Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Анық 9920 20 пікір 28 Қыркүйек, 2018 сағат 13:33

Болашақ зейнеткерлеріміз қайыр тілейтін болды

Зейнетақы қоры төңірегінде тағы талас. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры (БЗЖҚ) 1980 және осыдан кейін туған азаматтарға біркелкі зейнетақы төлемейтіні және азаматтар тек қорда жинаған сомасына сәйкес қана зейнетақы алатыны әлеуметтік желілерде тарады.  Яғни, мемлекеттік сыйақы төленбейді деп жұрт ұлардай шулады. Кейін БЗЖҚ басшылығы бұл хабарламаларға қатысты пікір білдіріп, түсіндірмек болды. Ақпарат рас болып шықты.

«1998 жылға дейінгі аралықта еңбек өтілі болмаған азаматтар 2040 жылға қарай зейнетке шығады. Зейнет жасына жетеді. Сәйкесінше, олар базалық зейнетақы мен өздерінің қорда жинаған сомасына ғана үміт арта алады. Базалық зейнетақы дегеніміз де азаматтардың қорға құйған сомасына сәйкес өлшенеді. Ал жаңағы еңбек өтілі жоқ азаматтардың зейнетақысы екі түрлі сомадан тұрады. Біріншісі – мемлекет базалық пенсия ретінде бюджеттен бөлетін ақша. Екіншісі – сол азаматтың қорда жинаған ақшасы», - депті қор басшылығы.

(Владислав Косарев. Коммунист. Жасы 80-де)

БЗЖҚ басшылығының бұл сөзі Мәжілістің ең егде жастағы депутаты, коммунист Владислав Косаревтің қытығына тиген көрінеді. Владислав Борисович былай депті:

«2040 жылдан бастап зейнетке шығатын азаматтар еңбек еткен жылдарда зейнетақы қорына қанша ақша салса, сонша зейнетақы алады деген бастаманы қоғам қолдап отырған жоқ. Бұл концепцияны жақтап отырғандардың пікірінен түйгенім мынау.  Мемлекет өзінің кепілді зейнеттік сыйақысын төлеу міндетінен бас тартады. Яғни жауапкершілік жүктемейді. Енді осы жерде сұрақ туады. Егер мемлекет бүгіннен бастап біздің еңбекақымызға бас қатырмай, оны жұмыс берушінің еркіне қалдырса, онда неге мен бұл мемлекеттің экономикасына жұмыс істеуім керек?».

Владислав Борисовичтің бұлай деуі жөнді. Себебі, еңбеккердің зейнетақы қорына аударылатын соманы жұмыс беруші тарап аударады. Яғни, жұмыс беруші қанша аударса, сонша қаржы қор шотына түседі. Ал мемлекет бюджеттен берілетін базалық зейнетақыны беруден бас тартып, қордағы азаматтардың өз қаржысын өзіне зейнетақы түрінде қайтарып отырады. Яғни, әлгі азаматтың келешек зейнетақысы жұмыс берушінің қанша сома аударғанына байланысты болады.

Бір жағынан әуелгі еңбек шартында белгіленіп берген сома – 10 пайыз деп көрсетілген. Яғни, жұмыс беруші жұмысшының айлық табысынан 10 пайыз соманы қорға аудару керек. Бірақ, бұл процесстің де қулық-сұмдығы жетіп артылатынын ескерсек, жұмыс беруші қаржылық һәм құжаттық алаяқтық жасамасына кім кепіл? Құжатта айлықты аз көрсетіп, салық пен зейнетақы аударымын аз төлесе ше? Онда азаматтардың ертеңгі пенсиясы болмашы тиын-тебен болып қалмай ма? Бұған кім кепіл? Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар ше?

Әрі қарай Владислав Борисович: «Тіпті, барлығы заңды болып, әлгі азамат 12-13 миллион теңге өз қорында жинапты делік. 12-13 миллион жинаған азамат әрі кетсе 90 мың зейнетақы алатын болады. Онысы тағы 12 жылға ғана жетеді. Сөйтіп, әлгі азамат 75 жасқа жеткенде зейнетақы қорындағы ақшасы таусылып, әрі қарай соқыр тиын да алмайтын болады. Ал мемлекет қосымша зейнет сыйақысын бермейді. Ол азамат әрі қарай аш отыра ма? Мемлекет өз азаматының әрі қарайғы өмір сүруіне кепіл болмай ма? Біз осы жөнінде ойлануымыз керек», - дейді.

(Бірғаным Әйтімова. Сенатор. 65-жаста)

Зейнетақы мәселесі біраздан бері Парламентте талқыланып жатыр. Өткенде Сенаттың зейнеткер депутаты Бірғаным Әйтімова да зейнетақысының аздығын айтып, ашынған еді.

