Ағзаның қамқоршысы
Құрметті оқырман! Мұсылман баласы дін қабылдап, тағат, құлшылыққа бет бұрған соң ой ізденгіштігін үнемі дамытып, тереңдетіп отыруға міндетті болады. Ұлық Алла Құран Кәрімде: «Адам баласы, ойланыңдар! Табиғаттан, тұла бойларыңнан менің құдірет қолдарымның іздерін ой-пікірмен табыңдар» деп талай жерде бұйырған. Ұлық Алланы терең танығысы келетін бауырларға денедегі қанның кереметке толы қызметі туралы айтқымыз келеді.
Денедегі қызыл қан 36 градус жылылықпен сан тарау тамырларды қуалап, өзен сияқты тоқтаусыз ағып жатыр. Қанның ең басты қызметі – даяр болған «ас-ауқатты» барлық жасушалар мен ағзаларға уақытылы жеткізу. Таза ауадан жинаған оттегіні органдарға ағызып алып кететін қызыл қан болмаса – екі өкпеге оттегіні көпіртіп жинай бергеннен не пайда? Қан болмаса – зат алмасу процесінде пайда болатын көмірқышқыл қалдығынан тіршілік иелері қалай құтылар еді? Ұлық Алла бұл проблеманың барлығын қан арқылы оп-оңай шешіп, реттеп қойған. Қан – ағзаның ас-ауқат тасушы қамқоршы анасы. Қанның екінші қызметі – денені лас заттардан ұдайы тазартып отыру. Ағза шығарып тастаған барлық «қоқыс, қалдықтарды» қанның түйіршіктері жинап-теріп, өзімен бірге ілестіріп алып кетеді. Өйтпеген жағдайда барлық жасушалар өз нәжістеріне өздері тұншығып өліп қалу қаупі төнер еді.
Құдайдың қанға қосымша жүктеген тағы бір міндеті – «кондиционер». Тірі дене жаурап, суып бастаса, дереу «пешке» отынды көбірек тастап, тәнді жылытады. Қатты ысып бара жатса, керісінше «отты» азайтып салқындатады. Тәндегі жылу «тепе-теңдігін» ұдайы ұстап тұру үшін Жаратушы осы бір көшпелі машинаны миға сыймас құдіретпен денеге ағызып қойған. «Қызыл өзен» ағзаға қажетті барлық элементтің керекті һәм дәл мөлшерде болуын және «елдің» бәріне әділетті түрде бірдей жетуін қатаң қадағалай алады. Адамды ауру шалып, қан осы қызметінен шатасатын болса, денеміздің бір мүшесіне оттегі жетіспей, аз уақытта шіріп түсуі мүмкін. Қан – бүтін денені ауру-сырқау шақыратын қатерлі микробтардан қорғайтын сақшы. Оның құрамындағы клеткалар мен биологиялық белсенді заттар генетикалық жағынан бізге бөтен молекулалар мен ауру шақыратын зиянды бактериялармен қайтпай соғысушы «шәһидтер» десе де болады. Себебі, олар сол соғыстарда камикадзелер секілді өздерін қиналыссыз құрбандыққа шалып, тіршілікпен ерікті түрде қоштасады.
Үлкен адамның тұла бойында шамамен 4, 5, 6 литр қан болады. Қанға жәрдемші етіп Ұлық Алла екі бүйректі жаратқан. Қанның құрамында қажеті жоқ сұйық заттар көбейіп кетсе, қос бүйрек оларды тез арада сүзіп алып, қуық арқылы далаға қуалап шығарады. Осылайша «қызыл өзен ішімізде өзінен-өзі сүзіліп, тазарып тұрады. Пайдаға асатын зиянсыз заттар кездессе, оларды бүйректегі «басшылар» талшықтардың (ткань) су сақтайтын қоймаларына құйып, сақтап қояды. Әлдеқандай жағдай болып, адам судан қиналып, қаталай бастаса, резервтегі судың бәрі қайтадан қанға араласып, тіршілікті жалғап тұруға сеп болады.
Қанның пайдалы екенін әу баста ақылды адамдар сезгенмен, оның терең құпиясы туралы ештеңе біле алмаған. Гиппократ «қан – дененің сығынды шырыны» деп қанды құметтеуден ары аса алмапты. Әлбетте, жасушаларды үлкейтіп көрсететін микроскоп болмаған соң, қызыл кереметтің ішінде нендей мұғжизалар болып жатқанын қалай білсін?
ХҮІІІ ғасырда ғана ғалымдар қанның әртүрлі пішіндегі элементтерден құралғанын танып біле бастады. Ақиқатында, қанның өзі үш бірдей элемент эритроцит, лейкоцит, тромбоцит және олардан бөлек плазма болып бөлінеді. Плазманың 90-92 пайызы – су. Плазмада аздаған мөлшерде ақуыз бен дәрумендер болады. Құрамында осынша судың көптігіне қарамастан плазма сумен салыстырғанда әлдеқайда былқылдап тұрған қоймалжың затқа қатты ұқсайды. Қанды бұлайша қоюлатып тұрған оның құрамындағы ақуыздар мен эритроциттер.
