Жұма, 27 Қыркүйек 2024
4708 2 пікір 18 Қыркүйек, 2018 сағат 18:10

Әлихан Смайылов қаржы министрі болып тағайындалды

Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасының қаржы министрі болып тағайындалды. 

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

«Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасының қаржы министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын», - делінген, Мемлекет басшысының Ақорданың ресми сайтында жарияланған Жарлығында.

Әлихан Смайылов 1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

1993–1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

1999–2003 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2003–2006 жж. — ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

2006–2009 жж. — ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰХ президенті.

2009–2014 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2014–2015 жж. — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.

2015 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

Abai.kz

2 пікір