Айдархан Қарсақбаев: «Біз қымызды әлемдік деңгейге шығарамыз»
Ресейдің Қостанаймен шектесетін Челябі облысының Агапов ауданындағы Южный поселкесінде тұратын Қарсақбаевтарды Жайық бойы түгел біледі десек болар. Иә, жалпақ Ресейде екінің бірі «Қарсақбаев» шаруа қожалығындай мың жылқы айдап отырған жоқ. Нарық сырын әп дегеннен түсініп, шаруаны үйіріп әкеткен қандасымыз бұрынғы кеңшар ізіндегі бір дүйім елді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қарсақбаевтарды Челябі облысында меценат ретінде де жақсы біледі. Қазақтардың «Бірлік» мәдени орталығы осы облыстың Бреды ауданында ұйымдастырған «Жібек жолы» қазақ әндерінің фестиваліне де демеушілік жасаған Айдархан Қарсақбаевты Ресей қазақтары мерекедей қастерлейтін осы жиында кездестіріп, әңгімеге тартудың сәті түскен еді.
- Айдархан Бақытжанұлы, Ресей жерінің дәм-тұзы жібермей отырған қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі қалай?
- Иә, «дәм-тұз» дегеніңіз көкейіме қонады, оның үстіне осы жерде көктеп-көгеріп отырғанымызды да айтуым керек. Қыз Жібек шешеміздің «Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды» дейтін сол Ақ Жайық өңірін малға қаптатып, нәпақамызды жерден теріп отырған бір қауым елміз.
Ресейдің Қостанаймен шектесетін Челябі облысының Агапов ауданындағы Южный поселкесінде тұратын Қарсақбаевтарды Жайық бойы түгел біледі десек болар. Иә, жалпақ Ресейде екінің бірі «Қарсақбаев» шаруа қожалығындай мың жылқы айдап отырған жоқ. Нарық сырын әп дегеннен түсініп, шаруаны үйіріп әкеткен қандасымыз бұрынғы кеңшар ізіндегі бір дүйім елді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қарсақбаевтарды Челябі облысында меценат ретінде де жақсы біледі. Қазақтардың «Бірлік» мәдени орталығы осы облыстың Бреды ауданында ұйымдастырған «Жібек жолы» қазақ әндерінің фестиваліне де демеушілік жасаған Айдархан Қарсақбаевты Ресей қазақтары мерекедей қастерлейтін осы жиында кездестіріп, әңгімеге тартудың сәті түскен еді.
- Айдархан Бақытжанұлы, Ресей жерінің дәм-тұзы жібермей отырған қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі қалай?
- Иә, «дәм-тұз» дегеніңіз көкейіме қонады, оның үстіне осы жерде көктеп-көгеріп отырғанымызды да айтуым керек. Қыз Жібек шешеміздің «Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды» дейтін сол Ақ Жайық өңірін малға қаптатып, нәпақамызды жерден теріп отырған бір қауым елміз.
- Эпостық жырда қанша бояуын қалыңдатып, әсірелеп айтты дегенмен де, қазақтың байлығы мал, оның ішінде жылқы болғаны рас. Ресейдегі қандастарымыздың арасында ауыл шаруашылығын ұйымдастырушылардың, нарықтың сырын игерген кәсіпкердің бірі өзіңіз деп естиміз. Әсіресе, жылқы малының байлық екенін дәлелдеп отырғаныңыз елдегі біздің де көңілімізді марқайтады.
- Рахмет. Көзін тапса тек жылқы емес, қазақтың тұтынған төрт түлігі де байлық. Өзім басқаратын шаруа қожалығы 12 мың гектар егіс алқабын, 2,5 мың гектар жайылымдықты 49 жылға жалға алғанбыз. Сол жерде бір мың жылқы, 2,5 мың ірі қара, 2 мыңның сыртында қой-ешкі және құс ұстап отырмыз. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін өлкеде қазекем қашаннан төрт түлігін бағып, қазы мен қартасын кертіп жеп, қымызын сапырып отырған ғой. Бірақ, нарықтық экономикаға ауысқан кезде Ресейде де ауыл шаруашылығы дағдарып қалды. Шаруашылықтардың тоз-тозы шықты. Сол бір жылдар бізге де оңай тиген жоқ. Бұрыннан басқарған кеңшардың шетін бұзбай, сақтап қалуға тырыстым. Қазір, әрине, шаруашылықты бұрынғыдан өзгеше жолмен дамыттық.
