына мүмкiндiк жасау керек. Бұл – үлкен өзгерiстi кезең. Ол үшiн әдiл сайлау керек, әдiл қозғалыстар керек, әдiл партиялар керек, әдiл баспасөз керек. Ал екiншi жағынан сол үлкен дағдарыста тұрған тiл, дiн, дiл және ұлттық болмыс мәселесiн­де, қазақ ұлтына сырттан келер үлкен көмек бар. Ол – оралмандар. Мен мұны “көмек” деп әдейi бөлiп айтып отырмын. Себебi, оралмандарды үлкен көмек­тесушi адамдар ретiнде қабылдауымыз керек. Ұлттың санын молайтатын, сапасын жақсартатын, ұлттық экономикаға ие болатын, сырттан келiп қосылып жатқан “жаңа күш” ретiнде қарауымыз керек. Әсiресе, гуманитарлық салада, тiл, мәдениет саласында бiз көрiп отырған қиыншылықтардан алып шығуға өз үлесiн қосатын күш ретiнде қарауымыз керек.

Ретроспективалық сұхбатты дайындаған Қуаныш Қаппас

Суреттер "Аңыз адам" журналынан алынды

Abai.kz

 

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529