Олар... жалған желтоқсаншылар...
Abai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына желтоқсаншы Сайлау Лепесовтің мақаласы келіп түсті. Автор бірнеше азаматтың Желтоқсан көтеріліске қатысқанына күмән келтіреді. Біздің портал түрлі пікірлердің ашық алаңы болғандықтан аталған мақаланың бір сөзін де өзгертпей оқырман назарына ұсынып отырмыз. Қарсы тараптың айтары болса, оларға да мінбер беретінімізді ескертеміз.
Abai.kz ақпараттық порталы
Сан ғасырлар бойы мына сайын даламызда небір шайқас, жан алысып жан беріскен айқас, аласапырандар өткен. Соның бәрі келер ұрпақ, болашақтың қамы, ар намыстың алдындағы азаматтық парыздан шыққан жанкештілік, тектіліктен туған тегеурінділік. Сол биік пайым-парасатты кісілік пен наркескендей өрмінезді жауынгерліктің арқасында, батыр бабаларымыздың қиын-қыстау, тар соқпақта сынбаған шарболаттай қайсар қайтпас ермінезділігінің арқасында, ұлан-ғайыр, киелі жеріміз әупірімдеп бүгінгі ұрпағына бұйырып, Тәуелсіздік атты теңдікке жеттік. Осы “мың өліп, мың тірілген” қазақтың басынан кешкен қанды зобалаңының бірі, жиырмасыншы ғасырдың 1986-жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көретілісі болатын.
Бұл бодандықтың қамытын күштеп кидірген, отарлау саясатына қарсы шыққан, ар-намысты қазақ жастарының азаттық жолындағы жанқиярлығы, ұлттық рухты ту етіп көтерген қайсар жүректерінің жалыны мен жұдырықтай жұмылған жұлқынысы еді. Қазақ ұлтының тәуелсіз теңдігін талап етіп, отарлаушы орыс империясының шектен шыққан астамшылдық шовинистік пиғылына көкжал мінез көрсетіп, арыстандай айбатпен, қаймықпастан қарсы шықты. Мұздай қаруланған мейірім-жанашырлықтан жұрдай, ұрда-жық жендеттерінің қатыгездігі, қазақтың азаттыққа ұмтылған өрмінезді ұл-қыздарының биік рухтарын сындырып, жасыта алмады. Ұрып-соғып, қан-жоса ғып азаптағандары еттен өтіп, сүйекке жеткен қорлықтары жүректерде сақтаулы, мұрағаттарда қаттаулы.
Бұл күрес бодандық бұғауын үзді. Теңдік пен азаттықты талап еткен биік мақсат жолындағы шайқаста небір боздақтардың қаны судай шашылып, талай тағдырлардың тас талқаны шықты. Жас жауқазындай қарындастарымыздың ғұмыры гүлдей солды, қыршындарынан қиылды. Абақтының азабын арқалап, тар қапаста талай тарландарымыз қорлықты бастарынан өткізді. Сол арда мінез, тегеурінді тектілердің төгілген қаны, тартқан азабының төлеуі боп, Алла тағаламыз қазақ ұлтына Тәуелсіз Ел болуды бұйыртты.
Бодандық атты бұғаудан, өз елі, өз жерінде жүріп, “үшінші сортты” күн кешуден құтылдық. Бұл желтоқсан қаһармандарының жеңісі, қайсарлық пен қайраттылықтың жемісі!