Микроскоппен қанның құрамы-на үңілген кісі таңдана қарап қалары анық. Ұсақ һәм жіңішке нәзік өзен секілді тамырлар кейде томпайып, кейде жіңішкеріп, өзгеріп тұрады. Оның жағалауында сары түсті, сарғылт, сұр және тағы басқа түйіршіктер ағып бара жатады. Бұлар – қанның ішінде жүрген тірі жасушалар. Олардың ішінде ең көбі – эритроциттер. Қанға қып-қызыл рең беріп тұрған дәл осы майда «мақұлықтар». Бұлардың пішіні де қызық. Екі жағынан қысылып, ортасы сай болып қалған дөңгелек дискіге ұқсайды. Ұлық Алла оларды асқан шеберлікпен осындай формаға арнайы келтіріп жасаған. Осы пішінде ғана олар ең жіңішке, ең нәзік капилляр қан тамырларына емін-еркін кіріп-шығып жүреді. Себебі, эритроциттің диаметрі 7,5-8,3 мкм, ал капиллярдың ені 3 мкм ғана, сонда дөңгеленген қызыл жасуша майысып, иіліп, мыжылып осындай қалтарыс қуысқа дейін дөңгелеп кіріп, дөңгелеп шығады. Эритроциттің ортасы ойық болғандықтан оның дөңес төбесіне көбірек оттегі сияды. Бұл – оның атқаруға тиісті ең басты парызы. Осы әмбебап түрінің арқасында олар кез-келген қуысқа оттегіні қиналмай жеткізеді.
Ең қызығы, эритроцитте ядро деген атымен болмайды. Бұл да біраз жерді бос ұстап, көбірек оттегі тасуға сеп. Адам денесінде дөңгелеп жүрген эритроциттің көптігі сонша, егер соның бәрін бір жіптің бойына тізіп, ұшынан созатын болса, оның ұзындығы 200 мың шақырымға дейін жетер еді. Ондай шұбатылған қызыл жіппен жер шарын бес рет емін-еркін орап тастауға болады. Ал егер осы қызыл жасушаларды жалпағынан жатқызып жазыққа жаяр болсаң, онда үш мың шаршы шақырымдай жерді қызыл кілем жауып қалар еді. Бұл адам денесінен 1500 есе үлкен деген сөз. Эритроциттерге де Ұлық Алла өлшеулі өмір берген. Олар 90 немесе 120 күн өмір сүреді. Осы ғұмырында олар тамырлармен 200 шақырым ұзындықты ағып, айналып шығады. Эритроциттің ең бірінші парызы – жасушаларға оттегі жеткізіп, жарамсыз көмірқышқыл газдарын алып шығу. Бұл шаруаны адал атқару үшін әрбір эритроцитке Ұлық Алла гемоглобин ақуызын жәрдемші етіп қосып берген. Гемоглобин үш түрлі формада ауысып өзгеріп жүреді. Ағза оттегінің аштығына ұшырап өлмес үшін ер адамның бойында 145 грамм, ал әйел адамның денесінде 130 грамм гемоглобин болу керек. Гемоглобин денеде жеткілікті болу үшін адамдар үнемі ет, алма, тағы басқа жаңа піскен жеміс-жидекті жеп тұруы тиіс.
Қызыл «дарияда» ағып жүретін жасушалардың екінші тобын «лейкоциттер» деп атайды. Грек тілінен аударғанда ақ түсті дегенді білдіреді. Олардың түсі аты айтып тұрғандай аппақ болады. Бұлардың жұмысы – қанға түсетін барлық зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы қорғаныс қимылдарын ұйымдастырып, қас дұшпанмен қайтпай ұрысу. Лейкоциттер үнемі «соғыс» жағдайында жүретін болғандықтан олардың ядросын шебер Алла өте берік етіп жасаған. Бұлардың саны эритроциттерден мың есе аз. Аздығы сонша қызыл қан бұрқырап аққанда оларды адам көзі шалмайды да. Сондықтан да қан үнемі қызыл болып көріне береді.