Бүгінде Ресейде, жалпы, бұрынғы Кеңес Одағы құрамына кірген елдердің барлығында да еркін экономикалық байланыс орнаған. Мұның өзі шаруаңды дамытудың, толағай табыстың тетігі мен кепілі - өндірген өніміңді өткзуге толық мүмкіндік береді. Өзгеше жол деп отырғаным осы. Баяғыда кеңшар болып тұрған кезде малды, оның өнімдерін жоғарыдан келген нұсқаумен ғана өткізетін едік. Содан бейнетіміз болғанмен жарығанымыз да шамалы еді. Қазір жағдай өзгеше.
- Сонымен өзгеше жолыңызды таратып айтсаңыз.
-Таратып айтсам, ол -тек қана ұқсату! Ауыл шаруашылығында баққан малың мен еккен егініңді өзгеге ұстата салмай, өзің ұқсатқанда ғана оның қайтарымын көресің. Міне, біз осыны жолға қоя алдық. Баяғыда кеңестік шаруашылықтың басы қасында жүрген кезде «бидайды күнге қақталып жүріп егіп, жинап берген біз неге жарымаймыз, ал оны сақтайтын элеваторлар, ұн етіп тартатын диірмендер байлыққа шылқып отырады?» деп ойланатынмын. Сөйтсем, әңгіменің барлығы да ұқсатуда екен. Қазір біз бір қап дәнді немесе бір бас малды өзгеге ұстатпаймыз. Біздің ұстанымымыз - қорадағы малды, қоймадағы дәнді дүкен сөресіне дейін жеткізу. Сол үшін күніне 2 тоннадай түшпара дайындаймыз, ұн өзіміздің диірмендерде тартылады, ол ұннан күніне 1,5 тонна нан пісіріледі. Қазан-қараша айларында 15 тонна, ал мамыр-қыркүйек арасында айына 20 тоннаға дейін қымыз пісіп, оны Мәскеуге артамыз. Халал технологиясын жолға қойдық. Біз түшпара, манты, жұмбаз ет жасау үшін шошқаның етін жолатпаймыз, күніне оншақты сиыр, сонша бас жылқы, қой соя аламыз. Оның барлығын да шариғат жолымен бауыздап, жайғастырамыз. Жылқы етінен жасалатын түшпара тым қасаң, сиыр мен қой етінен түйілген түшпара тым майлы болып кетпеуі үшін оларға тауық етін турап араластырамыз. Құс өсіретін шаруашылық та халал технологиясымен жұмыс істейді, сондықтан біз олардың өнімін пайдаланамыз. Осы ұқсату кәсіпорындарымыз, шаруашылығымыз бар - барлығында 350 адамға жұмыс беріп отырмыз.
- Қымызды өндірістік жолға қойғандарыңыз кісі қызығарлықтай іс екен. Қымызды табыс көзіне айналдырғандар Қазақстанда да бар. Дегенмен, ол науқандық қана сипат алады және көбіне тұрмыстық деңгейден аса қоймайды. Айына 15-20 тонна қымыз дайындау тым көп секілді, оған қалай қол жеткіздіңіздер?
