«Жаңа Жібек жолы» экспедициясы Алматыда
Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша экспедицияны ұйымдастырушы «Kazakh Tourism» ҰК. «Жаңа Жібек жолы» экспедициясының бағытын «QazaqGeography» РҚБ жүзеге асыруда.
Экспедиция құрамы тәжірибелі саяхатшылардан, туроператор өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден, сондай-ақ «National Geographic Ресей» командасынан құралған.
«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы аясында өтіп жатқан «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция бүгін Алматы қаласына келіп жетті. Жобаның VI бағыты 17 қыркүйекте жолға шыққанын естеріңізге сала кетейік. 13 күнде қатысушылар Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына барып қайтатын болады.
«Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасы Қазақстан аймақтарына жасалатын ең ірі экспедиция. Экспедиция алты бағыт бойынша алты туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға бару арқылы жүргізіледі. Экспедицияның мақсаты — жаңа туристік бағыттарды жасау үшін табиғи, тарихи, киелі мекендері зерттеу, ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамыту, және туған елді зерттеу. Оған қоса, экспедиция туралы материалдар Қазақстанның туристік дестинация ретінде танылуына және халықты ішкі туризмге тартуға ықпал етеді. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылады. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынады, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады.
Экспедицияның алғашқы күндері Алматы облысында өтті. Қатысушылар Қазақстан–Қытай шекарасында болып, Қорғас бекетіне барар жолда Жаркенттегі ерекше мешітке соқты. Бұл мешіт бірде бір шегесіз, Тянь-Шань шыршасынан салынған. Ары қарай экспедиция мүшелері Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі — Көлсайға барып, оның сұлу көлдері мен Қайыңды көлін тамашалады.
Ары қарай экспедиция Ақтау тауына, Айғайқұмға, Шоқан Уәлиханов бұлағына, Талхиз қалашығына барып қайтты. Сондай-ақ саяхатшылар Алматы облысында ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының нысаны болып табылатын Тамғалы шатқалында болды.
Бүгін экспедиция мүшелері Алматы қаласының көрікті жерлері: «Медеу» мұзайдынын, «Шымбұлақ» пен Үлкен Алматы көлін тамашалады. Бұл жерлер әрқашан туристерді өзіне тартады. Одан бөлек, Алматыда саяхатшыларымызды Қазақстан эстрадасының жұлдызы — Бақыт Шадаева қарсы алды.
«Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға бұрынғыдан да көп көңіл бөлініп жатқаны үшін қуаныштымын. Туған өлкеміздің сұлулығын айтуға сөз жетпейді, табиғаты қандай көркем, әрі сұлу! Алматыға берекелі күз кезінде келдіңіздер, жеміс-жидек піскен, күздің керемет кештеріне куә болатын сәт. Оған қоса, экспедицияларыңызға өз ісінің хас шеберлері жиналыпты. Қазір жолдың дәл ортасына келдіңіздер, алда жаңа жерлер әлі де көп. Бүгін көптеген әсер алып, жаңа дүниелермен танысасыздар деп үміттенемін. Қазақстанның беймәлім жерлерін зерттейтін бағыттарыңыз – Жаңа Жібек жолында сапарларыңыз сәтті болсын», — деп әнші Бақыт Шадаева өз әсерімен бөлісіп, сәт сапар тіледі.
Бұдан кейін қатысушылар екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Тараз қаласына барады. Ерте кезден бері Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандықтан бұл қаланың маңызы өте жоғары болған. Тараздың және оның айналасының көрікті жерлерін көріп болған соң, жоба қатысушылары Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында орналасқан, Орта Азия мен Қазақстандағы ең ескі қорықтардың бірі Ақсу-Жабағылыға бет алады.
Ары қарай олар Батыс Тянь-Шань тауларының солтүстік-шығысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына барып, сол жерден теңіз деңгейінен 2350 метр биікте орналасқан Сайрамсу көлін көріп қайтады. Сондай-ақ қатысушылар Түркістан облысының аумағындағы Отырар қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, Сауран қаласы мен басқа да археологиялық және табиғи ескерткіштерге барады.
«Kazakh Tourism» ҰК Үкімет қаулысымен 2017 жылы шілдеде құрылған. Компанияның негізгі міндеттері: еліміздің туристік әлеуетін шетелде насихаттау, сонымен қатар Қазақстанның туристік саласына инвестиция тарту.
«QazaqGeography» Республикалық қоғамдық бірлестігі бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: география, климат; қоршаған орта, табиғи ресурстар; биоалуантүрлілік; туризм, саяхат, өлкетану; тарихи-мәдени мұра, этнография. Қазір Қазақстан Республикасында 11 өкілдік ашылған.
Abai.kz