Ерғазы Манапұлымен кездесу кеші өтті
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Орбұлақ» шайқасындағы Ұлы Жеңістің 375 жылдығына орай Алматы облысының Панфилов ауданындағы Еңбекші ауылдық мәдениет үйінде аталған мекеме қызметкерлері К. Қоқымбаева, А. Керімбеков, кітапханашылар: К. Кемелбаева, Н. Бозжігітованың ұйымдастыруымен осы ауылдың түлегі белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Ел-назар» педагогикалық журналының және «Орбұлақ» газетінің бас редакторы, «Әбдіраштың Жарасқаны» атындағы сыйлықтың лауреаты Ерғазы МАНАПҰЛЫМЕН келелі кездесу кеші болып өтті.
Кездесуге ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысты.
Ақынның ұстазы, сынып жетекшісі Қажынова Жаңыл апай қаламгердің мектептегі қызықты сәттерінен сыр шертіп, оның ең алғашқы өлеңдерін сынып сағатында талқылағанын, кейіннен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстазы марқұм Ұзақбай Әріпжанұлы өз тәрбиесіне алып, бағыт бағдар бергенін қызықты етіп әңгімелеп берді. Сондай-ақ өз шәкіртінінің сонау балаң шақта жазған шығармаларын әлі күнге дейін сақтап, жинақтап жүргенін көпшілікке жария етіп көрсетіп, ақынға сыйға тартты.
Кездесу барысында мектеп оқушылары ақын жырларын нақышына келтіріп орындап, қаламгер ағаларына өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.
Кездесуге жергілікті қаламгерлер Б.Жақыбаев, И. Үркімбайұлы, М. Нұрсейіт, Н. Нұртілеуұлы қатысып, ақын шығармашылығынан, оның істеп жатқан қызметтерінен сыр шертіп, көрермендер тарапынан қойылған ұлтқа, өнерге қатысты сан түрлі сұрақтарға мазмұнды жауаптар берді.
Кешті жергілікті өнерпаздар Е. Несіпбеков, Н. Батбақбаев, Б. Нұрахметовлар әсем әнмен әрледі.
Ақынмен туған жерінде тартымды өткен кешке жерлестері дән риза болып тарасты.
Нұрәділ Бегімбетов
Abai.kz