Мен - қазақ тілімін
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Бұл мемлекетте менің орным жоқ. Әдетте, менімен сөйлейтіндер сауатсыз, білімі жоқтар. Мені қолданатындардың көбісі кедей. Мені қолданатындар жарыққа ұмтылмайды. Әлемге ашық көз, анық оймен қарамайды.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Бұл қоғамдағы менің орным тек қана қатын-қалаш пен алқаштың әңгімесін айтудан аспайды. Мен арқылы ешқандай маңызды ақпарат тарамайды. Бар болғаны өлексе сасыған арналар мен өсек-аяң сарнаған газеттер мен сайттарда ғана жүремін. Мен жай ғана табиғаттың кездейсоқтығынан кейбір қазақ болып туғандардың аузынан ғана шығамын.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Осы уақытқа дейін мен арқылы әлемге маңызды жаңалық ашылған жоқ. Мен ғылымның тілі бола алмаймын. Менің бар қолданылатын жерім - мектептің аясы ғана. Одан шыққан соң, менің ешкімге қажетім жоқ. Өнеркәсіп пен технологияның тілі болуға менің дәргейім де деңгейім жетпейді.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Мені жұрт тек қана қылмыс яки айып жасаған кезде келісу үшін ғана қолданады. Менде ешқандай қасиет жоқ. Мен тек қана әлсізге жекимін. Шешінген қыздарыма сес көрсетемін. Өзгеше игілік ойлағандарды қарғап сілеймін. Ары кетсе, өлім тілеймін. Сондықтан менің болмысымнан бәрі де жерініп кеткен.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Мен жанжалдың тілімін. Қаншама көше бұзақылары, әділетсіз полицейлер, қабілетсіз мамандар мен бақытсыз отбасыдағы адамдардың бірін-бірі айыптап соңында беткөріспес қиянға жеткізетін тілмін.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Мен ең кедей тілмін. Менімен жағдайы жақсы қазақтар сөйлемейді. Менімен тек қана тағдырын тәлкек қылған, үміт жоғалтып рухы сынған кедейлер сөйлейді. Сәйкесінше, мен арқылы сөйлегендердің ешқандай мінберге даусы жетпейді.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Бәлкім, тарихта мен мықты болған шығармын. Бірақ, мен қазір өлдім. Мен тек қана арзанқол ұры әншілер, қайғы ақындар мен қайыршы балалардың тіліне айналдым бүгін. Менде ешқандай ұлылық жоқ.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Мен адамзатқа игілік әкелген бірде бір ғалым мен технократтың аузынан шықпағанмын. Мен тек қана өзін жоғалтқан ұрпақтың аузында ғана жүрмін. Менің дәрежемнің төмендігі соншалық, жетістікке жеткен менің ұланым үлкен орталарда сөйлейтін болса, айналасының бәрі де оны "мәмбет", "мал сасыған колхозник" деген көзқараспен қарай бастайды. Мені білетін адамдарды осылайша үнемі ұятқа қалдыратын диуана тілмін мен. Қымбат ресторанға қайыршы біреу кіріп кетсе, оны қуып шығарып жіберетіні сияқты, зиялы орындарға кіруге менің құқығым жоқ.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Менің жай ғана "мемлекеттік" деген статусымнан басқа ештеңем де жоқ. Билікте Қазақтың тағдыры менімен шешілмейді. Мен арқылы маңызды ештеңе жазылмайды. Мекемелерде маған жай ғана "для галочки" аударылады. Менің барымнан көре жоғым әлдеқайда тиімді олар үшін.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Мен ойсыз ұландарыма сырттан келген ағымдарды бойларына сіңіруге атсалысатын бірінші фактормын. Иә, мен оларды өз ұлты мен салтынан, өзімнен жеріндіру үшін пайдаланылатын тілмін. Мен бұл қоғамды еркін ойдан шектеп, бәрін тозақпен қорқытып, адамдарды үрейде ұстап, дамуға жол бермейтін діннің жай ғана құралымын. Менімен тіпті дұға да жасалынбайды. Ол үшін діннің бекіткен тілі бар. Мен ол деңгейге лайық емеспін.
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Жоғарыда айтқанымдай менде Ұлылық қалмаған. Ежелде мен арқылы Ұлы Ғұндардың Патшалары мен жауынгерлері, Көктүріктердің Ұлы Қағандары мен Білгелері, Қазақ елінің Ұлы Хандары мен Билері, Алаштың Көсемдері мен Ағартушылары сөйлеген еді. Әлемге әмірімді жүргізген тіл едім. Бірақ, дәл қазір мен көше торыған ұлдар мен қара жұмысқа жегілген құлдардың тілімін. Бәлкім, оғланым ұлықтығын ұмыт қылмай, игілікке ұмтылғанда хәлім басқаша болар ма еді, кім білсін..?
Сәлем. Мен - Қазақ тілімін. Мен әлсіз әрі бейшара тілмін. Мен бауыры нақақ айыпталып, айналасынан әділет пен медет сұрап жан ұшырып, көздері жасқа толған байғұс ананың тілімін. Бірақ, ешкім мені естімейді. Өйткені, менің үнім таусылған...
Менімен сөйлемеуге де болады. Менімен сөйлеп, абырой мен ар табам деп үміт қылма. Қинама мені! Үнсіздікте жаным шығып, тәркі-дүние болуыма мүмкіндік бер, ұланым... Еске алғың келсе, оқылмайтын ескі кітаптардан іздеп көрерсің... Молам сонда болар болса.
Садық Шерімбектің facebook парақшасынан
Abai.kz