«Бір қызығы менің зейнетақым менің достарымның алатын зейнетақысынан артық емес. Олар мен секілді мемлекеттік қызметте бір күн де істеп көрмеген. Қандай мемлекеттік қызметтер атқарғаныма қарамастан мен солармен тең зейнетақы аламын. Менің зейнетақым 100 мың теңгеден сәл ғана асады. Яғни, мен пенсионермін. Менің пенсиям кешегі гараж қызметкерінікіндей. Бізде бөлек зейнетақы жоқ. Бізде эксклюзив пенсия жоқ. Тек заң қызметкерлері ғана, судья болған, әскери қызметте болған немесе құқық саласының қызметкерлері ғана ерекше зейнетақы алады», - дейді Бірғаным апа Әйтімова.

БЗЖҚ-ның бұл көтерген бастамасы біз түгілі биліктегі біраз азаматтың ашуына тиген екен. Мемлекет ендігі жерде  (1980 жылы туған азаматтардан бастап) зейнетақының базалық сомасын төлеуді мойнына жүктемейді. Енді азаматтар өздері қорда жинаған ақшасын ғана алып отырады. Бұл жаңағы Владислав қария Косаревтің сөзінен ұққанымыз. Демек, мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алу тоқтатылады. Жеткен жеріміз осы болды. Сонда енді мемлекет өз азаматтарына зейнетақы төлей алмайтын болғаны ма? Әлде, қор түгесілуге таяу ма?

Тақырыпқа тұздық ретінде бірлі-жарым ақпаратпен бөлісейік:

ҚР премьер-министрінің 2016 жылдың 18-наурызындағы № 149 бұйрығы бойынша: БЗЖҚ қорының 15 миллиард теңгесі «Астана ЭКСПО-2017» құрылыс нысандарына жұмсалатын болды (Abai.kz). Дәлірек айтсақ, жұмсалды. Масқара болғанда, сол қаржыға ЭКСПО аумағында Смағұловтың сауда үйі салынды. Сол кездегі «radiotochka.kz» жолдаған ресми сауалға «Mega Center Development» жауап беріп, ЭКСПО аумағында сауда ойын-сауық орталығының салынып жатқанын және оған БЗЖҚ қаржысы тартылғанын айтқан. (Abai.kz)

2017 жыл. Ақпан айы. Сол кездегі Инвестиция және даму вице-министрі, ендігі депутат Альберт Рау БЗЖҚ қорынан 50 миллиард теңгені алып, теміржол саласын субсидиялауға жұмсайтынын хабарлаған. (Бұл sputniknews.kz дерегі.) Бұған қатысты белгілі саясаткер Досым Сәтпаев қарсы шығып, бұл салымшылардың құқығын ескермеу екенін айтқан. Досым Сәтпаев сол кезде БЗЖҚ қоғамдық кеңесінің мүшесі болған.

2017 жыл. Мамыр айы. БЗЖҚ қорының 71,3 миллиард теңгесі желге кетті. Қазақстанның бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры Әзірбайжанның мемлекеттік банкінің 125 құнды қағазын сатып алған. Бұл - шамамен 71,3 миллиард теңгені немесе 200 миллион АҚШ долларын құрайтын сома. Ал жаңағы Қазақстанның БЗЖҚ инвесторлық еткен  Әзірбайжан банкі банкротқа ұшырағаны белгілі болды. Сөйтті де 71 милиард желге ұшты. Бұл туралы белгілі саясаткер Досым Сәптаев пен экономист Рақым Ошақбаев айтты.

2017 жыл. Маусым айы. Отандық экспортшыларды экспорттық және предэкспорттық несиелендіру арқылы қолдау үшін БЗЖҚ қорынан 30 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі, экономика саласын дамыту жөніндегі департамент директоры Ержан Қазанбаев айтқан. Жалпы бұл мақсатта 230 миллиард теңге бөлінген. Оның 200 миллиарды Ұлттық қор қаржысы болса, 30 миллиард теңге БЗЖҚ ақшасы. (Бұл zonakz.net ақпараты)

2018 жыл. Маусым айындағы есеп. БЗЖҚ қорындағы 30,8 миллиард теңге Қытай компанияларын инвестициялауға жұмсалған. (Бұл 365info.kz дерегі.)

2017 жыл. Тамыз айы. 2017 жылы БЗЖҚ қорынан 14,8 миллиард теңге «Север-Юг» (Солтүстік пен Оңтүстік) электртарту желілерінің құрылысына бөлінген екен. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев айтқан. Сол вице-министрдің айтуынша, аталған жобаға барлы 47,7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл 47,7 миллиардтың барлығы БЗЖҚ қорынан алынған.

(Бұл 365info.kz дерегі.)

Қосымша: қазақстандық зейнеткерлердің ақшасы қайда жұмсалып жатыр?

