Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7341 19 пікір 20 Қыркүйек, 2018 сағат 06:29

ҚазҰУ-дің ректоры Мұтанов поэзиясына сын

Қолыма қайдан түскені есімде жоқ, жақында кітап сөремнен «Айналаңды нұрландыр» деген кітапқа көзім түсті. Алып қарасам, авторы Ғалым Мұтанов деген азамат екен. Есіме түсе кетті. Осыдан біраз жыл бұрын "Қазақ әдебиеті" газетінде авторын жер-көкке сиғызбай мақтап, біреудің бір топ өлеңдерін берген еді. Мақтағаны былай тұрсын, газеттің айтуынша, қалың  оқырман қауым Ғалым Мұтановтың  жауһар жырларына шөлдеп, әбден аңқасы кеуіп қаталап жүрген адамдай іздеп, оның өлеңдерін жариялауды өтініп хат та жазып жатыр екен-мыс.

Апыр-ай, бұл мына газеттегілер айтқандай, керемет ақын болса, неғып көрінбей жүрген деп әрі қарай оқып кеп қалсам... Құдай басыңызға сала көрмесін, шынымды айтсам, мынаны өлең деп жазып, оны газетке ұсынып отырған адам... былай енді.. денсаулығы қалай өзі дегендей сілейіп тұрдым да қалдым. Апыр-ау, жақсы өлең, ортақол өлең (кейбіреулер ортақол мен ортаңқолды шатыстырып жүр), нашар өлең деген болатын еді. Мынау соның ешқайсысына жуықтату мүмкін емес, тіпті, өлең деуге келмейтін бірнәрсе ғой, мына «Қазақ әдебиеті» газетіне не болған деп сол кездегі бас редактор Жұмабай Шаштайұлына телефон шалсам, алмайды. Осы жерде үйреншікті шыдамсыздығымның пайдасы тиіп, бірге оқыған досыма қоңырау шалып  "мына өлеңші Ғалым Мұтанов деген кім?" десем: "КазГУ-дің ректоры ғой" ,– дейді. Әрі қарай қандай аянышты күйге түскенімді баяндамай-ақ қояйын. Ал сол кездегі Нұрлан Оразалин басқаратын Жазушылар Одағының органы «Қазақ әдебиетіндегілер» жұрт сұрап отыр деген сияқты орашолақ өтірікті қосып, осы тектес өлеңдерді жариялайтындай не басына күн туды деймін тағы да. Ал оның мына «Айналаңды нұрландырын» Халықаралық Абай клубы шығарыпты. Оның алғысөзін жазған Роллан Сейсенбаев. «Ғалымның өлеңдерінің ақыл көзі Абайдан бастау алған». Сонымен бірге математикалық дәлділік (дәлдік шығар?-М.К.), аз сөзге көп ой сыйдыру шығыс ғұламаларының Ғалымға (Мұтановқа!-М.К.) тапсырған аманатындай болып көрінеді»,–депті. Енді сол "ақыл көзі Абайдан бастау алған" өлеңдердің біреуіне көз салыңыз:

Өмірден толық,

Қабылдау үшін

Білуге оның

Бүге-шігесін

Ар-ожданнан өрбу алады

Қаншалықты сен

Сезінесің

Қоршаған әлем,

Тынысын?

Байланысты соған

Шығысың мен кірісің

Күнделікті жүрісің,

Тірлігің мен

Бар ісің!

Міне, еліміздегі ең іргелі оқу орнының бірі – ҚазҰУ-ің ректоры Ғ.Мұтановтың  «Абайдан бастау алған ақыл-көзінің» жеткен жері осы! Бұл не, поэзия ма? Әлде, «шығысың», «кірісің» неге байланысты екені туралы бухгалтерлік зерттеу ме? Поэзияның ұйқас, ырғақ, буын, көркемдік сияқты қарапайым талаптарынан бейхабар адамның балдыр-батпағымен поэзияны бұлайша былғанышқа айналдырған дүниесін кітап қып бастырумен қоймай оны Абайдың, Шығыс ғұламаларының даналығымен салыстыру адамның ойына келе бермейтін сорақылық емес пе? «Ақыл көзі Абайдан бастау алған» адамға не тұрады, ол енді бір «өлеңінде» «поэзиядағы бухгалтериямен» айналысуды қоя салып,

Дүниядан өткенде сұрар молда

Марқұмның қарызы бар ма?

Болса адамның қарызы егер,

Оны жақын туысы өтер,-деп өлген адамның жаназасын өткізу мәселесіне кірісіп кетеді де дереу:

Аспан асты, жер үсті,

Арасында біздің мекен

Жібермейді жердің күші,

Шығуға бұл кеңістіктен, - деп енді атының басын физика ғылымына бұрып оның атақты, тартылыс заңына сәл аялдама жасап сосын

Өмір өтіп мезгіл жетсе

Кетерсің осы дүниядан, - дейді.