Шын азаматтық пен ерлік ескерусіз, елеусіз қалды демейміз. Елің үшін еткен еңбегің мен халқыңның намысының жолында пида болған жанның арманы бар ма? Қайрат пен Ербол, Сабира мен Ләззаттардың қыршынынан қиылып, құрбан болуымен келген мына бүгінгі Тәуелсіздіктің бағасын бар қазақтың баласы бағалары хақ! Сол ызғарлы желтоқсанда ықпаған, ынтымағымен құрсанған жауды ықтырған, найзағай намысты жастардың алды алпыстан асып, жетпіске жетті. Кейінгілері қырықтың қырқасына шығып, ел ағасы-елуді еңсеруде. Азаматтық пен ерлікті ардақтап, құрмет тұтуды ешқашан шетке қалдырып көрмеген халқымыз, Желтоқсан ардагерлеріне де, ерекше ілтипатпен қарап, бағалайды, төрден орын береді. Өскелең ұрпақ жастарымыз да өткен тарихымыздың тірі куәлерінен үлгі алып, ұлтымыздың намысы жолында ажалға тура барып, тажалдан тайсалмаған, ата-әже, аға-апаларынан үлгі алуға ұмтылады. Ұлттық патриотизмнің бүгінгі көшбасында жүргендердің көбі-кешегі желтоқсандықтар екені ақиқат. Оны күні кеше ғана ұлттық қасіретімізге айналуға аз қалған “жерді шет елдіктерге сату және жалға беру” атты бүгінгі биліктің жобасына өре түрегеліп, қарсы тұрған қарапайым халықтың арасында желтоқсандық жаужүректердің көптеп жүруі осы сөзіміздің айғағы емес пе?
“Елім, жерім, тілім, қазағым”- дегенде өз қоңынан ет кесіп берер, тәуекелден тартынбас тарланбоздардың ірілік пен кісілік көрсетер жерде тартынған кездері жоқ. Алайда осындай тектілікті тексіздіктің тасасында қалдырып, “күріштің арқасында су ішетін күрмектер” көбейіп, “желтоқсандық” деген киелі атты кірлетуде. “Бір қарын майды бір құмалақ шірітер” дегендей, бірен-сараң емес, желтоқсандықтарға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, “Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қонбас” (Абай) деп ұлы данышпан әжуә еткен, арзан атақ пен жеңіл құрметке кенелушілер қатары күннен күнге көбеюде. Бұндай жалған желтоқсаншылар сол ызғарлы күнге “үш қайнаса сорпасы қосылмаса да”, арзан аброй , атақ құмарлар “жау қашты заманының батырлары”. Бұл енді көрер көзге, айтар ауызға ыңғайсыз, өте ұят, ар-иманнан безінудің белгісі демеске шараң жоқ.
Бұндай жалған желтоқсандықтардың бар білері мен бітірері қара бастың қамын күйттеп, қолында билігі барларға жалбақтап, жақсы атты болып көріну, сый-сияпат жасағансып “қолдарына су құю”... Қарап тұрып, қылықтарынан жиренесің! Арзан атақ, жалған жолмен бейшарасып жүріп жеткен “абыройды” қай жыртығына жамау қылғысы кеп жүр екен деп! Төмен сана-арсыздықтан айыл жиғызбайтын болғаны ғой!
Нағыз желтоқсандықтар, ұлт патриоттары бұндай арзан тірлікпен биік азаматтық абройын ешқашан аяқ асты етіп, арзандамайды. Бұндай сорақы сорлылыққа ұятсыздар, жағымпаз-жалбақайлар, ар-ожданнын (егер ондайы болса) бір аяқ асқа, ойланбастан айырбастауға арланбайтын арсыз жолбикелер ғана бара алады. Биік рухты азаматтықты, ойыншыққа айландырып, өрлікпен ерлік көрсеткен ермінезділіктің атын жамылып, саудаға салу қысқасы “періштенің желегін жамылған сайтан сайқымазақтық” жайлауда. Дәл осы “сайтандық” өзім тұратын Алматы қаласы, Наурызбай ауданының желтоқсаншылары арасында “өсіп өркен жаюда”!