  • Үнді теміржолына (Indian Railway France – 7,9 миллиард теңге),
  • Үндістанның мемлекеттік қаржы институтына (Export-Import BK India – 4,9 миллиард теңге),
  • Қытай инвестиция қорына (AVI Funding CO LTD – 2,3 миллиард теңге),
  • Қытай гидроэнергетикасына (Three Gorges Fin I Cayma – 3,3 миллиард теңге),
  • Қытай банкіне (Export-Import Bank China – 7,1 миллиард теңге).
  • Sinopec GRP Overseas DEV - 13,2 млрд тенге,
  • State Grid Overseas Inv - 4,9 млрд тенге.

Біз ашық ақпарат көздерінде жарияланған бірлі-жарым статистиканы мысал еттік. Жоғарыдағы 6 инвестициялық жобаның өзіне 244,8 миллиард теңге қордан алынған екен. Бұл соңғы 2-3 жылдың дерегі. Бұдан басқа шетелдік компанияларға инвестиция ретінде бөлінген (біз жазған 7 жобаға) қаржы – 43,6 миллиардты құрайды.

Ал 2018 жылдың алғашқы жартысында БЗЖҚ 70,3 миллиард теңге пайда тапқан екен. Бұл мамыр айының көрсеткіші. 2018 жылдың басынан бері қор инвестициялық жобалардан 251,41 миллиард теңге табыс тауыпты. Бұл 1-маусымдағы көрсеткіш.

Енді БЗЖҚ қорының ресми сайты ұсынған деректерді жазайық. Биылғы жылғы қыркүйектегі есеп бойынша 10 253 755 адам қор салымшысы екен. Оның ішінде 9 749 155 адам міндетті зейнетақы жарнасын аударушы. МЗЖ – жұмысшының ай сайынғы табысының 10 пайызы көлемінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылуы тиіс қаражат.

464 835 адам міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын төлеуші екен. МКЗЖ – МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа сәйкес, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылардың пайдасына аударылған қаражат.

Ал тағы 39 765 адам ерікті зейнетақы жарнасын төлеп отыр.

Қордағы жалпы зейнетақы жинақтарының сомасы 8 793 045 176 мың теңгені құрайды.  2018 жылдың басынан бергі жарна сомасы 547 505 362 мың теңге болған. Ал жыл басынан бергі зейнетақы төлемдері  121 048 239 теңге екен.  Қордың жыл басынан бергі инвестициялық табысы 619 449 398 мың теңгені құраған.

Қазақстанда Заң бар. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң. 2013 жылғы 21-маусымдағы № 105-V Заң. Онда ҚР Азаматтарының зейнетке шығу жасы және тәртібі тайға таңба басқандай анық жазылған.

Ерлер үшін зейнеткерлік жас 63 жас, әйелдер үшін – 58 жас 6 ай. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР Заңының 11 бабына сәйкес әйелдер үшін зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріледі.

Әйелдердің зейнеткерлік жасының кезең-кезеңмен көтерілуі:

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда;

......

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда.

Жалпы жағдай солай міне. Жоғарыдағы аз-кем деректен не түйдік?. Қазақстан Үкіметі қазақстандықтардың зейнетақы қорынан осыншама қыруар қаржыны инвестициялық жобаларға оңды-солды жұмсайды. Оның ішінде шетелдік инвестициялар өз алдына бөлек тақырып. Ал өз азаматарына келгенде зейнетақының мемлекеттік бюджеттен бөлінетін базалық сомасын төлеуге тиын таппай ма? Біздің жалқы сұрақ осы.

Сөз түйіні. Өткен айдан бері орыс жастары Ресейдің түкпір-түкпірінде бас көтеріп жатқаны белгілі. Олар Кремльдің зейнетақы реформасына назары. Сондықтан Кремльдің тап алдында тапжылмай митинг өткізіп жатыр. Рас, Кремльдегі дәу қарындар мен Думаның дүмшелері айтақтағы иттерін (омон мен полиция) салып, алаңдағы жастардың біразын қамады. Біразына айыппұл салды. Дегенмен орыс жастары оңай беріспейтінін көрсетуде.

Араға ай салмай жатып біздің билік, БЗЖҚ басшылығы әлгіндей бастама көтеріп жатыр екен. Бұл сөзсіз қоғам наразылығын тудырады. Біздің араға от жағып, жұртты мағынасыз митингке, заңсыз акцияға айдап салмақ ниетіміз жоқ. Тек, қолында билігі бар мырзаларға ескертеміз. Халық көтерілсе Хан тағынан түседі деген сөз бар. Көрші Ресейдегі жағдай БЗЖҚ басшылығана, Бақытжан Әбдірұлы бастаған Үкіметке сабақ болуы керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965