- Біздің ата-бабамыз бұл жерде жылқы ұстап, қымыз ішіп келеді. Бірақ қалай жақсы дайындағанмен де ол тұрмыстық деңгейде ғана болды. Ал қымызды осындай өндірістік жолға қоямыз деген ой менде де бұрын болмағанын жасырмаймын. Бірде жұмыс бабымен Мәскеуде жүрсем, дүкеннен «сиыр сүтінен жасалған қымыз» деген сусынды көзім шалып қалды. Дереу алып ішіп көрсем, әрине, қымызға үш қайнаса сорпасы қосылатын емес. Сосын дереу дүкеннің менеджерін шақырып алып, сусынның қайдан келгенін, өтімділігін сұрастырдым. «Мәскеу түбіндегі бір шаруашылық дайындайды, сұраныс өте жақсы, сөреде жатып қалмайды» деді. Мені «нағыз қымызды неге дүкенге шығармасқа?» деген ой мазалай берді. Сонымен, қымыз өндіруге талпыныс жасадым. Бие сауу өз алдына, қымыз дайындайтын шағын цех жасақтадық. Аз мөлшерде болса да қымызды дайындап, Мәскеуде өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне екі рет қатыстым. Көрмеге қатысқандағы мақсатымыз, егер сұраныс болып жатса сауда орындарымен келісім-шартқа отыру ғой. Екі рет бардық, екеуінде де қымызды ешкім сұрамай, салым суға кетіп қайттым. Үшінші рет барғанда Мәскеу қаласының бұрынғы мэрі Юрий Лужков көрмені аралады. Біздің қасымызға келгенде бір кесе қымызды төңкеріп салды да, «міне, мынандай қымыз Мәскеу дүкендерінде неге болмайды?» деді жиналғандарға. Лужковтың анасы Башқұртстанда туған ғой, сондықтан ол қымыздың қасиетін жақсы біледі деп ойлаймын. Мэрдің әлгіндей айтқаны мұң екен, сол жолы 2-3 кәсіпкер келіп, менімен келісім-шартқа отырды. Содан келе қымыз өндіруді ұлғайтуды бастадық.
- Қымыздың өзі жанға дауа, емге шипа қасиетті сусын болса, оның бабы да оңай емес екенін білеміз. Өндірістік мөлшерде дайындаған қымыздың сапасы қандай?
- Қымызды қазақ ғасырлар бойы сауып, ішіп келеді. Аналарымыз дайындаған оның бірнеше түрі де бар. Бірақ ешқашан қымыз қазақ даласында да, Ресейде де өндірістік дәрежеге жеткен емес. Лужковтың әлгі дуалы ауыз сөзінен кейін бізге Мәскеудің сауда орындарынан түскен сұранымдар қымызды көбейтуді міндеттеді. Менің мамандығым инженер-механик болғандықтан, қымыз дайындайтын цехтың жабдығын жасау аса қиынға түскен жоқ. Жобасын өзім сыздым. Қымыз құятын ағаштан бөшке күбілерді, піспегін жасадық және пісуді қозғалтқыштар арқылы электрлендірдік. Цехта қанша көлемде болса да қымыз 2-3 сағат дамылсыз пісіліп тұра береді. Қымызды күбі бөшкелерде піскен сайын оның бетіндегі майы қалқып, иісі жұпарланып, дәмі де жақсара түседі. Мәскеуден алып келген газдандырылған, минералды суға, шырынға арналған жабдық желісі біздің қымызды шөлмекке құюға таптырмайтын құрал бола қалды. Цехта қымызды шөлмекке төрт адам құйып жайлайды, нүктені басса жабдық желісі толықтай іске қосылады.
Қымыз сауудың, өндірудің халықтық тәсілі аса өзгертілген жоқ. Осы сусынның технологы болып жаралған аналарымыздың ізімен келеміз. Біздің цехымызда арнайы қойма бар, алдымен соған сүтті жиып аламыз. Оны 7-8 сағат ашытуға қоямыз, пісіледі, одан кейін салқындату үшін тоңазытқыштарға қойылады, одан кейін шөлмектерге құйылады.
- Қазір кока-кола, түрлі газдандырылған сулар, сыра, шырыннан жасалған сусындардан дүкендер сөресі майысқан уақытта қымыздың дәрулігіне мәскеуліктердің көзін қалай жеткіздіңіздер?