Қанды зерттейтін ғалымдар лейкоциттің өзін: «нейтрофил, эозинофиль, базофил, моноцит, лимфоцит» деп бірнеше тайпаға жіктейді. Лейкоциттің негізгі құрамын нейтрофилдер анықтайды. Олардың үлес салмағы – 50-70 пайыз. Алайда қанмен бірге тұла бойды айналып жүгіргенде олардың 1 пайызы ғана «қызыл керуенге» ілесіп, қызмет бабында жүреді. Негізгі бөлігі резервте тұрады. Бұлар ағза ішінде тегі бөтен, түрі жаман, ниеті бұзық, зиянкес микроорганизмдер пайда болғанда жаппай «атқа» қонады. Мидан «жау шапты» деген дабыл естілгенде бір де бір нейтрофил қарап тұрмайды. Олар әп-сәтте кеміктердің қалтырыс-қуыстарынан, ұсақ үңгірлерінен шұбырып шыға бастайды. Бұлар лейкоциттердің алда жүретін «аламан қолы» іспеттес. Жау тиіп, соғыс өрті бұрқ ете қалған қауіпті аймаққа «арнайы жасақ» ең бірінші болып жетуге міндетті. Құдайдың құдіретіне таңқалмасқа шара жоқ! Олардың денелерінен жоқ жерден жыбырлаған қолдар шығып, капилляр тамырларының қабырғасын тесіп өтіп, микроб түскен жерге ілезде жетіп барады. Микроскоппен үлкейтіп қарағанда бұл кәдімгі қиян-кескі ұрыстың нағыз өзі дерсіз. Аламан қол келген бойда микробтарды жан-жақтан қоршап, қамап ұстауды ұйымдастырады. Қолға түскендерін «әй-шәйға» қаратпастан жұлмалап, боршалай бастайды. «Аттан» құлаған дұшпандарын сол мезетте аш қасқырдай талап, жеп тастайды. Бір ғана нейтрофил өзінің басын қатерге тіге отырып, 20-30 бактерияны өлтіруге қабілетті. Бір таңғаларлығы, өлген микробтың мәйіті қанмен бірге ағып жүрмейді. Оларды манағы «сақшылар» шайнап, жұтып, қорытып, жоқ қылып жібереді!
Екінші кезекте тұрған эозинфилдер лейкоциттің 1-5 пайызын ғана құрайды. Бұлар ағзада «шекарашы» қызметін атқарады. Олардың басым көпшілігі микроорганизмдер ішке кіріп кетуі ықтимал аймақтарда, яғни тері, тыныс алу жолдары мен ас қорыту және зәр шығару жолдарында «күзетте» жүреді. Олар мұнарада ұйықтамай дүрбі салып отыратын сақшыларға қатты ұқсайды. Оларға жүктелген міндет – ағзада микробтар көбейіп, қан айналымына араласып кетпей тұрғанда шапшаң шара қолдану. Ебін тауып ішке қарай еніп кеткен «пысықтарды» шөжелетпей, «жөргегінде» тұншықтырып өлтіру. Одан кейін лейкоциттердің бір-ақ пайызын құрайтын базофилдер армиясы тұрады. Олар қабынып, ісінген жерлердегі қанның кептеліп тұрып қалмауы үшін гепариндер шығарады. Ал гистаминдер тарылып тұрған капилярдың қабырғасын кеңітіп, созады да, мазасызданып тұрған жасушаларға таза қанды молынан жеткізіп береді.
Лейкоциттің 2-10 пайызын құрайтын моноциттерге Ұлық Алла «үй сыпырып, тазалау» міндетін жүктеген. Бұлар инфекция түскен ауданға нейтрофилдерден соң келіп жетсе де, шешуші шайқасты осылар жүргізеді. Бұлар армияның ішінде арнайы жасақталатын «Альфа», «Арыстан» секілді арнайы жасақтың жаужүрек жігіттері секілді. Жалғыз ғана моноциттің жүз бактериямен «жекпе-жек» ұрысатын шамасы бар. Шебер Алла оларға «соғыс өнерінің» барлық айла-тәсілін молынан үйреткен. Моноциттер жәй кезде де қарап жатпай иммунитет өндірумен айналысады. Олар организмге ұрланып кірген басқыншы микробтармен соғысқанда олардың түр-түсін, қуатын, шамасын, “төбелесу тәсілдерін” жаттап қалуға тырысады. Келесі жолы дәл осы микробтың туыстары не болмаса кейінгі ұрпағы араға уақыт салып ағзаға қайта келетін болса, моноциттер көп ойланып жатпайды. Әбден зерттеліп, қыр-сыры мәлім болған таныс жауды талқандап жібереді.
Лейкоциттегі саны жағынан ең көбі лимфоциттер, олардың үлес салмағы 20-40 пайызға шейін жетеді. Бұлардың басқалардан айырмашылығы лимфоциттер қанның құрамынан жырылып шығып, талшыққа кіре алатын болса, дәл солай келген ізімен талшықтан кері қарай шығып, қанға қайта түсе алады.
Тромбоциттерді қаннан жасалған пластинкалар деп те атайды. Тромбоциттер эритроциттер секілді әбден жетілген кемел жасушалар емес. Әрі ғұмыры да өте қысқа. Бас аяғы 8-12 тәуліктен соң бақиға аттанады. Бірақ бұлар дене жарақаттанып, тамырдан қан аққанда қызыл «байлықтың» бәрі ағып, рәсуа болмас үшін қанды ұйытып тастайды. Тромбоциттер болмаса, кез-келген адам баласы майда-шүйде жарақаттан-ақ зардап шегіп, мезгілсіз өлер еді. Қан ұйымаса, жырылған денеден жылымшы қан жыл бойы ағып тұра береді. Тыныш күндері тромбоциттер жасушаларға тамақ таратумен айналысады.
Жалғасы келесі санда…
Санжар Керімбай, Дінтанушы
«Үшқиян» газеті 11 маусым 2009 жыл