Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 13018 72 пікір 8 Қазан, 2018 сағат 07:03

Сергей Масаулов. Қазақтың ашаршылық турасындағы жанайқайы жай ғана миф...

ХХ ғасырда халқымыз үшін жаныңды мұздатар жауыздықтар аз болған жоқ. Патшалық Ресей бастап, қызыл имерия қостап қазақ халқының қанына жерік болды. Өткен ғасырда екі мәрте қолдан жасалған ашаршылық кезінде халқымыздың миллиондап қырылғанына ақбас тарих куә. Ең өкініштісі, осы зұлматтың Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған «геноцид» екенін әлі ешкімге мойындата алмадық. Мойнадатқанды қойып, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да халқымызға жасалған қиянатты дәлелдеп, тарихи бағасын беруге талпынған да жоқпыз.

Егер енді қимылдамасақ халқымыздың тең жартысынан астамын жалмаған зұлмат жылдар заман өте ел есінен көтеріліп кетуі мүмкін. Онда ата-баба әруақтарының қабырғаңды қайыстырар қанды шерін өз қолымызбен жуып-шайған боламыз. Мүмкін арқаға аяздай батар азапты жылдар ұрпақ санасынан өше қоймас. Бірақ ұлт тағдырына қасақана жасалған қастандықты халқаралық деңгейде дәлелдей алмасақ, қазақ халқын қойша қырған қылмыскерлер өздерін ақтап алатын болады.

Бұлай деуіміздің себебі, біз сөз етіп отырған Кеңес өкіметінің заңды мұрагері Ресей елінде осы нәубетті жоққа шығарғысы келетіндер көбейіп келеді. Жақында ғана сол елдің информациялық-аналитикалық орталығының сайтында 30-жылдардағы аштықты жоққа шығаруды мақсат еткен мақала жарияланды. Аталған мақала авторы Сергей Масаулов деген жазғыш мас адамның сөзін сөйлеп отыр. Оның айтуынша, халқына жасалған қиянатты айтып, жазып жүрген қазақтың жанайқайы жай ғана миф екен. Демек, бабасы жасаған жауыздықты баласы мойындамай отыр деген сөз.

Осы жерде тағы бір айта кетерлігі, күні кеше АҚШ сенаты Украинадағы 1930 жылдардың басында Кеңес билігі ұйымдастырған жаппай ашаршылық — Голодоморды геноцид деп тану туралы қарар қабылдады. Қарарда Иосиф Сталин мен оның билігі 1932-1933 жылдары Украинада жаппай аштық ұйымдастырып, украин халқына қарсы геноцид жасағаны айтылады. Осылайша Украинадағы Кеңес өкіметі жасаған ашаршылық халықаралық дәрежеде «украин халқына қарсы жасалған геноцид» болып мойындалды.

Украиналық басылымдардың ақпаратына сүйенсек, 1932-1933 жылдары аштықтың құрбаны болған украиндар саны 3 миллион көлемінде екен. Ал осы жылдары қазақ даласының 4 миллионнан астам перезенті бір үзім нанға зар болып, ажал апанына құлаған көрінеді. Бізге қарағанда ұлтжандылығы басым украиндар тәуелсіздік ала сала атқа қонды. Ұзақ уақыт жүргізген табанды күрестің арқасында Кеңес өкіметінің кер саясатын ұлтқа жасалған геноцид деп әлемге мойындатып алды.

Ал біздің ел бұндай жүріс жасауға асығар емес. Ашаршылық құрбандарын еске алуға ел билігінің құлықсыздық танытып отырғанының дәлелі ретінде айтайық, 1992 жылы ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады деп Алматы қаласында Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағына үлкен тас орнатылған. Ең масқарасы осы айтылған ескерткіш араға тура ширек ғасыр салып 2017 жылы 31 мамырда ғана қойылды. Ұлтымыздың 60%-дан астамын жалмаған нәубет жылдарды еске салатын ескерткіш орнатуға осынша сараңдық танытқан қазақ билігі бұл қанды оқиғаны халқаралық деңгейде геноцид деп дәлелдеуге білек сыбана кіріседі деп үміттенудің өзі артық.

Статистика бойынша, 1911 жылы қазақ халқының саны 8 миллион болса, 1939 жылы 2,5 млн ғана болған. Демек, халықтың табиғи өсімін есепке алмаған күннің өзінде адам саны 5,5 миллионға кеміген. Баста айтқанымыздай бұның 4 миллионы 1932-33 жылығы ашаршылық кезінде көз жұмған. Ал қалғаны бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде күштеп майданға әкеткен 500 мың қазақ азаматы және 1921-22 жылдардағы ашаршылықтың құрбандары. Тағы бір мәлімет келтіре кетейік, 1929 жылы қазақтың қолында 40 млн мал басы бола, 1933 жылы одан қалғаны 2,15 млн ғана болған. Демек, Бұл қиямет шығындар коллективтендіру деген желеумен қасақана қолдан жасалды.

Айналасы он жылға толмайтын уақыт ішінде халықтың жарымынан астамын жойып жіберген тағылықтың тасасында қалайда бір құпия қылмыстың, жасырын сырдың, тарихи міндеттің болғанын жоққа шығаруға шарасызбыз. Бұны бір ұлттың тамырына балта шабу деп бағалауға болады. Халықтың зиялысын зынданға салды, ақылдысын атып, білімдісінің басын алды. Ал қарапайым халықтың қолындағы малын тартып алып тамұқ далаға тағыдай тентіретіп қоя берді. Бұны сол кездегі жүйенің қателігі немесе саясаттағы асыра сілтеушілік деп ақтаудың еш жөні жоқ. Бұл жауыздықтың астарында алпауыттардың айласы жатқаны сөзсіз.

Демек, дәл осы ұлтқа жасалған қастандыққа шынайы баға беру бүгінгі қазақ билігі мен халқының борышы. Сол үшін бізде украиндарша ұлтымызға жасалған қиянатты геноцид деп жариялауымыз керек. Мүмкін, дәл қазір АҚШ пен Батыс Ресейдің жанашыры болып отырған Қазақстанның сойылын соға қоймас. АҚШ сенатының Украинадағы ашаршылықты «украин халқына қарсы жасалған геноцид» деп мойындауының басты себебі Мәскеудің мысын басу екені тағы бар. Бірақ, біз үшін бірінші қадам алдымен өзіміз бұл нәубетті ұлтқа қарсы жасалған геноцид деп тануымыз керек.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

72 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320