- «Жарнама жасауды қалай игердіңіздер?» десеңіз де болады. Біз қымызды сегіз тоннаға дейін өндіре алған соң ғана өнімімізді жарналамалауға кірістік. Қазақтың төл сусынының туберкулезге, асқазан-ішек жолдарына, демікпеге ем екенін, оның құрамында барлық элементтің кездесетінін, ағзаның иммунитетін көтеретінін жарнамаладық. Соның арқасында әлгі 8 тоннадан 20 тоннаға дейін қымыз өндіретін дәрежеге жеттік. Біз алдымен өндіріс-сауда желісіне кіріп алған соң, өнім көлемін арттыру үшін ғана жарнама жасадық. Біздің сусынның сапа жөнінде сертификаты бар, Ресейде өткен көрмелердің наградаларын, оның ішінде алтын медалін де алып жүрміз. Ресейге қазақ қымызының қандай болатынын дәлелдеп үлгергенбіз, ендігі мақсатымыз Еуропаға шығу! Қымызды әлемдік рынокта көрсету. Қазірдің өзінде сауда фирмалары Германиядан, Франциядан, Италиядан біздің сайтқа шығып жатады. Бірақ біз өндірістік мәселені шешіп алмай, оларға жауап беріп отырғанымыз жоқ.
- Ол қандай өндірістік мәселе екенін біздің оқырмандарға да айта отырсаңыз.
- Бұл қымыздың басты мәселесі дер едім. Ол - осы сусынның сақтау мерзімінің ұзартылуы. Мәскеуге артқан қымыз 45 күнге дейін айнымай өз қасиетін сақтайды. Біз оған Мәскеудегі Плеханов атындағы сүт өнімдері институтының көмегімен қол жеткізгенбіз. Жүкті Челябінің біз отырған Агапов ауданынан Мәскеуге дейін керуен-көлік екі күнде апарады. Ал Италияға қымызды кеденнен өткізуі, ұзақ жолы, басқа кедергілері бар дегендей, 20 күнде жеткізуге болады. Тұтынушының қолына тигенге дейін қалған 20 күн уақыт аздық етеді, қымыздың сапасы сақталмауы мүмкін. Сондықтан біз ғылыми ізденістер арқылы қымыздың сақталу мерзімін алты айға дейін ұзартуды ойластырып отырмыз. Содан кейін Еуропаға ойланбастан шығуға болады. Менің ұлым Азат Қарсақбаев Челябі мемлекеттік агроинженерлік академиясының мал шаруашылығы кафедрасында нақ осы мәселемен айналысады. Ол өзінің әріптестерімен бірге осы жаңалыққа таяу уақытта қол жеткізеріне өте сенімді.
- Ізеттілікпен қымыздың бағасы мен пайдасы туралы сөз қозғамай отырмын.
- Шаруашылығымыздағы табыстың басым бөлігі қымыздың еншісіне тиеді. Бұл шипалы сусынның бір литрінің өзіндік құны бізге 5-6 рубльге ғана түседі, ал оны 100 рубльден өткіземіз.
- Қымызды орыстар бұрнағы ғасырлардан-ақ жақсы білсе керек. Қазір де Ресей ғалымдары бұл сусынды атасынан қалған астай дәріптеп, «Ресей ертеден қымызбен емдеудің орталығы» деп жатады...
- Ресейлік ғалымдардың ол сөзінің жаны бар. Негізі Ресейде қымыз жақсы зерттелген. Оның пайдалылығы, емдік қасиеті туралы Башқұртстан, Татарстан жеріне саяхатпен келген орыс оқымыстылары ертеден-ақ жазып кеткен. Белгілі орыс саяхатшысы, академик П.С.Паллас 1770 жылы өзінің мемуарлық шығармаларында башқұрт даласына Мәскеу, Дон жағынан адамдардың қымыз ішу үшін келетіндігін, олардың денсаулыққа қатты әсері барлығын жазады. Орыс ғалымдарын былай қойғанда, орыс тілінің түсіндірме сөздігін жазатын әйгілі Владимир Дальдің қымыздың емдік қасиетін зерттегені, Л.Толстойдың, А.Чеховтың қымызбен емделгені сияқты жайларды жиі келтіруге болады. Ал 1858 жылы Самарада дәрігер Нестор Постников бірінші рет қымызбен емдеу санаторийін ашты. Мұндай санаторий оған дейін әлемнің еш жерінде болмаған. «Ресей ертеден қымызбен емдеудің орталығы» дейтіні Башқұртстан мен Татарстанда бие сауылады. Оның сыртында Қазақстан да Одақ құрамында болды ғой? Кеңес Одағы кезінде ортақ қазан болғаны белгілі. Жылқы шаруашылығын дамытудың ғылыми орталығы Рязаньда болды. Қымызды олар да зерттеді. Қазақстан демекші, орыс оқымыстыларының жазбаларында «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында Қазақстанның малды-егінді аудандарында әр қазақ отбасы орта есеппен жылына 148 шелек қымыз ішеді, яғни бұл шамамен 1200 литр болады» деген деректер кездеседі. Көрдіңіз бе, қымыз қазақтың төл тағамы, сусыны. Сонымен қатар, қымызға башқұрт халқының да таласы бар. Олар да қымызды үйде жақсы дайындайды, алайда, бүгінгі Башқұртстанда оны біз сияқты өндірістік деңгейге көтерген ешкім жоқ. Біз сауып отырған биелердің барлығын да Башқұртстаннан әкелдік. Тұқымы сүтті жылқылар. Бізде 170 бие сауылады, жыл сайын сауын көбейіп келеді. Қазір қыс айларында тек өзіміздің тұрмысымызға қажетті қысырақтарды ғана қалдырдық, қалғаны тебінде, яғни көктемге қарай құлындайды.
