Зырян ауданының атын Алтай деп өзгертілуіне қолдау білдірейік...
28 қыркүйекте Зырян ауданының атын Алтай деп атау туралы ұсыныстарды талқылау үшін «Горняк» мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтеді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің оң шешім қабылдауы үшін бүкіл қазақ елі өз қолдауын білдірсе деген өтінішіміз бар.
Өткен жолы аймақ басшысының аудандық мәслихат депутаттарымен, жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесуінде аудан атын өзгерту мәселесі сөз болды. "Егемен Қазақстан" газетінің жазуына қарағанда аудандық мәслихат депутаты Лариса Гречушникова 27 тамызда Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовке жергілікті қауымдастық өкілдері ауданды дамыту және қала мен аудан атын өзгерту жөнінде ұсыныс жіберген.
«Бұл ұсынысты депутаттар корпусы қолдап отыр. Қазір кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдық пікірлер зерттелуде, 28 қыркүйекте «Горняк» мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтеді», – дейді ол.
Депутаттар жаңа атау ауданның жаңа брендін қалыптастырып, инвестиция тартуға, экономиканы дамытуға тың серпін беретініне сенімді. «Бородино» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бөкежанов Зырян ауданының табиғаты тамаша болғанымен, әзірге туризмді өркендетуге толық жағдай жасалмай отырғанын, жаңа атау осы саланың аяғынан қаз тұруына септесетінін атап өтті.
«Жастар да бұл идеяны құптап отыр. Біз Алтай қаласында, Алтай ауданында тұрғымыз келеді», дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Майина Лисовцова.
Облыс әкімі Даниал Ахметов кездесуде аудандық депутаттар мен жастардың тарапынан айтылған ұсынысты қолдайтынын жеткізген.
«Зырянды Алтай деп атау барлық жағынан да келіп тұр. Зырянның тұрған жері Алтай екені рас. Алтай – сан түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Сол себепті, біз қандай киелі жерде тұрып жатқанымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл – ең алдымен тарихымызға тағзым. Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болары сөзсіз. Неге десеңіз, Алтай – брендтік атау. Бұл өңірге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді» деді аймақ басшысы.
Түйін
Біз облыс әкімі Даниял Ахметовтің сөзіне толықтай қосылып, Алтай атты брендтік атауды ауданға беруді қолдаймыз және бүкіл қазақ елін үн қосуға шақырамыз.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz