Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4174 0 пікір 8 Қазан, 2018 сағат 12:19

Принцесса

(Уақыттарыңыз жетсе бір қызық айтайын)

2003 не 2004 жылдары, менің жаныма Мәскеуде оқып жүрген жас жігіт үйірсек болып алды. Алматыға келсе іздеп, тауып жолығып тұрады. Өнер, әдебиет жайында білгені көп, онымен әңгімелескен де қызық. "Ағалап" жанымнан шықпауға тырысады.

Жаздың бір күнінде бір достарының тойына мені алып барды. Алматының жоғарғы жағында, Алма арасан жақ бүгінгідей құлпырмаса да, дүрілдей бастаған. Кішігірім бір кафедегі тойға біраз отырып, ертерек қайттым. Ол жігітім ере шықты. Навои көшесімен түсіп, Фарабиге бұрылған жер ол заманда қалың ағаш, ары қарай су жағалап кететін тарам-тарам жол еді. Сол араға тоқтап, шылым шегіп, ағаштың арасына арырақ бойладық. Бір кезде ыңырсыған қыздың даусы шықты. Дауыс алыстан емес, тастың артында ғана, тізесі жараланған, қолы сүріліп, ішін басып жатыр екен. Қазақтың әдемі қызы деп мақтауға тұрарлық бойжеткен. Бізден алдымен шошынды. Бірте-бірте бойы үйренді. Оған не болғанын баяндап жатпайын енді. Өткен іс қой... Дәрігерге апарайық дегенге үш айлық қызымды құрбым қарап қалып еді, үйге жетейін деді. Үйіне жеткіздік. Менің әлгі жол серігім, өзі демеп, үйіне алып кетті. Бір кезде үйден шығып, дәріханаға баратынын, дәрі -дәрмек, жас сәбиге де керек-жарақтар бар екен, жеткізіп беретін болып, менімен қоштасты.
Бір ай шамасы өткен соң әлгі жігітім "Аға, үйленгелі жатырмын, ақылдасайық" - деп, келіп тұр. Базардың ішіндегі бір шайханаға кіре салдық. Жанында баяғы бойжеткен отыр. Қолдарында әлгі жас сәби! Ол жігіттің ата-анасы жоқ, әпкесі Ресейде, жездесі орыс екенін білетінмін. Оның мұндағы жақыны мен ғана болып отырмын. Бойжеткеннің әке-шешесі Алматының маңайындағы бір ауылда тұрады екен. Қыз ауыраяқ болған соң әке ашуланып, шешесі де сырт айналғанға ұқсайды. Енді мына жігітім солардың ақ батасын алмай қосылуға болмас, бізді сонда алып барып, таныстырып, табыстырыңыз дейді. Статусым кім екенін білмедім, мына жігіттің адамгершілігіне сүйсіндім. "Қыздың әке-шешесіне баланың әкесі мен деп айтыңыз, Ресейде жүрып, келуге мұршасы болмапты, енді келді" - дейік деп, менің аузыма өтірік аңызды салып берді.

Екі кештің арасында қыздың аулына кеттік. Жаңбыр жауды. Есіктің алдына тоқтап, қақпадан мен кірдім, екеуі кібіртіктеп артта қалды. Әкесі де, шешесі де сыртта жүр екен. Мені көріп, танып, езу тартып, абдырап қалды. Амандасып жөн сұрасқан соң, "Мен Сіздердің балаларыңызды тауып алдым" - деп, екеуін шақырдым. Анасы жылап, қызын бас салып құшақтай алды. Әке де еміреніп, маңдайынан сүйіп, сәбиді иіскеп көтеріп алды. Жігітке аса қарайламай тұрды. Үйге кірдік. Дастархан жайылды. Әбігер болып жатыр. Үлкендерін шақырып, алдыма отырғызып, енді мен шешендік өнерге басуым керек қой, сол кезде "Принцесса" (орысша оқығанмын оны) деген бір аңыз есіме түсті. Соны айта бастадым.
"Ертеде бір корольдің қызын айттыруға бүкіл әлемнің король, патшасының балалары, жас ханзадалар келіпті. Ханшайым өте ақылды қыз екен, келе жатқан ханзадалардың жолында, құдықтың басында жаман киім киіп, бет-аузына күйе жағып, гүл сатып тұрады. екен. Жанынан өткен ханзадалар одан жиіркеніп, кейбіреуінің аты үркіп кете береді екен. Оларды ханшайым қабылдамай жібере беріпті. Ақыры бір ханзаданы таңдаған екен. Себебі ол қыздың гүлін сатып алып, өзін "Қандай көрікті қыз едің!" - деп мақтап кетіпті. Сөйтіп ханшайым сұлулықты тани білген ханзадаға тұрмысқа шыққан екен" - деп, аңызды аяқтай келе, мыналардың маған үйреткен өтірік аңызын айтпай, қалай танысқандарын, қалай табысқандарын баяндап бердім...
Қыздың әкесі:
- Бәсе, көзіме тәрбиелі жігіт боп көрініп едің, айналайын! - деп, жігітті баурына басып, көз жасын тыя алмай қалды...
Олар қазір Қазақстанда емес, тағы бір ұлдары бар, бақытты сияқты...

Асқар Наймантайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435