- Айеке, ауыл шаруашылығының білікті ұйымдастырушысы болып отырған өзіңіздей қандасымызды мақтан тұтамыз. Дегенмен, мың жылқы жайылатын жайылым ата жұртта да бар ғой...
- Иә, сыртта жүрген ағайынның жүрегіндегі қобыздың күйіндей күңірентетін бір қылды қозғап жібердіңіз. Ата жұртты неге ойламайық, ойлаймыз. Бірақ Ресей болғанымен біз өз аталарымыздың қыстауында отырмыз. Түгін тартса майы шығатын осы Жайықтың бойын жеті атамыздан да арғылар мекен еткен ғой. Аталарымыздың бейіті де осында. Мұнда топырақтың құнарлылығы өте жоғары. Қазақстанның бидай егетін солтүстік облыстарында жаңбыр уақытылы жауып, күтімі келіскен жылдары гектарына 20 центнерден асырып өнім жинаса, біз гектар түсімін 40 центнерден айналдырамыз. Ресейдегі демократияға көңілімнің толатындығын да жасырмаймын. Мысалы, мен мәжілістерде кәсіпкер ретінде мемлекеттен бөлінген несие немесе басқа да қолым жетпей жүрген мемлекеттік жеңілдіктер немесе ауыл шаруашылығындағы өзге де проблемалар туралы ойымды ашық айтамын, губернаторды сынап сөйлей аламын. Ол мені сол сыным үшін қудаламайды, ісіме көлденең тұрмайды, қайта айтқан сыныңның қорытындысы бойынша маған жауап береді.
Мен осы жерде өстім, тамыр жайып қалдым. Ресейдегі қазақтар бір-бірімізбен құда боламыз. Жақын жылдары мешіт салдық, әкем Бақытжан Қарсақбайұлы қажылық парызын өтеді. Ауылдағы жастар, оның ішінде, менің үш ұлым да бала жасынан мешітке барды, жұма намазын құр өткізбейді. Дәстүріміздің қаймағы бұзыла қойған жоқ. Тек ақсайтын тұсымыз - ана тілімізге шорқақтығымыз. Баяғыда аталарымыз балалары үшін үйде оқытушы, молда ұстаған ғой. Балаларымызға қазақ тілін үйрету үшін мұғалім жалдауға, үйде үйретуге шамамыз жетеді. Осы іс ойымызда жүр.
- Қазақстанның тыныс-тіршілігінен хабар алып отыруға мүмкіндік жеткілікті болар?
- «Спутник» желісі арқылы Қазақстандағы телеарналарды көріп, тарихи отанымыздағы барлық жаңалықтан хабардар болып отырамыз. Әрине, Қазақстан қанша өссе, біз сырттағы қазақтар соншалықты арқамызды тауға тірегендей боламыз. Ал біз өзге жұрттың арасында қазақ деген атымызға кір келтірмесек деген намыстың ісімен тіршілік кешеміз.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай-Бреды-Қостанай.
«Егемен Қазақстан» газеті