Ал бүгінгі билікке өзіндік ой-пікір бар, айтарын жалбақтамай қабырғасын қақырата айтатын ақиқатшы тура мінезді тұйғындар емес, айтқанға жүретін, айтаққа үретін, қолжаулық қолбалалар тиімдірек. Арбакешке “асау мінез терте тебер” жүйріктен гөрі, басын жерден алмас, тұғыр, мәстектер ұнамай ма! Өйткені, ондай қолбала патриотсымақтар биліктің ыңғайына жығылып, ығына жүгіріп, арнау арнап, алғыс хат жолдаудан, “жаяу жарыс” ұйымдасытырып “ұшып-қонады”. Ал бишікештерге де керегі осы “керемет” “патриот” деген осындай болуы керек деп жарамсақтарды жарылқап, жағдай жасағансып, арқаларынан қағып, құлақтарынан қасып қояды. Арзан атақ, құр мақтауға жаны ғұмар жалбақпайларға бұдан артық не керек? Ақ қар, көк мұзда отарлаушы империяның жаналғыш жендеттерінің сұсынан сескенбеген, тажалынан тайсалмаған тарланбоздардың арасына кіріп алып, іштен ірітіп, алауыздық тудырушылар да осынау күйкі тірлік, күйбеңбай, қортық саналы “байғұстардың” бар бітірер қарекеті! Бұндай типтегілер ерлік, өрлік азаматтық арда мінезге, өзінен ой-санасы биіктерге өштесумен өмірін өткізеді.
"Елімізді, жерімізді шет елдіктерден қорғайық, сатқызбайық, жалға да бергізбейік" деп іргеміздегі Қытай империясында тұрып жатқан қандастарымызды қан қақсатып, қысым-қиянат, геноцид көрсетуіне қарсы тұруға шақырғанда, Наурызбай аудандық “желтоқсан ақиқаты ұйым жетекшісі” атанған Елеусізов Мақсұт Шаханович деген "желтоқсаншымыз" “біз рұқсат етілмеген митингіге бара алмаймыз” деп інге тығылған қояндай болғаны бар. Ал осы “батырымыз”- таяуда Алматы қалалық мәслихатының шешімімен берілуге тиесілі қалалық қоғамдық көліктерде тегін жүру билеті- “Оңайды" тезірек бермедіңдер” - деп, шу көтеріп, шат-шалекейі шығып, "Оңай" үшін ойбай салған көрінеді. Міне “қазан бұзар, үй тентектердің” тірліктерінің сиқы!
Ал оның “жоғарыдағы төрағасы” биліктің қалауына жаққан Құрымбаев Болат, “менің рұқсатымсыз шеруге барғандар ұйымнан қуылып, қара есекке теріс мінгізіледі” деген пәрмен берген көрінеді. “Ақымақтың қолына берілген билік, адамзаттың қас жауы” деген данышпанның сөзіне қалай құлдық ұрмасқа! Айтқапшы, осы Құрымбаев Болатты танып-білетіндер, бұл адамның желтоқсанға үш қайнаса да сорпасы қосылмайды, биліктің желтоқсаншыларды “уыстан шығармау үшін” жіберілген агенті дейді. Десе дегендей, жан-жағына жалбақпайлар мен жалған желтоқсаншылардан топ құрып, адал азаматтарға қарсы “шеп” ашып, үй ішінен үй тіккен біріктіруші емес, ірітуші біреу екеніне куәміз!
Ал осы топпен ымыраласып, ым-жымдасқан “құжаттарды қолдан жасаудың майталманы” - Құспеков Бейсенбай Сайфоллаұлы деген азамат бар. Айтқан ақы-пұлын алақанына салсаң болды, “желтоқсанға қатысып зардап шегуші, қуғын-сүргін көрген” деген арнайы құжатты қолдарына ұстатады. Бұл “игіліктен” кенде қалмағандардың көбі, осы ұйымдарда кеуде қағып, жалған желтоқсаншы куәлігімен жалғанды жалпағынан басуда. Бейсенбай Құспековтың ресми құжаттарды қолдан жасап, жалған желтоқсандықтардың санын арттырғаны соншалық, жасанды жолмен тиісті жеңілдіктерді пайдаланып жүргендерді анықтауды арнаулы органдардың құзырына құлақ қағыс еттік. Осындай жалған желтоқсаншы куәлігін алып, ақталып, қуғын-сүргін құрбаны атанған бір әулеттің үмбеттері – Елеусізов Мақсұт Шаханович (1958ж.т), Елеусізова Айгүл Шахановна (1960ж.т), Мукатаева Лаззат Шахановна (1968ж.т). Бұл бір жанұядан тарайтын “үштіктің”, желтоқсан көтерілісіне қатысқанына күмән келтірушілер көп.
