Жексенбі, 24 Қараша 2024
3546 1 пікір 15 Қазан, 2018 сағат 10:36

Б. Сағынтаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің Үкімет басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы XVII отырысына қатысты. Сондай-ақ, отырыс алаңында ШЫҰ мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өтті.  

Бұл туралы Премьер-Министрдің ресми сайты хабарлады.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ШЫҰ ҮБК отырысының төрағасы ретінде өз елінде үкіметтік делегациялардың басшыларын қабылдады. Ұжымдық кездесу барысында Ұйым кеңістігіндегі тұрақты экономикалық даму, гуманитарлық байланыстарды нығайту, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік қауіптерімен бірлесіп күресу мәселелері талқыланды.

Кеңес отырысына ШЫҰ мүше мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшылары: Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Үндістан Республикасының сыртқы істер министрі Сушма Сварадж және Пәкістан Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Хина Кхар қатысты. Отырыс шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған. Ұйымның басты міндеттері — қатысушы мемлекеттерді біріктіретін ауқымды кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, терроризммен, жікшілдікпен, экстремизммен, есірткі тасымалымен күрес, экономикалық ынтымақтастықты, энергетикалық серіктестікті, ғылыми әрі мәдени өзара іс-қимылды дамыту. Ұйымға алдымен Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан кірді. 2017 жылы ШЫҰ тең құқылы мүшелерінің құрамына Үндістан мен Пәкістан қосылды.

Шағын құрамдағы отырыста әлемдік экономиканы заманауи дамыту және Ұйым аясында сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі жетілдірудің өзекті тақырыптары бойынша байыпты пікір алмастырылды. Ұйымға мүше елдердің шағын және орта бизнесін дамыту келешегіне, ШЫҰ желісі бойынша инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, аймақтық сауданы ынтыландыру және мәдени-гуманитарлық жобаларды ілгерілету мәселелеріне баса көңіл бөлінді. Жалпы отырыстың барлық қатысушылары дерлік Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі мен беделі артып жатқанын атап өтті. Бұдан өзге, ұйым құрамының кеңейіп, Үндістан мен Пәкістанның қосылуына орай Ұйым ішіндегі көпжақты кооперация әлеуеті елеулі түрде ұлғайғаны айтылды.

Кеңейтілген құрамда өткен отырысқа ШЫҰ бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшылары: Ауғанстан Премьер-Министрі Абдулла Абдулла және Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румас, Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары Улзийсайхан Энхтувшин және Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Хуссейн Ансори, сондай-ақ, бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шараға қатысушылар ШЫҰ мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы Бағдарламасының іске асырылу барысын қарап, ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің жұмысы туралы есептерді тыңдады. Сауда-саттықты, соның ішінде электронды сауданы дамытуға, инвестициялар, инфрақұрылым, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Бұдан өзге, отырыс қатысушылары киберқауіпсіздікпен қамтамасыз ету, аймақта терроризммен, экстремизммен және есірткі тасымалымен күресті күшейту мәселелерін қозғады.

Қазақстан Үкіметі ШЫҰ аясында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде бірқатар бастама білдірді.

Цифрландыру және жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасу алаңын құру, инвестициялар, электронды сауда-саттық, заманауи ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері көтерілді. Бұдан өзге, мультимодальды тасымалдарды бірлесіп ұйымдастыру және көлік инфрақұрылымының тармақты желісін құру қажеттігі аталып өтті. Бұл аймақтық сауда-саттықты дамытуға және ШЫҰ елдерінің ұлттық өнімдерін әлемдік нарықтарға шығаруды кеңейтуге серпін береді.

Abai.kz
1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5548