Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 3239 0 пікір 2 Қыркүйек, 2018 сағат 00:08

Солтүстік өңірді игеру – ұзақ болашақтың жобасы

Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы аясында көш бағытын солтүсікке бұрған ағайынға жасалатын тиімділік жылдан-жылға жақсарып келеді. Атап айтар болсақ, биылдан бастап тек отбасыларға ғана емес, некеде тұрмаған азаматтарға да мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл мәселе халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері туралы заң жобасында көрініс тауып отыр.

Айта кетсек, демография болжамына қарағанда 2050 жылға қарай еліміздің оңтүстік өңірлерінде халық саны шамаман 5,3 миллион адамға көбейіп, жұмыссыздық мәселесі күрделене түсуі мүмкін. Керісінше солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі үлкен проблемаға айналуы ықтимал. Осындай демографиялық теңгерімсіздікті реттеу мақсатында мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес үкімет екі жылдан бері артық жұмыс күші бар өңірлердің еңбеккерлерін жұмыс күші жетіспейтін облыстарға қоныстандыру бағдарламасын іске асыруда.

Былтыр қоныс аударушылар саны 2016 жылмен салыстырғанда екі есе көбейіп, 3800 отбасыға жеткен. Ал биыл көш қарқыны одан әрі үдеп, тиісті квота бойынша қоныс аударушылар саны 9 мың адамға дейін көбейтілмекші.

- Қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерін ғана емес, енді қоныс аударушылардың жеке басын, оның ішінде некеде тұрмаған азаматтарды да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтып, өңірлік квотаға енгізу қарастырылуда, — дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова.

Осы жерде бір айта кетерлігі еліміздің солтүстік өңіріндегі ауылдарда адам өте аз қоныстанған. Тіпті, кейбір ауылдар қаңырап бос қалуда. Мысалы, Павлодар облысы Май ауданында – 12 мың, Успенка ауданында небәрі 14 мың халық тұрады. Көрші Ресей Федерациясымен шекарадағы кей ауылдар тіптен босап қалған. Осыған байланысты 2013 жылы қабылдаған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жергілікті билік өңірдегі халық санын арттыру үшін көшіп келген отбасыларға көрсетілер көмектің көлемін ұлғайтуда.

Көшіп келуге ниеті барлармен кездесуде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов: Біз заң шеңберінде, көшіп келем деушілерге барлық көмекті жасаймыз, – деп мәлімдеді.

Сонымен бірге облыс басшылары көшіп келушілердің түрлі сұрақтарына жауап берді.

- Біз аудандағы әкімдік құзіретіндегі бос тұрған офистерді және басқа да орындарды төмен бағамен жалға беріп, жеке кәсіппен шұғылданушыларға жағдай жасаймыз, – дейді Шарбақты ауданының әкімі Ыбыраев Балғабай Жұмағұлұлы.

Сонымен қатар, жергілікті атқа мінерлер көшіп келушілер үшін жер ешқандай конкурссыз, аукционсыз берілетінін айтып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары, Бегентаев Мейрам Мұхамметрахымұлы:

- Біз барлық аудандардағы бос тұрған, сатылатын үйлердің тізімі жасап, бағасын нақтыладық. Оның үстіне жер алам деушілер үшін жақсы хабар бар. Бағдарламаға енген, жаңа өзгеріске сай көшіп келем деушілерге жер ешқандай конкурссыз әрі аукционсыз беріледі, – деді.

Қаратай ауылының әкім Бейбіт Жолшеев : Ауылыма бір үй көшіп келсе де қуанамын. Себебі, кім өзінің ауылының құрып, жоғалғанын көргісі келеді дейсіз. Ауыл Ресеймен шекараның түбінде, жер де, жұмыс та, қазақша мектеп те бар.

Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары ризагүл Неғманованың айтуынша, көшуге субсидия – әр отбасына 35 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір реттік төлемақы, тұрғын үйді жалдау бойынша шығындарды өтеуге субсидия – әр отбасы үшін 12 ай бойы төленеді.

Егер отбасы мүшесі бір адам болса, 20 АЕК, екі-төрт адамға дейін 25 еселенген АЕК, бес және одан көп болғанда 30 еселенген АЕК мөлшерінде, егер ауылдық мекендерге қоныс аударса, 12 ай ішіндегі үй жалдау ақысы жеке-жеке, бір мүшесі бар отбасына 15 АЕК, екі-төрт мүшесі бар отбасына 18 АЕК, бестен артық мүшесі бар отбасына 20 АЕК мөлшерінде төленеді.

Әр отбасының кем дегенде бір мүшесі жұмысқа орналастырылады. Ауылшаруашылығымен шұғылданатындарға жеткілікті түрде жер беріледі. Сатып алған үйі мен жерін қойып, жеке кәсіпкерлік үшін несие алуға да болады. Ол үшін ең абзалы өзара біріккен кәсіпкерлік корпоративтерін құру керек.

Бұдан бөлек, солтүстікке көшкен ел ең алдымен мемлекеттің көмегімен үй алады және жұмыс табады.

Ал одан да маңыздысы жерге ие болады. Адам саны өскенімен жер үлкеймейтіні белгілі, жер бірнеше жылдан кейін берілмейді. Ал жер – әлемдегі ең тұрақты, әрі құны тек өсе беретін капитал. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұра.

Солтүстікте кәсіп ашушылар үшін әсіресе ауылшаруашылығымен айналысқысы келетіндер үшін мүмкіндік көп, бәсеке төмен.

Солтүстіктің халқы бір тоға, түзу, олармен жұмыс жасау оңай әрі сенімді. Оңтүстіктен келген көш шекара өңірдің демографиясын көтеретіні хақ. Бұл – босап қалған шекаралық өңірлерге жан кіргізеді. Сол арқылы өзара өндіріс те өседі.

Қысқартып айтқанда, "Елге ел келсе – құт" деген аталы сөз бар. Басымыз көбейіп, баурымыз бүтін болсын десек, шекараны адамға толтырып, өндірісті нығайтуымыз керек. Ал ол – сенімді де сергек қоныс аударушылардың да оң жамбасына келер саясат.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308