Ал, өз басым өте жақсы танитын, коммунисттік қызыл империя кезінде, Алматы іргесіндегі «Каменка» (қазіргі Таусамалы ықшам ауданы) колхозында бас агроном болып қызмет атқарған, қып-қызыл коммунист- Тәжібаев Жұмабай да кейінгі жылдары (зейнеткерлікке шыққан соң) желтоқсан кезінде “қуғын-сүргін көрген, зардап шегуші” боп, ардагер атаныпты. Бұл ағамыздікі енді, өтіріктің өте анайы, арсыз түріне жатқызуға болады. Қызыл коммунистік идеясына ант берген империяның “хас жауынгері” Жұмабайдың, желтоқсанға қатысуға, баруға жүрегі де дауаламағаны ақиқат. Ондай “көзсіз ерлікке” барған Жұмекеннің көзіне көк шыбын үймелетіп, ит жеккенге айдалары анық еді. “Жауқашты заманының” тағы бір “батыры” - Жұмабай Тәжібаев ағамыз. “Ұялмаған бұйырмағаннан несібе алады” дейді бұндайды қазақ! Кейін бәрі анықталғандай, сол кезде алаңдағы жастар арасында КГБ-ның (мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің) штаттағы және штаттан тыс тыңшы-жансыздары көптеп жүріпті. Оларға берілген арнайы тапсырма - қызу қанды, албырт жастарды, түрлі қитұрқы-арандату арқылы, тәртіпсіздіктер мен бұзақылықтарға үгіттеп, қылмысқа итермелеу секілді жымысқылықтармен айналысу. Бір сөзбен айтқанда, арандатушы - провокаторлар! Мүмкін, Тәжібаев Жұмабай осындай “мемлекеттік тапсырмамен” қатысуы бек мүмкін! Ал “ақталуына”, сол баяғы Бейсенбайдың “қол шарапаты” тиген көрінеді.
Өтіріктің – қадамы қысқа, көп ұзамай арты ашылады. Ақиқат пен Шындық түбінде жеңіске жетеді. Өйткені, оның арқа сүйері - бір Алла Тағала! Жік-жікке, топ-топқа бөлінуге бастайтын бәтуасыз, бейшарауи пенделіктен аспайтын, күйкі мінез, күйбең тірліктен басқаға қауқарсыз, бар бітірері ырду-дырду, ішіп-жеудің төңірегіндегілер “желтоқсаншы” деген ардақты атқа кір келтіруде. Әсіресе кейінгі кездері жауыннан кейінгі, кереңқұлақтай қаптауда. Нағыз желтоқсандық қаһарман-ардагерлер, елдің ертеңіне, ұрпақтың келешегіне алаңдайды. Арзанға алданбайды, майда-шүйдені малданбайды. Қазақтың қамы, ұлтымыздың мүдде-мұңына қабырғалары қайысып, жер мен тілді, ұлттық құндылықтарды қорғау жолында жан беруге әзір нағыз көкжалдар бұлар! Ұстанған серттері - “малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы”. Намысты ердің - анты осы! Ал, намыс өлген жерде, қасиет тұрақтамайды.
Ауырлау болса да ақиқатын айттық. Тура сөйлеп, ақиқатын айтсаң, ағайынға жақпайсын “бұра” сөйлеп, “бұғып” жүрсең ғана, сенен жақсы адам жоқ. Бүгінгі жебір биліктің жетегінде кетпей, “қисайғанын түзеуге, қыңырайғанын күзеуге” ат салысып, оппоненттік пікірде жүргендерге жауығып, биліктегі бишікештердің қасы-қабағымен қимылдауға “құштарлық” аброй бермейді. Құбылмалы дүниенің құлы болып, қу құлқынын ғана ойлау-нағыз моральдық азғындау, пендауи мешелдік, адамнан гөрі хайуанға жақынырақ тірлік саналады. Бұл жазғандарымыздың шындық пен ақиқаттан алшақ емес екені Аллаға аян. Ниетімізде көреалмаушылық та, қызғаныш та жоқ, тек жамандық пен екіжүзділік атты кесел-кесапатқа тосқауыл қою ғана болғанын ескертеміз!
Сайлау Лепесов, желтоқсаншы
Abai.kz