Ауыл жастары «Жас Отанның» басты назарында болуы тиіс
Бурабайда өткен «Жастар – Отанға!» жастар саяси лагерінің ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осылай деді.
Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев жастардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы үшін партия тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
– Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмасына сәйкес партия қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы мақсатта 20-дан астам жаңа жоба қолға алынды. Олардың қатарында жастар саясатын жандандыруға қатысты тың бастамалар да бар. Өйткені жастар мәселесі партия жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Партияның бастамасымен жастардың бағдарламалау негіздерін, робот техникаларын және 3D модельдеуді үйренуі үшін тегін «1000 ІТ-сынып» ашу жобасы жүзеге асырылуда. Одан бөлек, жас буынның дұрыс тамақтануы мен саламатты өмір салтын ұстануын қамтамасыз ету үшін мектеп асханаларын жаңғырту және мектеп спорт алаңдарын қайта жабдықтау жұмыстарын бастап кеттік. Ауыл жастарына ағылшын тілін үйретіп, отандық кітапханаларды заманауи білім орталығы ретінде қайта құру бастамалары да партия тарапынан іске асырылуда, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Мәулен Әшімбаев осындай тың жобаларды табысты жүзеге асыру үшін еліміздің барлық жастарын белсенділік танытуға шақырды. Сондай-ақ ол бұл жұмыстар Елбасы айқындап берген міндеттерді орындауға бағытталғанын айтып, осы жолда жасотандықтардың алдында тұрған басты міндеттерді атап өтті.
– Біріншіден, жасотандықтар «Жас Отанның» IV съезінде қабылданған қорытынды құжаттағы бастамаларды жүзеге асыруға басымдық беруі тиіс. Екіншіден, партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобаларды жүзеге асыруға да белсенді қатысуы керек. Әсіресе өңірлерде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуі қажет. Үшіншіден, «Жас Отан» ел жастарын Елбасы саясатына топтастыратын, барлық жастар ұйымдарының басын біріктіретін қозғаушы күш болуы тиіс. Бұл ретте «Ұлттық патриоттық актінің» маңызы зор. Төртіншіден, ауыл жастары «Жас Отанның» басты назарында болуы керек. Партия жүзеге асырып жатқан мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту, ІТ-сыныптар ашу, ағылшын тілін үйрету сияқты партиялық жобалар негізінен осы ауыл жастарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан жасотандықтар осындай партиялық жобаларды жүзеге асыруда көбіне ауылдық жерлерге басымдық беру тиіс. Бесіншіден, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысып, ұлттық кодты сақтау, мәдени мұраларымыз бен құндылықтарымызды дәріптеу сияқты басымдықтарды жүзеге асыруда жүйелі әрекет етуі тиіс. Аталған басымдықтардың алдыңғы легінде жастар жүруі керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
«Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен биыл қатарынан оныншы рет өтіп отырған лагерь жұмысы аясында еліміздегі бірқатар жастар ұйымдары «Ұлттық патриоттық актіне» қол қойып, барша қазақстандық жастардың өзара әріптестігін нығайтуға, жастар саясатын одан әрі жандандырып, жас буынның белсенділігін арттыруға, ұлттық құндылықтар мен үрдістерді басшылыққа ала отырып, жаңа заманға сай даму жолында аянбай еңбек етуге уағдаласты.
Abai.kz