Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Бәрекелді! 4735 0 пікір 18 Қыркүйек, 2018 сағат 14:55

Сарқан халқы серпілген күн

Сонау ХІ ғасырдағы Қарлұқ қағанатының астанасы Қойлық қаласының тарихынан тамыр алып, 900 жылдық тарихнаманы ішіне бүккен Сарқан жері ауданның 90 жылдық мерекелік тойын Алты Алашқа сауын айтып, дүбірлетіп атап өтті. Аудан басшылары Abai.kz ақпараттық порталына арнайы шақырту жібергендіктен, біз де сол тойдың куәгері болып қайттық. 

Әруаққа тағзым

Дүбірлі той қазақтың біртуар ұлы Мұхаметжан Тынышбаев пен Әбдіқадыр Болсамбековтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қазақтың тұңғыш теміржолшысы Мұхаметжан Тынышбаевты танымайтын қазақ жоқ. Ал, запастағы генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбековті жалпы Алаш аса біле қоймағанымен, ол - Сарқан өңіріне өте танымал тұлға. Екінші дүниежүзілік соғысқа және Жапония мен КСРО арасындағы жауынгерлік қақтығыстарға қатысып, аты аңызға айналған адам. Жапониямен болған соғыста «СМЕРШ» бақылаушы барлау взводының командирі болғанын, Солтүстік Қытайда Порт-Артур мен Дальний портына жапондықтарға тойтарыс бергенін қарт тарих ұмыта қоймайды.

Аудан тойы осы екі тұлғаның әруағына тағзым жасаудан басталды. Сосын Екіаша ауылында Кеңестер Одағының батыры В.Д.Беленконың және Екінші дүниежүзілік соғыс арадегерлерінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Екіашадағы конференция һәм айтыс

Екіаша ауылдық мәдениет үйінде ғалымдардың атсалысуымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Сарқан жерінің ғасырлар қойнауындағы тарихы аршылып, осы ауданнан шыққан мықты азаматтардың өмір-тарихы сөз болды. Сарқан жерінің байлығы, болашағы да назардан тыс қалмады. Тіпті, кей азаматтар Сарқан ауданында КСРО көсемі Лениннің атында әлі күнге мектеп бар екенін айтып, болашақта өзгертуді ұсынды.

Конференция соңы айтысқа ұласты. Жетісудің жүйрік ақындары тарихы терең Сарқан елінің жетістігін жырға қосты. Жетісудың белгілі айтыскері Айтақын Бұлғақов  баптаған жас ақындар қалың көпшілікті бір серпілтіп тастады. Айдана Қайсарбекқызы, Қазыбек Жеңісхан, Қанат Боқан сынды жүйріктер айтыс қортындысында жеңімпаз деп танылды.

Көкпаршы жігіттер "Қырғыздармен біз көкпар тартсақ, жеңер едік" деді

Аманбөктер аспаны әнге бөленді

Жоңғар Алатауының сұлу мекендерінің бірі - Аманбөктер жайлауы. Сарқаннан басталып,  Екіашада жалғасқан той жылжып отырып, Аманбөктердің баурайына табан тіреді.

Рамазан Стамғазиев бастап, Сарқанның төл тумасы Серікбол Сайлаубек қоштаған мерекелік кеш түннің бір уағына дейін жалғасты.

"Той десе қу бас домалайды"

Тойдың екінші күні де көңілді басталды. Сарқан ауданының жетістіктерін көрсететін көрме ашылып, келген қонақтарды бір серпілтіп тастады. Көрмеден кейін негізгі мерекелік шара басталды.

Мерекелік шараны Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз сөйлеп ашты. Ол Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына байланысты ауданда көптеген істің атқарылғанын айта келе, облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізді. Одан кейін сөз алған аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков айтулы өңірде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары қалай жүзеге асып жатқаны жайында баяндама жасады. Баяндамадан кейін ел мен жерге еңбегі сіңген отызға жуық азаматты "Сарқан ауданының Құрметті азаматы" белгісімен марапаттады.

"Біржан сал" фильміндегі Біржанның ағасы Нұржан (Саят Мерекеұлы) енді - Сарқан ауданының Құрметті азаматы

51 жыл бойы ұстаздық етуден қажымаған Мырзахан Қабасовты журналистер арнайы құттықтады

"Сарқан ауданының Құрметті азаматы" атағын белгілі кәсіпкер Серікқали Жаманбалин, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, белгілі актер Саят Мерекеұлы, 51 жыл бойы ұстаздық етіп келе жатқан Мырзахан Қабасов сынды азаматтар алғанын айта кету керек.

Мерекелік шараның соңы театрланған қойылыммен жалғасты. Ас берілді, Ұлттық спорт ойындарынан түрлі сайыстар өтті.

Осылай Жетісудың бір пұшпағында жатқан Сарқан елі бір серпілді.

Түйін

"Бастауын Алатаудан алған Сарқан, Екпіні жақпар тасты жарған Сарқан" деп ақындар жырға қосқан Сарқан елі жүз жылдық мерейтойын Қойлық қаласы маңында өткізсе деген өтінішіміз бар. Кеңестік кезеңдегі аудандардың құрылуын ұмытып, Қарлұқ ханы Арысланның мың жылдығын тойлап жатсақ, айып па? Біздің бар айтпағымыз осы.

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1511
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5824