Не деген ғұламалық философия. Егер КазҰУ-нің ректоры осылай деп ескертпесе, өмір өткеннен кейін яғни, өлгеннен кейін осы дүниеден кететініңді білер ме едің, құрметті оқырман! Әлде адам баласының мәңгі өмір сүрмейтінін, бәріміздің бір күні өлетінімізді Ғалым Мұтанов мен айтпасам, өлеңсүйер қауым білмеуі де мүмкін деп ойлады ма екен? Ал оның «Ұлт дамуының формуласы» дегенін оқығанда ұлт туралы не айтқысы келіп отырғанын да түсінбек түгіл оның не айтқысы кеп отырғанын да түсіну мүмкін емес. Оның айтуынша, бір ұлттың дамуының формуласы мынадай:

Әр ұлттың дамуы мен өрісі (?)

Қасиеті мен еңбегінің жемісі

Не азайтар, не көбейтер табыспен

Өзіндік үлесімен әр кісі

Еңбек табыстың

Тоқсан тоғыз пайызы

Бұған болмас ешкімнің баламасы

Жасампаз еңбек

Ұлт дамуының  формуласы!

Иә, халқымыз «Жұт жеті ағайынды» дейтін еді. Ғалым Мұтановтың бұл өлеңдерін оқып отырып өз басым сірә, "жұт жеті емес, сегіз ағайынды шығар, поэзияны осындай не ұйқасы, не ырғағы, не буыны жоқ мазаққа айналдырған оның сегізінші ағайыны не мына Ғалым мырзаның  өлеңдері, оны шығарған не Абай клубы шығар деймін тағы да іштей.

– Көкіректе көзің болмаса

Құр сөзден ғибрат құралмас

Жапалақ қонып бақшаға

Бұлбұлша сайрап тұра алмас

Инабатың жоқ болса,

Бай да болсаң жарлысың

Дәмсіз болса айтқаның

Диуанадай қаңғысың, - депті  ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері. Әулием-ай, күндердің күні болғанда қазақтың тілі, ділі, діні, ата-баба дәстүрі, ақырында ең киелі де ең қасиетті өнері – өлең-жыр өнерінің өзі осынша құлдырап, осынша әжуаға түсетінін қалай болжаған десейші деп терезеге қарап телміріп ұзақ отырып қалғанымды да байқамаппын. Шынында да он, жүз жерден ғалым болса да, үлкен оқу орнының  ректоры болса да, Абай клубынан кітабы шықса, тағы біреулер қанша жерден мақтап, мадақтап поэзияның ғазал бағына кіргізбек болса да әлгінде дана Әбубәкір Кердері айтқандай «жапалақтың бақшаға келіп қонса да бұлбұлша сайрай алмайтыны» айқын көрініп тұрады екен-ау.

Осы Ғалым Мұтанов өзінің жазғандарын терең ойшылдық, философия дей ме қайдам енді бірде:

Атқан таң, батқан күнмен,

Ашылып, жабылады,

Өмірдің әр парағы

Әр пенде, әр күнде

Өзі жазып, қалдырады

Күнделікті тірлігің

Сол парақтар құрастырар

Тұтас болып кітап,

Әр адамның ғұмырын

Мақсат емес қалыңдығы,

Ерекше оның маңызы,

Мәні менен мазмұны! – деп «толғанады». Осы сөздері арқылы, әсіресе «әр пенде әр күнде өзі жазып қалдырады күнделікті тірлігін» деп өзін айтып отырған сияқты көрінеді де тұрады маған. Әйтпесе, бұл өлең деуге келмейтін әр нәрсенің басын шалған «күнделікті тірліктің» бір түрі ғой. Жоғарыда қайран Әбубәкір Кердері

Көкіректе көзің болмаса

Құр сөзден ғибрат құралмас, - дегенде осындайларды айтты емес пе?!

Осы кітап-сымаққа жазған алғысөзінде Роллан Сейсенбаев «Ғалым өлеңдерінің қуаты да, қасиеті де ар мен ұжданнан өрбу алады дейді. Ар мен ұждан ең әуелі өзің қалап алған мамандығыңа немесе өзің бет бұрған өнерге, әсіресе, поэзияға адалдықтан, оның киесінен қорқудан, қасиетін қадірлеуден басталады. Ал мына өлеңдерден сондай ар-ұжданды көре алдық десек, онымыз да ар-ұждандылыққа жата ма? Поэзияға ең әуелі инабаттылықпен қарау керек. Әйтпесе, тағы да Әбубәкір Кердері айтқандай

Инабатың жоқ болса

Бай да болсаң жарлысың,

Дәмсіз болса айтқаның,

Диуанадай қаңғысың, - деген сөз рас. Сөз соңында «Айналаңды нұрландырдың» авторы Ғ.Мұтановқа айтарымыз: ҚазҰУ-нің басшысы тек өзі таңдаған ғылым саласынан емес, әдебиеттен де мол хабары болуы керек. Өйткені, ол басқарып отырған оқу орнында небір болашақ жазушы, ақындар өсіп келеді. Олар өз басшысының жазған-сызғанына қарап отырады. Сондықтан ол ҚазҰУ-нің ректоры болғанымен, оның бас ақыны болу оңай шаруа емес екенін әрдайым есте сақтап жүру керек. Осы «Айналаңды нұрландыр» деген нұры да, сыры да бұлыңғыр дүниені оқып шыққаннан кейін мынадай  ой келді: Егер адам бір салада жауапкершілігі мен білігі төменқолдау болса  ол өмірдің, тіршілііктің өзге салаларында да жауапкершілігі төмен және өзінің мінін аңғармайтын бола ма, қалай өзі?..

Мырзан Кенжебай, ақын

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475