Қазақ әліпбиі мен емлесін әлі де талқылай түсу қажет.
Минисрліктің тапсыруымен латын графикасына негізделген «Қазақ әліпбиі» тәрізді жаңадан жасалған «Қазақ емлесінің негізгі ережелері» (2018 ж.) де халық арасында талқыланбай жатқан жоқ, талқыланып жатыр. Бірақ көз бояу түрінде ғана. Қай жерде болса да бұл мәселеге А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының өкілі – Н.Уәли баяндама жасайды. Оның қасында ылғи еріп жүретін 2-3 жандайшаптары болады. Олар әлгі баяндаманың мәтінін жақтап сөз сөйлейді.
Баяндамада айтылған кейбір мәселелерге басқа мамандар өздерінің қарсы екендіктерін айтып, ақ тер, көк тер болып ойын дәлелдейді. Бірақ оған мән беріп, көңіл аударып, айтылған пікірді көпшіліктің талқысына салып жатқан ешкім жоқ. «Талқыланды. Халық қолдады» деп өз беттерінше шешім шығарып, жүре береді. Сонымен іс бітті.
Сондай қарсы пікірлердің бір парасы мынандай:
«Қазақ емлесінің негізгі ережелеріне» (ары қарай - ҚЕНЕ) тоқталмас бұрын ең алдымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін түбегейлі шешіп алған жөн еді. Өйткені онда президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқан: «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңару болмайды» деген, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы жазған: «Халықтың сөйлеу тілімен санасу керек» деген тұжырымдары әр уақыт сақталына бермеген. Оған дәлел:
1. Сонау 1912 жылдан бастап күні кешеге дейінгі барлық «Қазақ тілі» оқулықтарында ы/і дыбыстары қатар беріліп, «бірі – жуан, екіншісі – жіңішке қысаң дауысты» деп түсіндіріліп келген болатын. Жаңа әліпбиде бұлар бір-бірінен жырақ латынның Y, і деген әріптерімен таңбаланыпты. Біздің ұсынысымыз: Егер жаңа әліпбиде қазақтың Ы дыбысын латынның Y әрпімен белгілейтін болсақ, онда тіліміздегі осы дыбыстың жіңішке сыңарын Y’ әрпімен таңбалаған жөн.
2. Кирил графикасында бір-бірінен әжептеуір айырмашылықтары бар, бірі - ұзын И, екіншісі - қысқа Й-лер жаңа әліпбиде латынның бір ғана І таңбасымен белгіленіпті. Біріншіден, бұлар бір дыбыс емес, екі дыбыс. Екі дыбысты бір әріппен таңбалауға болмайды. Екіншіден, Й – дауыссыз дыбыс. Оны латынның і әрпімен белгілеуге болар еді. Ал И – бірі жуан (ый), екіншісі жіңішке (ій) қос дыбыстың тіркесі. Мысалы: қый/кій, сый/сій, тый/тій т.б. Біздің ойымызша, бұларды латынның қосарлы Yі, Y’і әріптерімен белгілеген дұрыс. Егер осылай еткен болсақ, «ҚЕНЕ-дегі» бес бірдей баптар (тармақтар) Ереже құрамынан шығып қалған болар еді.
3. Қазақ тілі оқулықтарында бірде дауысты, бірде дауыссыз деп үйретіліп келген У әрпі бар. Мұның дауыстысы (су дегендегі У) кирилицадағы жоғарғы И таңбасы сияқты қос дыбыстың (ұу/үу) тіркесінен тұрады. Ал дауыссызын (сау) жеке таңбамен таңбалауға болады. Бұл дауссыз дыбыс (сау дегендегі У) жаңа әліпбиде Y' (№29) таңбасымен белгіленіпті. Көрсетілген таңбаны біздің ұсынысымыз бойынша қазақтың і әрпімен белгілеген жағдайда, дауыссыз У-ды латынның басқа бір әрпімен, атап айтқанда W әрпімен таңбалауға болар еді.
4. Қазақ тіліндегі Ш дыбысы латын негізді жаңа әліпбиде SH деген қос әріппен белгіленген. Біз бұл қос әріптің орнына латын әліпбиінде бар С әрпін пайдаланған орынды болады деген ұсыныс айтқымыз келеді. Біріншіден, SH тіркесіндегі S-да, H-да жаңа әліпбиде жеке дыбыстардың таңбалары ретінде берілген. Екіншіден, С әрпі көптеген басқа тілдерде Ш дыбысына таңба ретінде пайдаланылып жүр. Мысалы, cina (айтылуы - шина). Үшішіден, С деген жеке таңба. Ш дыбысы қазақ тілінде жиі қолданылатындығын ескеріп, оны латынның С деген әрпімен таңбаласақ, қазақ сөздерінің жазылу тұлғасы әжептеуір қысқарған, ықшамдалған болар еді.
5. Кирил графикасындағы Ч дыбысы жаңа әліпбиде СҺ әріптерімен белгіленіпті. Бұл таңбаның жаңа қазақ әліпбиіне қажеті шамалы деп есептейміз. Өйткені қазақ тілінде Ч деген дыбыс жоқ. Бар деген күннің өзінде, тілімізде оның орнына ежелден Ш дыбысы қолданылып келе жатқан жоқ па еді?! Мысалы, Шапай, шәйнек, шәшке, шек, т.б. Ал Аскаревич деген әкеесімін қалай жазамыз? - деп сұрай қалсаңыз, берер жауабым: оны, егер керек болып жатса, Асқаребіш деп жазуға әбден болады.
6. Жаңа әліпбиде латынның Н әрпі кирилицадағы х, Һ дыбыстарын белгілеуге алыныпты. Біздің ұсынысымыз: жаңа әліпбидегі Н әрпінің орнына Х таңбасын алған дұрыс болар еді. Себебі Х да латын графикасында бар. Оның үстіне бұл таңба математика ғылымында жиі ұшырасады (х - икс, у - игерк т.б.). Сонымен бірге, Һ таңбасы SҺ (ш), СҺ (ч) дыбыстарының құрамында екінші рет кездеседі. Һ деген бұл жерлерде дыбыс емес, шартты таңба. Егер Һ таңбасы жаңа әліпби құрамында осылай екі түрлі мәнде (бірде – дыбыс, бірде – шартты таңба) қолданылатын болса, мұны миы әлі қатып үлгермеген төменгі сынып оқушыларына қалай түсіндіреміз? Әріп дейміз бе, әлде шартты таңба дейміз бе?!
Қысқасы, қисық әліпбимен емле түзіп ұшпаққа шықпасымыз белгілі.
Байынқол Қалиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz